Авариялық-құтқару қызметi және құтқарушылардың мәртебесi туралы
1997 ж. 27 наурыздағы № 87-I Қазақстан Республикасының Заңы

(2011.10.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

 

ҚР 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңымен күші жойылды

 

  1 тарау. Жалпы ережелер                                (1 - 6 баптар)
  2 тарау. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары     (7 - 15 баптар)
  3 тарау. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының (16 - 20 баптар)
             төтенше жағдайларды жоюға қатысуы
  4 тарау. Құтқарушылар және олардың мәртебесi          (21 - 30 баптар)
  5 тарау. Қорытынды ережелер                            (31 - 33 баптар)

 

2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша «төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы орган», «төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органның», «төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органға» деген сөздер тиісінше «уәкілетті орган», «уәкілетті органның», «уәкілетті органға» деген сөздермен ауыстырылды (бұр. ред. қара)

 

Осы Заң табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшiн құрылған авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының ұйымдастырылуы мен қызметi кезiнде қоғамдық қатынастарды реттейдi, құтқарушылардың мәртебесiн белгiлейдi.

 

1 тарау. Жалпы ережелер

ҚР 15.06.04 ж. № 563-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 1-бап өзгертілді ; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда  (бұр. ред. қара) 

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

авариялық-құтқару құралдары - техникалық, ғылыми-техникалық және зияткерлік өнім, оның ішінде байланыс пен басқарудың арнайы құралдары, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстар технологиясы бойынша техника, жабдықтар, жарақтар, мүлік пен материалдар, әдістемелік, бейне-кино-фотоматериалдар, сондай-ақ электронды есептеу машиналарына арналған бағдарламалық деректер базасы және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргізуге арналған өзге де құралдар;

авариялық-құтқару құрамасы - негізін арнаулы техникамен, жабдықтармен, жарақтармен, аспаптармен, материалдармен жарақтандырылған және кинологиялық қызметпен қамтамасыз етілген құтқарушылар бөлімшелері құрайтын, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргізуге арналған дербес немесе авариялық-құтқару қызметінің құрамына енетін құрылым;

авариялық-құтқару қызметі - негізін өзіне құрылымдық жағынан авариялық-құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды орындайтын атқарушы-құтқарушыларды, кіші, орта және жоғары құрамдағы осы жұмысты басқарушы-құтқарушыларды және осы жұмысты техникалық жағынан қамтамасыз ететін көмекші қызметтерді қамтитын авариялық-құтқару құрамалары, оның ішінде аэромобильді отрядтар құрайтын, қызмет міндеттері жағынан біртұтас жүйеге біріктірілген, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі міндеттерді шешуге арналған басқару органдарының, күштер мен құралдардың жиынтығы;

әскерилендірілген авариялық-құтқару бөлімі - қауіпті өндірістік объектілерге тәулік бойы қызмет көрсетуге арналған, дара басшылық принциптерімен әрекет етіп, соны басшылыққа алатын және қауіптілігі жоғары жағдайда, құтқарушылардың денсаулығы мен өмірі үшін жол беруге болатын шектегі тәуекелмен авариялық-құтқару жұмыстарын атқаратын мамандандырылған ұйым;

құтқару жұмыстары - төтенше жағдайлар аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайларды оқшаулау және соларға тән қауіпті факторлардың ықпалын жою немесе мүмкін болатын ең төменгі деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-әрекеттер;

құтқарушы - құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргізуге арнайы даярлық пен аттестаттаудан (қайта аттестаттаудан) өткен азамат;

құтқарушылардың мәртебесі - құтқарушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы;

табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

төтенше жағдайды жою басшысы - төтенше жағдайды жою кезінде жұмыстар жүргізуді басқаратын немесе өкілеттігіне төтенше жағдайларды жою жатқызылып, орталық немесе жергілікті атқарушы орган тағайындаған басты өкімші және жауапты адам;

төтенше жағдайларды жою кезіндегі шұғыл жұмыстар - құтқару жұмыстарын жан-жақты қамтамасыз ету, төтенше жағдайларда зардап шеккен халыққа медициналық және басқа да көмек түрлерін көрсету, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, олардың жұмыс қабілетін қолдау үшін қажетті жағдайлар жасау жөніндегі қызмет.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары туралы заңдары

Қазақстан Республикасының авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, "Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" Қазақстан Республикасы Заңынан, осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.

 

3-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызметiнiң негiзгi принциптерi

Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызметiнiң негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:

төтенше жағдайлар туындаған кезде адамдардың өмiрiн құтқару мен олардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау мiндеттерiнiң басымдығын көздейтiн iзгiлiк пен қайырымдылық;

төтенше жағдайларды жою жөніндегі құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзудiң мiндеттiлiгi;

авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына дара басшылық;

құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезiнде өзiн-өзi ақтайтын тәуекелдiлiк және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;

авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының төтенше жағдайларға жедел назар аударуға және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге ұдайы әзiрлiгi.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 4-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)

4-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының мiндеттерi

1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының негiзгi мiндеттерi:

төтенше жағдайлардың туындауы және оларды жою кезiнде адамдарды құтқару және көшiру жөніндегі құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстар;

адамдарды құтқаруға және төтенше жағдайларды жоюға әзiрлiктi қамтамасыз ету жөніндегі профилактикалық жұмыстар;

кәсiптiк шеберлiктi жетiлдiру және авариялық құтқару қызметi мен құрамаларының басқару органдарын, күштерi мен құралдарын төтенше жағдайлар аймақтарына баруға және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге ұдайы әзiрлiкте ұстау;

құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтардың даярлығын бақылау;

қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтарда құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу болып табылады.

Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына сонымен бiрге:

қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жоспарларын, басқа объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайларды жою кезiнде өзара iс-қимыл жоспарларын жасауға қатысу;

қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтар бойынша, сондай-ақ аталған объектiлерде халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз етуге ықпал ете алатын процестер бойынша iске асыруға ұйғарылған жобалар мен шешiмдерге сараптама жасауға қатысу;

халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы білімдi насихаттау, халықты және ұйымдар қызметкерлерiн төтенше жағдайлар кезiнде iс-қимылдарға даярлауға қатысу;

құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу мәселелерi жөніндегі нормативтiк құжаттарды әзiрлеуге қатысу;

құтқару iсi және аварияға қарсы қорғаныс бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық жұмыстар өткізу, жабдықтар жасау мен енгiзудi ұйымдастыру;

төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі бiрыңғай мемлекеттік жүйеге жүктелетiн, iзгi мiндеттердiң шеңберiнен шықпайтын басқа да мәселелер жөніндегі мiндеттер жүктелуi мүмкiн.

2. Нақты авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларына жүктелетiн мiндеттердiң толық тiзбесiн оларды құрған орган белгiлейдi және авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамалары туралы ережелерде немесе аталған қызметтер мен құрамалардың жарғыларында баянды етiледi.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)  ; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен  (бұр. ред. қара)  5-бап өзгертілді

5-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын мемлекеттік қолдау

Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жоюдың бiрыңғай мемлекеттік жүйесiнiң күштерi болып табылатын авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына мемлекет барынша қолдау көрсетедi, бұл үшiн:

авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары үшiн жеңiлдiктер жүйесiн белгiлейдi;

ұйымдарға өздерi құратын ерiктi авариялық-құтқару құрамаларын даярлауға жәрдем көрсетедi, сондай-ақ құтқарушылар даярлау бағдарламасы бойынша оқып-үйренуге тiлек бiлдiрген азаматтарды даярлауға жәрдемдеседi;

құтқарушыларды құқықтық және әлеуметтiк қорғау жөніндегі шаралар жүйесiн қарастырады;

халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау мүддесiн негiзге ала отырып, авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына (оның ішінде әскерилендірілген, тау-кен құтқару, газдан құтқару, атқыламаға қарсы қызметтеріне)  қаржы жағынан қолдау көрсетедi.

 

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді) ; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен  (бұр. ред. қара)  6-бап өзгертілді

6-бап. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың түрлерi

Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға iздестiру-құтқару, тау-кен құтқару, газдан құтқару, суда құтқару, атқыламаға қарсы жұмыстар, сондай-ақ өрт сөндiруге және төтенше жағдайлардың медициналық-санитарлық зардаптарын жоюға байланысты жұмыстар және төтенше жағдайларды жою кезіндегі басқа да шұғыл жұмыстар  жатады.

 

2 тарау. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары

 

7-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын құру

15.06.04 ж. № 563-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.04.12 № 97-IV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтарда  қолданысқа енді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Қазақстан Республикасында авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары:

тұрақты штат негiзiнде - кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары, оның iшiнде әскерилендiрiлген тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару, өртке қарсы, суда құтқару, жедел-құтқару, медициналық және төтенше жағдайлар саласындағы басқа да мамандандырылған бөлiмдер мен бөлiмшелер;

ерiктiлiк негiзiнде - ерiктi авариялық-құтқару құрамалары, оның iшiнде ерiктi тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару, өртке қарсы және суда құтқару құрамалары құрылады.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді); 2008.04.12 № 97-IV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтарда  қолданысқа енді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары:

Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша республикалық (оның iшiнде республикалық мемлекеттік кәсiпорындар) және аумақтық;

ұйымдар басшылығының тарапынан - объектiлiк (қызметiн жүзеге асыру үшiн өз авариялық-құтқару қызметi мен құрылымдары мiндеттi түрде болуы Қазақстан Республикасы заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен көзделген ұйымдарда) болып құрылады.

3. Ерiктi авариялық-құтқару құрамаларын өз қызметкерлерiнен жасақталған ұйымдар құрады.

15.06.04 ж. № 563-II ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды

4. Кәсiби авариялық-құтқару құрамалары арнаулы техникамен, жабдықпен, құрал-сайманмен, керек-жарақпен, аспаптармен, материалдармен жарақтандырылады және кинологиялық қызметпен қамтамасыз етiледi.

Кәсiби авариялық-құтқару құрамаларын жарақтандырудың және кинологиялық қызметпен қамтамасыз етудiң нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді); 2008.04.12 № 97-IV ҚР Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда  қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

8-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының құрамы мен құрылымы

Авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының құрамы мен құрылымын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

 

9-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын жасақтау

1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жеке құрамын жасақтау ерiктi негiзде жүзеге асырылады.

2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) ; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен  (бұр. ред. қара)  2-тармақ  өзгертілді

2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына құтқарушылар қызметiне, құтқарушылар даярлау жөніндегі білім беру ұйымдарында оқуға  медициналық байқауда құтқарушы жұмысына жарамды деп танылған және олардың кәсiби даярлығы мен дене шымырлығына, моральдық-психологиялық қасиеттерiне қойылатын талаптарға сай келетiн азаматтар қабылданады.

 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен  3-тармақ  өзгертілді (бұр. ред. қара)

3. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларында құтқарушылар мiндетiн атқаруға жасы 18-ге толған, құтқарушыларды даярлау бағдарламасы бойынша оқу бiтiрген және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге белгiленген тәртiппен аттестаттаудан өткен азаматтар жiберiледi.

Авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының орта, аға және жоғары басшы құрамы жоғары кәсіби білімі бар және арнайы даярлықтан өткен адамдардан жинақталады.

Аталған адамдар кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінде және құрамаларында үш ай ішінде тағылымдамадан өткен соң және құтқарушы біліктілігін алғаннан кейін дербес жұмысқа жіберіледі.

2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

4. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына құтқарушылар қызметiне азаматтарды қабылдау кезiнде олармен еңбек шарты жасалынады, онда еңбек шартын жасасу мен тоқтату шарттары; құтқарушылар жұмысының ерекшелiктерi мен режимi; еңбекақы төлеудiң тәртібі мен шарттары; құтқарушыларға арналған әлеуметтiк кепiлдiктер мен жеңiлдiктер; құтқарушылардың өздерiне жүктелген мiндеттердi және кезекшiлiкте, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезiнде аталған авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары басшыларының өкiмдерiн мүлтiксiз орындау мiндеттемесi баянды етiледi.

10-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын тiркеу

1. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын заңды тұлға ретiнде мемлекеттік тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді); 2008.04.12 № 97-IV ҚР Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда  қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

2. Авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларын тіркеуді (есепке алуды) уәкілетті орган өзі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.

 

23.06.00 ж. № 55-II ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді

11-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының қызметi

1. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының қызметi ерекше сипатта болады, аталған қызмет пен құрамалардың басшылары берген бұйрықтар мен өкiмдердi олардың барлық қызметкерлерiнiң мүлтiксiз орындауын көздейдi. Бұл талаптар ерiктi авариялық-құтқару құрамалары төтенше жағдайды жоюға тартылған кезден бастап оларға да қойылады.

2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары объектiлер мен аумақтарға қызмет көрсету жөніндегі өз жұмысын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шарттық негiзде iске асыра алады.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)

3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының төтенше жағдайды жою жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге дайындығы өз өкiлеттiгi шегiнде уәкілетті орган  iске асыратын аттестаттау және тұрақты тексерулер барысында тексерiледi.

4. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының тұрақты дайындығы олардың құрамын кәсiби даярлау және қайта даярлау бойынша жүйелi сабақтар мен арнайы жаттықтыру жиындарын өткізу арқылы қамтамасыз етiледi.

5. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары жедел көлiгi дыбыс шығару, жарық беру белгiлерi бар арнаулы құрылғылармен, сондай-ақ белгiленген үлгiдегi түрлi-түстi бояулы, сәулелi таңбалармен мiндеттi түрде жабдықталады.

6. Ерiктi авариялық-құтқару құрамалары құрылған объектiлердiң басшылары құтқарушыларды авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзудiң арнайы дағдыларына оқытып-үйрету жөнiнде тұрақты сабақтар өткiзедi және оларды бұл үшiн арнаулы киім-кешекпен қамтамасыз етедi.

 

23.06.00 ж. № 55-II ҚР Заңымен 12-бап өзгертілді

12-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын аттестаттау

1. Барлық авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген аттестатталуға тиiс.

2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)  ; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен  2-тармақ  жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

2. Аттестаттаудан өткен авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларына - тиісті аттестаттау комиссияларының шешімі негізінде авариялық-құтқару жұмыстарының белгілі бір түрлерін жүргізу құқығына белгіленген үлгідегі куәлік, ал құтқарушыларға құтқарушының куәлігі беріледі.

3. Егер аталған ұйымдар құрған немесе оларға шарттар бойынша қызмет көрсететiн объектiлiк кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының дайындығы және жай-күйi авариялық-құтқару қызметiн қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сай келмеген жағдайда, ондай ұйымдардың қызметi толық немесе iшiнара тоқтатыла тұрады. Аталған ұйымдардың қызметiн тоқтата тұру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.

 

13-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жұмысын үйлестiру

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)

1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жұмысын үйлестiрудi  уәкілетті орган  жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының аумағында авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жұмысын үйлестiру:

төтенше жағдайларды жою үшiн қажеттi күштер мен құралдарды жедел тарту;

халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы, сондай-ақ құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелерiн әлеуметтiк қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын жетiлдiру жөнiнде мемлекеттік органдарға келісілген ұсыныстар жасау;

авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары жұмысының нормативтiк құқықтық базасын бiр iзге түсiру;

авариялық-құтқару құралдарын өндiру саласында және авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерiнде бiрыңғай мемлекеттік саясат жүргiзу;

авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары және басқа күштер, соның iшiнде тиiстi аумақтарда құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу үшiн бөлiнген әскери бөлiмдер мен бөлiмшелер арасындағы өзара iс-қимылды пысықтау;

құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысатын авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушыларын, лауазымды адамдарын даярлау мәселелерiн шешу мақсатында жүзеге асырылады.

2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді); 2006.10.01. № 116-III (бұр.ред.қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізіледі) ҚР Заңдарымен 3-тармақ өзгертілді

3. 2008.04.12 № 97-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2009 жылғы 1 қаңтарда  қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

 

14-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының орнын ауыстыру, оларды қайта бейiмдеу, тарату

1. Мiндеттi түрде құрылуы қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын басқа жерге ауыстыруға, оларды құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың басқа түрiне қайта бейiмдеуге немесе таратуға олар қызмет көрсететiн ұйымдардың жұмыс iстеуiнiң тоқтатылуы немесе аталған қызметтер мен құрамалар алдын алу және жою үшiн құрылған төтенше жағдайлардың пайда болу қаупiнiң жойылуы негiз болып табылады.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)

2. Мiндеттi түрде құрылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларының орындарын ауыстыру, оларды қайта бейiмдеу немесе тарату туралы шешiмдердi:

1) республикалық және аумақтық кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларына қатысты - уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі;

2) 2008.04.12 № 97-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2009 жылғы 1 қаңтарда  қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

3) объектiлiк кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларына қатысты - уәкілетті органның келісімi бойынша ұйымдардың басшылығы қабылдайды.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)

3. Ұйымдар әкiмшiлiктерiнiң шешiмi бойынша құрылған ерiктi авариялық-құтқару құрамаларын тарту туралы шешiмдер қабылданған кезде, олар уәкілетті органға  хабарлайды.

22.12.98 ж. № 327-I ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді; 23.06.00 ж. № 55-II ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда

15-бап. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының қызметін қаржыландыру

Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

3 тарау. Авариялық-құтқару қызметi мен

құрамаларының төтенше жағдайларды

жоюға қатысуы

16-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын төтенше жағдайларды жоюға тарту

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді) ; 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен  (бұр. ред. қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын төтенше жағдайларды жоюға тарту:

аталған авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызмет көрсететiн объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жоспарларына сәйкес;

басқа объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайларды жою кезіндегі өзара iс-қимыл жоспарларына сәйкес;

төтенше жағдайлардың пайда болуы мен өрiстеуi кезіндегі iс-қимылдардың белгiленген тәртібімен;

аумағында төтенше жағдайлар қалыптасқан немесе өкiлеттiгiне аталған төтенше жағдайларды жою жатқызылған уәкілетті органның  , ұйымдардың сұрау салуы негiзiнде, төтенше жағдайларды жою басшыларының сұрау салуы негiзiнде не аталған органдардың және төтенше жағдайларды жою басшыларымен келісім бойынша - аталған авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының қызметiне басшылықты жүзеге асыратын не соған Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген өкiлеттiгi бар орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдарының шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

Суда құтқару қызметтерін төтенше жағдайларды жоюға тартуды төтенше жағдайларды жою басшысы жүзеге асырады.

2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын соған уәкiлеттi лауазымды адамдардың шешiмi бойынша төтенше жағдайларды жоюға тарту объектiлер мен аумақтардың төтенше жағдайлардан қорғалуының Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген деңгейiн қамтамасыз ететiн шаралардың мiндеттi түрде қолданылуымен қатар жүргiзiлуге тиiс.

3. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жеке құрамын, көлiк және техникалық құралдарын олардың төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі негiзгi мiндеттерiмен байланысы жоқ жұмыстарды орындау үшiн тартуға болмайды.

 

17-бап. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға басшылық жасау

1. Төтенше жағдайларды жоюға тартылған барлық күштер мен құралдарға басшылық жасауды және олардың өзара iс-қимылдарын ұйымдастыруды төтенше жағдайларды жою басшылары жүзеге асырады.

15.06.04 ж. № 563-II ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Төтенше жағдайларды жою басшысының өкiлеттiгiн Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының заңымен айқындалады.

3. Төтенше жағдайлар аймағына бiрiншi болып келген авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының басшылары өздерiне төтенше жағдайларды жою басшыларының өкiлеттiгiн қабылдайды және ол өкiлеттiктi төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жоспарларымен белгiленген немесе орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, осы төтенше жағдайларды жою өз өкiлеттiгiне жатқызылған ұйымдардың басшылары тағайындаған төтенше жағдайларды жою басшылары келгенге дейiн атқарып, олардың қарамағына кiредi.

4. 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

5. Төтенше жағдайларды жою басшыларын белгiленген тәртiпте мiндетiн атқарудан шеттетiп, басшылықты өзiне қабылдаудан немесе басқа лауазымды адамды тағайындаудан басқа ретте олардың төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарға басшылық жасау қызметiне араласуға ешкiмнiң құқығы жоқ.

6. 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

7. 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

8. 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

9. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың бүкiл көлемiн жүргiзуге технологиялық мүмкiндiк болмаған жағдайда төтенше жағдайларды жою басшылары бiрiншi кезекте төтенше жағдайлар аймақтарындағы адамдарды құтқару жөнiнде барлық мүмкiн болған шараларды қолдана отырып, аталған жұмыстарды толық немесе олардың бiр бөлiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдай алады.

 

2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 17-1-баппен толықтырылды

17-1-бап. Төтенше жағдайды жою басшысының өкілеттіктері

1. Төтенше жағдайды жою басшысы:

1) төтенше жағдай аймағында барлауды және жағдайды бағалауды, қолда бар күштер мен құралдарды пайдалана отырып, адамдарды құтқаруды ұйымдастырады;

2) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу үшiн неғұрлым қауіпті учаскелерді, күштер мен құралдардың қажеттi санын, құтқару жұмыстарын жүргiзудiң әдiстерi мен тәсiлдерiн айқындайды;

3) төтенше жағдайларды жою жоспарына сәйкес авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзудi ұйымдастырады;

4) төтенше жағдайлар аймағындағы объектiлерде және ұйымдардың аумағында құтқару және шұғыл жұмыстар жүргiзу туралы шешiм қабылдайды;

5) авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарына мiндеттер қоюды жүзеге асырады, олардың өзара iс-қимылын ұйымдастырады, олардың қауiпсiздiгiн және қойылған мiндеттердiң орындалуын қамтамасыз етедi;

6) төтенше жағдай аймағындағы жағдайдың өзгеруiн бақылауды жүзеге асырады және тиiстi шешiмдер қабылдайды;

7) қажеттiлiк шамасына қарай қосымша күштер мен құралдар шақыртады, оларды қарсы алуды ұйымдастырады, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу орнын (ауданын) айқындайды;

8) күштер мен құралдардың резервiн құруды ұйымдастырады, ауысымдық жұмыс тәртібін айқындайды;

9) төтенше жағдайдың жаһандық және өңірлік ауқымда таралуы кезiнде төтенше жағдайлар аймағында қалыптасқан жағдай және авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу жөнiнде өздері қабылдаған шешiмдерi туралы Қазақстан Республикасының Үкіметін, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді;

10) күштер мен құралдардың төтенше жағдай орнынан кету тәртібін айқындайды;

11) төтенше жағдай өршіген кезде төтенше жағдайды жою басшысы аса қажет болған (адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп төнген) жағдайда:

төтенше жағдай аймағына адамдар мен көлiктiң кіруiн шектейдi;

төтенше жағдай аймағындағы ұйымдардың қызметiн тоқтата тұрады;

авариялық-құтқару қызметтерiнiң күштерi мен құралдарын, азаматтық қорғаныс құрамаларын, сондай-ақ ерiктi авариялық-құтқару құралымдарын және аталған құралымдардың құрамына кiрмейтiн құтқарушыларды, олардың құтқару және шұғыл жұмыстар жүргiзуге аттестатталғанын растайтын құжаттары болған кезде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге тартады;

халықты ерiктi негiзде шұғыл жұмыстарды жүргiзуге, сондай-ақ құтқарушы болып табылмайтын жекелеген азаматтарды өздерінің келісімiмен құтқару жұмыстарын жүргiзуге тартады;

төтенше жағдай аймағында көшiру iс-шараларын жүргiзудi ұйымдастырады;

төтенше жағдайларды жою үшiн төтенше жағдайлар аймағындағы ұйымдардың материалдық ресурстар резервтерiн броньнан алады;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кейіннен шығыстарды өтей отырып, ұйымдардың байланыс құралдарын, көлiк құралдарын және өзге де мүлкiн тартады;

аса қажет болған жағдайда өздері қабылдаған шешiмдер туралы тиiстi мемлекеттік органдарды, ұйымдардың басшыларын тез арада хабардар ету жөнiнде шаралар қабылдайды;

төтенше жағдайлардың өрбуіне және құтқару және шұғыл жұмыстардың барысына байланысты басқа да қажеттi шараларды қабылдайды;

12) төтенше жағдайларды жою басшылары, авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарының басшылары құтқару және шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру үшін қажетті төтенше жағдайлар туралы толық және дәйекті ақпаратқа құқығы бар.

2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, төтенше жағдайды жою басшысының төтенше жағдайды жоюға бағытталған шешiмi төтенше жағдайлар аймағындағы барлық лауазымды адамдар, азаматтар мен ұйымдар үшiн мiндеттi болып табылады.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайдың жойылғаны туралы жариялағаннан кейiн төтенше жағдайды жою басшысының өкiлеттiгi тоқтатылады.

 

2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен  18-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

18-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына олардың өз қызметiн жүзеге асыруына жәрдемдесу

1. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, ұйымдар төтенше жағдайлар аймақтарына бара жатқан және орналасқан жерiне қайтып келе жатқан авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына кейiннен оларға өтемi жасалатын, қажеттi көлiк пен материалдық құралдарды бере отырып барынша жәрдем көрсетуге мiндеттi.

2. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстар жүргiзiлетiн жерге бара жатқан кезде кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жедел көлiгi, оның iшiнде уақытша тартылған және жалға алынған көлiк кедергiсiз жүру құқығын аэродромдарда, автомобильдерге май құю станцияларында, теңiз және өзен порттарында жанар-жағармай материалдарымен бiрiншi кезекте қамтамасыз етiлу құқығын, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету станцияларында, аэродромдарда, теңiз және өзен порттарында жөндеу жұмыстарын бiрiншi кезекте жүргiзу құқығын пайдаланады.

 

19-бап. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң, Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларының күштерi мен құралдарын төтенше жағдайларды жоюға тарту

Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң, Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларының күштерi мен құралдарын төтенше жағдайларды жоюға тарту Қазақстан Республикасының Конституциясына және қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

20-бап. Құтқарушылар қызметiнiң құқықтық кепiлдiктерi

1. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу барысында құтқарушылар осы Заңды, авариялық-құтқару қызметiнiң мәселелерi жөніндегі өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi басшылыққа алады және құрамында аталған жұмыстарды жүргiзетiн авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының басшыларына ғана бағынады.

2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, барлық меншiк нысанындағы ұйымдар басшылары және азаматтар өз қызмет мiндеттерiн атқаруы кезiнде құтқарушыларға жәрдемдесуге мiндеттi.

3. Өз мiндеттерiн атқаруына кедергi жасау мақсатымен құтқарушыларға қандай да жолмен болсын ықпал етуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.

4 тарау. Құтқарушылар және олардың мәртебесi

21-бап. Құтқарушылар

1. Қазақстан Республикасының азаматтары медициналық куәландырудан өткеннен, дене шынықтыру жөніндегі нормативтердi орындағаннан, құтқарушылар даярлаудың бағдарламалары бойынша оқып-үйренуден кейiн құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге аттестаттау нәтижелерi бойынша тиiстi аттестаттау органдары шешiмiнiң негiзiнде олар құтқарушы мәртебесiн алады.

2. Қазақстан Республикасының азаматтарына құтқарушы мәртебесiн беру туралы аттестаттау органдарының шешiмi қабылданған кезде оларға белгiленген үлгiдегi куәлiк, құтқарушы кiтапшасы, бетiне тегi, аты, әкесiнiң аты, қан тобы және құтқарушының тiркеу нөмiрi жазылған жетон берiледi.

Құтқарушы кiтапшасы құтқарушының құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға қатысуын есепке алуға арналған. Құтқарушы кiтапшасы туралы ереженi уәкілетті орган  бекiтедi.

 

22-бап. Құтқарушыларды аттестаттау

1. Құтқарушылар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аттестаттаудан өтедi және одан кейiн тұрақты түрде қайта аттестаттаудан өтiп отырады.

2. Қайта аттестаттаудан өтпеген құтқарушылар құтқарушы мәртебесiнен айырылады.

 

23-бап. Құтқарушылардың құқықтары

1. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға тартылған құтқарушылардың аталған жұмысты жүргiзетiн жерге бару кезiнде көлiктiң барлық түрiне билеттердi кезексiз алуға құқығы бар.

15.06.04 ж. № 563-II ҚР Заңымен 2-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)

2. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу барысында құтқарушылар:

адамдарды құтқаруға бағытталған кез келген шараларды қолдануға;

өз мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi толық әрi айқын ақпарат алуға;

құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу үшiн ұйымдардың аумағы мен өндiрiстiк объектiлерiне, тұрғын үйлерге кедергiсiз кiруге;

төтенше жағдайлар аймағындағы адамдардың бәрiнен белгiленген қауiпсiздiк шараларын сақтауды талап етуге;

құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу технологиясына сәйкес жабдықталуға және жарақтандырылуға;

адамдарды құтқару үшiн және өте қажет болған жағдайда төтенше жағдайлар аймақтарында орналасқан ұйымдардың байланыс құралдарын, көлiгiн, мүлкiн және өзге де материалдық құралдарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiпте пайдалануға;

қызметтiк iздестiру иттерiн қолдануға құқылы.

3. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысқан құтқарушылар медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiпте медициналық және психологиялық оңалту жәрдемiн алуға құқылы.

4. Құтқарушылар жұмыс уақытында өздерiнiң теориялық білімдерi мен кәсiби шеберлiктерiн белгiленген тәртiпте жетiлдiруге құқылы.

15.06.04 ж. № 563-II ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

5. Кәсiби және ерiктi авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушылары құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезеңiнде шығыны авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын ұстауға бөлiнетін қаражат есебiнен төленетiн тамақ өнiмдерiмен Қазақстан Республикасының Үкiметі белгiлеген нормалар бойынша және тұратын орынмен қамтамасыз етiлуге құқылы.

2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

6. Еңбек шарты бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау барысында зардап шеккен кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушылары, сондай-ақ ерiктi авариялық-құтқару қызметiнiң құтқарушылары және құтқарушы болып табылмайтын азаматтар оларды құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге тартқан кезде тегiн медициналық қызмет көрсетiлуiне құқылы.

Ерiктi авариялық-құтқару қызметiнiң құтқарушыларын және құтқарушылар болып табылмайтын азаматтарды құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге тартқан кезде олардың негiзгi жұмыс орны бойынша орташа жалақысы сақталады.

 

24-бап. Құтқарушылардың мiндеттерi

1. Құтқарушылар:

зардап шеккен адамдарды iздестiруге, оларды құтқару жөнiнде шаралар қолдануға, оларға алғашқы медициналық және басқа да жәрдем түрлерiн көрсетуге;

құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысуға дайын болуға, өздерiнiң дене шынықтыру, арнаулы, медициналық, психологиялық даярлығын жетiлдiруге;

авариялық-құтқару құрамаларының құрамындағы iс-қимылдар дағдыларын жетiлдiруге;

құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу технологиясын мүлтіксiз сақтауға;

құрамында құтқарушылар аталған жұмыстарды атқаруға қатысатын авариялық-құтқару құрамалары басшыларының құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу барысында беретiн бұйрықтарын мүлтiксiз орындауға;

төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында азаматтарға қауiпсiз жүрiп-тұру ережелерiн және ондай жағдайлар туындаған ретте iс-қимылдар жасау тәртібін түсiндiруге мiндеттi.

2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының мiндеттерi тиiстi жарғылармен, ережелермен, тәлiмдемелермен белгiленедi және олар еңбек шартының құрамдас бөлiгi болып табылады.

 

25-бап. Құтқарушылардың жұмыс (қызмет) және демалыс режимi

1. Күнделiктi қызметте кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының жұмыс (қызмет) режимi iшкi еңбек тәртібінiң ережелерiмен, кезекшiлiк кестелерiмен, сабақтар немесе арнайы дайындық жөніндегі өзге де шаралар кестелерiмен белгiленедi.

2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының жұмыс режимi жұмыс күнi мен жұмыс жылы iшiнде Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес медициналық талаптар және санитариялық-гигиеналық нормалар ескерiле отырып белгiленедi.

3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының құтқару жұмыстарын және шұғыл жұмыстарды жүзеге асыру кезеңiнде күту және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға аттануға ұдайы дайын болу режимiнде кезекшiлiк өтеу уақыты кезекшiлiктiң әр сағаты үшiн сағаттың төрттен бiрi мөлшерiнде есептелiнедi.

2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді  (бұр. ред. қара) 

4. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезiнде кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының жұмыс режимi мен жұмыс ауысымының ұзақтығын  төтенше жағдайлардың сипатын, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу ерекшелiктерiн және медициналық ұсыныстарды ескере отырып төтенше жағдайларды жою басшылары белгiлейдi.

 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.04.12 № 97-IV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтарда  қолданысқа енді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді 

5. Орталық атқарушы органдардың кәсiби авариялық-құтқару қызметiмен құрамаларының құтқарушыларына ұзақтығы 30 күнтiзбе күндiк ақылы демалыс берiледi. Әрбір үш жыл стаж үшін ақысы төленетін қосымша, ұзақтығы бір күн, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспайтын демалыс беріледі.

 

2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

26-бап. Кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен

құрамалары құтқарушыларына еңбекақы төлеу

1. Кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құрамалары құтқарушыларына еңбекақы төлеу Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. 2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен  алып тасталды (бұр. ред. қара)

2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен  3 тармақпен толықтырылды

3. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының құтқарушыларына еңбек сіңірген жылдары үшін жұмыс стажына қарай ай сайын лауазымдық айлықақысына процент есебімен еңбек сіңірген жылдары:

үш жылдан асқанда - он бес процент;

бес жылдан асқанда - жиырма процент;

он жылдан асқанда - отыз процент;

он бес жылдан асқанда - қырық процент;

жиырма жылдан асқанда елу процент мөлшерінде үстемеақы төленеді.

Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының құтқарушыларына еңбек сіңірген жылдары үшін проценттік үстемеақы төлеу үшін стаж Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен есептеледі.

2008.26.05 № 34-IV ҚР Заңымен  4  тармақпен толықтырылды

4. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының құтқарушылары жалақысының мөлшері олар қызмет көрсететін ұйымдардың тиісті санаттардағы қызметкерлерінің жалақысы мөлшерінен төмен болмайды.

 

27-бап. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының тұрғын үй алу құқығы

2008.04.12 № 97-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді  (2009 жылғы 1 қаңтарда  қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

1. Орталық атқарушы органдардың, ұйымдардың кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушыларына және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген нормалар бойынша мемлекеттік және ведомстволық тұрғын үй қорының есебiнен тұрғын үй-жай берiледi.

2. Тұрғын үй алуға (тұрған үй жағдайларын жақсартуға) мұқтаж болған, қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының отбасылары, сондай-ақ құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге тартылған және аталған жұмыстарды жүргiзу барысында қаза тапқан (қайтыс болған) ерiктi авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының және құтқарушылар болып табылмайтын азаматтардың отбасылары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шарттар мен тәртiпте мемлекеттік тұрғын үй қорынан оны алу (тұрғын үй жағдайын жақсарту) құқығын сақтайды.

3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушылары пәтерлерiне телефондарды ақылы негiзде бiрiншi кезекте орнатуға құқылы.

 

28-бап. Құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелерiнiң әлеуметтiк кепiлдiктерi

2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1. Құтқарушыларды сақтандыру Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрлері туралы заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

2. Құтқарушылар мемлекеттік органдар мен ұйымдардан шарттар негiзiнде келiп түскен қаражат есебiнен де сақтандырылуы мүмкiн.

3. Құтқарушы қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (өлген) не ол қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақаттың салдарынан бiр жыл iшiнде өлген жағдайда асырауындағы адамдарға оның соңғы атқарған қызметi бойынша бiр жылдық жалақысының кемiнде он есе мөлшерiнде бiр жолғы жәрдемақы төленедi.

4. Құтқарушыға қызметтiк мiндетiн атқару кезiнде алынған зақым (жарақаттану, жаралану, контузия), сырқат салдарынан мүгедектiк белгiлеу кезiнде оған:

I және II топтардағы мүгедекке - бiр жылдық жалақысының бес еселенген мөлшерiнде;

III топтағы мүгедекке - бiр жылдық жалақысының екi еселенген мөлшерде бiр жолғы жәрдемақы төленедi.

5. Құтқарушы қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiк белгiленбей, еңбек қабiлетiн тұрақты жоғалтқан ауыр зақым (жарақаттану, жаралану, контузия), сырқат алған жағдайда оған бiр жылдық жалақысынан кем емес мөлшерде бiр жолғы жәрдемақы төленедi.

6. Егер құтқарушының қаза табуы (өлуi), жарақаттануы, жаралануы (зақымдануы), сырқаттануы қызметтiк мiндетiн атқарумен байланысты емес мән-жайларға қатысты болғандығы белгiленген тәртiпте дәлелденсе, осы Заңның 3, 4, 5-тармақтарында белгiленген бiр жолғы жәрдемақы төленбейдi.

7. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының қайтыс болған немесе қаза тапқан құтқарушысын жерлеу үшiн тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы Заңымен белгiленетiн мөлшерде жәрдемақы берiледi.

8. Осы баптың 3, 4, 5, 7-тармақтары бойынша жәрдемақы авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын ұстайтын ұйымдардың қаражаты есебiнен, төленiп, осы ұйымдардың шығындары залал келтiрушiнiң есебiнен кейiннен толық көлемiнде өтеледi.

2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

9. Құтқарушылардың отбасы мүшелерін асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

29-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызметкерлерiнiң қосымша құқықтық және әлеуметтiк кепiлдiктерi

1. Еңбек жағдайы зиянды әрi қауiптi ұйымдарға қызмет көрсететiн кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушыларына Қазақстан Республикасының заңдарымен осы ұйымдар үшiн белгiленген құқықтық және әлеуметтiк қорғау кепiлдiктерi мен жеңiлдiктерi қолданылады.

2. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)

 

2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен 30-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

30-бап. Ерікті авариялық-құтқару құрамаларының құтқарушыларын, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тартылатын құтқарушылар болып табылмайтын азаматтарды әлеуметтік қорғау кепілдіктері

Осы Заңның 28 және 29-баптарында көзделген құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер ерікті авариялық-құтқару құрамаларының құтқарушыларына, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге тартылған кезде, құтқарушылар болып табылмайтын азаматтарға қолданылады.

 

5 тарау. Қорытынды ережелер

 

2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 31-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

31-бап. Заңдардың бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк

Еңбек шарты бойынша жүктелген мiндеттердiң орындалмауына, төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды жүргiзу кезiнде азаматтардың денсаулығына қасақана немесе абайсызда зиян келтiрiлуіне, табиғи ортаға, материалдық және мәдени қазыналарға залал тигiзiлуiне кiнәлi авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары жұмыстарының басшылары және құтқарушылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

 

32-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызметiнiң мәселелерi жөніндегі дауларды шешу тәртібі

Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызметiнiң мәселелерi жөніндегі дауларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте соттар шешедi.

 

33-бап. Төтенше жағдайларды жоюға авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын тарту жөніндегі халықаралық шарттар

Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi төтенше жағдайларды жоюға кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын тарту Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.

 

Қазақстан Республикасының

Президентi

Н.Назарбаев