Қазақстан Республикасының
Заңы
 
 Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттiң және оның меншiгiнiң иммунитетi, аралық соттар және халықаралық коммерциялық төрелiк қызметiн жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

1. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 16-17, 642-құжат; № 23, 929-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 23, 309-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 1-2, 7-құжат; № 4, 25-құжат; № 11, 56-құжат; № 14, 103-құжат; № 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., № 3-4, 16-құжат; № 5, 25-құжат; № 6, 42-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 21-22, 87-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 4, 24, 25-құжаттар; № 8, 45-құжат; № 11, 55-құжат; № 13, 85-құжат; 2007 ж., № 3, 21-құжат; № 4, 28-құжат; № 5-6, 37-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 12, 88-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16-құжат; № 9-10, 48-құжат; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат):

1102-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«1102-бап. Мемлекеттің шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуы

1. Мемлекет қатысатын шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық қатынастарға, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, осы бөлімнің ережелері жалпы негіздерде қолданылады.

2. Қазақстан Республикасы шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық қатынастарда, егер:

Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;

Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келісімде;

сотта мәлімдеме жасау немесе нақты іс қарау шеңберінде жазбаша хабардар ету арқылы өзгеше белгіленбесе, соттық иммунитетті, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитетті және сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитетті қоса алғанда, басқа мемлекет соттарының юрисдикциясынан өзіне және өзінің меншігіне қатысты юрисдикциялық иммунитетті пайдаланады.».

2. 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 18, 644-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 15-16, 239-құжат; № 21-22, 281-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 14, 109-құжат; № 15, 138-құжат; 2004 ж., № 5, 25-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 140-құжат; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; № 24, 123-құжат; 2006 ж., № 2, 19-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 13, 99-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат; № 15-16, 62-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 81-құжат; 2009 жылғы 22 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2009 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2009 жылғы 22 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» және 2009 жылғы 23 желтоқсанда «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білікті заң көмегін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы):

1) 33-бап мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

«4. Қазақстан Республикасының және оның меншігінің юрисдикциялық иммунитетін шет мемлекеттің бұзуынан келтірілген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, талап қоюшының тұрған жері бойынша беріледі.»;

2) 159-баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

«Шет мемлекеттің Қазақстан Республикасының аумағындағы корреспонденттік шотындағы ақшаға тыйым салуға Қазақстан Республикасының және оның меншігінің юрисдикциялық иммунитетін шет мемлекеттің бұзуынан келтірілген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар бойынша жол беріледі.»;

3) 249-баптың 5) тармақшасы «аралық соттың» деген сөздерден кейін «немесе халықаралық коммерциялық төреліктің» деген сөздермен толықтырылсын;

3) 422-бап алып тасталсын;

4) мынадай мазмұндағы 46-тараумен толықтырылсын:

«46-тарау. Шет мемлекеттің және оның меншігінің юрисдикциялық

иммунитетi

427-бап. Шет мемлекеттің иммунитетi

Шет мемлекет Қазақстан Республикасында, осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, соттық иммунитетті, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитетті және сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитетті қоса алғанда, юрисдикциялық иммунитетті пайдаланады.

428-бап. Соттық иммунитет

Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес шет мемлекет, егер ол соттық иммунитеттен бас тартуға келіссе не осы Кодекстің 434-бабына сәйкес шет мемлекетке иммунитет қолданылмайтын болса, сондай-ақ, егер ол мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырғандағыдан өзге қызметті жүзеге асырса, оның ішінде осы Кодекстің 435-441-баптарында көрсетілген жағдайларда соттық иммунитетті пайдаланбайды.

429-бап. Шет мемлекеттің Қазақстан Республикасы

сотының юрисдикциясына келісуi

1. Егер шет мемлекет тиісті мәселеге немесе іске қатысты, атап айтқанда:

1) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;

2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келісімде;

3) Қазақстан Республикасының сотында мәлімдеме жасау немесе нақты іс қарау шеңберінде жазбаша хабардар ету арқылы Қазақстан Республикасы сотының юрисдикцияны жүзеге асыруына тікелей келісім білдірсе, ол соттық иммунитеттен бас тартуға келіскен деп танылады.

2. Шет мемлекеттің соттық иммунитеттен бас тартуға келісуі оның талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитет пен сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттен бас тартуға келісуі ретінде қарастырылмайды.

3. Шет мемлекеттің Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдануға келісуі оның соттық иммунитеттен бас тартуға келісуі ретінде қарастырылмайды.

430-бап. Шет мемлекеттің сотта іс қарауға қатысуы

1. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында өзінің бастамасымен қозғалған істі қарау тарабы болып табылса, немесе Қазақстан Республикасының сотында істің мәнін қарауға қатысса, немесе істің мәні бойынша қандай да бір өзге іс-әрекетті қолданса, осы мемлекет соттық иммунитеттен бас тартуға келіскен деп танылады. Алайда, егер мемлекет ол осындай іс-әрекет қолданғанға дейін иммунитет туралы мәлімдеуге негіз болатын фактілер өзіне белгілі болуы мүмкін болмағанын сотта дәлелдесе, ол осы фактілер өзіне белгілі болғаннан кейін дереу солардың негізінде иммунитетке сүйене алады.

2. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында істі қарауға қатысса немесе иммунитетке сүйену немесе іс қараудың нысанасы болып табылатын мүлікке қатысты өз құқығына дәлелдемелер келтіру мақсатында қандай да бір іс-әрекет қолданса, соттық иммунитеттен бас тартқаны ретінде қарастырылмайды.

3. Шет мемлекет өкілінің Қазақстан Республикасының сотына куәлік айғақтар беру үшін келуі осы мемлекеттің соттық иммунитеттен бас тартуға келісуі ретінде қарастырылмайды.

4. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында істі қарауға қатыспаса, бұл мән-жай өзінен-өзі оның соттық иммунитеттен бас тартуға келіскені ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

431-бап. Қарсы талап қоюға қатысты иммунитеттен бас тарту

1. Қазақстан Республикасының сотына талап қойған шет мемлекет осы мемлекеттің алғашқы талап қоюындағы сияқты сол құқықтық қатынастарға немесе фактілерге негізделген кез келген қарсы талапқа қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келіскен деп танылады.

2. Қазақстан Республикасының сотына қарсы талап қойған шет мемлекет алғашқы талап қоюына қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келіскен деп танылады.

432-бап. Төрелік іс қарауға қатысты иммунитеттен бас тарту

Егер шет мемлекет туындаған немесе болашақта туындауы мүмкін дауларды өзінің қатысуымен төрелікте қарауға жазбаша нысанда келісім білдірсе, Қазақстан Республикасы сотының төрелікке қатысты функцияларды жүзеге асыруына қатысты мәселелер бойынша оның осы дауларға байланысты соттық иммунитеттен бас тартуға ерікті түрде келіскені деп танылады.

433-бап. Иммунитеттен бас тартуға келісімді кері қайтарып алу

1. Шет мемлекеттің соттық имунитеттен, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитет пен сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттен бас тартуға келісуі, осындай келісуді кері қайтарып алуға жол беру дауға қатысушы басқа тараппен келісімде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, кері қайтарылып алынбайды.

2. Шет мемлекеттің соттық иммунитеттен бас тартуға келісуі сотта іс қараудың барлық сатыларында қолданылады.

434-бап. Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетінің бұзылуына байланысты даулар бойынша иммунитетті қолданбау

Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттің Қазақстан Республикасы мен оның меншігінің юрисдикциялық иммунитетін бұзуына байланысты даулар бойынша осындай шет мемлекет Қазақстан Республикасында соттық иммунитетті, сол сияқты талап қоюды қамтамасыз етуден және сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитетті пайдаланбайды.

435-бап. Кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша иммунитетті қолданбау

1. Шет мемлекеттің Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы кезінде туындаған даулар бойынша соттық иммунитетті осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

2. Шет мемлекет жасаған немесе мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырған кездегіден өзге түрде онымен байланысты болатын кәсіпкерлік қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмілелерден туындаған даулар бойынша соттық иммунитетті осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

3. Шет мемлекет жасаған немесе ол байланысты болатын мәміле оның егеменді билігін жүзеге асыруымен байланысты қызмет болып табыла ма деген мәселені шешу кезінде Қазақстан Республикасының соты осындай мәміленің сипаты мен мақсатын назарға алады.

436-бап. Заңды тұлғаларға қатысуға байланысты даулар бойынша иммунитетті қолданбау

Шет мемлекет Қазақстан Республикасының аумағында құрылған немесе негізгі қызмет орны бар коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғаларға өзінің қатысуына қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

437-бап. Мүлікке құқықтарға қатысты даулар бойынша иммунитетті қолданбау

Шет мемлекет:

1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлікке өзінің құқықтарына, сондай-ақ осы мүлікке байланысты өзінің міндеттемелеріне;

2) мүлікке осы мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырумен байланысты емес негіздер бойынша туындайтын өзінің құқықтарына қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

438-бап. Залалды (зиянды) өтеу туралы даулар бойынша иммунитетті қолданбау

Шет мемлекет, егер талап Қазақстан Республикасының аумағында толық немесе ішінара орын алған іс-әрекетпен (әрекетсіздікпен) немесе мән-жайлармен мүлікке залал келтіруден туындаса, осы мемлекеттің өмірге және (немесе) денсаулыққа келтірілген зиянды және мүлікке келтірілген залалды өтеуі туралы даулар бойынша Қазақстан Республикасында соттық иммунитетті пайдаланбайды.

439-бап. Зияткерлік меншік құқықтары объектілеріне қатысты даулар бойынша иммунитетті қолданбау

1. Шет мемлекет зияткерлік меншік объектілеріне өзінің құқықтарын белгілеуге және жүзеге асыруға қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

2. Шет мемлекет зияткерлік меншік объектілеріне басқа адамдардың құқықтарын осы мемлекеттің ықтимал бұзуына қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

440-бап. Еңбек даулары бойынша иммунитетті қолданбау

1. Шет мемлекет Қазақстан Республикасының аумағында толық немесе ішінара орындалған немесе орындалуға тиіс жұмысқа қатысты осы мемлекет пен қызметкердің арасында туындаған еңбек даулары бойынша соттық иммунитетті Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережесі:

1) қызметкердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жері болған жағдайды қоспағанда, іс қарау қозғалған кезде қызметкер оны жұмысқа қабылдаған мемлекеттің азаматы болып табылатын;

2) қызметкер мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді орындау үшін жалданған;

3) еңбек шартын жасасу немесе қайта жаңарту дау нысанасы болып табылатын жағдайларда қолданылмайды.

441-бап. Теңіз кемелерін және ішкі суда жүзетін кемелердi пайдалануға байланысты даулар бойынша иммунитет

1. Теңіз кемесінің немесе ішкі суда жүзетін кеменің меншік иесі болып табылатын не осы кемені пайдаланатын шет мемлекет, егер кеме талап қоюға негіз болған фактілер туындаған кезде мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттардан гөрі өзге мақсаттарда пайдаланылса, осы кемені пайдалануға немесе осы кемемен жүк тасымалдауға қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережесі:

1) әскери корабльдерге және әскери-қосалқы кемелерге, сондай-ақ мұндай корабльдер мен кемелердің бортында тасымалданатын жүкке;

2) мемлекетке тиесілі және осы жүк қандай кемемен тасымалданатынына қарамастан, тек ғана мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын немесе пайдаланылуға арналған жүкке қатысты қолданылмайды.

3. Осы баптың қолданылу мақсаты үшін кемені пайдалануға қатысты даулар деп, атап айтқанда:

1) кемелердің соқтығысуына, порттық және гидротехникалық құрылыстардың бұзылуына немесе басқа да суда жүзетін кеме аварияларына;

2) көмек көрсетуге құтқару жұмыстары мен жалпы аварияға;

3) кемеге қатысты жеткізілімдерге, жөндеу және басқа да жұмыстарға, қызметтер көрсетуге;

4) теңіз ортасының ластануы салдарларына;

5) суға батқан мүлікті көтеруге қатысты даулар түсініледі.

442-бап. Талап қоюды қамтамасыз етуден және сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттер

Шет мемлекет:

1) шет мемлекет осы Кодекстің 429-бабының бірінші бөлігінде көзделген тәсілдердің бірі арқылы осы бапта көрсетілген юрисдикциялық иммунитеттің түрлерінен бас тартуға тікелей келісім білдірген;

2) шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында іс қараудың нысанасы болып табылатын талапты қанағаттандырған жағдайда мүлікті резервке қойған немесе өзгедей түрде белгілеген;

3) шет мемлекеттің Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлкі мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырудан өзге мақсаттарда пайдаланылатын және (немесе) пайдалануға арналған жағдайларды қоспағанда, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитетті және сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитетті пайдаланады.

443-бап. Егеменді билікті жүзеге асыру мақсатында пайдаланылатын мүлік

Мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырудан өзге мақсаттарда шет мемлекет пайдаланатын және (немесе) пайдалануына арналған мүлік ретінде (осы Кодекстің 442-бабының 3) тармақшасы), атап айтқанда, шет мемлекеттің мынадай мүлкі қарастырылмайды:

1) шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктерінің немесе оның консулдық мекемелерінің, арнайы миссиялардың, халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктердің, халықаралық ұйымдар органдарындағы не халықаралық конференциялардағы шет мемлекет делегацияларының функцияларын жүзеге асыруы үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуға арналған мүлік (оның ішінде банк шотындағы ақша);

2) әскери мүлік және (немесе) Қазақстан Республикасы таныған бітімгершілік операцияларда пайдаланылатын мүлік;

3) сатуға қойылмаған не сатуға арналмаған мәдени құндылықтар немесе мұрағаттық құжаттар.

444-бап. Шет мемлекет қатысатын істер бойынша сот ісін жүргізу

Егер осы Кодексте немесе басқа заңдарда өзгеше көзделмесе, шет мемлекет қатысатын істерді Қазақстан Республикасының соттары, заңды тұлғаларға, атап айтқанда шетелдік заңды тұлғаларға қатысты қолданылатын соттылық туралы ережені қоса алғанда, Қазақстан Республикасының сот ісін жүргізу ережелері бойынша қарайды.

445-бап. Шет мемлекеттің соттық иммунитеті туралы мәселенi шешу тәртібi

Шет мемлекеттің соттық иммунитетті пайдаланатыны немесе пайдаланбайтыны туралы мәселені Қазақстан Республикасының соты тараптарды шақыра отырып, сот отырысында шешеді.

446-бап. Қазақстан Республикасы сотының шет мемлекет қатысатын даулар бойынша талап қоюды қамтамасыз ету және сот актісін мәжбүрлеп орындату туралы мәселелерді шешуi

1. Қазақстан Республикасының соты талап қоюды қамтамасыз ету және шет мемлекетке қатысты шығарылған сот актісін мәжбүрлеп орындату туралы мәселелерді шет мемлекетте тиісінше талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитеттің және сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттің болуына немесе болмауына қарай шешеді.

2. Шұғыл шаралар қабылдамау сот актісін орындауды қиындатуы  мүмкін немесе атап айтқанда, сот актісін орындауға жол бермеу мақсатында мүлікті жою, бүлдіру, орнын ауыстыру ықтималдығының едәуір дәрежесіне немесе өзгедей иелік етуге байланысты мүмкін етпейтін жағдайларда, Қазақстан Республикасының соты шет мемлекет тиісті иммунитетті пайдаланады деп пайымдауға өзінде жеткілікті негіздер болмаған кезде, тараптың өтініші бойынша талап қоюды қамтамасыз ету туралы және сот актісін мәжбүрлеп орындату туралы шешім қабылдауға құқылы. Мұндай шешім қабылдау шет мемлекетті тиісті иммунитеттің болуына сүйене отырып, оған дау айту құқығынан айырмайды.

3. Шет мемлекеттерге қатысты шығарылған сот актілерін мәжбүрлеп орындату Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасының негізінде жүзеге асырылады.

447-бап. Өзара түсіністік принципін қолдану

1. Шет мемлекетке қойылған талапты Қазақстан Республикасының сотында қарау кезінде сот талап қоюшының немесе іске қатысушы басқа тұлғаның өтініші бойынша өзара түсіністік принципін қолданады.

2. Кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмілелерден туындаған даулар бойынша тиісті шет мемлекетте Қазақстан Республикасына берілетін юрисдикциялық иммунитеттің көлемін дәлелдеу өзара түсіністік принципін қолдану туралы өтініш білдірген тұлғаға жүктелуі мүмкін.

3. Егер өзіне қатысты юрисдикциялық иммунитет туралы мәселе туындаған шет мемлекетте осы Кодекске орай шет мемлекетке берілетінге қарағанда Қазақстан Республикасына юрисдикциялық иммунитет неғұрлым шектелген көлемде берілетіні дәлелденсе, онда Қазақстан Республикасының соты көрсетілген мәселені шешу кезінде өзара түсіністік негізінде Қазақстан Республикасының тиісті шет мемлекетте  юрисдикциялық иммунитетті қандай көлемде пайдаланатынын негізге алуға құқылы.

448-бап. Осы Кодексті қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының сотына жәрдемдесу

1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы сотының сұратуы бойынша немесе өз бастамасы бойынша осы Кодекстің шет мемлекетке қатысты қолданылуына байланысты, атап айтқанда, өзіне қатысты юрисдикциялық иммунитет туралы мәселе туындайтын тарап шет мемлекет болып табылады ма, мемлекеттің егемендік билігін жүзеге асыру жөніндегі қызмет орын алды ма, шет мемлекетте Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитеті қандай көлемде беріледі деген мәселелер бойынша қорытынды береді.

2. Қазақстан Республикасының соты дау нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша жәрдемдесу және түсіндіру үшін Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі өзге де органдар мен ұйымдарға белгіленген тәртіппен жүгінуі немесе сарапшыларды тартуы мүмкін. Алынған қорытындылар мен түсіндірмелер істегі бар дәлелдемелердің жиынтығы ескеріліп, Қазақстан Республикасы сотының бағалауына жатады.

449-бап. Шет мемлекетке іс жүргізу құжаттарын жіберу және тапсыру

1. Шет мемлекетке оған қатысты Қазақстан Республикасының сотында іс қозғалғаны туралы хабарламаны және өзге де сот құжаттарын жіберу дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады. Тиісті мемлекеттің сыртқы істерін жүргізетін атқарушы билік органының оларды алған күні осы құжаттардың тапсырылған күні болып есептеледі.

2. Қазақстан Республикасы соттарының шет мемлекетке құжаттарды тапсыру туралы және Қазақстан Республикасының сотында оған қатысты қозғалған іске байланысты өзге де іс жүргізу әрекеттерін жасау туралы тапсырмалары Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде және Қазақстан Республикасының құқықтық көмек көрсетуді регламенттейтін халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен ресімделеді.

450-бап. Сырттай шешім шығару

Қазақстан Республикасының сотында іс қарауға қатыспаған шет мемлекетке қатысты шешім, егер сот:

1) осы Кодекстің 449-бабының талаптары сақталғанын;

2) шет мемлекетке оған қатысты іс қозғалғаны туралы құжаттарды тапсыру туралы тапсырма жіберілген күннен бастап кемінде алты ай өткенін;

3) осы Кодекстің ережелеріне сәйкес мемлекет соттық иммунитетті пайдаланбайтынын анықтаған жағдайда шығарылуы мүмкін.».

3. «Аралық соттар туралы» 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 24, 151-құжат; 2009 ж., № 9-10, 47-құжат):

1) 9-баптың 1-тармағындағы «мемлекеттік тілде», «мемлекеттік тілмен» деген сөздер тиісінше «қазақ тілінде», «қазақ тілімен» деген сөздермен ауыстырылсын;

2) 11-баптың 4-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«4) мемлекеттік қызметші, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, өз қызметін тұрақты немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ағысы төленетін, жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметші болып табылатын адам аралық судья бола алмайды.»;

3) 32-баптың 2-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішке аралық сотқа талап  қою дәлелдемелері қоса тіркеледі.»;

4) 44-баптың 2-тармағында:

5) тармақшадағы «келетіндігінің;» деген сөз «келетіндігінің дәлелдемелерін табыс еткен жағдайларда ғана шағым жасалуы мүмкін.» деген сөздермен ауыстырылсын;

6) тармақша алып тасталсын.

4. «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» 2004 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 24, 152-құжат):

1) 2-баптың 1) тармақшасындағы «немесе тұрақты негізде жұмыс істейтін» деген сөздер алып тасталып, «, сондай-ақ» деген сөз «немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік не» деген сөздермен ауыстырылсын;

2) мынадай мазмұндағы 4-1-баппен толықтырылсын:

«4-1-бап. Қарсылық білдіру құқығынан бас тарту

Осы Заңның қандай да бір ережесі немесе төрелік келісімнің қандай да бір талабы сақталмағаны туралы білетін, сөйте тұра осындай сақталмауға төреліктің тұрақты жұмыс істейтін регламентінде осы мақсат үшін белгіленген мерзім ішінде қарсылықтарын мәлімдеместен төрелік іс қарауға қатысуды жалғастыра беретін тарап өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан болып есептеледі.»;

3) 5-бапта:

«өздеріне» деген сөз «өздерінің қызметіне» деген сөздермен, «ықпалын» деген сөз «араласуын» деген сөзбен ауыстырылсын;

«тәуелсіз болады,» деген сөздерден кейін «осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда,» деген сөздермен толықтырылсын;

4) 6-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«6-бап. Дауды төреліктің шешуіне беру

1. Тараптар арасында жасалған төрелік келісім болған кезде дау төреліктің қарауына берілуі мүмкін.

2. Тараптар төрелік келісімді тараптар арасында қандай да бір  нақты азаматтық-құқықтық шарт бойынша туындаған немесе туындауы мүмкін дауларға қатысты жасасуы мүмкін.

3. Құзыретті соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келісім аталған сот дау бойынша шешім қабылдағанға дейін жасалуы мүмкін. Бұл жағдайда құзыретті сот өтінішті қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.

4. Егер тараптардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылса, жеке тұлғалар, коммерциялық және өзге де ұйымдар арасындағы азаматтық-құқықтық шарттардан туындайтын даулар тараптардың келісімі бойынша төрелікке берілуі мүмкін.

5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелікке беру кезінде тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады.

6. Төрелік келісімнің қолданылуы ол қандай тәртіппен жасалса, сондай тәртіппен тараптардың келісімі бойынша тоқтатылуы мүмкін.

7. Кәмелетке толмаған адамдардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделері қозғалатын даулар төреліктің қарауына жатпайды.»;

5) 1-тарау мынадай мазмұндағы 6-1-баппен толықтырылсын:

«6-1-бап. Төрелік келісім және құзыретті сотқа даудың мәні бойынша талап қою

1. Төрелік іс қарау нысанасы бойынша талап қою берілген құзыретті сот, егер төрелік келісім жарамсыз, күшін жойған немесе орындалуы мүмкін емес деп таппаса, егер тараптардың кез келгені бұл туралы өтінсе, даудың мәні бойынша өзінің алғашқы өтінішін ұсынудан кешіктірмей тараптарды төрелікке жіберуге тиіс.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген талап қоюға қарамастан құзыретті сот төрелік іс қараудың нысанасы өзінде сотта қаралуға жататындығы туралы мәселені қарастырғанша төрелік іс қараудың басталуы немесе жалғастырылуы және төрелік шешімнің шығарылуы мүмкін.»;

6) 7-бапта:

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Төрешілікке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптар тараптармен тікелей келісілуі немесе тұрақты жұмыс істейтін төрелік регламентінде айқындалуы мүмкін.»;

4-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«4) мемлекеттік қызметші, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, өз қызметін тұрақты немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақысы төленетін, жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметші болып табылатын адам төреші бола алмайды.»;

7) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«9-бап. Төреліктің құрамы

1. Төреліктің құрамын құру тараптардың келісімі бойынша төрешілерді (төрешіні) сайлау (тағайындау) арқылы жүргізіледі.

2. Тұрағты жұмыс істейтін төрелікте төреліктің құрамын құру тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

3. Төрелікте нақты дауды шешу үшін төреліктің құрамын құру тараптармен келісілген тәртіппен жүргізіледі.

4. Тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік не азаматтығы жоқ адам төреші болып сайлануы мүмкін.

5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса немесе дауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік қарамайтын болса, үш төрешіден тұратын төреліктің құрамын құру кезінде әрбір тарап бір төрешіні тағайындайды және осылайша тағайындалған екі төреші үшінші төрешіні тағайындайды.

6. Тараптардың келісімі болмаған жағдайда құзыретті сот:

1) тарап басқа тараптан бұл туралы өтінішті алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде төрешіні тағайындамаған;

2) егер екі төреші өздерін тағайындаған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде үшінші төрешіні таңдау туралы уағдаласпаған;

3) тараптар дауды жеке-дара қарайтын төрешіні таңдау туралы уағдаласпаған жағдайларда, дау тараптарының бірінің өтініші бойынша төрешілерді (төрешіні) тұрақты жұмыс істейтін төрелік құрамындағы адамдардың қатарынан күнтізбелік отыз күн ішінде тағайындауы мүмкін.

7. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік дауды қараған кезде, егер тараптар төреліктің құрамы туралы уағдаласпаса, төрешілерді (төрешіні) тұрақты жұмыс істейтін төреліктің төрағасы күнтізбелік отыз күн ішінде тағайындауы мүмкін.»;

8) мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:

«9-1-бап. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік қызметінің шарттары

Тұрақты жұмыс істейтін төрелік өз төрешілерінің тізілімін жүргізеді. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік, төрешілердің тізілімі туралы, даудың тараптары келіскен кезде төрелік шешімдер туралы ақпарат, заңды мекенжайы мен жұмыс регламенті жеке және заңды тұлғалардың еркін танысуы үшін жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялар желісінде және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады.»;

9) 10-баптың 6-тармағының бірінші бөлігіндегі «кейін» деген сөзден кейін «күнтізбелік» деген сөзбен толықтырылсын;

10) 11-бапта:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Төрешінің өкілеттіктері осы Заңда көзделген негіздер бойынша тараптардың келісімімен, сондай-ақ дауды қарау бойынша белгіленген мерзім ішінде өз өкілеттіктерін орындамаған немесе сырқаттануы бойынша, қайтыс болуына, не дауды қарау жөніндегі өз өкілеттіктерінен бас тартуына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілеті болмаған жағдайда тоқтатылуы мүмкін.»;

3-тармақтың бірінші сөйлемі «тоқтатылады» деген сөзден кейін «немесе егер тараптар осындай тоқтатуға қатысты уағдаласса тоқтатылады» деген сөздермен толықтырылсын;

11) 4-тарау мынадай мазмұндағы 15-1-баппен толықтырылсын:

«15-1-бап. Төреліктің талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде

шаралар қабылдау туралы өкім ету өкілеттігi

1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтініші бойынша қандай да бір тараптың өзі қажет деп есептеген даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде осындай шаралар қабылдауы туралы өкім ете алады, бұл туралы ұйғарым шығарады.

2. Төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті тарап төрелік іс қарау жүзеге асырылатын жер бойынша немесе оған қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдануы мүмкін мүліктің орналасқан жері бойынша құзыретті сотқа береді.»;

12) 5-тарау мынадай редакцияда жазылсын:

«5-тарау. Төрелік іс қарауды жүргізу

16-бап. Төрелік іс қарау ережелерін айқындау

1. Төрелік іс қарауды тұрақты жұмыс істейтін төрелік өзінің регламентіне сәйкес жүзеге асырады.

2. Төрелік нақты дауды шешу үшін төрелік іс қарауды тараптармен келісілген ережелерге сәйкес жүзеге асырады.

Тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде, сондай-ақ осы Заңның ережелерінде айқындалмаған және тараптармен келісілмеген төрелік іс қараудың қағидаларын төрелік айқындайды.

17-бап. Төрелік орны

Тараптар, дау тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қарауына берілетін жағдайды қоспағанда, төреліктің орнын өз қалаулары бойынша айқындауы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда, төреліктің орнын, тараптар үшін қолайлылық факторын қоса алғанда, істің мән-жайын ескере отырып, төрелік айқындайды.

18-бап. Талап арыз және талап арызға пікір

1. Талапкер өзінің талаптарын талап арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда беріледі. Талап арыздың көшірмесі жауапкерге беріледі.

2. Талап арызда:

1) талап арыздың берілген күні;

2) тараптардың атауы, олардың почталық мекенжайы және банк деректемелері;

3) төрелікке жүгіну негіздемесі;

4) талапкердің талаптары;

5) талапкер өзінің талаптарын негіздеген мән-жайлар;

6) талап арыздың негіздерін растайтын дәлелдемелер;

7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;

8) талап арызға қоса берілетін құжаттар мен өзге де материалдардың тізбесі көрсетілуге тиіс.

Талап арызға талапкер немесе сенімхаттың немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге құжаттың түпнұсқасы қоса беріле отырып, оның өкілі қол қоюға тиіс.

3. Төреліктің регламентінде талап арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуі мүмкін.

4. Жауапкер талапкерге және төрелікке онда өзінің талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, талап арызға пікір ұсынуға құқылы. Талап арызға пікір төреліктің регламентінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде талапкерге және төрелікке беріледі.

Егер төреліктің регламентінде талап арызға пікір беру мерзімі айқындалмаса, онда көрсетілген пікір, егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, төреліктің бірінші отырысына кемінде күнтізбелік он күн қалғанда ұсынылады.

5. Тарап төрелік іс қарау барысында өзінің талап арыздарын немесе талап қоюға қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.

19-бап. Төрелік іс қарауды қозғау

1. Төрелік талап арызды қабылдап, төрелік регламентіне немесе тараптар келіскен ережелерге сәйкес төрелік ic қарауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап арызға жазбаша пікір табыс етуді ұсынады.

2. Жауапкердің қарсылықтарын табыс етпеуі дауды қарауға кедергі бола алмайды.

20-бап. Төрелік іс қараудың басталуы

1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төреші тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиісті түрде хабарлама тапсыруға міндетті.

2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың бірі төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшірмелері мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде екінші тарапқа беруге тиіс. Төрелік сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік іс қарау басталғанға дейін беруге тиіс.

21-бап. Талап арызды қайтару

1. Төрелік, егер:

1) тараптар арасында төрелік келісім болмаса;

2) талап қою төрелік келісімде көзделмеген төрелікке берілсе;

3) талап қоюдың нысанасы төрелік келісімнің шеңберінен тыс болса;

4) талап арызға қол қоюға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса;

5) талапкер талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе;

6) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса, талап арызды қайтарады.

2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады.

3. Арыздың қайтарылуы талапкердің сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып төрелікке қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.

22-бап. Төрелік іс қарау тілi

1. Тараптар төрелік іс қарау барысында пайданылатын тіл немесе тілдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік іс қарау кезінде пайдалануға тиісті қазақ тілін, онымен тең орыс тілін немесе өзге де тілдерді айқындайды.

Төрелік іс қарау жүргізіліп отырған тілді меңгермеген іске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы іс материалдарымен танысу, төрелік іс қарауға қатысу құқығы, төрелікте ана тілінде сөйлеу құқығы  қамтамасыз етіледі.

2. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік іс қарау тілінде (тілдерінде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етеді, бұл ретте төреліктің регламентінде не тараптардың келісімінде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін.

3. Төрелік тараптардан құжаттар мен өзге де материалдардың төрелік іс қарау тіліндегі (тілдеріндегі) аудармасын талап етуі мүмкін.

23-бап. Құжаттардың табыс етілмеуі немесе тараптардың келмей қалуы

1. Құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу, оның ішінде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген тараптардың бірінің немесе олардың өкілдерінің төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу себептерін немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсіз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негізінде төрелік іс қарау және төреліктің шешім қабылдауы үшін кедергі болып табылмайды.

2. Жауапкердің талап қоюға қарсылықтарын табыс етпеуін талапкердің талаптарын тану ретінде қарастыруға болмайды.

24-бап. Тараптардың жазбаша хабарламалар алуы

Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса:

1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресаттың тұрақты тұрғылықты жері бойынша немесе пошталық мекенжайы бойынша оның өз қолына жеткізілсе, ол алынды деп есептеледі; мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгілі тұратын жеріне тапсырыс хатпен немесе осы хабарламаны жеткізу әрекетін тіркеуді көздейтін өзге де түрде жіберілсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледі;

2) жазбаша хабарлама осындай жеткізілген күні алынды деп есептеледі.

25-бап. Тараптардың құқықтары

Төрелік іс қарауға қатысушы тараптардың:

1) іс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшірмелер алуға;

2) дәлелдемелерді табыс етуге;

3) өтініш білдіруге, төрешілерден бас тартуға;

4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге;

5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін табыс етуге;

6) басқа тараптың өтініштеріне және дәлелдеріне қарсылық білдіруге;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыретті сот алдында төреліктің шешімін мәжбүрлеп орындату туралы өтініш беруге;

8) осы Заңда белгіленген жағдайларда төреліктің шешіміне шағымдануға құқығы бар.

25-1-бап. Тараптардың төрелік отырысына қатысуы

1. Әрбір тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тең мүмкіндіктер берілуге тиіс.

2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік іс  қарау тараптардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен төреліктің жабық отырысында жүзеге асырылады.

Тараптар өкілдерінің өкілеттіктері Қазақстан Республикасының  азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресімделуге тиіс.

25-2-бап. Дәлелдемелерді табыс ету және зерттеу

Әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негіздемесі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс. Егер табыс етілген дәлелдемелер жеткіліксіз деп тапса, төреші тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы.

Төреші іс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелерді тікелей зерттеуге міндетті.

25-3-бап. Төрелік тағайындаған сарапшы

1. Егер төрелік іс қарауға қатысушы тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік:

1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзіне қорытындылар беруі үшін бір немесе бірнеше сарапшы тағайындауы;

2) тараптан іске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға табыс етуін не оған іске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүліктің тексеріп қарау үшін ұсынылуын немесе тексеріп қарауға мүмкіндік берілуін талап eтуі мүмкін.

2. Тараптардың өзге жөнінде уағдаластығы болмаған кезде, егер тарап бұл туралы өтінсе немесе төрелік оны қажет деп есептесе, сарапшы өзінің жазбаша немесе ауызша қорытындысын табыс еткеннен кейін тыңдауға қатысуға тиіс, онда тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшін мамандар ұсыну мүмкіндігі беріледі.

25-4-бап. Құзыретті соттың қамтамасыз ету шараларын

ұсынудағы және дәлелдемелер алудағы жәрдемi

1. Тараптар төрелік іс қарау кезінде талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану туралы өтінішпен құзыретті сотқа жүгінуге құқылы. Құзыретті соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдауы төрелік келісіммен сыйыспаушылық болып табылмайды.

2. Төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті тарап құзыретті сотқа төрелік іс қарау жүзеге асырылатын орын немесе оған қатысты қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкін мүліктің тұрған жері бойынша береді.

3. Құзыретті соттың төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті қарауы және оның талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшін тараптардың бірінің өтініші бойынша осы ұйғарымды шығарған құзыретті сот жоюы мүмкін.

5. Төрелік немесе төреліктің келісімімен тарап дәлелдемелер алуға жәрдемдесу туралы құзыретті сотқа өтініш жасауы мүмкін. құзыретті сот осы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарайды.

25-5-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу

1. Қарсы талаптың талапкердің талаптарымен өзара байланысы болған жағдайда, сондай-ақ төреліктің қарсы талап қоюды төрелік келісімге сәйкес қарауы мүмкін болатын жағдайда, жауапкер талапкерге қарсы талап қоюға құқылы.

2. Егер тараптар қарсы талап қою үшін өзге мерзімге келіспесе,  қарсы талап қою төрелік шешім қабылдағанға дейін, төрелік іс қарау барысында қойылуы мүмкін.

3. Қарсы талап қою осы Заңның 18-бабы 2-тармағының талаптарына  сәйкес келуге тиіс.

4. Талапкер төрелік іс қарау регламентінде немесе ережелерінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде қарсы талап қоюға қарсылықтарын ұсынуға құқылы.

5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда жауапкер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қарсы талап қоюды есепке алуды талап етуге құқылы.»;

13) 30-бапта:

1-тармақтағы «алпыс», «отыз» деген сөздер тиісінше «күнтізбелік алпыс», «күнтізбелік отыз» деген сөздермен ауыстырылсын;

2-тармақтағы «отыз» деген сөз «күнтізбелік алпыс» деген сөздермен ауыстырылсын;

3 және 4-тармақтардағы «алпыс» деген сөз «күнтізбелік алпыс» деген сөздермен ауыстырылсын;

14) 32-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«32-бап. Қазақстан Республикасында төрелік шешімдi тану және орындау

Төрелік шешім міндетті деп танылады және құзыретті сотқа жазбаша өтініш берілген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес орындалады.»;

15) 33-баптың 1-тармағы 1) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«төрелік келісімнің оны тараптар бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмағанда - Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыздығының;».

2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

 

 

Қазақстан Республикасының

Президентi

 

Н. Назарбаев

 

Астана, Ақорда, 2010 жылғы ақпанның 5-i.

№ 249-IV ҚРЗ