Қазақстан Республикасының Заңы
 
Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы

(2007.11.01. берілген толықтыруларымен)

 

ҚР 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV Кодексімен күші жойылды

 

1-тарау. Жалпы ережелер

(1-7 баптар)

2-тарау. Азаматтардың денсаулығын

сақтау саласындағы қатынастарды

мемлекеттік реттеу

(8-10 баптар)

3-тарау. Азаматтардың, шетелдіктер мен

азаматтығы жоқ адамдардың денсаулық

сақтау саласындағы құқықтары мен

міндеттерi

(11-20 баптар)

4-тарау. Азаматтардың жекелеген санаттарына

медициналық және медициналық-әлеуметтік

көмек көрсетудің ерекшеліктерi

(21-26 баптар)

5-тарау. Медицина қызметкерлерінің

медициналық көмек көрсету кезіндегі

құқықтары мен міндеттерi

(27-29 баптар)

6-тарау. Медициналық қызметтегі жекелеген

қатынастарды реттеу

(30-36 баптар)

7-тарау. Қорытынды ережелер

(37-38 баптар)

Түпнұсқада мазмұны жоқ

 

Осы Заң Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқықтарын іске асыруға қатысуын регламенттейді.

 

 

1-тарау.

Жалпы ережелер

 

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) анатомиялық сый - іс-әрекетке қабілетті адамның өз денесінің бөліктерін, органдарын және тіндерін тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де жазбаша өкім жасау арқылы өз еркімен құрбандыққа беруі;

2) бас миының біржола семуі - үлкен ми сыңарын, діңін, көпіршесін, орта ми мен мишықты қоса алғанда, мидың бүкіл қатпарының семуімен қатар жүретін, бас миы жүйке клеткаларының интегралдық функцияларын толық жоғалтуы;

3) биологиялық өлім - өмірлік маңызды функциялар біржола тынатын, организм тіршілігінің тоқтауы;

4) денсаулық - аурулар мен дене кемістіктерінің болмауы ғана емес, тұтастай тәни, рухани (психикалық) және әлеуметтік әл-ауқаттылық жағдайы;

5) денсаулық сақтау - халықтың денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған саяси, экономикалық, медициналық, әлеуметтік және басқа да іс-шаралардың кешені;

6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, дәрілік заттар айналымы, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын бақылау саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

7) диагностиканың инвазиялық әдістері - адам организмнің ішкі ортасына ену жолымен жүзеге асырылатын зерттеудің көмегімен ауруды диагностикалау әдістері;

8) донор - донорлық қан, оның компоненттері, өзге де донорлық материал (шәует, аналық клетка) алу жүргізілетін, сондай-ақ реципиентке транспланттау үшін тіндер және (немесе) органдар (органдардың бөліктері) алынатын адам, адамның мәйіті, жануар;

9) клиникаға дейінгі зерттеулер - адамның денсаулығы үшін ерекше әсер етуін және (немесе) қауіпсіздігін зерттеу мақсатында сыналатын затты зерттеу жөніндегі химиялық, физикалық, биологиялық, микробиологиялық, фармакологиялық, токсикологиялық және басқа эксперименттік ғылыми зерттеулер немесе зерттеулер сериясы;

10) клиникалық сынау - зерттелетін дәрілік препараттың клиникалық, фармакологиялық және (немесе) фармакодинамикалық әсерін анықтау немесе растау және (немесе) оған барлық жанама әрекеттесулерді анықтау және (немесе) оның қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау үшін оның сіңуін, таралуын, биотрансформациялануы мен шығарылуын зерделеу мақсатында сыналушы ретінде адамның қатысуымен жүргізілетін зерттеу;

11) консилиум - кемінде үш дәрігердің қатысуымен диагноз қою, емдеу тактикасын айқындау және ауруды болжау мақсатында науқас адамды зерттеу;

12) медициналық-биологиялық эксперимент - әртүрлі сырқаттардың пайда болу заңдылықтарын, олардың өрбу тетіктерін анықтау, профилактика мен емдеудің жаңа әдістерін әзірлеу және олардың тиімділігін тексеру;

13) медициналық есепке алу - пациенттің ауруына, жүктілігіне және өмірі мен денсаулығына қатысты басқа да жағдайларына байланысты профилактикалық мақсатта медицина қызметкеріне баруын денсаулық сақтау ұйымында тіркеу;

14) пациенттердің құқықтарын қорғау - пациенттердің медициналық сипатта көрсетілетін қызметтерді уақтылы, сапалы әрі қолжетімді түрде алуын қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешені;

15) пациент - көрсетілетін медициналық қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке адам;

16) реципиент - донорлық қан немесе оның компоненттері құйылатын, ер немесе әйел адамның донорлық материалы (шәует немесе аналық клетка) енгізілетін не донордан алынған орган (органның бөліктері) немесе тіндер транспланттау жасалатын пациент;

17) сектораралық өзара іс-қимыл - мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің халықтың денсаулығын сақтауға және медициналық қызметтердің жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етуге бағытталған үйлестірілген бірлескен жұмысы;

18) тегін медициналық көмектің кепілді көлемі - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын медициналық қызметтердің бірыңғай тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарына көрсетілетін медициналық көмектің көлемі;

19) транспланттау - тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу, сіңістіру;

20) тін компоненттері - дәрілік заттарды және басқа да биологиялық жұғымды қоспаларды дайындау кезінде пайдаланылатын тіннің немесе органның құрамдас бөліктері;

21) тін үйлесімділігі - органикалық тіндердің өздерінің басқа организмнің тіндеріне сіңістірілуіне әсер ететін иммунологиялық қасиеттері;

22) эвтаназия - аурудың беті бері қарамайтын жағдайда, науқастың қандай да бір іс-әрекетпен немесе құралдармен, соның ішінде дәрілік немесе өзге де заттарды енгізу арқылы, сондай-ақ өміріне дем беріп тұрған жасанды шараларды тоқтату арқылы өз өлімін жеделдету туралы өтінішін қанағаттандыру.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының азаматтардың

денсаулығын сақтау туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

 

3-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы

мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерi

Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаты мынадай негізгі принциптердің:

1) медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы;

2) мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайту үшін ортақ жауапкершілігі;

3) Қазақстан Республикасының азаматтарына тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсетуді қамтамасыз ету;

4) денсаулық сақтау жүйесі қызметіндегі медициналық көмектің профилактикалық бағыттылығы;

5) сектораралық өзара іс-қимыл жасау;

6) пациенттердің құқықтарын қорғау негізінде жүргізіледі.

 

4-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтауды ұйымдастыру

1. Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтауды мемлекеттік органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар қамтамасыз етеді.

2. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің қолжетімділігін және азаматтардың оны алуын:

1) уәкілетті орган;

2) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары;

3) тиісті мемлекеттік тапсырысы бар денсаулық сақтау ұйымдары мен жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар қамтамасыз етеді.

 

5-бап. Қазақстан Республикасында азаматтардың

денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық

бірлестіктер

Дәрігерлер мен провизорлардың, орта медициналық қызметкерлердің, медициналық және фармацевтикалық өнім өндірушілердің кәсіптік одақтары, қауымдастықтары және басқа да қоғамдық бірлестіктер азаматтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге өздерінің жарғыларына сай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысады.

 

6-бап. Жұмыскерлердің денсаулығын сақтау мен нығайтуды

қамтамасыз ететін жағдайлар жасау үшін жұмыс

берушілердің жауапкершілігi

1. Жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыскерлердің денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау үшін жауапты.

2. Жұмыс берушілер жұмыскерлердің міндетті және мерзімдік медициналық тексеріп-қараудан өтуін ұйымдастыру үшін жауапты болады.

 

7-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық

салауаттылығын және радиациялық қауіпсіздігін

қамтамасыз ету

1. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық салауаттылығы және радиациялық қауіпсіздігі мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іс-шаралар жүргізуі арқылы қамтамасыз етіледі.

2. Мемлекет бүгінгі және келешек ұрпақтардың денсаулық жай-күйіне теріс әсер етпейтін қолайлы қоршаған ортаның сақталуын қамтамасыз етеді.

3. Қазақстан Республикасы облысының (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары аурулардың профилактикасы мақсатында, медициналық-санитарлық, экологиялық, табиғи, техногендік, өндірістік сипаттағы анықталған факторлардың адамдардың өмірі мен денсаулығына әсері жөнінде халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етеді.

4. Әскери-медициналық және басқа да медициналық қызметтер уәкілетті органды және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарын осы баптың 3-тармағында санамаланған, анықталған факторлар туралы хабардар етіп отырады.

 

 

2-тарау.

Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы

қатынастарды мемлекеттік реттеу

 

8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің азаматтардың

денсаулығын сақтау саласындағы құзыретi

Қазақстан Республикасының Yкіметі:

1) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді;

2) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуді қамтамасыз етеді;

3) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы салалық (секторлық) бағдарламаларды бекітеді;

4) өз құзыреті шегінде азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді шығарады;

5) тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесін бекітеді;

6) әлеуметтік жағынан елеулі аурулардың және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекітеді;

7) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберудің ережесін бекітеді.

 

9-бап. Уәкілетті органның құзыретi

Уәкілетті орган:

1) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың қалыптасуы мен іске асырылуын қамтамасыз етеді;

2) азаматтардың денсаулығын сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру саласындағы мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламаларды іске асыру жөніндегі салааралық үйлестіруді, сондай-ақ қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

3) профилактикалық медициналық тексеріп-қарау жүргізудің тәртібін әзірлейді және бекітеді;

4) амбулаториялық емдеу кезінде дәрілік заттар және балалар тағамы мен емдік тағамның арнаулы өнімдері рецепттер бойынша тегін немесе жеңілдікті жағдайда босатылатын аурулар түрлері мен халықтың жекелеген санаттарының тізбесін әзірлейді және бекітеді;

5) денсаулық сақтаудың мемлекеттік емес секторында емдеуге тыйым салынатын аурулардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;

6) уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақты немесе анықтаманы берудің тәртібін белгілейді;

7) жыныстық сәйкестігінде ауытқушылық бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізудің ережесін әзірлейді және бекітеді;

8) профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолданудың тәртібін айқындайды;

9) диагностика мен емдеудің мерзімді хаттамаларын әзірлейді және бекітеді;

10) клиникаға дейінгі зерттеулерді, медициналық-биологиялық эксперименттерді және клиникалық сынауларды жүргізудің тәртібін айқындайды;

11) тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) алудың, консервациялаудың, адамнан адамға, мәйіттен адамға және жануардан адамға транспланттаудың тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;

12) балаларды балалар үйіне және білім беру ұйымдарына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға орналастыруға медициналық жарамсыздықтың тізбесін айқындайды;

13) дәстүрлі емес медицина (халық медицинасы) мамандарының қызметін бақылайды;

14) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы салалық (секторлық) бағдарламаларды әзірлейді;

15) тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесін әзірлейді;

16) әлеуметтік жағынан елеулі аурулар мен айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін әзірлейді;

17) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберудің ережесін әзірлейді.

2007.11.01. № 218-III ҚР Заңымен 18) тармақшамен толықтырылды

18) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсетеді.

 

10-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың,

астананың) жергілікті мемлекеттік басқару

органдарының азаматтардың денсаулығын сақтау

саласындағы құзыретi

1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары:

1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы өңірлік бағдарламаларын бекітеді;

2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы өңірлік бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:

1) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы өңірлік бағдарламаларды әзірлейді және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өкілді органдарының бекітуіне енгізеді;

2) өз құзыреті шегінде азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік, салалық (секторлық), өңірлік бағдарламаларды іске асырады;

3) денсаулықты нығайту, дені сау ұрпақ әкелу, аурулардың профилактикасы үшін қажетті іс-шараларды жүзеге асырады;

4) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бағыттарды қоспағанда, тиісті аумақтағы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етеді және денсаулық сақтау саласындағы басқа да іс-шараларды жүзеге асырады;

5) бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру қозғалысын дамытуды және халықтың салауатты өмір салтын ұстануға қатысуын ұйымдастырады;

6) белгіленген мемлекеттік стандарттарды сақтай отырып, халыққа алғашқы медициналық-санитарлық, білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрімен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік жағынан елеулі аурулар мен айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың профилактикасы мен оларды емдеуді ұйымдастырады.

 

 

3-тарау.

Азаматтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ

адамдардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары

мен міндеттерi

 

11-бап. Азаматтардың медициналық көмек алу құқығы

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:

1) Қазақстан Республикасының Yкіметі бекітетін тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алуға;

2) өздерінің жеке қаражаты, ұйымдардың, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаражат көздері есебінен тегін медициналық көмектің кепілді көлемінен тыс қосымша медициналық қызметтерге;

3) тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етілуге;

4) бюджет қаражаты есебінен шетелде медициналық көмек алуға;

5) уақытша еңбекке жарамсыздық фактісін куәландыруға;

6) санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық салауаттылыққа және радиациялық қауіпсіздікке;

7) сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуға;

8) медициналық көмек көрсетілуінің барлық кезеңінде оның сабақтастығына құқығы бар.

Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесі бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға тиіс.

2. Азаматтар жедел медициналық көмекпен тегін қамтамасыз eтіледі.

3. Денсаулық сақтау субъектілерінен ақылы медициналық көмек алу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген негіздерде және тәртіппен жүргізіледі.

4. Уақытша еңбекке жарамсыздық фактісі құжатпен - уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақпен немесе анықтамамен куәландырылады.

Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақ азаматтарға жұмыстан босауға және уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы алуға құқық береді.

Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама азаматтарға жәрдемақы алмай жұмыстан босауға құқық береді.

5. Психикалық аурулары бар адамдардан басқа, жыныстық сәйкестігінде ауытқушылық бар адамдар жынысын ауыстыруға құқылы.

6. Азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын қорғау саласындағы құқықтары арнаулы заңмен реттеледі.

 

12-бап. Жүкті әйелдер мен аналардың денсаулық сақтауға

құқығы

1. Ана болуды мемлекет қорғайды және көтермелейді.

2. Жүкті әйелдер медициналық көмек сұраған кезде тұратын жеріне қарамастан, жүктілікті сақтау мен бала туу бойынша тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде тегін консультация алуға, тексерілуге, емделуге және диспансерлік бақылауда болуға құқылы.

Жүкті әйелдер ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына әсері болатын аурулардың жекелеген түрлерін амбулаториялық деңгейде емдеу үшін дәрілік заттармен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тегін қамтамасыз етіледі.

3. Әйел ана болу туралы мәселені өзі шешуге және отбасын жоспарлау мен өз денсаулығын сақтау мақсатында, ықтиярсыз жүктіліктен сақтанудың қазіргі заманғы әдістерін epікті түрде таңдауға құқылы.

4. Ана болуды қорғау:

1) ұрпақты болу жасындағы әйелдерді тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде жыл сайынғы медициналық тексеріп-қарау, диспансерлеу және сауықтыру жүргізу;

2) науқас баланы күтіп-бағу үшін стационарға түскен кезде әйелдердің ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына тікелей әсері болатын негізгі ауруларды медициналық айғақтар бойынша емдеу арқылы қамтамасыз етіледі.

5. Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың жұмыс уақытының режимі, жүктілігі мен босануы бойынша демалысы, еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.

 

13-бап. Балалардың денсаулық сақтауға құқығы

1. Мемлекет балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етеді, олардың дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, адамгершілік және әлеуметтік дамуы үшін қажетті өмір сүру жағдайларына құқықтарын іске асырады.

2. Мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер арнаулы медициналық және балаларды оңалту, сауықтыру ұйымдарының желісін дамытуды қамтамасыз етеді және олардың қызметі үшін қажетті жағдайлар жасайды.

3. Балалардың міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қараудан өтіп тұруға және тұрақты диспансерлік бақылауда болуға, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде емделуге және сауықтырылуға құқығы бар.

4. Амбулаториялық емдеу кезінде балалардың жекелеген санаттары аурулардың кейбір түрлері бойынша Қазақстан Республикасының дәрілік заттар туралы заңнамасында көзделген тәртіппен дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.

5. Балаларды стационарлық емдеу кезінде:

1) дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтіп-бағуға мұқтаж үш жасқа дейінгі балаларды күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға ауырып қалған баланы күтіп-бағуға байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріліп, онымен медициналық ұйымда бірге болу мүмкіндігі жасалады.

Біреудің күтіп-бағуына мұқтаж үш жастан асқан балалар ауруларының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді;

2) бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана баланы күтіп-бағу үшін стационарда болған барлық кезеңде медициналық ұйымдағы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

6. Мектеп жасындағы балалар стационарлық, қалпына келтіру, санаториялық емделу кезеңінде стационар, оңалту орталығы, санаторий жағдайында үздіксіз білім алуға құқылы.

7. Мүмкіндігі шектеулі балалардың, сондай-ақ АҚТҚ инфекциясын жұқтырған, ЖҚТБ-мен ауыратын, кәмелетке толмаған балалардың білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында тегін әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуға құқығы бар.

8. Балалардың өздерінің денсаулығын қорғау саласында білім алуға және тәрбиеленуге құқығы бар.

9. АҚТҚ инфекциясын жұқтырған балалардың балалар үйлері мен жалпы мақсаттағы оқу-тәрбиелеу ұйымдарында болуға құқығы бар.

 

14-бап. Азаматтардың өз денсаулығының жай-күйі және

денсаулыққа әсері болатын факторлар туралы

ақпарат алу құқығы

1. Азаматтардың:

1) осы Заңның 29-бабының ережелерін сақтаған кезде ұсынылатын, өз денсаулығының, жұбайы (зайыбы), жақын туыстары денсаулығының жай-күйі туралы ақпарат алуға;

2) аурудың профилактикасы, диагностикасы, ауруды емдеу және медициналық оңалту әдістері туралы, қоршаған ортаның жай-күйі, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын қоса алғанда, денсаулыққа әсері болатын факторлар туралы мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде ең анық ақпаратты тегін алуға;

3) дәрілік заттарды бөлшек саудада сатумен айналысатын фармацевтикалық қызмет объектілерінен және (немесе) субъектілерінен, сондай-ақ медициналық ұйымдардан дәрілік заттардың сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы ақпарат алуға;

4) денсаулық сақтау ұйымдарынан емдеудің ықтимал әдістері, тәсілдері және клиникалық сынаулардың салдары туралы ақпарат алуға құқығы бар.

2. Азаматтың денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты тексеру және (немесе) емдеу жүргізетін медицина қызметкері осы Заңның 29-бабының ережелері сақталған кезде тікелей науқасқа, оның жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына, заңды өкілдеріне береді.

3. Азаматтың өз денсаулығының жай-күйін көрсететін медициналық құжаттамамен танысуға және сол бойынша басқа мамандардан консультациялар алуға құқығы бар. Егер медициналық құжаттарда үшінші тараптың мүддесі қозғалмаса, азаматтың талабы бойынша оған өз денсаулығының жай-күйін көрсететін медициналық құжаттардың көшірмелері беріледі.

 

15-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық

қызметкерлері мен лауазымды адамдарының

әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) азаматтардың

шағымдану құқығы

1. Көрсетілген медициналық көмектің сапасына қанағаттанбаған азаматтар денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық қызметкерлері мен лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) уәкілетті органға не сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

2. Азаматтардың уәкілетті органның қорытындыларына келіспеушілік білдіріп, көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына сараптама жасауға тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқығы бар.

 

16-бап. Азаматтардың медициналық көмек

алудан бас тарту құқығы

1. Осы Заңның 17-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың немесе оның заңды өкілінің медициналық көмек алудан бас тартуға құқығы бар.

2. Медициналық көмек алудан бас тартқан кезде азаматқа немесе оның заңды өкіліне, аурудың ықтимал салдары туралы түсінікті түрде түсіндірілуге тиіс.

3. Медициналық көмек алудан бас тарту, оның ықтимал салдары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарға жазу арқылы ресімделеді және оған азамат не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.

Азамат не оның заңды өкілі медициналық көмек алудан бас тартуға қол қоймаған жағдайда, медициналық құжаттамаға бұл туралы тиісті жазуды медицина қызметкері жүзеге асырады және қол қояды.

Кәмелетке толмаған балалардың не іс-әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілдері аталған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан жағдайда, медициналық ұйымның олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншы және қамқоршы органға және (немесе) сотқа жүгінуге құқығы бар.

 

17-бап. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек

көрсету

1. Азаматтың келісімінсіз медициналық көмек көрсетуге:

1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы;

2) айналасындағы адамдарға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші;

3) психикасының ауыр түрде бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші;

4) психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші және қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты жол беріледі.

2. Он сегіз жасқа толмаған адамдарға және заңда белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді олардың заңды өкілдері береді. Заңды өкілдері болмаған кезде медициналық көмек көрсету туралы шешімді консилиум қабылдайды, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде, медициналық ұйымның лауазымды адамдарын және заңды өкілдерді кейіннен хабардар ете отырып, тікелей медицина қызметкері қабылдайды.

3. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін немесе соттың шешімі бойынша жалғастырылады.

 

18-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау және нығайту

жөніндегі міндеттерi

1. Азаматтар айналасындағыларға қауіп төндіретін жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшін медицина қызметкерлерінің, денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының нұсқамаларын орындауға міндетті.

2. Стационарлық және амбулаториялық емделудегі адамдар медициналық ұйымдардың қолданыстағы режимін сақтауға міндетті.

3. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес профилактикалық медициналық тексеріп-қараудан өтуге міндетті.

4. Жүкті әйелдер жүктіліктің он екі аптасына дейінгі мерзімде медициналық есепке тұруға міндетті.

5. Қазақстан Республикасының азаматтары өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға міндетті.

 

19-бап. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар

азаматтардың міндеттерi

1. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар азаматтар медициналық ұйымдардың талап етуі бойынша тексерілуден өтуге және емделуге міндетті.

2. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар азаматтар тексерілуден және емделуден жалтарған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәжбүрлеу тәртібімен куәландыруға және емдеуге тартылады.

3. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегетін азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жіберудің негіздері мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

4. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар және бұл ауруынан хабардар азаматтар медициналық көмек алуға барған кезде медицина персоналын өзінің ауруы туралы хабардар етуге міндетті.

 

20-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың

денсаулық сақтау құқықтары мен міндеттерi

1. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар медициналық көмекті Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен алады.

2. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты міндеттерді орындайды.

 

 

4-тарау.

Азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық және

медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің ерекшеліктерi

 

21-бап. Әскери қызметшілерге, ұлттық қауіпсіздік, ішкi

істер органдарының, әділет органдары

қылмыстық-атқару жүйесінің, өртке қарсы күрес

қызметінің, қаржы полициясының қызметкерлеріне,

олардың отбасы мүшелері мен осы ведомстволардың

зейнеткерлеріне медициналық көмек көрсету

Әскери қызметшілерге, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының, әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесінің, өртке қарсы күрес қызметінің, қаржы полициясының қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелері мен осы ведомстволардың зейнеткерлеріне медициналық көмек Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұйымдастырылады.

Қызметін өткеріп жатқан жерде немесе тұрғылықты жерінде олар болмаса немесе ведомстволық медициналық ұйымдарда тиісті бөлімшелер, мамандар не арнайы жабдықтар болмаса, медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетіледі.

 

22-бап. Туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық

көмек көрсету

1. Туберкулезбен ауыратындар міндетті медициналық байқауға алынуға және емделуге тиіс, олар тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.

2. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратындар міндетті түрде ауруханаға жатқызылуға және емделуге тиіс.

 

23-бап. Диабетпен және қатерлі ісік ауруларымен ауыратын

науқастарға медициналық көмек көрсету

Диабетпен және қатерлі ісік ауруларымен ауыратын науқастар міндетті медициналық байқауға алынуға, емделуге және тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілуге тиіс.

 

24-бап. Көбінесе жыныстық жолмен берілетін жұқпалы

аурулармен ауыратын, ЖҚТБ және АҚТҚ инфекциясын

жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету

1. Көбінесе жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарға медициналық көмек уәкілетті орган белгілеген тәртіппен көрсетіледі.

2. ЖҚТБ және АҚТҚ инфекциясын жұқтырған науқастарға медициналық көмек Қазақстан Республикасының арнаулы заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

25-бап. Психикасы және мінез-құлқы бұзылудан

(аурулардан) зардап шегетін адамдарға

медициналық-әлеуметтік көмек көрсету

Психикасы және мінез-құлқы бұзылудан (аурулардан) зардап шегетін адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету және оларды оңалту Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

26-бап. Бас бостандығы шектеулі азаматтарға медициналық

көмек көрсету

Бас бостандығы шектеулі, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық көмек уәкілетті орган және ішкі істер, әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесі, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс уәкілетті органдары айқындайтын тәртіппен  көрсетіледі.

 

 

5-тарау.

Медицина қызметкерлерінің медициналық көмек

көрсету кезіндегі құқықтары мен міндеттерi

 

27-бап. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік құқықтары

1. Медицина қызметкерлерінің мамандығы бойынша және біліктілік деңгейіне сәйкес кәсіптік қызметке құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, медицина қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың араласуына тыйым салынады.

 

28-бап. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерi

Медицина қызметкерлері:

1) егер мұндай таңдау тексерілу нәтижелері бойынша көзделген болса, онда пациентті емдеудің әдістері мен тәсілдерін, сондай-ақ медициналық мақсатта пайдаланылатын құралдар мен бұйымдарды таңдау мүмкіндігі туралы хабардар етуге;

2) өзінің қызметтік міндеттеріне сәйкес медициналық көмек көрсетуге;

3) кәсіптік міндеттерін орындау кезінде өздеріне мәлім болған дәрігерлік құпияны сақтауға міндетті. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана ашуға жол беріледі;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да міндеттерді орындауға міндетті.

 

29-бап. Дәрігерлік құпия

1. Медициналық көмекке жүгіну фактісі, азаматтың денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат пен оны тексеру және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер дәрігерлік құпияны құрайды.

2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, оқыту, кәсіптік, қызметтік және өзге де міндеттерді орындау кезінде дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтер белгілі болған адамдардың оларды жария етуіне жол берілмейді.

3. Пациентті тексеру мен емдеу мүддесіне орай, ғылыми зерттеулер жүргізу, осы мәліметтерді оқыту процесінде және өзге де мақсаттарға пайдалану үшін дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімімен басқа азаматтарға беруге рұқсат етіледі.

4. Азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді беруге мынадай жағдайларда:

1) өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз азаматты тексеру және емдеу мақсатында;

2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар таралу қатері болған кезде;

3) тергеу немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың және (немесе) соттың сұрау салуы бойынша;

4) кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкілдерін хабардар ету үшін;

5) азаматтың денсаулығына зақым құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілді деп есептеуге негіздер бар болған кезде жол беріледі.

 

 

6-тарау.

Медициналық қызметтегі жекелеген қатынастарды реттеу

 

30-бап. Хирургиялық араласу, қан құю және диагностиканың

инвазиялық әдістерін қолдану тәртібi

1. Хирургиялық араласу, қан құю, диагностиканың инвазиялық әдістері науқастардың жазбаша келісімімен қолданылады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, психикасы бұзылудан (аурулардан) зардап шегетін науқастарға, он сегіз жасқа толмаған адамдарға хирургиялық араласу, қан құю, диагностиканың инвазиялық әдістері олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен жасалады.

2. Медицина қызметкерлері тіршілік сақтау айғақтары бойынша хирургиялық араласуға кірісіп кеткен және оны тоқтату осы адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруіне байланысты мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, келісім кері қайтарып алынуы мүмкін.

3. Хирургиялық араласуды, қанды және оның препараттарын құюды, диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдануды кідірту науқастың өміріне қауіп төндіретін, ал науқастың немесе оның заңды өкілдерінің келісімін алу мүмкін болмаған жағдайда, дәрігер немесе консилиум науқасты немесе оның заңды өкілдерін қолданылған шаралар туралы кейіннен хабардар ете отырып, шешім қабылдайды.

 

31-бап. Клиникаға дейінгі зерттеулер және медициналық-

биологиялық эксперименттерді, клиникалық

сынауларды жүргізу, профилактиканың,

диагностиканың, емдеудің және медициналық

оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану

1. Клиникаға дейінгі зерттеулер және медициналық-биологиялық эксперименттер жануарларға жүргізіледі.

2. Адамға клиникалық сынау жасау жануарларға жасалған клиникаға дейінгі зерттеулер мен медициналық-биологиялық эксперименттердің оң нәтижелері алынған жағдайда, оның хабардар етілген жазбаша келісімімен ғана не адам мен денсаулық сақтау ұйымының арасындағы шарт бойынша жасалады.

Клиникалық сынаулар сыналатын адамның талап етуі бойынша кез келген кезеңде, сондай-ақ оның өміріне, денсаулығына қауіп төнген жағдайда тоқтатылады.

3. Профилактиканың, диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдары клиникалық сынаулардың оң нәтижелері алынған жағдайда қолданылуы мүмкін.

 

32-бап. Биологиялық өлімді анықтау. Өмірге дем беріп

тұрған аппаратураны тоқтатудың жағдайлары

1. Өлімді растауды дәрігер немесе фельдшер жүзеге асырады.

2. Биологиялық өлім мынадай белгілердің жиынтығы негізінде расталады:

1) жүрек қызметінің тоқтауы;

2) тыныс алудың тоқтауы;

3) орталық жүйке жүйесі жұмысының тоқтауы.

3. Өмірге дем беру жөніндегі жасанды шаралар тек қана:

1) биологиялық өлім расталған;

2) дәрігер-мамандардың консилиумы бас миының біржола семуін тіркеген кезде, жақын туыстарының және (немесе) заңды өкілдерінің бірауызды жазбаша келісімі болған кезде тоқтатылуы мүмкін.

4. Органдар мен тіндерді кейіннен транспланттау үшін алуды қамтамасыз ететін адамдардың биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін растауға қатысуына тыйым салынады.

 

33-бап. Эвтаназия

Эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.

 

34-бап. Патологиялық-анатомиялық ашуды жүргізу

1. Патологиялық-анатомиялық ашу өлімнің себептерін анықтау мен аурудың диагнозын нақтылау мақсатында жүргізіледі.

2. Зорлықпен өлтірілгендігіне күмән болмаған және жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің жазбаша өтініші болған кезде не өлген адамның өзінің тірі кезінде білдірген еркіне сәйкес ашу жүргізілмей-ақ мәйітті беруге рұқсат етіледі.

3. Өлген адамның жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашуды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тәуелсіз денсаулық сақтау ұйымдары жүргізуі мүмкін.

 

35-бап. Анатомиялық сый

1. Анатомиялық сыйды өсиет етуші тиісінше ресімделген өсиет арқылы жүзеге асырады.

2. Анатомиялық сый туралы деректер жария етуге жатпайды.

3. Өсиет етілген органдар мен тіндерден басқа, табылған күннен бастап қырық бес күн ішінде танылмаған және сұрауы болмаған адамдардың мәйіттері де анатомиялық сый ретінде танылады.

4. Анатомиялық сый биомедициналық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін.

 

36-бап. Транспланттау үшін тіндерді және (немесе)

органдарды (органдардың бөліктерін) алу

1. Адам немесе адамның мәйіті немесе жануар тіндерді және (немесе) органдарды (органдарының бөліктерін) транспланттау бойынша донор болуы мүмкін.

2. Адамның тіндерін және (немесе) органдарын (органдарының бөліктерін) мәжбүрлеп алуға және оларды ауыстырып салуға тыйым салынады.

3. Адамның органдары мен тіндерін сатып алуға-сатуға тыйым салынады. Адамның органдары мен тіндерін әкелу және әкету Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін, жан-жақты медициналық тексеруден өткен және оның тіндерін және (немесе) органдарын (органдарының бөліктерін) алуға болатындығы туралы дәрігер-мамандар консилиумының қорытындысын алған адам транспланттау бойынша тірі донор болуы мүмкін.

Кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз адам болып табылатын тірі донордың органдарын және (немесе) тіндерін алу осы бапта аталғандармен қатар бір мезгілде мына талаптарды сақтағанда ғана:

осы Заңның 14-бабына сәйкес денсаулығының жай-күйі туралы қажетті ақпаратты алған оның заңды өкілдерінің келісімі;

тиісті келісім беруге қабілетті басқа үйлесетін донордың болмауы;

реципиент донордың ағасы-інісі немесе апасы-қарындасы болып табылғанда;

транспланттау реципиенттің өмірін сақтап қалуға арналса;

ықтимал донор алуға қарсылық білдірмесе, мүмкін болады.

Кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз адамдардың заңды өкілдерінің келісімі медициналық араласу басталғанға дейін кез келген сәтте кері қайтарылып алынуы мүмкін.

Тірі донордан органдарды және (немесе) тіндерді алу оның нотариалды түрде куәландырылған жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

Транспланттау үшін жұп органның бірі, олардың болмауы денсаулықтың біржола бұзылуына әкеп соқтырмайтын органның бір бөлігі немесе тін ғана алынуы мүмкін.

5. Тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) транспланттау мақсатымен алу биологиялық өлім расталған кезде немесе бас миының біржола семуін (мидың өлімін) дәрігер-мамандардың консилиумы тіркеген жағдайда ғана, органдарды және (немесе) тіндерді алатын сәтте осы адамның тірі кезіндегі немесе оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының және (немесе) заңды өкілдерінің мұндай алуға жазбаша келіспеушілігі болмаған жағдайда ғана жүргізілуі мүмкін.

6. Тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) транспланттаудың қажеттігі туралы медициналық қорытындыны тиісті денсаулық сақтау ұйымының дәрігерлер консилиумы береді.

7. Тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) транспланттау реципиенттің не кәмелетке толмаған реципиенттің не сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкілінің жазбаша келісімімен іске асырылады.

Реципиент алдағы уақытта жасалатын транспланттауға байланысты оның денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы ескертілуге тиіс.

8. Мәйіттерден тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) алу денсаулық сақтау ұйымдарында жүргізіледі. Тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) консервациялау мен транспланттауды мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында ғана жүргізуге жол беріледі.

Органдарды (органдардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді алудың, консервациялаудың, адамнан адамға және жануардан адамға транспланттаудың тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган белгілейді.

9. Тіндерін және (немесе) органдарын (органдарының бөліктерін) алуға келісім білдірген адам денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндер және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) алу бойынша алдағы хирургиялық араласуға байланысты оның денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге құқылы.

10. Донор тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) алу бойынша жүргізілген хирургиялық араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде емделуге, оның ішінде медикаменттік ем алуға құқылы.

11. Ауру жұқтырған тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) транспланттауға тыйым салынады.

12. Тіндерін және (немесе) органдарын (органдарының бөліктерін) ауыстырып салуға келісім берген реципиент денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) транспланттау бойынша алдағы хирургиялық араласуға байланысты оның денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге құқылы.

13. Реципиент жүргізілген хирургиялық араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде емделуге, оның ішінде медикаменттік ем алуға құқылы.

14. Денсаулық сақтау ұйымының медициналық және өзге де қызметкерлеріне донор мен реципиент туралы мәліметтерді жария етуге тыйым салынады.

15. Осы баптың күші ұрпақ жаңғырту тіндерін (жыныстық клеткаларды) қамтитын, адамның дүниеге келу процесіне қатысы бар органдарға, олардың бөліктері мен тіндеріне, сондай-ақ қан мен оның компоненттеріне қолданылмайды.

 

 

7-тарау.

Қорытынды ережелер

 

37-бап. Қазақстан Республикасының азаматтардың

денсаулығын сақтау туралы заңнамасын бұзғаны

үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

 

38-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi

1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

2. «Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы» 1997 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 10, 109-құжат; 1998 ж., № 14, 201-құжат; № 24, 434-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; № 23, 927-құжат; 2002 ж., № 6, 71-құжат; 2004 ж., № 2, 9-құжат) күші жойылды деп танылсын.

 

Қазақстан Республикасының

Президенті

Н. Назарбаев

 

Астана, Ақорда, 2006 жылғы шілденің 7-сі.

№ 170-III ҚРЗ