Қазақстан Республикасының
Заңы
 
Халықаралық төрелiк туралы

(2014.02.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

 

ҚР 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 488-V Заңымен күші жойылды

 

2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

 

1-тарау. Жалпы ережелер

(1-6-баптар)

2-тарау. Төреліктің құрамы

(7-12-баптар)

3-тарау. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстар

(13-14-баптар)

4-тарау. Төреліктің құзыреті

(15 - 15-1-бап)

5-тарау. Төрелік іс қарауды жүргізу

(16-25-баптар)

6-тарау. Төрелік шешімін шығару және іс қарауды тоқтату

(26-30-баптар)

7-тарау. Төрелік шешімге шағым жасау

(31-бап)

8-тарау. Төрелік шешімдерді тану және орындау

(32-33-баптар)

Тұпнұсқада мазмұны жоқ

 

 

2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен кіріспе жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық төрелiктiң қызметi процесiнде туындайтын қатынастарды, сондай-ақ халықаралық төрелiк шешiмдерiн Қазақстанда тану және орындау тәртiбi мен шарттарын реттейдi.

 

 

1-тарау. Жалпы ережелер

2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1-бап. Қолданылу аясы

Осы Заң, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған, халықаралық төрелiк шешетiн дауларға қатысты қолданылады.

 

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) Қазақстан Республикасының жария тәртiбi - Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекiтiлген мемлекеттiк және қоғамдық құрылыстың негiздерi;

2) құзыреттi сот - азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар туралы iстердi Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес бiрiншi сатыда қарауға уәкiлеттiк берілген Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң соты;

3) төрелiк - нақты дауды қарау үшiн арнайы құрылған халықаралық төрелiк немесе тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк не дауды жеке-дара қарайтын төрешi;

4) төрелiк келiсiм - тараптардың азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған немесе туындауы мүмкiн дауды төрелiктiң қарауына беру туралы жазбаша келiсiмi, бұл шартта төрелiк ескертпе түрiнде немесе субъектiлерді және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын хаттар, жеделхаттар, телефонограммалар, телетайпограммалар, факстар, электрондық құжаттар немесе өзге де құжаттар алмасу арқылы жасалуы мүмкiн;

5) төрелiкте талқылау - төрелiк шешiм шығарумен дауды төрелiкте қарау процесi;

6) төрелікте талқылау тараптары - араларында төрелік келісім жасасылған қуынушы мен жауапкер;

7) төрелiктiң регламентi - тұрақты жұмыс iстейтiн халықаралық төрелiк қызметiн ұйымдастыру тәртiбi;

8) төрелiк шешiм - төрелiк шығарған шешiм;

9) төрешi - дауды төрелiкте шешу үшiн осы Заңға сәйкес тараптар сайлаған немесе тараптармен келiсiлген тәртiппен тағайындалған жеке тұлға;

10) iскерлiк айналымының әдет-ғұрыптары - қандай да бiр құжатта тiркелгенiне-тіркелмегеніне қарамастан, қолданылатын құқыққа қайшы келмейтiн, азаматтық-құқықтық шарттар саласында қалыптасқан және кеңiнен қолданылатын мiнез-құлық қағидалары.

 

2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

3-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық төрелiк туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының халықаралық төрелiк туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

 

4-бап. Төрелiк iс қарау принциптерi

Төрелiк iс қарау:

1) туындаған даулар бойынша төрелiк iс қарауды жүзеге асыру тәртібі мен шарттары мәселелерiн тараптар өзара алдын ала келiсу бойынша дербес шешуге құқығы бар екендiгiн бiлдiретiн тараптар еркiнiң дербестiгi;

2) төрешiлер мен төрелiктер өз шешiмдерiнде тек тараптардың келісімi бойынша қолданылатын құқық нормаларын ғана басшылыққа алатынын бiлдiретiн заңдылық;

3) тараптардың төрелiк iс қарауда бiрдей құқық көлемiн пайдаланатынын және бiрдей мiндеттер көлемiн мойнына алатынын, өз ұстанымын, оны қорғау тәсiлдерi мен құралдарын төрелiктен және басқа да органдар мен тұлғалардан дербес және тәуелсiз таңдауын бiлдiретiн тараптардың жарыспалылығы және тең құқылылығы;

4) төрешiлер мен төрелiктер өздерiне берiлген дауларды шешу кезiнде және төрелiк iс қараудың тараптары белгiленген талаптарды, қоғамның имандылық принциптерiн және iскерлiк әдеп ережелерiн сақтай отырып, адал әрекет етуге тиiс екенiн бiлдiретiн әдiлеттiлiк;

5) заңда азаматтың тиiстi органға ақпарат хабарлау мiндетi тiкелей көзделгеннен басқа жағдайларда, төрешiлердiң төрелiк iс қарау барысында белгiлi болған мәлiметтердi тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келісімiнсiз жария етуге құқығы жоқ екендiгiн және төрелiк iс қарау барысында өздерiне белгiлi болған мәлiметтер туралы куәлер ретiнде жауап алынбайтындығын бiлдiретiн құпиялылық принциптерi сақтала отырып жүзеге асырылады.

 

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 4-1-баппен толықтырылды

4-1-бап. Қарсылық білдіру құқығынан бас тарту

Осы Заңның қандай да бір ережесі немесе төрелік келісімнің қандай да бір талабы сақталмағаны туралы білетін, сөйте тұра осындай сақталмауға төреліктің тұрақты жұмыс істейтін регламентінде осы мақсат үшін белгіленген мерзім ішінде қарсылықтарын мәлімдеместен төрелік іс қарауға қатысуды жалғастыра беретін тарап өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан болып есептеледі.

 

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 5-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

5-бап. Төрелiктiң қызметiне араласуға жол берiлмеушiлiк

Төрешiлер мен төрелiктер өздерінің қызметіне берiлген дауларды шешу кезiнде тәуелсiз болады, осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, өздерiне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қандай да бiр араласуын болғызбайтын жағдайларда шешiм қабылдайды.

 

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

6-бап. Дауды төреліктің шешуіне беру

1. Тараптар арасында жасалған төрелік келісім болған кезде дау төреліктің қарауына берілуі мүмкін.

2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Тараптар төрелiк келiсiмдi қандай да бiр нақты азаматтық-құқықтық қатынас бойынша тараптар арасында туындаған немесе туындауы мүмкiн дауларға қатысты жасасуы мүмкiн.

3. Құзыретті соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келісім аталған сот дау бойынша шешім қабылдағанға дейін жасалуы мүмкін. Бұл жағдайда құзыретті сот өтінішті қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.

2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда

4. Егер тараптардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылса, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын, жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасындағы даулар, сондай-ақ «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда концессия шартын орындаумен және тоқтатумен байланысты даулар тараптардың келісімі бойынша төрелікке берілуі мүмкін.

5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелікке беру кезінде тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады.

6. Төрелік келісімнің қолданылуы ол қандай тәртіппен жасалса, сондай тәртіппен тараптардың келісімі бойынша тоқтатылуы мүмкін.

2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

7. Кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың мүдделері қозғалатын даулар төреліктің қарауына жатпайды.

2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды

8. Төрелік мүліктік қатынастарға байланысты емес, адамның өмiрі мен денсаулығына, жеке өмiріне қол сұғылмаушылыққа, жеке және отбасы құпиясына, атын алу құқығына байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастардан туындайтын дауларды қарауға құқылы емес.

 

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 6-1-баппен толықтырылды

6-1-бап. Төрелік келісім және құзыретті сотқа даудың мәні бойынша талап қою

1. Төрелік іс қарау нысанасы бойынша талап қою берілген құзыретті сот, егер төрелік келісім жарамсыз, күшін жойған немесе орындалуы мүмкін емес деп таппаса, егер тараптардың кез келгені бұл туралы өтінсе, даудың мәні бойынша өзінің алғашқы өтінішін ұсынудан кешіктірмей тараптарды төрелікке жіберуге тиіс.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген талап қоюға қарамастан құзыретті сот төрелік іс қараудың нысанасы өзінде сотта қаралуға жататындығы туралы мәселені қарастырғанша төрелік іс қараудың басталуы немесе жалғастырылуы және төрелік шешімнің шығарылуы мүмкін.

 

2-тарау. Төреліктің құрамы

7-бап. Төрешiлер

1. Iстiң нәтижесiне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi емес, тараптардан тәуелсiз болып табылатын және төрешiнiң мiндеттерiн атқаруға келісім берген, жасы жиырма беске толған және жоғары білімi бар жеке адам төрешi болып сайланады (тағайындалады).

2. Дауды жеке-дара шешетiн төрешiнiң жоғары заң білімi және заңгерлiк мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы болуға тиiс. Дау алқалы түрде шешiлетiн жағдайда төрелiк төрағасының жоғары заң білімi болуға тиiс.

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

3. Төрешілікке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптар тараптармен тікелей келісілуі немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік регламентінде айқындалуы мүмкін.

4. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiппен құзыреттi сот судьясы сайлаған немесе тағайындаған;

2) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен құзыреттi сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған;

3) соттылығы алынбаған немесе өтелмеген;

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

4) мемлекеттік қызметші, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, өз қызметін тұрақты немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақысы төленетін, жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметші болып табылатын адам төреші бола алмайды.

 

8-бап. Төрешiлердiң дауды қарау кезіндегі саны

1. Тараптар төрешiлер санын белгiлеуге құқылы, олардың саны тақ болуға тиiс.

2. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда дауды төрелiкте шешу үшiн үш төрешi сайланады (тағайындалады).

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

9-бап. Төреліктің құрамы

1. Төреліктің құрамын құру тараптардың келісімі бойынша төрешілерді (төрешіні) сайлау (тағайындау) арқылы жүргізіледі.

2. Тұрағты жұмыс істейтін төрелікте төреліктің құрамын құру тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

3. Төрелікте нақты дауды шешу үшін төреліктің құрамын құру тараптармен келісілген тәртіппен жүргізіледі.

4. Тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік не азаматтығы жоқ адам төреші болып сайлануы мүмкін.

5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса немесе дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік қарамайтын болса, үш төрешіден тұратын төреліктің құрамын құру кезінде әрбір тарап бір төрешіні тағайындайды және осылайша тағайындалған екі төреші үшінші төрешіні тағайындайды.

6. Тараптардың келісімі болмаған жағдайда құзыретті сот:

1) тарап басқа тараптан бұл туралы өтінішті алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде төрешіні тағайындамаған;

2) егер екі төреші өздерін тағайындаған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде үшінші төрешіні таңдау туралы уағдаласпаған;

3) тараптар дауды жеке-дара қарайтын төрешіні таңдау туралы уағдаласпаған жағдайларда, дау тараптарының бірінің өтініші бойынша төрешілерді (төрешіні) тұрақты жұмыс істейтін төрелік құрамындағы адамдардың қатарынан күнтізбелік отыз күн ішінде тағайындауы мүмкін.

7. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік дауды қараған кезде, егер тараптар төреліктің құрамы туралы уағдаласпаса, төрешілерді (төрешіні) тұрақты жұмыс істейтін төреліктің төрағасы күнтізбелік отыз күн ішінде тағайындауы мүмкін.

 

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 9-1-баппен толықтырылды; 2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 9-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

9-1-бап. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік қызметінің шарттары

Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзінің төрешiлерiнiң тізілімін жүргізеді. Заңды мекенжайын және регламентін қоса алғанда, тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік туралы ақпарат, сондай-ақ төрешілердің тізілімі жеке және заңды тұлғалардың еркін танысуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда да орналастырылады. Төреліктің шешімдері туралы ақпарат дау тараптарының келісімі болған кезде орналастырылады.

Төрешілердің тізілімі төрешінің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), жұмыс орны, лауазымы мен жұмыс кезеңі көрсетіле отырып, жұмыс тәжірибесін, ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағын (болған кезде), қараған істерінің санын қамтуға тиіс.

 

10-бап. Төрешiден бас тарту

1. Төрешi осы Заңның 7-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, тараптар төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.

2. Қандай да бiр жеке адамға оның төрешi етiп сайлану (тағайындалу) мүмкiндiгiне байланысты жүгiнген жағдайда аталған адам осы Заңның 7-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың бар екендiгі туралы хабарлауға тиiс. Егер аталған мән-жайлар төрелiк iс қарау кезiнде туындаған жағдайда, төрешi бұл туралы тараптарға кiдiрiссiз хабарлауға және өздiгiнен бас тартатыны туралы мәлiмдеуге тиiс.

3. Тарап, егер бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар оған осы төрешiнi өзi сайлағаннан кейiн белгiлi болған жағдайда, ол осы бапқа сәйкес өзi сайлаған төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.

4. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiден бас тарту рәсiмi оның регламентiнде айқындалуы мүмкiн.

5. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiден бас тарту рәсiмiн тараптар келiсуi мүмкiн.

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

6. Егер төрешiден бас тарту рәсiмi тараптармен келісілмесе немесе тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде айқындалмаса, онда тарап төрешiден бас тарту туралы жазбаша дәлелдi өтiнiштi төрешiден бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар өзiне белгiлi болғаннан кейiн күнтізбелік отыз күн iшiнде төрелiкке беруге тиiс.

Егер өзiнен бас тарту мәлiмделген төрешi оны қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлер тараптардың жазбаша дәлелдi өтiнiшi алынған кезден бастап он күн мерзiмде бас тарту туралы мәселенi шешедi.

Дауды жеке-дара қарайтын төрешiнiң бас тартуы туралы мәселенi сол төрешi шешедi.

Егер дауды жеке-дара қарайтын төрешi тараптардың бiрiнiң немесе екеуiнiң де бас тарту туралы өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда тараптар бас тарту туралы мәселенi төрелiк iс қарауды тоқтату туралы келісім қабылдау арқылы шешедi.

11-бап. Төрешiнiң өкiлеттiктерiн тоқтату

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1. Төрешінің өкілеттіктері осы Заңда көзделген негіздер бойынша тараптардың келісімімен, сондай-ақ дауды қарау бойынша белгіленген мерзім ішінде өз өкілеттіктерін орындамаған немесе сырқаттануы бойынша, қайтыс болуына, не дауды қарау жөніндегі өз өкілеттіктерінен бас тартуына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілеті болмаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.

2. Төрелiктiң немесе дауды жеке-дара қарайтын төрешiнiң өкiлеттiктерi тоқтатылған жағдайда, қаралып жатқан дау бойынша iс жүргiзу басқа төрелiк сайланғанға (тағайындалғанға) дейiн тоқтатыла тұрады.

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Төрешiнiң өкiлеттiктерi нақты iс бойынша шешiм қабылдағаннан кейiн тоқтатылады немесе егер тараптар осындай тоқтатуға қатысты уағдаласса тоқтатылады. Осы Заңның 30-бабында көзделген жағдайларда төрешiнiң өкiлеттiктерi қайта басталады, ал содан соң, аталған бапта көзделген iс жүргiзу әрекеттерi жасалғаннан кейiн тоқтатылады.

12-бап. Төрешiнi ауыстыру

Төрешiнiң өкiлеттiктepi тоқтатылған жағдайда, басқа төрешi ауыстырылатын төрешi сайланған (тағайындалған) кезде қолданылған ережелерге сәйкес сайланады (тағайындалады).

Ауыстыру тәртібімен сайланған (тағайындалған) төрешi iс бойынша қайтадан тыңдау тағайындауға құқылы.

3-тарау. Төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстар

13-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстар

1. Дауды төрелiкте шешуге байланысты шығыстарға:

төрешiлердiң гонорары;

төрешiлердiң төрелiкте iс қарауға қатысуына байланысты шеккен шығыстары, соның iшiнде дау қаралатын жерге жол жүру, онда тұру және тамақтану ақысының шығыстары;

сарапшыларға және аудармашыларға төленуге тиiстi сомалар;

төрешiлердiң жазбаша және заттай айғақтарды олардың тұрған жерiнде қарап көруге және зерттеуге байланысты шеккен шығыстары;

куәлар шеккен шығыстар;

төрелiк шешiмi өз пайдасына шығарылған тараптың өкiл көрсеткен қызметтерiнiң ақысын төлеуге жұмсалған шығыстары;

төрелiкте iс қарауды ұйымдастыруға және материалдық қамтамасыз етуге жұмсалған шығыстары кiредi.

2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiлер гонорарының мөлшерiн тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде көзделген төрешiлер гонорарының шәкiлiне сәйкес төрелiктiң құрамы айқындайды.

Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде төрешiлер гонорарының белгiленген мөлшерiне нұсқау болмаған кезде, төрелiк төрешi гонорарының мөлшерiн дау бойынша iс қараудың әрбiр нақты жағдайында, қойылған талаптың бағасын, даудың күрделiлігін, төрешiлердiң төрелiк iс қарауға кеткен уақытын және iске қатысты кез келген басқа да мән-жайларды ескере отырып айқындауы мүмкiн.

3. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiлер гонорарының мөлшерi тараптардың келісімi бойынша белгiленедi, ал келісім болмаған жағдайда тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк үшiн көзделген тәртiппен нақты дауды шешуге арналған төрелiк белгiлейдi.

14-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу

1. Тараптар арасында төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлудi төрелiк тараптардың келісімiне сәйкес, ал келісім болмаған жағдайда қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға бара-бар жүргiзедi.

2. Егер келтiрiлген шығыстарды өндiру туралы талап төрелiкте iс қарау барысында мәлiмделiп, оны төрелiк қанағаттандырған болса, төрелiктiң шешiмi өз пайдасына шешiлген тараптың өкiл көрсеткен қызметтердiң ақысын төлеуге жұмсаған шығыстары, сондай-ақ төрелiкте iс қарауға байланысты өзге де шығыстары төрелiктiң шешiмi бойынша басқа тарапқа қатысты болуы мүмкiн.

3. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу төрелiктiң шешiмiнде немесе ұйғарымында көрсетiледi.

4-тарау. Төреліктің құзыреті

15-бап. Төрелiктiң өз құзыретi туралы қаулы шығаруға құқығы

1. Төрелiк өзiне шешуге берiлген дауды қарауға өкiлеттiктepi (юрисдикциясы) бар немесе жоқ екендiгi туралы мәселенi, оның iшiнде тараптардың бiрi төрелiк келісім жарамсыз деген себеппен төрелiк iс қарауға қарсылық бiлдiрген жағдайда дербес шешедi.

2. Тараптар даудың мәнi бойынша алғашқы өтiнiш берiлгенге дейiн төрелiктiң өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiк соттың өкiлеттiктерi жоқ екенi туралы мәлiмдеуге құқылы.

3. Егер төрелiк iс қарау барысында қаралуы төрелiк келісімде көзделмеген мәселе төрелiкте iс қараудың нысанасына айналса, не ол осы iс қарауда қолданылатын құқық нормаларына немесе төрелiк iс қарау ережелерiне сәйкес төрелiкте iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн емес болса, тарап төрелiктiң өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны туралы мәлiмдеуге құқылы.

4. Төрелiк осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған өтiнiштi он күн мерзiмде қарауға мiндеттi. Өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарылады.

5. Егер төрелiк өзiнiң құзыретi туралы мәселенi қарау кезiнде төрелiктiң дауды қарауға өкiлеттiктерi жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда төрелiк дауды мәнi бойынша қарай алмайды.

 

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 15-1-баппен толықтырылды

15-1-бап. Төреліктің талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы өкім ету өкілеттігi

1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтініші бойынша қандай да бір тараптың өзі қажет деп есептеген даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде осындай шаралар қабылдауы туралы өкім ете алады, бұл туралы ұйғарым шығарады.

2. Төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті тарап төрелік іс қарау жүзеге асырылатын жер бойынша немесе оған қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдануы мүмкін мүліктің орналасқан жері бойынша құзыретті сотқа береді.

 

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 5-тарау жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

5-тарау. Төрелік іс қарауды жүргізу

 

16-бап. Төрелік іс қарау ережелерін айқындау

1. Төрелік іс қарауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік өзінің регламентіне сәйкес жүзеге асырады.

2. Төрелік нақты дауды шешу үшін төрелік іс қарауды тараптармен келісілген ережелерге сәйкес жүзеге асырады.

Тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде, сондай-ақ осы Заңның ережелерінде айқындалмаған және тараптармен келісілмеген төрелік іс қараудың қағидаларын төрелік айқындайды.

 

17-бап. Төрелік орны

Тараптар, дау тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қарауына берілетін жағдайды қоспағанда, төреліктің орнын өз қалаулары бойынша айқындауы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда, төреліктің орнын, тараптар үшін қолайлылық факторын қоса алғанда, істің мән-жайын ескере отырып, төрелік айқындайды.

 

18-бап. Талап арыз және талап арызға пікір

1. Талапкер өзінің талаптарын талап арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда беріледі. Талап арыздың көшірмесі жауапкерге беріледі.

2. Талап арызда:

1) талап арыздың берілген күні;

2) тараптардың атауы, олардың почталық мекенжайы және банк деректемелері;

3) төрелікке жүгіну негіздемесі;

4) талапкердің талаптары;

5) талапкер өзінің талаптарын негіздеген мән-жайлар;

6) талап арыздың негіздерін растайтын дәлелдемелер;

7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;

8) талап арызға қоса берілетін құжаттар мен өзге де материалдардың тізбесі көрсетілуге тиіс.

Талап арызға талапкер немесе сенімхаттың немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге құжаттың түпнұсқасы қоса беріле отырып, оның өкілі қол қоюға тиіс.

3. Төреліктің регламентінде талап арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуі мүмкін.

4. Жауапкер талапкерге және төрелікке онда өзінің талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, талап арызға пікір ұсынуға құқылы. Талап арызға пікір төреліктің регламентінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде талапкерге және төрелікке беріледі.

Егер төреліктің регламентінде талап арызға пікір беру мерзімі айқындалмаса, онда көрсетілген пікір, егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, төреліктің бірінші отырысына кемінде күнтізбелік он күн қалғанда ұсынылады.

5. Тарап төрелік іс қарау барысында өзінің талап арыздарын немесе талап қоюға қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.

 

19-бап. Төрелік іс қарауды қозғау

1. Төрелік талап арызды қабылдап, төрелік регламентіне немесе тараптар келіскен ережелерге сәйкес төрелік ic қарауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап арызға жазбаша пікір табыс етуді ұсынады.

2. Жауапкердің қарсылықтарын табыс етпеуі дауды қарауға кедергі бола алмайды.

 

20-бап. Төрелік іс қараудың басталуы

1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төреші тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиісті түрде хабарлама тапсыруға міндетті.

2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың бірі төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшірмелері мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде екінші тарапқа беруге тиіс. Төрелік сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік іс қарау басталғанға дейін беруге тиіс.

 

21-бап. Талап арызды қайтару

1. Төрелік, егер:

1) тараптар арасында төрелік келісім болмаса;

2) талап қою төрелік келісімде көзделмеген төрелікке берілсе;

3) талап қоюдың нысанасы төрелік келісімнің шеңберінен тыс болса;

4) талап арызға қол қоюға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса;

5) талапкер талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе;

6) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса, талап арызды қайтарады.

2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады.

3. Арыздың қайтарылуы талапкердің сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып төрелікке қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.

 

22-бап. Төрелік іс қарау тілi

1. Тараптар төрелік іс қарау барысында пайданылатын тіл немесе тілдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік іс қарау кезінде пайдалануға тиісті қазақ тілін, онымен тең орыс тілін немесе өзге де тілдерді айқындайды.

Төрелік іс қарау жүргізіліп отырған тілді меңгермеген іске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы іс материалдарымен танысу, төрелік іс қарауға қатысу құқығы, төрелікте ана тілінде сөйлеу құқығы  қамтамасыз етіледі.

2. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік іс қарау тілінде (тілдерінде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етеді, бұл ретте төреліктің регламентінде не тараптардың келісімінде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін.

3. Төрелік тараптардан құжаттар мен өзге де материалдардың төрелік іс қарау тіліндегі (тілдеріндегі) аудармасын талап етуі мүмкін.

 

3-бап. Құжаттардың табыс етілмеуі немесе тараптардың келмей қалуы

1. Құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу, оның ішінде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген тараптардың бірінің немесе олардың өкілдерінің төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу себептерін немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсіз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негізінде төрелік іс қарау және төреліктің шешім қабылдауы үшін кедергі болып табылмайды.

2. Жауапкердің талап қоюға қарсылықтарын табыс етпеуін талапкердің талаптарын тану ретінде қарастыруға болмайды.

 

24-бап. Тараптардың жазбаша хабарламалар алуы

Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса:

1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресаттың тұрақты тұрғылықты жері бойынша немесе пошталық мекенжайы бойынша оның өз қолына жеткізілсе, ол алынды деп есептеледі; мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгілі тұратын жеріне тапсырыс хатпен немесе осы хабарламаны жеткізу әрекетін тіркеуді көздейтін өзге де түрде жіберілсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледі;

2) жазбаша хабарлама осындай жеткізілген күні алынды деп есептеледі.

 

25-бап. Тараптардың құқықтары

Төрелік іс қарауға қатысушы тараптардың:

1) іс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшірмелер алуға;

2) дәлелдемелерді табыс етуге;

3) өтініш білдіруге, төрешілерден бас тартуға;

4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге;

5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін табыс етуге;

6) басқа тараптың өтініштеріне және дәлелдеріне қарсылық білдіруге;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыретті сот алдында төреліктің шешімін мәжбүрлеп орындату туралы өтініш беруге;

8) осы Заңда белгіленген жағдайларда төреліктің шешіміне шағымдануға құқығы бар.

 

25-1-бап. Тараптардың төрелік отырысына қатысуы

1. Әрбір тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тең мүмкіндіктер берілуге тиіс.

2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік іс  қарау тараптардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен төреліктің жабық отырысында жүзеге асырылады.

Тараптар өкілдерінің өкілеттіктері Қазақстан Республикасының  азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресімделуге тиіс.

 

25-2-бап. Дәлелдемелерді табыс ету және зерттеу

Әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негіздемесі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс. Егер табыс етілген дәлелдемелер жеткіліксіз деп тапса, төреші тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы.

Төреші іс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелерді тікелей зерттеуге міндетті.

 

25-3-бап. Төрелік тағайындаған сарапшы

1. Егер төрелік іс қарауға қатысушы тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік:

1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзіне қорытындылар беруі үшін бір немесе бірнеше сарапшы тағайындауы;

2) тараптан іске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға табыс етуін не оған іске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүліктің тексеріп қарау үшін ұсынылуын немесе тексеріп қарауға мүмкіндік берілуін талап eтуі мүмкін.

2. Тараптардың өзге жөнінде уағдаластығы болмаған кезде, егер тарап бұл туралы өтінсе немесе төрелік оны қажет деп есептесе, сарапшы өзінің жазбаша немесе ауызша қорытындысын табыс еткеннен кейін тыңдауға қатысуға тиіс, онда тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшін мамандар ұсыну мүмкіндігі беріледі.

 

25-4-бап. Құзыретті соттың қамтамасыз ету шараларын ұсынудағы және дәлелдемелер алудағы жәрдемi

1. Тараптар төрелік іс қарау кезінде талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану туралы өтінішпен құзыретті сотқа жүгінуге құқылы. Құзыретті соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдауы төрелік келісіммен сыйыспаушылық болып табылмайды.

2. Төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті тарап құзыретті сотқа төрелік іс қарау жүзеге асырылатын орын немесе оған қатысты қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкін мүліктің тұрған жері бойынша береді.

3. Құзыретті соттың төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті қарауы және оның талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшін тараптардың бірінің өтініші бойынша осы ұйғарымды шығарған құзыретті сот жоюы мүмкін.

5. Төрелік немесе төреліктің келісімімен тарап дәлелдемелер алуға жәрдемдесу туралы құзыретті сотқа өтініш жасауы мүмкін. құзыретті сот осы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарайды.

 

25-5-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу

1. Қарсы талаптың талапкердің талаптарымен өзара байланысы болған жағдайда, сондай-ақ төреліктің қарсы талап қоюды төрелік келісімге сәйкес қарауы мүмкін болатын жағдайда, жауапкер талапкерге қарсы талап қоюға құқылы.

2. Егер тараптар қарсы талап қою үшін өзге мерзімге келіспесе,  қарсы талап қою төрелік шешім қабылдағанға дейін, төрелік іс қарау барысында қойылуы мүмкін.

3. Қарсы талап қою осы Заңның 18-бабы 2-тармағының талаптарына  сәйкес келуге тиіс.

4. Талапкер төрелік іс қарау регламентінде немесе ережелерінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде қарсы талап қоюға қарсылықтарын ұсынуға құқылы.

5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда жауапкер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қарсы талап қоюды есепке алуды талап етуге құқылы.

 

6-тарау. Төрелік шешімін шығару және іс қарауды тоқтату

26-бап. Даудың мәнiне қолданылатын нормалар

1. Төрелiк дауды қарағанда тараптар қолданылады деп таңдаған құқық нормаларына сәйкес дауды шешедi. Қандай да бiр мемлекеттiң құқығына немесе құқық жүйесiне кез келген сiлтеме жасау оның қайшылықты нормаларына емес, осы мемлекеттiң материалдық құқығына тiкелей сiлтеме ретiнде түсiндiрiлуге тиiс.

2. Тараптардың қолданылатын құқық туралы келісімi болмаған жағдайда, қолданылатын құқықты төрелiк Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды.

3. Нақты құқық қатынастарын реттейтiн нормалар болмаған кезде, төрелiк осы мәмiлеге қолданылатын iскерлiк айналымның әдет-ғұрыптарына сәйкес шешiм қабылдайды.

27-бап. Бiтiмгершiлiк келісім

1. Егер тараптар дауды төрелiкте iс қарау барысында реттесе, төрелiк iс қарауды тоқтатады және тараптардың өтiнiшi бойынша бұл реттеудi келісілген шарттармен төрелiк шешiм ретiнде тiркейдi.

2. Келісілген шарттардағы төрелiк шешiм осы Заңның 28-бабының ережелерiне сәйкес шығарылуға тиiс. Мұндай төрелiк шешiм даудың мәнi бойынша кез келген басқа төрелiк шешiм сияқты орындалуға тиiс.

28-бап. Төрелiк шешiмнiң нысаны мен мазмұны

1. Төрелiк шешiм жазбаша нысанда жазылады және оған төрелiк құрамына кiретiн төрешiлер, соның iшiнде ерекше пiкiрi бар төрешi қол қояды, оның жазбаша ұстанымы төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады. Егер төрелiк iс қарау алқалы түрде жүзеге асырылса, онда басқа төрешiлердiң қолдары болмауының дәлелдi себебi көрсетiлген жағдайда, шешiмге төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлердiң көпшiлiгi қол қоюы мүмкін.

2. Төрелiк шешiмде төрелiктiң күнi мен орны, төрелiк шешiм негiзделген дәлелдер көрсетiледi.

3. Төрелiк шешiм қабылдағаннан кейiн шешiмнiң данасы әрбiр тарапқа тапсырылуға не жiберiлуге тиiс.

29-бап. Төрелiк iс қарауды тоқтату

1. Төрелiк iс қарау осы баптың 2-тармағында аталған негiздер бойынша төрелiк iс қарауды тоқтату туралы ұйғарым шығару арқылы тоқтатылады.

2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Төрелiк, егер:

жауапкер даудың мәнi бойынша шешiлуiне өзiнiң заңды мүддесiнiң болуына байланысты төрелiк iс қарауды тоқтатуға қарсылығын мәлiмдемесе ғана, талапкер өзiнiң талабынан бас тартқан және төрелiк бас тартуды қабылдаған;

төрелiк өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiктiң құзыретi жоқ екендiгi туралы ұйғарым шығарған;

сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша қабылданған құзыреттi соттың немесе төрелiктiң заңды күшiне енген шешiмi болған;

тараптар төрелiкте iс қарауды тоқтату туралы келісімге келген;

төрелiкте талқылау тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылған;

төрелiк iс қараудың тарабы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан (қайтыс болды деп жарияланған) не ол хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда төрелiкте іс қарауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.

30-бап. Шешiмдi түзету және түсiндiру. Қосымша шешiм

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Егер тараптар өзге мерзiмге келiспесе, төрелiк шешiмдi алғаннан кейiн күнтізбелік алпыс күн iшiнде:

1) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен шешiмдегi есептеулерде жол берiлген кез келген қателердi, жаңылыс жазуларды немесе жаңсақ жазылымдарды не осындай сипаттағы өзге де қателердi түзетудi өтiнуi мүмкiн;

2) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен қабылданған шешiмнiң қандай да бiр нақты тармағына немесе бөлiгiне түсiнiктеме берудi өтiнуi мүмкiн.

Егер, төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн күнтізбелік отыз күн iшiнде тиiстi түзетулер енгiзуге немесе түсiнiктеме беруге тиiс. Төрелiк шешiмге шығарылған түсiнiктеме төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылады.

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Төрелiк шешiм шығарылған күннен бастап есептегенде күнтізбелік алпыс күн iшiнде төрелiк өз бастамасы бойынша осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында аталған кез келген қатенi түзете алады.

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Егер, тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктiң шешiмiн алғаннан кейiн төрелiкте iс қарау барысында мәлiмделген, алайда шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешiм шығаруды күнтізбелік алпыс күн iшiнде төрелiктен өтiнуi мүмкiн. Егер төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн алпыс күн iшiнде қосымша төрелiк шешiм шығаруы тиiс.

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

4. Төрелiк қажет болған жағдайда мерзiмдi ұзарта алады, бiрақ бұл мерзiм күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиiс, осы мерзiм iшiнде осы баптың 1 немесе 3-тармақтарына сәйкес, қателердiң түзетiлуi, түсiнiктеме берiлуi немесе қосымша төрелiк шешiм шығарылуы қажет.

7-тарау. Төрелік шешімге шағым жасау

31-бап. Төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiш

2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1. Төрелікте талқылау тараптары не құқықтары мен міндеттері қозғалған үшінші тұлғалар төреліктің шешiмiне Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен құзыреттi сотқа шағым жасауы мүмкін.

2. Құзыреттi сот, егер:

1) күшiн жою туралы өтiнiш бiлдiрген тарап:

құзыреттi сот төрелiк келісім тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз немесе тараптар оны бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған кезде - Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк келісімнiң күшi жоқ деп тануының;

төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк iс қарау туралы оның тиiстi түрде хабардар болмағанының немесе құзыреттi сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiндiрулерiн табыс ете алмағанының;

төрелiк шешiмнiң төрелiк келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының, не төрелiк келісімнiң шегiнен шығатын мәселелер жөніндегі қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпауы салдарының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң күшiн жоюы мүмкiн.

Егер, төрелiк келісіммен қамтылған мәселелер жөніндегі төрелiктiң шешiмi мұндай келісімде қамтылмайтын мәселелер жөніндегі шешiмдерден бөлiнуi мүмкiн болса, онда төрелiк келісімде қамтылмайтын мәселелер жөніндегі шешiмдерден тұратын төрелiк шешiмнiң бөлiгi ғана күшiн жоюы мүмкін;

төрелiктiң құрамы немесе iс қараудың төрелiк рәсiмi тараптардың келісімiне және төрелiктiң регламентiне сәйкес келмегендiгінiң;

2) құзыреттi сот төрелiк шешiмнiң Қазақстан Республикасының жариялылық тәртібіне қайшы келетiнiн немесе төрелiк шешiм шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн еместiгiн айқындауының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң күшiн жоюы мүмкiн.

3. Күшiн жою туралы өтiнiш осы өтiнiштi мәлiмдеген тараптың төрелiк шешiмдi алған күнiнен бастап үш ай өткеннен кейiн, ал өтiнiш осы Заңның 30-бабына сәйкес берiлген жағдайда, төрелiк осы өтiнiш бойынша шешiм шығарған күннен бастап мәлiмделуi мүмкiн емес.

4. Құзыреттi сот тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелiк iс қарауды жаңарту үшiн не төрелiк шешiмiнің күшін жоюдың негiздемесiн жоюға мүмкiндiк беретiн өзге де шараларды қолдану үшiн төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiш бойынша iс жүргiзудi белгiлi бiр мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.

5. Құзыреттi сот төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.

8-тарау. Төрелік шешімдерді тану және орындау

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 32-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

32-бап. Қазақстан Республикасында төрелік шешімдi тану және орындау

Төрелік шешім міндетті деп танылады және құзыретті сотқа жазбаша өтініш берілген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес орындалады.

 

33-бап. Төрелiк шешiмдi танудан немесе орындаудан бас тарту үшiн негiздемелер

1. Құзыреттi сот мына негiздер бойынша:

2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді  (бұр.ред.қара)

1) егер осы тарап құзыреттi сотқа:

құзыреттi сот төрелiк келісім тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз не әрекет қабiлетi шектеулi деп тануының;

төрелік келісімнің оны тараптар бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмағанда - Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыздығының;

шешiм өзiне қарсы шығарылған тараптың төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк iс қарау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiнiң немесе құзыреттi сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiнiктемелерiн табыс ете алмағанының;

төрелiк шешiмнiң төрелiк келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының, не төрелiк келісімнiң шегiнен шығатын мәселелер жөніндегі қаулылардан тұратынының, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпауы салдарының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан немесе орындаудан бас тартады.

Егер, төрелiк келісімде қамтылған мәселелер жөнiндегі төрелiктiң шешiмi мұндай келісімде қамтымайтын мәселелер жөнiндегі шешiмдерден бөлiнуi мүмкiн болса, онда төрелiк келісімде қамтылмайтын мәселелер жөніндегі шешiмдерден тұратын төрелiк шешiмнiң бөлiгі ғана күшiн жоюы мүмкін;

төрелiктiң құрамы немесе iс қараудың төрелiк рәсiмi тараптардың келісімiне сәйкес келмегендiгiнiң немесе ол болмағанда, төрелiк орналасқан елдiң заңына сәйкес келмегендiгiнiң;

шешiм тараптар үшiн әлi де мiндеттi емес болғанының немесе күшi жойылғанының немесе оның орындалуын өз заңына сәйкес шешiм шығарған елдiң соты тоқтатып қойғандығының;

2) егер құзыреттi соттың осы төрелiк шешiмдi тану немесе орындау Қазақстан Республикасының жариялылық тәртібіне қайшы келетiнiн немесе төрелiк шешiм шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн еместiгін анықтауының дәлелдемелерiн табыс етсе, төрелiк шешiмнiң қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан немесе орындаудан бас тартады.

2. Құзыреттi сот төрелiк шешiмдi тану немесе орындау туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.

Қазақстан Республикасының

Президентi

Н. Назарбаев

Астана қ., 2004 ж. желтоқсанның 28-і

№ 23-III ҚРЗ