7-ші Халықаралық Қаржылық Есептілік Стандарты (IAS 7)
Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есептілік[1]
Мақсаты
Ұйымның ақша қаражаттарының қозғалысы туралы ақпарат қаржы есептілігін жаттарына қажеттілікті бағалау үшін негіз болатындығымен пайдалы. Пайдаланушылар қабылдайтын экономикалық шешімдер ақша қаражаттары мен олардың баламаларын жасау қабілетін, сондай-ақ оларды уақытқа қарай бөлу мен оларды жасау айқындылығын қажет етеді.
Бұл стандарттың мақсаты ұйымның өткен кезең ішіндегі ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп беру арқылы ақша қаражаттары мен ақша баламаларындағы тарихи өзгерістер туралы ақпарат беруін талап етуде болып табылады, онда кезең ішінде операциялық, инвестициялық жəне қаржылық қызметтен түскен ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдерін жіктеу жүргізіледі.
1. Ұйым осы Стандарттың талаптарына сəйкес ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп дайындауға жəне оны қаржы есептілігі берілетін əрбір кезең үшін өзінің қаржы есептілігінің құрамдас бөлігі ретінде ұсынуға міндетті.
2. Осы стандарт 1977 жылғы шілде айында бекітілген 7 Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есептілік ХҚЕС (IAS) Халықаралық қаржылық есептіліктің стандартын алмастырады.
3. Ұйымның қаржы есептілігін пайдаланушылар ұйымның ақша қаражаттары мен ақша қаражаттарының баламаларын қалай жасайтынына жəне пайдаланатынына мүдделілік танытады. Бұл ұйым қызметінің сипатына қарамастан жəне ақша қаражаттарының ұйым өнімі ретінде болатынына не болмайтынына қарамастан, бұл қаржы институты жағдайында болуы мүмкін. Ұйымдар, олардың негізгі кіріс келтіретін қызметінің айырмашылығына қарамастан, шын мəнінде бірдей себептер бойынша ақша қаражаттарына бірдей мұқтаж болады. Олар ақша қаражаттарына өздерінің операцияларын жүргізу, міндеттемелерін өтеу жəне өздерінің инвесторларына кірісті қамтамасыз ету үшін мұқтаж болады. Тиісінше, осы Стандарт барлық ұйымдардан ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп беруін талап етеді.
4. Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп оны қаржы есептілігінің қалған нысандарымен бірге пайдаланған кезде ақпарат береді, онда өзгеріп отыратын жағдайлар мен мүмкіндіктерге бейімделу үшін пайдаланушыларға ұйымның таза активтеріндегі өзгерістерді, оның қаржы құрылымын (өтімділігі мен төлем қабілетін қоса алғанда) жəне түсімдер мен ақша қаражаттары төлемдерінің деңгейі мен мерзімдеріне əсер ету қабілетін бағалауға мүмкіндік береді. Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы ақпарат ұйымның ақша қаражаттары мен баламаларын молайту қабілетін бағалау кезінде пайдалы болады жəне пайдаланушыларға əртүрлі ұйымдардағы ақша қаражаттарының болашақтағы түсімдері мен төлемдерінің дисконтталған құнын бағалауға жəне салыстыруға арналған үлгілерді əзірлеуге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ əртүрлі ұйымдардың операциялық көрсеткіштері туралы есептіліктің салыстырмалығын жеңілдетеді, бұл бірдей операциялар мен оқиғалар үшін есептің əр алуан əдістерін қолданудан келтірілетін əсерін жояды.
5. Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы өткен жылдардағы мəлімет ақша қаражаттарының болашақ ағындарының сомасының, уақытының жəне айқындығының индикаторы ретінде жиі пайдаланылады. Ол сондай-ақ ақша қаражаттарының болашақ ағындарының бұрынғы бағалауларының дəлме-дəлдігін тексеру кезінде жəне пайдалылық пен ақша қаражаттарының таза қозғалысы жəне бағалар өзгеруінің əсері арасындағы байланысты зерттеу кезінде пайдалы болады.
6. Осы Стандартта төменде көрсетілген мəндерінде мынадай терминдер пайдаланылады:
Ақша қаражаттарына ұйымның кассасындағы жəне ағымдағы шотындағы ақша кіреді.
Ақша қаражаттарының баламалары – алдын ала белгілі ақша қаражаттары сомасына тез айналатын жəне олардың құны шамалы тəуекелдікке ұшырайтын қысқа мерзімді, жоғары өтімді салымдар.
Ақша қаражаттарының қозғалыстары - ақша қаражаттары мен олардың баламаларының түсімдері жəне төлемдері.
Операциялық қызметтер – ұйымның кіріс келтіретін негізгі қызметі мен инвестициялық жəне қаржы қызметінен айырмашылығы бар басқа қызмет.
Инвестициялық қызметтер – ақша қаражаттарының баламаларына жатпайтын ұзақ мерзімді активтер мен басқа да инвестицияларды сатып алу жəне сату.
Қаржы қызметтері – ұйымның меншік капиталы мен қарыз қаражаттарының мөлшері жəне құрамындағы өзгерістерге əкеп соқтыратын қызмет.
Ақша қаражаттары жəне олардың баламалары
7. Ақша қаражаттарының баламалары инвестициялар жəне басқа да мақсаттардан гөрі, ең алдымен қысқа мерзімді міндеттемелерді өтеуге арналған. Ақша қаражаттарының баламалары ретінде жіктелуі үшін инвестиция ақша қаражаттарының белгілі бір сомасына оңай айналуына жəне құн өзгерісінің болмашы тəуекелдігіне ұшырауы тиіс. Осылайша, əдетте инвестиция ақша қаражаттарының баламасы ретінде, оның қысқа мерзімі, айталық, үш ай немесе сатып алу күнінен бастап одан аз өтеу мерзімі болған кезде ғана жіктеледі. Меншікті капиталға салынған инвестициялар, егер олар, негізінен, ақша қаражаттарының баламалары болып табылмағанда ғана, мысалы, оларды өтеу күніне дейін көп ұзамастан сатып алынған артықшылықты акциялары болған жəне сатып алудың нақты күні көрсетілген жағдайда ақша қаражаттарының баламаларынан алынып тасталады.
8. Алайда, кейбір елдерде талап ету бойынша өтелетін банктік овердрафттар (банк берешектері) ұйымның ақша қаражаттарын басқарудың ажырамас бөлігі болып табылады. Мұндай жағдайларда банктік овердрафттар ақша қаражаттары мен баламаларының құрамдас бөліктері ретінде енгізіледі. Банктегі шот бойынша сальдоның оң сипатынан теріс сипатына жиі ретте өзгеріп тұруы банктермен осындай келісімдердің өзіне тəн белгісі болып табылады.
9. Ақша қаражаттарының қозғалысына баптар, ақша қаражаттарының немесе ақша қаражаттары баламаларының құрамында бөліктері арасындағы қозғалыс жатпайды, өйткені бұл құрамдас бөліктер операциялық, инвестициялық қызмет пен қаржы қызметінің бөлігі емес, ұйымның ақша операцияларын бақылаудың жəне реттеудің бір бөлігі болып табылады. Ақша операцияларын бақылауға жəне реттеуге ақша қаражаттарының баламаларына артық ақша қаражаттарын инвестициялау жатады.
Ақша қаражаттары туралы есеп
10. Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп кезең ішіндегі ақша қаражаттарының қозғалысы туралы деректерді оларды операциялық, инвестициялық қызмет немесе қаржы қызметі бойынша жіктей отырып ұсынылуы тиіс.
11. Ұйым операциялық, инвестициялық қызмет немесе қаржы қызметінен түскен ақша қаражаттарының қозғалысы туралы деректерді өзінің қызметінің сипатына неғұрлым сəйкес келетіндей береді. Қызмет түрлері бойынша жіктеу пайдаланушыларға осы қызметтің ұйымның қаржы жағдайына əсер етуін, оның ақша қаражаттары мен ақша қаражаттарының баламаларының сомасын бағалауға мүмкіндік беретін ақпаратты қамтамасыз етеді. Бұл ақпарат сонымен бірге қызмет түрлері арасындағы өзара байланысты бағалау үшін де пайдаланылады.
12. Бір операцияға əртүрлі жіктелген ақша қаражаттарының қозғалысы кіруі мүмкін. Мысалы, несие бойынша ақша қаражаттарын өтеудің құрамына пайыздарға қоса борыштың негізгі сомасы кіретін жағдайда пайыздарды құрайтын бөлігі операциялық қызмет ретінде жіктелуі, ал негізгі соманы құрайтын бөлігі қаржы қызметі ретінде жіктелуі мүмкін.
Операциялық қызмет
13. Операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының түсімдерінің жəне төлемдерінің мөлшері ұйым операциялары несиелерді өтеу, операциялық мүмкіндіктерді сақтау, дивидендттер төлеу жəне қаржыландырудың сыртқы көздеріне жүгінбестен жаңа инвестицияларды жүзеге асыруға жеткілікті болатын ақша қаражаттарының түсімін қамтамасыз ететін дəрежедегі басты индикатор болып табылады. Операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының бастапқы операциялық түсімдер мен төлемдерінің негізгі құрамдас бөлігі туралы ақпарат басқа ақпаратпен үйлесе отырып операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының болашақ қозғалысын болжау үшін пайдалы болады.
14. Операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы ұйымның кіріс келтіретін негізгі қызметіне тікелей байланысты. Сөйтіп, əдеттегідей, олар таза пайданы жəне шығынды айқындауға кіретін операциялар мен басқа да оқиғалардың нəтижесі болып табылады. Операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттары қозғалысының мысалдары мыналар болып табылады:
(a) тауарларды сатудан жəне қызмет көрсетулерден түскен ақшалай түcімдер;
(b) роялти түріндегі түсімдер, қаламақылар, комиссиялық сыйақылар жəне табыстың басқа да түрі;
(с) тауарлар мен қызмет көрсетулері үшін жеткізушілерге берілетін ақшалай төлемдер;
(d) қызметшілерге жəне олардың атынан басқа тұлғаларға ақшалай төлемдер;
(e) сақтандыру ұйымының сақтандыру сыйлықтары мен талап арыздары, жылдық жарналар жəне басқа да сақтандыру сыйақылары ретіндегі ақшалай түсімдері мен төлемдері;
(f) егер бұлар тек қаржы немесе инвестициялық қызметтермен байланыстырылмайтын болса, ақшалай төлемдер немесе пайдаға салынатын салық төлемі немесе пайдаға салынатын салық үшін өтемақы; жəне
(g) коммерциялық немесе сауда мақсатында жасалатын келісімшарттар бойынша ақшалай түсімдер мен төлемдер.
Бір өндірістік нысанды сату сияқты кейбір операциялар танылған пайда немесе залалға қосылған пайданың немесе залалдың туындауына əкеп соқтыруы мүмкін. Мұндай ақша қаражаттарының қозғалысымен байланысты операциялар инвестициялық операциялардағы ақша қаражаттарының қозғалысынан болады. Алайда, 16 Жылжымайтын мүлік, ғимараттар мен жабдықтар ХҚЕС-тың (IAS) 68А тармағына сəйкес басқаларға жалға беруге жəне əрі қарай сатуға арналған активтерді өндіру немесе сатып алу үшін ақша төлемдері операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы болып табылады. Жалға беруден жəне осындай активтердің одан кейінгі сатылулары да ақша қаражаттарының қозғалысы болып табылады.
15. Ұйымның коммерциялық немесе сауда мақсатында бағалы қағаздары мен қарыздары болуы мүмкін, бұл жағдайда олар арнайы қайта сату үшін сатып алынған босалқы ретінде қарастырылуы мүмкін. Сөйтіп, коммерциялық немесе сауда бағалы қағаздарын сатып алуға жəне сатуға байланысты туындайтын ақша қаражаттарының қозғалысы операциялық қызмет ретінде жіктеледі. Осыған ұқсас, қаржы ұйымдары беретін ақша аванстары мен қарыздары да əдетте операциялық қызмет ретінде жіктеледі, өйткені олар қаржы ұйымының кіріс келтіретін негізгі қызметіне жатады.
16. Инвестициялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы туралы ақпаратты жеке ашудың зор маңызы бар, өйткені ол болашақ кіріс пен ақша қаражаттарын молайтуға арналған ресурстарды қалыптастыру мақсатына арналған шығыстарды айғақтайды. Танылған активке ықпал ететін шығындар ғана қаржылық жағдай есебінде инвестициялық қызмет ретінде жіктеле алады. Инвестициялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының мысалдары мыналар болып табылады:
(a) жылжымайтын мүлік, үйлер мен жабдықтар, материалдық емес жəне басқа да ұзақ мерзімді активтер сатып алуға арналған ақшалай төлемдер. Оларға капиталдандырылған əзірлеу шығындарына жəне меншікті өндірістің негізгі құрал-жабдықтарына байланысты төлемдер жатады;
(b) жылжымайтын мүлік, үйлер мен жабдықтар, материалдық емес жəне басқа да ұзақ мерзімді активтер сатудан алынған ақшалай түсімдер;
(с) басқа ұйымдардың үлестік немесе борыш құралдарын жəне бірлескен қызметке қатысу үлестерін сатып алуға арналған ақшалай төлемдер ( ақша қаражаттарының баламалары ретінде қарастырылатын осы құралдар үшін жəне коммерциялық немесе сауда мақсатына арналған төлемдерден басқалары);
(d) басқа ұйымдардың үлестік немесе борыш құралдарын жəне бірлескен қызметке қатысу үлестерін сатудан алған ақшалай түсімдер (ақша қаражаттарының баламалары ретінде қарастырылатын осы құралдар үшін жəне коммерциялық немесе сауда мақсатына арналған ақшалай түсімдерден басқалары);
(e) басқа тараптарға берілген аванстық ақшалай төлемдер мен қарыздар (қаржы ұйымдары берген аванстық төлемдер мен қарыздардан басқалары);
(f) басқа тараптарға берілген аванстар мен кредиттер қайтарылымынан алынған ақшалай түсімдер (қаржы институттарының аванстық төлемдері мен кредиттерінен басқалары);
(g) фьючерстік келісімшарт, форвардтық келісімшарт, опциондар мен «своп» келісімшарттар бойынша болған ақша төлемдері келісімшарт коммерциялық немесе сауда мақсаттарында жасалған немесе түсімдер қаржы қызметі ретінде топтастырылатын жағдайынан басқа; жəне
(h) фьючерстік келісімшарт, форвардтық келісімшарт, опциондар мен «своп» келісімшарттар бойынша болған ақша түсімдері келісімшарт коммерциялық немесе сауда мақсаттарында жасалған немесе түсімдер қаржы қызметі ретінде топтастырылатын жағдайынан басқа.
Келісімшарт белгілі бір позицияны хедждеу ретінде ескерілген кезде, ол бойынша ақша қаражаттарының қозғалысы хеджделетін позиция бойынша ақша қаражаттарының қозғалысы сияқты бағаланады.
17. Қаржы қызметінен ақша қаражаттарының қозғалысы туралы ақпаратты жеке ашудың зор маңызы бар, өйткені бұл ақпарат ұйымға капитал беретін инвесторлардың ақша қаражаттарының болашақ түсімдеріне қатысты талаптарын болжау үшін қажетті. Қаржы қызметінен түсетін ақша қаражаттары ағындарының мысалдары мыналар болып табылады:
(a) акциялар эмиссиясынан немесе басқа да үлестік құралдардан түскен ақша түсімдері;
(b) ұйымның акцияларын сатып алу немесе өтеу үшін акция иеленушілеріне ақшалай төлемдер;
(с) қамтамасыз етілмеген облигациялардан, қарыздардан, вексельдерден, қамтамасыз етілген облигациялардан, кепілдік жəне басқа да қысқа мерзімді жəне ұзақ мерзімді кредиттерден ақшалай түсімдер;
(d) кредиттік сомаларды ақшалай өтеу; жəне
(e) қаржылық жалдау бойынша берешекті азайту үшін жалға алушының ақшалай төлемдері.
18. Ұйым операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы туралы деректерді, немесе:
(a) тікелей əдісті пайдалана отырып беруі тиіс, бұл əдіс кезінде жалпы ақша түсімдерінің негізгі түрлері мен төлемдері туралы ақпарат ашылады; немесе
(b) жанама əдісті пайдалана отырып беруі тиіс, бұл əдіс кезінде таза пайда мен шығын ақшалай емес сипаттағы операциялардың, негізгі қызметтен кез келген кейінге қалдырылған немесе есептелген өткендегі немесе болашақтағы ақша түсімдерінің немесе төлемдерінің жəне инвестициялық немесе қаржы қызметінен ақша қаражаттарының қозғалысымен байланысты кірістердің немесе шығыстардың нəтижелері ескеріле отырып ұсынады.
19. Ұйымдардың ақша қаражаттарының қозғалысының ағындарын көрсету үшін тікелей əдісті қолдануы құпталады. Бұл əдіс жанама əдісті қолдану кезінде алына алмайтын ақша қаражаттарының болашақ ағындарын бағалау үшін қажетті ақпаратты қамтамасыз етеді. Тікелей əдісті пайдаланған кезде жалпы ақша түсімдерінің жəне жалпы ақша төлемдерінің негізгі түрлері туралы ақпарат мыналардан алынуы мүмкін, не:
(a) ұйымның есептік жазбаларынан; не
(b) сатуларды, сатудың өзіндік құнын (пайыздық жəне соған ұқсас кіріс, жəне пайыздық шығыс жəне соған ұқсас қаржылық мекемелер үшін шығындар) мыналарды:
(i) кезең ішіндегі босалқылардағы жəне операциялық дебиторлық жəне кредиторлық берешектердің өзгерістерін;
(ii) басқа ақшалай емес баптарды; жəне
(iii) инвестициялық немесе қаржылық ақша ағындарының туындауына əкеп соқтыратын басқа да баптарды ескере отырып, пайда мен шығын туралы есептегі басқа да баптарды түзету арқылы.
20. Жанама əдісті қолданған кезде операциялық қызметтен алынатын ақша қаражаттарының таза ағыны мыналарды:
(a) кезең ішіндегі босалқылардағы жəне операциялық дебиторлық жəне кредиторлық берешектердің өзгерістерін;
(b) тозу, бағалау міндеттемелері, мерзімі кейінге қалдырылған салықтар, шетелдік валютамен жүргізілген операциялар бойынша іске асырылмаған пайда мен шығын, қауымдасқан ұйымдардың бөлінбеген пайдасы мен азшылықтың үлесі сияқты ақшалай емес баптарды ескере отырып; жəне
(с) нəтижесі инвестициялық немесе қаржы қызметінен ақша қаражаттарының қозғалысы болып табылатын барлық басқа да баптарды ескере отырып, таза пайданы немесе шығынды түзету арқылы анықталады.
Басқаша алғанда, операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының таза ағыны жанама əдісті қолдану кезінде пайда мен шығын туралы есепте ашылатын түсімдер мен шығыстарды жəне кезең ішіндегі босалқылар мен операциялық дебиторлық жəне кредиторлық берешектердегі өзгерістерді көрсету арқылы жанама əдісті пайдаланумен ұсынылуы мүмкін.
Инвестициялық және қаржы қызметтерінен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы туралы деректерді ұсыну
21. Ұйым 22 жəне 24-тармақтарда жазылған өзара есепке алу негізінде ұсынылатын олар туралы деректерді ақша түсімдері мен төлемдерін қоспағанда, инвестициялық жəне қаржы қызметінен туындайтын жалпы ақша түсімдерінің жəне жалпы ақша төлемдерінің негізгі түрлерін бөлек берулері керек.
22. Операциялық, инвестициялық немесе қаржы қызметінен түскен ақша қаражаттартарының қозғалысы туралы деректер нетто-негіз бойынша есептерде берілуі мүмкін:
(a) ақша қаражаттарының қозғалысы ең алдымен ұйымның қызметін емес, клиенттің қызметін көрсеткен кезде клиент атынан түсетін ақша түсімдері мен төлемдері; жəне
(b) тез айналымға түсумен, үлкен сомаларымен жəне өтелуінің қысқа мерзімдерімен өзгешеленетін баптар бойынша ақша түсімдері мен төлемдері.
23. 22(а)-тармағында аталған ақша түсімдері мен төлемдерінің мысалдары мыналар болып табылады:
(a) банктің талап етуге дейінгі депозиттерін қабылдауы мен өтеуі;
(b) инвестициялық ұйым клиенттерінің қаражаттары; жəне
(с) меншік иелері атынан жиналатын жəне оларға берілетін жалдау ақысы.
23A 22(b)-тармағында аталған ақша түсімдері мен төлемдерінің мысалдары жүргізілген аванстық төлемдер жəне өтеу болып табылатын мыналар:
(a) кредиттік карточкалардың иелеріне қатысты негізгі сомалар;
(b) инвестициялар сатып алу мен сату; жəне
(с) басқа қысқа мерзімді, мысалы, мерзімі үш айлық жəне одан да аз қарыздар.
24. Қаржылық институт қызметінің мына төмендегі түрлерінің бірі нəтижесінде туындайтын ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдері нетто-негіздегі есептерде берілуі мүмкін:
(a) белгіленген төлеу мерзімі бар салымдарды төлемдерді қабылдауға жəне төлеуге арналған ақша түсімдері мен төлемдері;
(b) салымдарды орналастыру жəне басқа қаржы институттарынан салымдар алу; жəне
(с) клиенттерге берілетін ақшалай аванстық төлемдер мен кредиттер жəне осы аванстар мен кредиттерді өтеу.
25. Ақша қаражаттарының шетелдік валютамен операциялар нəтижесінде пайда болатын қозғалысы ұйымның қолданыстағы валютасында ақша қаражаттарының осы қозғалысы пайда болған күндегі қолданыстағы жəне шетелдік валюталар арасындағы айырбастау бағамының шетелдік валютадағы сомасына қолдану жолымен көрсетілуі тиіс.
26. Шетелдік еншілес ұйымның ақша қаражаттарының қозғалысы ұйымның қолданыстағы валютасында ақша қаражаттарының осы қозғалысы пайда болған күндегі қолданыстағы жəне шетелдік валюталар арасындағы айырбастау бағамы бойынша қайта есептелуі тиіс.
27. Шетел валютасындағы ақша қаражаттарының ағындары есептерде 21 Валюталық бағам өзгерісінің əсері Халықаралық қаржылық есептіліктің стандартына (IAS) сəйкес беріледі. Бұл валютаның айырбас бағамын нақты бағамға бірдей жақындатып пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы, кезең ішіндегі орташа алынған айырбас бағамы шетел валютасымен жүргізілетін операцияларды жазу немесе шетелдік еншілес ұйымның ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдерін қайта есептеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Алайда, 21 ХҚЕС (IAS) шетелдік еншілес ұйымдардың ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдерін қайта есептеу кезінде есепті күнгі жағдай бойынша айырбас бағамын пайдалануға рұқсат етпейді.
28. Валюталардың айырбас бағамдары өзгерулерінің нəтижесінде туындаған іске асырылмаған пайда мен шығын ақша қаражаттарының қозғалысы болып табылмайды. Алайда қолда бар жəне алынуы күтілетін шетел валютасындағы ақша қаражаттары мен олардың баламаларына валюталардың айырбас бағамдары өзгерістерінің ықпалы кезеңнің басында жəне аяғында ақша қаражаттары мен олардың баламаларын келісу үшін ақша қаражаттары қозғалысы туралы есепте беріледі. Бұл сома операциялық, инвестициялық жəне қаржы қызметінен түсетін ақша қаражаттары қозғалысынан бөлек беріледі жəне оған, егер олар бар болса, есептілікте кезеңнің аяғында валюталардың айырбас бағамдары бойынша ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдері туралы деректер берілген жағдайда туындайтын айырмалар жатады.
31. Пайыздарды жəне дивидендтерді алумен жəне төлеумен байланысты ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдері жеке ашылуы тиіс. Əрбір осындай түсім немесе төлем операциялық, инвестициялық немесе қаржы қызметінен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы ретінде кезең-кезеңімен жүйелі түрде жіктелуі тиіс.
32. Кезең ішінде төленген пайыздардың жалпы сомасы, оның пайда мен шығын туралы есепте шығыс ретінде танылғаны не танылмағанына немесе 23 Қарыздар бойынша шығындар ХҚЕС-қа (IAS) сəйкес рұқсат етілетін баламалы əдісіне сəйкес капиталдандырылғаны не капиталдандырылмағанына қарамастан, ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есепте ашылады.
33. Қаржы мекемелері үшін төленген пайыздар мен дивидендтер операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы ретінде жіктеледі. Басқа ұйымдарға қатысты осы ақша қаражаттарының түсімдерін немесе төлемдерін жіктеу туралы мəселе бойынша жалпы пікір жоқ. Төленген пайыздар мен алынған пайыздар жəне дивидендтер операциялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы ретінде жіктелуі мүмкін, өйткені олар таза пайданың немесе шығынның анықтамасына жатады. Сонымен бірге төленген пайыздар мен алынған пайыздар жəне дивидендтер тиісінше қаржылық жəне инвестициялық қызметтен түскен ақша қаражаттарының қозғалысы ретінде жіктелуі мүмкін, өйткені олар қаржы ресурстарын тартуға немесе инвестициялардан кіріс алуға жұмсалған шығындар болып табылады.
34. Төленген дивидендтер қаржы қызметінен түскен ақша қаражаттарының қозғалысы ретінде жіктелуі мүмкін, өйткені олар қаржы ресурстарын тартуға жұмсалған шығындар болып табылады. Сонымен бірге, операциялық қызметтен түскен ақша қаражаттарынан дивидендтер төлеудегі ұйымның қабілетін бағалау кезінде пайдаланушыға көмектесу үшін төленген дивидендтер операциялық қызметтен түскен ақша қаражаттарының құрамдас бөлігі ретінде жіктелуі мүмкін.
35. Пайдаға салынатын салыққа байланысты туындайтын ақша қаражаттарының қозғалысы, егер олар тек қаржылық немесе инвестициялық қызметпен нақты байланыстырыла алмайтын болса, бөлек ашылуы жəне операциялық қызметтен түскен ақша қаражаттары ретінде жіктелуі тиіс.
36. Пайдаға салынатын салық ақша қаражаттарының қозғалысын туғызатын операциялар бойынша туындайды, бұл қозғалыс ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есепте бағаланатын операциялық, инвестициялық немесе қаржы қызметінен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы ретінде жіктеледі. Ал бұл ретте салық төлемі бойынша шығыстар инвестициялық қызметпен немесе қаржыландыру жөніндегі қызметпен оңай байланыстырылуы мүмкін, тиісті салықтың ақша түсімдері мен төлемдеріне қатысты мұндай байланыстарды жүзеге асыру іс жүзінде жиі ретте мүмкін болмайды, сондықтан олар тиісті операциядан түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы болған кезеңде туындамауы мүмкін. Сондықтан төленген салықтар əдетте операциялық қызметтен түскен ақша қаражаттарының қозғалысы ретінде жіктеледі. Алайда салықтың ақша түсімдерін немесе төлемдерін ақша қаражаттарының инвестициялық немесе қаржы қызметінен түскен ақша қаражаттарының қозғалысы ретінде жіктелетін қозғалысын туғызатын бөлек операциямен байланыстыру мүмкіндігі болған кезде, мұндай түсімдер мен төлемдер тиісінше инвестициялық немесе қаржы қызметінен түскен ақша қаражаттарының қозғалысы ретінде жіктеледі. Салықтық ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдері қызметтің кемінде бір түріне қатысты болған кезде төленген салықтың жалпы сомасы ашылады.
37. Есепке алу үлестік қатысу əдісі немесе нақты шығындар жөніндегі есеп əдісі бойынша жүргізілетін қауымдасқан немесе еншілес ұйымға инвестицияларды есепке алу кезінде инвестор ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есепте өзара (инвестор) жəне инвестициялау объектісі, мысалы, дивидендтер мен аванстар арасындағы ақша қаражаттарының қозғалысы туралы ақпаратпен шектеледі.
38. Үлестік қатысу əдісінің көмегімен өзінің үлесі туралы есеп беретін ұйым өзінің ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есебіне бірлесіп бақыланатын ұйымға беретін оның инвестициясына байланысты ақша түсімдері мен төлемдерін, оның жəне бірлесіп бақыланатын ұйым арасындағы бөлуді жəне басқа да ақша түсімдерін немесе төлемдерін жатқызады.
39. Еншілес ұйымдар мен басқа құрылымдық ұйымдарды бақылауға алу жəне одан айырылу нəтижесінде туындайтын ақша қаражаттарының агрегатталған ағындары бөлек берілуі жəне инвестициялық қызметтен түсетін ақша қаражаттарының қозғалысы ретінде жіктелуі тиіс.
40. Ұйымның кезең ішінде еншілес ұйымдарды, басқа да құрылымдық ұйымдарды бақылауға алу жəне одан айырылу мына төмендегі тұтас мəліметтің əрқайсысына байланысты:
(a) сатып алу немесе сату кезіндегі сомалық өтеуге;
(b) сатып алу немесе сату кезінде ақша қаражаттарымен немесе олардың баламаларымен өтеудің бір бөлігіне;
(с) сатып алынған немесе сатылған еншілес ұйымдағы немесе бизнестің құрылымдық бірлігіндегі ақша қаражаттарының немесе олардың баламаларының сомасына; жəне
(d) ақша қаражаттарын немесе олардың баламаларын қоспағанда, сатып алынған немесе сатылған еншілес ұйымдағы немесе бизнестің құрылымдық бірлігіндегі активтер мен міндеттемелердің негізгі санаттары бойынша жиынтықталған сомасын ашуы тиіс.
40A Инвестициялық ұйым 10-шы ХҚЕС Шоғырлнадырылған қаржы есептілігінде көрсетілгендей еншілес компаниядағы инвестицияларды пайда мен залал арқылы әділ құнмен есептеу талап ететін 40(с) немесе 40(d) тармақтарын қолданбауы мүмкін.
41. Еншілес ұйымдар мен бизнестің басқа құрылымдық бөлімшелерінің сатып алулары жəне сатуларынан түскен ақша қаражаттарының қозғалысына əсер ету туралы ақпаратты жеке ұсыну жəне сатып алынған немесе сатылған активтер мен міндеттемелер сомаларын жеке ашу басқа операциялық, инвестициялық немесе қаржы қызметінің нəтижесінде туындайтын ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдерінен бөлуге көмектеседі. Сатудан түскен ақша қаражаттары қозғалысының нəтижелері сатып алудан түскен ақша қаражаттары қозғалысының нəтижелерінен шегерілмейді.
42. Сатып алу немесе сату кезінде өтем ретінде төленген немесе алынған ақша қаражаттарының агрегатталған сомасы сатып алынған немесе шығынға жазылған ақша қаражаттары мен олардың баламалары шегеріле отырып ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есепте беріледі.
42A Еншілес ұйымының үлесіндегі өзгерістер нəтижесінде пайда болған жəне бақылауды жоғалтуға алып келмейтін болса, онда ақша қаражаттары қозғалысы пайда болып, ол сатылуға алып келмесе, онда бұл қаржы қызметіндегі ақша қаражаттарының қозғалысы деп жіктелуі тиіс, егер 10-шы ХҚЕС(IFRS) анықталғандай, инвестициялық ұйыммен бақыланатын еншілес компанияға пайда мен залал арқылы әділ құнмен өлшеу талап қойылмаса.
42B Басты ұйымның кейіннен еншілес ұйымның үлестік құралын сатып алу немесе сату сияқты бақылауды жоғалтуға алып келмейтін еншілес ұйым үлесіндегі өзгерістер меншікті үлес операциялары деп есептеледі(10 ХҚЕС (IFRS)), инвестициялық ұйыммен бақыланатын еншілес компанияға пайда мен залал арқылы әділ құнмен өлшеу талап қойылмаса. Соның нəтижесінде 17-тармақта көрсетілген ақша қаражаттарының қозғалысы иеленушілерге қатысты басқа да қызметтер сияқты жүйеленеді.
43. Ақша қаражаттарын немесе олардың баламаларын пайдалануды талап етпейтін инвестициялық жəне қаржы операциялары ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есептерден алынып тасталуы тиіс. Мұндай операциялар қаржылық есептілікте олар осындай инвестициялық жəне қаржы қызметі туралы барлық маңызды ақпаратты беруді қамтамасыз ететіндей түрде ашылуы тиіс.
44. Инвестициялық жəне қаржы қызметінің едəуір бөлігі, олар ұйым капиталының құрылымына жəне активтеріне ықпал жасағанымен де, ақша қаражаттарының ағымдағы қозғалысына тікелей əсерін тигізбейді. Ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есептен ақшалай емес операцияларды алып тастау осы есептің мақсатына сай келеді, өйткені бұл баптар ағымдағы кезеңдегі ақша қаражаттарының қозғалысын туғызбайды. Ақшалай емес операциялар мысалдары мыналар болып табылады:
(a) не тікелей тиісінше міндеттемелер қабылдау, не қаржыны жалға алу арқылы активтерді сатып алу;
(b) акциялар шығару көмегімен ұйымды сатып алу; жəне
(с) борыштық міндеттемелерді акцияларға конвертациялау.
45. Ұйым ақша қаражаттартарының жəне олардың баламаларының құрамын ашуы жəне оның қаржылық жағдай туралы есепте берілген баламалы баптарын бар ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есебіндегі сомаларды салыстыруын ұсынуы тиіс.
46. Əлемнің əртүрлі елдеріндегі ақша қаражаттарын басқару практикасының жəне банк ережелерінің сан алуандығын ескере отырып жəне 1 Қаржы есептілігін ұсыну ХҚЕС-ын (IAS) сақтау үшін ұйым ақша қаражаттарының жəне ақша қаражаттары баламаларының құрамын анықтау үшін қабылданған əдісті ашады.
47. Ақша қаражаттарының жəне ақша қаражаттары баламаларының құрамдас бөліктерін анықтау əдісіндегі кез келген өзгерістің, мысалы, бұрын ұйымның инвестициялық портфелінің бір бөлігі деп есептелген қаржы құралдарын жіктеудегі өзгерістің ықпалы есептілікте 8 Есеп саясаты, бухгалтерлік есеп бағалауларындағы болатын өзгерістер мен қателер ХҚЕС-ына (IAS) сəйкес беріледі.
48. Ұйым өзінде бар, топтың пайдалануы үшін қол жеткізілмейтін ақша қаражаттары мен ақша қаражаттары баламаларының елеулі қалдықтарының сомасын басшылықтың түсіндірмесімен бірге ашуы тиіс.
49. Ұйымның ақша қаражаттары мен ақша қаражаттары баламаларының қалдықтарын топтың пайдалануы үшін қол жетпейтін түрлі жағдайлар бар. Мұның мысалы – валюталық бақылау немесе осы қаражаттарды бас ұйымның немесе басқа да еншілес ұйымдарының жалпы пайдалануына жол бермейтін басқа да заңдық шектеулер қолданылатын елде жұмыс істейтін еншілес ұйымындағы ақша қаражаттары мен ақша баламаларының қалдықтары.
50. Қосымша ақпарат ұйымның қаржы жағдайы мен өтімділігін түсіну тұрғысынан алғанда пайдаланушылар үшін маңызды болуы мүмкін. Басшылықтың түсіндірмелерімен бірге осы ақпаратты ашу мақұлданады жəне оларға мыналар жатуы мүмкін:
(a) осы несиелерді пайдалану бойынша орын алған шектеулерді көрсете отырып, болашақтағы операциялық қызметке жəне инвестициялық міндеттемелерді реттеуге бағытталуы мүмкін іріктелмеген несиелердің сомасы;
(b) [жойылған]
(с) ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдерінің жалпы өлшемі, ол операциялық мүмкіндіктерді қолдау үшін қажетті ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдерінен бөлек операциялық мүмкіндіктердің ұлғаюын білдіреді;
(d) есептерде көрсетілген əрбір саланың немесе географиялық сегменттің операциялық, инвестициялық жəне қаржы қызметінен туындаған ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдерінің сомасы (8 Операциялық бөлімдер ХҚЕС (IFRS) қараңыз).
51. Операциялық мүмкіндіктердің ұлғаюын білдіретін ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдері жəне операциялық мүмкіндіктерді қолдау үшін қажетті түсімдері мен төлемдер туралы деректерді бөлек ашу пайдаланушыларға ұйымның өздерінің операциялық мүмкіндіктерін қолдауына жеткілікті қаражаттар жұмсағанын анықтауға мүмкіндік береді. Өзінің операциялық мүмкіндіктерін қолдауға жеткілікті қаражаттар бөлмейтін ұйым ағымдағы өтімділік жəне иеленушілердің арасында қаражаттар бөлу үшін өзінің болашақ пайдаларын қиюы мүмкін.
52. Сегменттер бойынша ақша қаражаттарының қозғалысы туралы деректерді ашу пайдаланушыларға тұтастай алғанда ұйымның ақша қаражаттарының қозғалысы жəне оның құрамдас бөліктері арасындағы өзара байланысты, сондай-ақ сегменттердің ақша қаражаттарының түсімдері мен төлемдерінің болуы жəне өзгермелілігін жақсы түсінуге мүмкіндік береді.
53. Осы Халықаралық қаржылық есептіліктің стандарты 1994 жылдың 1 қаңтарынан немесе аталған күннен кейін басталатын кезеңдерді қамтитын қаржы есептілігі үшін күшіне енеді.
54. 27 ХҚЕС (IAS) (2008 түзетілген) бойынша 39-42 - тармақтарға түзетулер енгізілді жəне 42А-42В тармақтары қосылды. Ұйым осы түзетулерді 2009 жылғы 1 шілдеден немесе аталған күннен кейін басталатын кезеңдер үшін қолдануы тиіс. Егер ұйым 27 ХҚЕС-ты (IAS) (2008 түзетілген) ертерек кезең ішінде қолданса, осы түзетулер сол ертерек кезеңге қолданылуы тиіс. Түзетулер ретроспективті түрде қолданылуы тиіс.
55. 14 тармағына 2008 жылдың мамырында шығарылған ХҚЕС-тың Жетілдірулері (IFRS) бойынша түзетулер енгізілді. Осы түзетулерді ұйым 2009 жылдың 1 қаңтарынан немесе бұдан кейінгі күннен бастап жылдық кезеңдер үшін қолдануы тиіс. Бұдан ертерек қолданысқа рұқсат етіледі. Егер ұйым түзетулерді ертерек мерзім ішінде қолданса, онда бұл деректі ашып көрсетуі тиіс жəне 16 ХҚЕС-тың (IAS) 68А тармағын қолдануы тиіс.
56. 16-тармақ 2009 жылдың сəуірінде шығарылған ХҚЕС-тың Жетілдірулері (IFRS) түзетілді. Ұйым бұл түзетуді осы күннен немесе 2010 жылдың 1 қаңтарынан кейін қолдануға тиіс. Ертерек қолданысқа рұқсат беріледі. Егер ұйым түзетуді ертерек қолданса, ұйым бұл жəйтті ашып көрсетуі тиіс.
57. 10 және 11 ХҚЕС (IFRS) Бірлескен Келісімшарттар 2011 жылы маусым айында шығып 37, 38, және 42В тармақтары жаңартылды және 50(b) жойылған. 10 және 11 ХҚЕС (IFRS) қолданылғанда, осы өзгертулері де қолданылуы қажет.
58. 2012 жылы қазан айында жарияланған Инвестициялық Ұйымдар (10 ХҚЕС (IFRS), 12 ХҚЕС (IFRS), және 27 ХҚЕС (IAS)) 42A және 42B тармақтарына түзету енгізді және 40A тармағын қосты. Ұйым бұл түзетуді осы күннен немесе 2014 жылдың 1 қаңтарынан кейін қолдануға тиіс. Ертерек қолданысқа рұқсат беріледі. Егер ұйым түзетуді ертерек қолданса, ұйым бұл жайтты ашып көрсетуі тиіс және енгізілген барлық түзетулер қолданысқа енеді.