Стандарттау туралы Қазақстан Республикасының
1999 ж. 16 шілдедегі № 433-1
Заңы
(ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен
енгізілген өзгерістерімен)
2004 жылғы 9 қарашадағы № 603-II Қазақстан Республикасының Заңымен күші жойылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 7 баптар)
2-тарау. Мемлекеттік стандарттау жүйесі (8 - 16 баптар)
3-тарау. Нормативтік құжаттар туралы ақпарат (17 бап)
4-тарау. Стандарттау жөніндегі нормативтік (18 - 24 баптар)
құжаттардың міндетті талаптарының
сақталуын мемлекеттік қадағалау
5-тарау. Стандарттау туралы заңдарды бұзғаны (25 бап)
үшін жауаптылық
6-тарау. Дауларды шешу (26 - 27 баптар)
7-тарау. Мемлекеттік стандарттау жөніндегі (28 бап)
жұмыстарды қаржыландыру
Осы Заң стандарттау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң құқықтық негiздерiн және стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарды әзiрлеу мен қолдану арқылы өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың) және қызмет көрсетулердiң сапасы мәселелерiнде мемлекет пен тұтынушылардың мүдделерiн қорғау шараларын белгiлейдi.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 1-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
1-бап. Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) өзара алмасымдылық - бiр бұйымның, процестiң, көрсетiлетiн қызметтiң дәл сондай бiр талаптарды орындау мақсатында басқа бұйымның, процестiң, қызмет көрсетудiң орнына пайдалануға жарамдылығы;
2) мемлекеттік стандарттау - бiр елдiң деңгейiнде жүргiзiлетiн стандарттау;
3) техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттік жiктегiшi өнiмнің, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң техникалықэкономикалық ақпарат объектiлерiнiң жiктелген топтарының кодтары мен атауларының жүйелендiрiлген жиынтығын бiлдiретiн стандарттау жөніндегі құжат;
4) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалау - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң мiндеттi талаптардың бұзылу фактілерiн анықтауға, олардың жолын кесуге, оларды жоюға бағытталған қызметi;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттау жүйесi - өз құзыреттерi шегiнде стандарттау саласындағы, оның iшiнде өнiмдi каталогтау саласындағы жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттік басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың, Қазақстан Республикасында стандарттау жөніндегі жұмыстарды жүргiзу тәртібін белгiлейтiн нормативтiк құжаттардың жиынтығы;
7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарты - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiткен, тұтынушылардың қалың көпшiлiгiнiң қолы жетiмдi стандарт;
8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттар - қоры Қазақстан Республикасының аумағында сақталуға мiндеттi стандарттардан, техникалық регламенттер мен құжаттардан тұратын Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару органдарына мамандандырылған қорларының жиынтығы;
9) мемлекетаралық стандарттау - мемлекетаралық мүдденi білдiретiн объектiлердi стандарттау;
10) мемлекетаралық стандарт - Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық Кеңес немесе Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiнiң құрылысында Стандарттау және техникалық нормалау жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-техникалық комиссия қабылдаған, олар тiкелей қолданатын стандарт;
11) стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым - әрбiр елдiң тиiстi стандарттау метрология және сертификаттау жөніндегі тиiстi мемлекеттік органының мүше болуы үшiн ашық стандарттау жөніндегі ұйым;
12) халықаралық стандарттау - барлық елдердiң тиiстi органдарының қатысуы үшiн ашық стандарттау;
13) халықаралық стандарт - стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың қалың көпшiлігiнiң қолы жетiмдi стандарт;
14) ұлттық стандарт - стандарттау жөніндегі ұлттық орган қабылдаған және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiнiң қолы жетiмдi стандарт;
15) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжат - тандарттау жөніндегі қызметтiң әр түрiне және олардың нәтижелерiне қатысты нормаларды, ережелердi, сипаттамаларды, принциптердi белгiлейтiн құжат;
16) стандарттау саласы - стандарттаудың өзара байланысты объектiлерiнiң жиынтығы;
17) мемлекеттік басқару органы - өнiмнiң сипаттамаларын немесе онымен байланысты сақталуы мiндеттi болып табылатын өндiрiс процестерi (жұмыстары) мен әдiстерiн өз құзыретiнiң шегiнде белгiлейтiн орган;
18) негiз қалаушы стандарт - кең салада қолдануға болатын немесе белгiлi бiр салаға арналған жалпы ережелердi қамтитын құжат;
18-1) салалық стандарт - салалық маңызы бар өнiмдерге, процестер (жұмыстар) мен қызмет көрсетулерге қойылатын талаптары бар стандарт;
19) стандарттау жөніндегі аймақтық ұйым - тек бiр географиялық, саяси немесе экономикалық аймақтағы әрбiр елдiң стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі тиiстi мемлекеттік органының мүше болуы үшiн ашық стандарттау жөніндегі ұйым;
20) аймақтық стандарттау - әлемнiң тек бiр ғана географиялық, саяси немесе экономикалық аймағы елдерiнiң тиiстi органдарының қатысуы үшiн ашық стандарттау;
21) аймақтық стандарт - стандарттау жөніндегі аймақтық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiнiң қолы жетiмдi стандарт;
22) мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмi - стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы объектілердiң, жұмыстарға қатысушылар мен құжаттардың тiркелуiн есепке алу құжаты;
23) стандарттау жyйесi - стандарттауға қатысушылардың, өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормативтiк құжаттардың жиынтығы;
23-1) өнiмдi каталогтау жүйесi өндiрiлетiн өнiмнiң сипаттамалары мен дайындаушылары туралы белгiленген тәртiппен ақпарат жинауды және берудi қамтамасыз ететiн ұйымдастырушылық-техникалық жүйе;
24) сыйысымдылық - өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың) және қызмет көрсетулердiң белгiленген талаптарды қойылған шарттарға орай бiрлесе орындау үшiн пайдалануда жағымсыз салдарларды тудырмайтын жарамдылығы;
25) стандарт - мүдделi тараптардың келісімi негiзiнде әзiрленген және қызметтiң әр түрiне немесе олардың нәтижелерiне қатысты жаппай және көп мәрте пайдалану үшiн ережелер, жалпы принциптер немесе сипаттамалар белгiленетiн құжат;
26) стандарттау - нақты бар немесе ықтимал мiндеттерге қатысты жаппай және көп мәрте пайдалану үшiн белгiлi бiр салада ережелердi реттеудiң оңтайлы дәрежесiне қол жеткізуге бағытталған қызмет;
27) техникалық шарттар - нақты өнiмге, процестерге, көрсетiлетiн қызметтерге немесе өнiмнiң бiрнеше түрiне қойылатын техникалық талаптарды белгiлейтiн стандарттау жөніндегі нормативтiк құжат;
28) стандарттау жөніндегі техникалық комитет - экономиканың белгiлi бiр саласында мемлекеттік стандарттарды әзiрлеу және салааралық деңгейде стандарттау жөніндегі жұмыстарды жүргiзу үшiн мүдделi заңды тұлғалардың базасында құрылатын стандарттау жөніндегі жұмыс органы;
29) техникалық регламент - стандартқа немесе ережелерге тiкелей не оларға сiлтеме жасау арқылы, не осы құжаттардың мазмұнын енгізу арқылы мiндеттi талаптар белгiлейтiн нормативтiк құжат. Ол сондай-ақ терминологияға, белгілеулерге, буып-түюге, таңбалауға, олар өнiмге, процеске (жұмысқа), қызмет көрсетуге немесе өндiрiстiң әдiсiне қолданылатын дәрежеде талаптарды қамтуы немесе ерекше мазмұндауы мүмкiн;
29-1) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi орган - стандарттау, метрология, сертификаттау және тiркеу жөніндегі жұмыстарды басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
30) фирмалық стандарт - өнiмнiң, процестiң (жұмыстың), қызмет көрсетулердiң нақты түрiне қойылатын талаптарды белгiлейтiн, бiр заңды немесе жеке тұлға әзiрлеген және тек сол жеке немесе заңды тұлға ғана қолданатын құжат.
31) стандарттау жөніндегі сарапшы-аудитор - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен стандарттау саласында жұмыстар жүргiзу құқығына аттестатталған жеке тұлға.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күшi мемлекеттік басқару органдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
3-бап. Стандарттау туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының стандарттау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 4-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
4-бап. Стандарттаудың мақсаттары мен принциптерi
Стандарттаудың негiзгi мақсаттары мыналар болып табылады:
1) өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге нормалар, ережелер мен сипаттамалар (бұдан әрi - талаптар) белгiлеу;
2) өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), көрсетiлетiн қызметтердiң адамдар өмiрi, денсаулығы, мүлiктер үшiн қауiпсiздiгiн, қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз ету;
3) саудада техникалық кедергiлердi жою, өнiмнiң iшкi және сыртқы рыноктардағы бәсекелестiк қабiлетiн қамтамасыз ету;
4) өнiмнiң техникалық және ақпараттық сыйысымдылығын, сондай-ақ өзара алмасымдылығын қамтамасыз ету;
5) өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету;
6) ресурстардың барлық түрiн сақтау және ұтымды пайдалану;
7) елдiң қорғаныс қабiлетi мен жұмылдырушылық әзiрлiгiн қамтамасыз ету;
8) табиғи және техногендi апаттар мен басқа да төтенше жағдайлардың туындау қаупiн ескере отырып, шаруашылық объектiлерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
9) өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң қауiпсiздiгi мен сапасы мәселелерiнде тұтынушылардың мүдделерiн қорғау.
Стандарттаудың негiзгi принциптерi:
1) келiсу;
2) бүкпесiздiк;
3) ерiктілік;
4) отандық және шетелдiк өндiрушiлер мен өнiм берушiлер үшiн стандарттау саласындағы бiрдей талаптар;
5) экономикалық қисындылық болып табылады.
5-бап. Стандарттау объектiлерi
Көп мәрте ұдайы өндiрiлу және (немесе) пайдалану перспективасы өнiмдер, процестер (жұмыстар), қызмет көрсетулер стандарттау объектiлерi болып табылады.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 6-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
6-бап. Стандарттау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік басқару
1. Қазақстан Республикасында стандарттау жөніндегі жұмыстарды басқаруды стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган жүзеге асырады.
2. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган:
1) стандарттау саласында бiрыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастырады және iске асырады;
2) мемлекеттік басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың осы саладағы қызметiн үйлестiредi;
3) мемлекетаралық, халықаралық, аймақтық стандарттау жөніндегі жұмыстарға қатысады;
4) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуына мемлекеттік қадағалау жүргiзудi ұйымдастырады және жүзеге асырады;
5) мемлекеттік стандарттау жүйесiн құрады;
6) стандарттау саласындағы кадрларды кәсiби даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастырады;
7) стандарттау бойынша халықаралық, аймақтық, ұлттық стандарттарды, ережелер мен ұсынымдарды қолданудың тәртібін белгiлейдi;
8) жеке және заңды тұлғалармен, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттермен өзара iс-қимыл жасайды;
9) мемлекеттік стандарттарда, мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң ережелерi мен ұсынымдарында стандарттау жөніндегі жұмыстарды жүргiзудiң жалпы ұйымдастыру-әдiстемелiк және жалпытехникалық ережелерiн, жеке және заңды тұлғалардың бiр-бiрiмен, мемлекеттік басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасауының нысандары мен әдiстерiн белгiлейдi.
10) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мемлекеттік тiлге және орыс тіліне аударылуын және олардың расталуын қамтамасыз етедi;
11) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың стандарттар, халықаралық және аймақтық нормалар талаптарына сәйкестiгiне сараптаманы жүзеге асыру тәртібін белгiлейдi.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдары стандарттау жөніндегі жұмыстарға өздерiнiң құзыреттерi шегiнде қатысады.
4. Жеке және заңды тұлғалар стандарттау жөніндегі қызметiн осы Заңға, стандарттау саласындағы қатынастарды реттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес өздерiнiң құзыреттері шегiнде ұйымдастырады және жүзеге асырады, осы жұмыстарды орындау үшiн стандарттау жөніндегі тиiстi бөлiмшелер мен қызметтер, оның iшiнде стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер құра алады.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 7-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
7-бап. Стандарттау саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган стандарттау метрология, сертификаттау, сапаны басқару және аккредитациялау жөніндегі халықаралық және аймақтық ұйымдарда өз құзыретiнiң шегiнде Қазақстан Республикасының өкiлi болады.
2-тарау. Мемлекеттік стандарттау жүйесі
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 8-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
8-бап. Мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң ұйымдық құрылымы
Мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң ұйымдық құрылымы:
1) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi органнан, оның аумақтық бөлiмшелерiнен және ведомстволық бағыныстағы кәсiпорындарынан;
2) стандарттау саласындағы құзыреттерiнiң шегiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарынан;
3) жеке және заңды тұлғалардан, оның iшiнде стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерден, сарапшы-аудиторлардан;
4) Қазақстан Республикасы стандарттарының мемлекеттік қорынан тұрады.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 9-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
9-бап. Стандарттау жөнiндегі нормативтiк құжаттар және оларға қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттау жүйесiнде қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарға мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттары - ҚР СТ (бұдан әрi - мемлекеттік стандарттар);
2) техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттік жiктегiштерi ТЭА МЖ (бұдан әрi - мемлекеттік техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi);
3) мемлекетаралық стандарттар - МЕМСТ (бұдан әрi - мемлекетаралық стандарттар), техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi, ережелер мен ұсынымдар;
4) белгiленген тәртiппен қолданылатын стандарттау жөніндегі халықаралық, аймақтық және ұлттық стандарттар, техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi, техникалық шарттар, ережелер, нұсқаулықтар, қағидалар, нұсқаyлар, әдiстемелiк нұсқаулар мен ұсынымдар;
5) ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдар мен басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары;
6) ұсынымдар;
7) фирмалық стандарттар;
8) техникалық шарттар.
9) салалық стандарттар.
2. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттар белгiлейтiн талаптар ғылымның, техника мен технологияның жетiстiктерiне негiзделуге тиiс және өнiмдi пайдаланудың, процестер (жұмыстар) мен қызмет көрсетулердi орындаудың шарттарын, еңбек жағдайлары мен режимдерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасы заңдарының қолданылып жүрген техникалық регламенттерге, халықаралық және шет елдердiң аймақтық және ұлттық стандарттарының талаптарына, стандарттау жөніндегі ережелер мен ұсынымдарға қайшы келмеуге тиiс.
Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарды әзiрлеу кезiнде олар адамдардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгi, қоршаған ортаны қорғау талаптарына және Қазақстан Республикасында қабылданған техникалық нормаларға сәйкес келмейтiн жағдайларды қоспағанда, қолданылып жүрген халықаралық техникалық регламенттер мен стандарттар немесе аяқталу сатысындағы олардың жобалары қолданылады.
Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжат жобасын әзiрлеу кезеңiнде халықаралық стандарттар болмаған немесе әзiрленетiн мемлекеттік стандарт халықаралық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда оған бұқаралық ақпарат құралдарында немесе стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның арнаулы басылымдарында мүдделi мемлекеттік басқару органдарының, жеке және заңды тұлғалардың талқылауы және ескертпелер мен ұсыныстар әзiрлеу үшiн аңдатпалар немесе хабарламалар жарияланады. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың жобаларын қарау тәртібін және ескертпелер мен ұсыныстар дайындау мерзiмiн мемлекеттік стандарттау жүйесi белгілейдi.
3. Мiндеттi сертификатталуға тиiстi өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетуге арналған стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарда мiндеттi сертификаттау жүзеге асырылатын талаптар, осы талаптарға сәйкестiктi бақылау әдiстерi, өнiмдi таңбалау мен буып-түю тәртібі, сертификаттау туралы ақпарат болуы тиiс.
4. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттар өндiрiсте және басқа мемлекеттермен саудада техникалық кедергi болмауға тиiс:
Өнiмнiң нақты топтары мен түрлерiнiң мақсатты арналымы мен техникалық сыйысымдылығының көрсеткiштерi өнiмдi әзiрлеу мен оны өндiрiске қою кезiнде, егер оларды беруге арналған шартта (келісім-шартта) өзгеше көзделмесе, республиканың аумағында қабылданған нормалар мен талаптарға сәйкестiкте белгiленедi.
5. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 5)-9) тармақшаларында көрсетiлген стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттар, оларға өзгерістер, сондай-ақ олардың күшiн жою туралы шешiмдер бекітілуге және тiркелуге жатады.
Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарды тiркеудiң, егер олардың нормалары мен талаптары республиканың аумағында қолданылмайтын болса, сондай-ақ халықаралық сауда ережелерi өзгерген кезде, белгiленген тәртiппен күшi жойылады.
6. Мемлекеттік стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерi, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының өздерiнiң құзыретiне сәйкес бекiткен стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттары авторлық құқық объектiсi болып табылмайды.
7. Стандарттау жөніндегі мемлекетаралық нормативтiк құжаттар Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық Кеңес белгiлеген тәртiппен әзiрленедi, келісіледi және қабылданады.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 10-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
10-бап. Мемлекеттік стандарттар, техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттік жiктегiштерi
1. Мемлекеттік стандарттар салааралық мәнi және көп мәрте ұдайы өндiру және (немесе) пайдалану перспективасы бар өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге, ұйымдастыру-әдiстемелiк және жалпы техникалық сипаттағы нормалар мен талаптарға әзiрленедi және олар Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген халықаралық және мемлекетаралық стандарттардың талаптарына қайшы келмеуi тиiс.
2. Стандарттау объектiлерiн, мемлекеттік стандарттардың мазмұнына олардың таратылу саласына, олардың қолданылу аясына және енгізу күнiне қойылатын талаптарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
Мемлекеттік стандарттарда, негiзделген жағдайларда дәстүрлi технологиялар мүмкiндiгiнен басым түсетiн, отандық өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң перспективасын қамтамасыз ететiн алдын ала талаптар белгiленедi.
3. Өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қоршаған ортаның, азаматтардың өмiрiн, денсаулығын және мүлкiн қорғау үшiн, техникалық және ақпараттық сыйысымдылықты, өнiмнiң өзара алмасымдылығын, оларды бақылау әдiстерiнiң бiрлiгiн және таңбалаудың бiрлiгiн қамтамасыз ету үшiн мемлекеттік стандарттар белгiлейтiн талаптар, мемлекеттік басқару органдарының, меншiк нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалардың сақтауы үшiн мiндеттi болып табылады.
Өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң мемлекеттік стандарттардың мiндеттi талаптарына сәйкестілігi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалады.
Өнiмге, процестерге (жұмыстарға), қызмет көрсетулерге мемлекеттік стандарттардың өзге талаптарын тапсырысшымен шартқа немесе өнiмдi дайындаушының (берушiнiң) процестi немесе қызмет көрсетудi атқарушының техникалық құжаттамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар мiндеттi түрде сақтауға тиiс.
4. Мемлекеттік стандарттар мен техникалық-экономикалық, ақпараттың мемлекеттік жiктегiштерiн мемлекеттік басқару органдары, заңды тұлғалар, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен әзiрлейдi.
5. Ұйымдастыру-әдiстемелiк және жалпы техникалық сипаттағы негiзге алынатын мемлекеттік стандарттарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган немесе оның тапсыруы бойынша Қазақстан Республикасының басқа да уәкiлеттi мемлекеттік басқару органдары мен заңды тұлғалары әзiрлейдi.
6. Мемлекеттік стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттік жiктегiштерiн әзiрлеуге өнiмдi әзiрлеушiлердiң, жасаушылардың, тұтынушылардың, ғылыми-техникалық және инженерлiк қоғамдардың, тұтынушылар қоғамдарының өкiлдерi, стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган мен оның бөлiмшелерiнiң мамандары, Қазақстан Республикасының ғалымдары тартылуы мүмкiн.
7. Мемлекеттік стандарттарды және техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерiн әзiрлеудiң, қайта қараудың, келiсудiң, бекітудiң, мемлекеттік тiркеудiң, қолданысқа енгізудiң, қолданудың, сондай-ақ оларды жүргiзудiң тәртібін стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
8. Мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмiнде тiркелмеген мемлекеттік стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерi қолданылуға жатпайды.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 10-1-баппен толықтырылды
10-1-бап. Салалық стандарттар
1. Салалық стандарттар салалық маңызы бар өнiмге, процестер (жұмыстар) мен қызмет көрсетулерге әзiрленедi және оларды мемлекеттік басқару органдары өз құзыретi шегiнде бекiтедi.
2. Салалық стандарттардың объектiлерi мен осы стандарттарды әзiрлеу, келiсу, тiркеу жөніндегі жалпы ережелердi стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Салалық стандарттардың түрлерiне, олардың объектiлерiне, әзiрлену және келісілу ерекшелiктерiне, бекіту тәртібіне қойылатын талаптарды өз құзыретi шегiнде мемлекеттік басқару органдары белгiлейдi.
4. Салалық стандарттармен белгiленген нормалар және талаптар мемлекеттік, мемлекетаралық, халықаралық стандарттармен белгiленгеннен төмен болмауға тиiс.
11-бап. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары
1. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары iргелi, қолданбалы зерттеулер мен әзiрлемелердiң білімнiң түрлi салаларында алынған нәтижелерiн тарату мен пайдалану үшiн әзiрленедi және қолданылады.
2. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген мемлекеттік және мемлекетаралық стандарттардың, техникалық регламенттердiң мiндеттi талаптарына қайшы келмеуге тиiс.
3. Ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен бекітіледi және тiркеледi.
1. Ұсынымдар стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы қандай да бiр болмасын қызметтiң түрiн ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртібін және кеңестi немесе нұсқауды қамтитын ереженi белгiлейдi.
2. Ұсынымдарды құруға, ресiмдеуге, мазмұнына, жазуға, оларды әзiрлеудiң, келiсудiң, бекітудiң, тiркеу мен қолданудың тәртібіне қойылатын талаптарды стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
3. Мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмiнде тiркелмеген ұсынымдар қолданылуға жатпайды.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 13-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
13-бап. Фирмалық стандарттар
1. Фирмалық стандарттарды жеке және заңды тұлғалар осы Заңның 5-бабында белгiленген объектiлерге әзiрлеп, бекiте алады.
2. Фирмалық стандарттарды әзiрлеушiлер дербес бекiтедi және тiркейдi.
3. Фирмалық стандарттар Қазақстан Республикасында қабылданған стандарттар мен техникалық регламенттердiң мiндеттi талаптарына қайшы келмеуге тиiс.
4. Белгiленген мiндеттi талаптардың сақталмауы үшiн оларды бекiткен жеке және заңды тұлғалар жауапты болады.
5. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган фирмалық стандарттарды әзiрлеу, келiсу, бекіту және тiркеу жөніндегі жалпы ережелердi белгiлейдi.
1. Техникалық шарттар нақты өнiмге, процестерге, көрсетiлетiн қызметтерге немесе өнiмнiң бiрнеше түрiне қойылатын талаптарды белгiлейдi.
2. Техникалық шарттардың талаптары мемлекеттік және мемлекетаралық стандарттарда белгiленетiн техникалық регламенттер мен мiндеттi талаптарға қайшы келмеуге тиiс.
3. Техникалық шарттарды жеке және заңды тұлғалар әзiрлейдi және бекiтедi.
4. Техникалық шарттар, оларға өзгерістер, сондай-ақ олардың күшiн жою туралы шешiмдер стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілеттi органның немесе оған ведомстволық бағыныстағы бөлiмшелердiң мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң тiзiлiмiнде мiндеттi түрде тiркелуге тиiс.
5. Мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң тiзiлімiнде тiркелмеген техникалық шарттар мен оларға өзгерістер жарамсыз болып табылады.
6. Техникалық шарттарды әзiрлеудiң, келiсудiң, бекітудiң, тiркеудiң тәртібін стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 15-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
15-бап. Нормативтiк құжаттарды қолдану
1. Қазақстан Республикасы аумағында қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарды өнiмдi әзiрлеу, өндiрiске қою, өнiмдi жасау, өткізу (жеткізу, сату), пайдалану (пайдаға асыру), сақтау, тасымалдау мен кәдеге жарату сатысында, процестердi (жұмыстарды) атқару және қызметтер көрсету кезiнде мемлекеттік басқару органдары, жеке және заңды тұлғалар қолдануға тиiс.
Ұсынымдық талаптары бар мемлекеттік және мемлекетаралық стандартты қолдану, егер оған республикада қолданылатын техникалық сипаттағы талаптар, нормалар мен ережелер бар техникалық регламенттерге сiлтеме болса, мiндеттi болып табылады.
Халықаралық стандарттау жүйесi ережелерiне сәйкес, техникалық регламенттерге осы Заңға сәйкес құзыретiне мiндеттi талаптарды (құрылыс, санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық нормалар мен ережелер, фармакопеялық баптар, өртке қарсы қауiпсiздiк және төтенше жағдайлар, тау-кен қадағалау, атом, экологиялық және радиациялық қауiпсiздiк, жолдардағы және көлiктiң барлық түріндегі қауiпсiздiк нормалары мен ережелерi және басқалар) белгiлеу кiретiн мемлекеттік басқару органдары қабылдайтын стандарттау жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлердi және нормативтiк құжаттарды, мiндеттi талаптар бөлiгiнде мемлекетаралық және мемлекеттік стандарттарды жатқызу керек.
Техникалық регламенттердi әзiрлеудiң, келiсудiң, бекітудiң, қайта қараудың, күшiн жою мен қолданудың тәртібін оларды бекiткен орган белгiлейдi.
2. Тапсырысшы мен дайындаушы (атқарушы) шартқа өнiмнің орындалатын процестер (жұмыстар) мен көрсетiлетiн қызметтердiң қолданылатын мемлекеттік, мемлекетаралық стандарттардың және техникалық регламенттердiң мiндеттi талаптарына сәйкестiгi туралы талап енгізуге мiндеттi.
Республика аумағынан әкету мақсатында оның аумағында өндiрiлетiн өнiмге, орындалатын процестерге (жұмыстарға), көрсетiлетiн қызметтерге қатысты стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарды қолданудың қажеттілігi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, келісім-шартпен (шартпен) айқындалады.
Стандарттау жөніндегі мемлекетаралық нормативтiк құжаттар Қазақстан Республикасы мүшесi болып табылатын стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі Мемлекетаралық Кеңес қабылдаған ережелерге сәйкес қолданылады.
Қазақстан Республикасында стандарттау жөніндегі мемлекетаралық нормативтiк құжаттарды қолданысқа енгізудi стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Жеке және заңды тұлғаларға халықаралық, аймақтық және ұлттық стандарттарды, техникалық регламенттер мен шет елдердiң стандарттау жөнiндегі басқа нормативтiк құжаттарын стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен тiкелей қолдану құқығы берiледi.
Шетел фирмаларының құжаттамасы шетел фирмалары келісім-шартының ережелерi бойынша Қазақстан Республикасына әкелiнетiн және өндiрiлетiн (жасалатын, атқарылатын) өнiм, процестер (жұмыстар), қызмет көрсетулер мiндеттi талаптар, оның iшiнде халықтың өмiрi мен денсаулығының, азаматтардың мүлкiнiң қауiпсiздiгiн және қоршаған ортаны қорғау талаптары жағынан осыған ұқсас өнiм, процестер (жұмыстар), қызмет көрсетулер үшiн Қазақстан Республикасында қабылданған мiндеттi талаптардан төмен болмауға тиiс.
Қазақстан Республикасына әкелiнетiн өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң мемлекеттік, мемлекетаралық стандарттардың және техникалық регламенттердiң мiндеттi талаптарына сәйкестілігiн растау Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
16-бап. Стандарттау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау
1. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган республикадағы стандарттау жөніндегі жұмыстарды жоспарлауға ұйымдастыру-әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады.
2. Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі жұмыстарды жоспарлаудың, тәртібі мен нысандары стандарттарға және мемлекетаралық стандарттау ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік стандарттау бағдарламалары мен жоспарлары Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару органдарының, заңды тұлғаларының ұсыныстары негiзiнде әзiрленедi, оны стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілеттi орган бекiтедi және бақылайды.
4. Стандарттау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау Қазақстан Республикасы экономикасы салаларының басым бағыттары ескерiле отырып жүзеге асырылады.
3-тарау. Нормативтік құжаттар туралы ақпарат
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 17-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
17-бап. Нормативтiк құжаттар туралы ақпарат
1. Әзiрленетiн және қабылданған мемлекеттік, мемлекетаралық стандарттар, техникалық-экономикалық ақпарат жiктегiштерi, техникалық регламенттер, ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдар мен басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттары, мiндеттi нормалар мен талаптарды регламенттейтiн стандарттау жөніндегі ережелер мен ұсынымдар туралы ресми ақпарат, сондай-ақ осы құжаттардың өзi пайдаланушылар үшiн, оның iшiнде шетелдiк пайдаланушылар үшiн олар мемлекеттік құпияны және заңмен қорғалатын басқа да құпияны құрамайтын бөлiгiнде қол жетiмдi болуы тиiс.
2. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган:
1) мемлекеттік және мемлекетаралық стандарттар мен техникалықэкономикалық ақпараттың жiктегiштерi, халықаралық, аймақтық стандарттар, стандарттау жөніндегі ережелер мен ұсынымдар, басқа мемлекеттердiң ұлттық стандарттары туралы ресми ақпаратты, сондай-ақ стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы халықаралық шарттар және оларды қолданудың ережелерi, стандарттарды әзiрлеу жөніндегі бағдарламалар мен жоспарлар туралы ақпаратты белгiленген тәртiппен жариялауды ұйымдастырады;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік стандарттар қорын ұйымдастырады және оның жұмысын үйлестiредi, мемлекеттік және мемлекетаралық стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерi, сондай-ақ халықаралық, аймақтық стандарттардың, техникалық регламенттердiң, стандарттау жөніндегі ережелердiң, ұсынымдардың, шет елдердің ұлттық стандарттары деректерiнiң бiрыңғай анықтамалық-библиографиялық базасын жүргiзедi.
3) өнiмдi каталогтау жөніндегі ақпаратты қалыптастыруды, жүргiзу мен берудi ұйымдастырады.
3. Пайдаланушыларды нормативтiк құжаттармен, каталогтармен және көрсеткiштермен қамтамасыз ету мен оларды басып шығаруды шарттық негізде стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган, мемлекеттік басқару органы, сондай-ақ олар уәкiлеттiк берген мемлекеттік кәсiпорындар жүзеге асырады.
4. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлетті мемлекеттік органның жүйесiнде халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау және стандарттар мен сертификаттау рәсiмдерiне қатысты тиiстi хабарламаларды, құжаттама мен ақпаратты мүдделi адамдарға беру үшiн ақпараттық орталық құрылады.
5. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарды өз құзыретiнiң шегiнде қабылдаған мемлекеттік басқару органдары, стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттарды бекiткен жеке және заңды тұлғалар осы құжаттардың ақпараттық қорын қалыптастырады және жүргiзедi, сондай-ақ пайдаланушыларды Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен олар туралы ақпаратпен және сол құжаттардың өзiмен қамтамасыз етедi.
Бекіту туралы ресми ақпарат пен әрбiр құжаттың бiр данасы бiрыңғай анықтамалық-библиографиялық деректер базасын қалыптастыру үшiн стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органға жолданады.
6. Халықаралық, мемлекетаралық және шет елдердiң ұлттық стандарттарын, мемлекеттік стандарттарды, ғылыми-техникалық, инженерлiк қоғамдар мен басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң стандарттарын және техникалық-экономикалық ақпараттың жiктегiштерін ресми жариялау құқығы тек стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органға тиесiлi.
Стандарттау жөніндегі қабылданған нормативтiк құжаттарды ресми жариялау мемлекеттік стандарттау жүйесi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылуы тиiс.
Нормативтiк құқықтық актiлер туралы ҚР 24.03.98 ж. № 213-1 Заңы қараңыз
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 17-1-баппен толықтырылды
17-1-бап. Өнiмдi каталогтау жүйесi
1. Өнiмдi каталогтау жүйесi мемлекеттік стандарттау жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады, мемлекеттiң, дайындаушылардың және тұтынушылардың мүдделерi үшiн жасалады.
2. Каталогтауға Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн өнiм жатады.
4-тарау. Стандарттау жөніндегі нормативтік
құжаттардың міндетті талаптарының
сақталуын мемлекеттік қадағалау
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 18-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
18-бап. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалау
1. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
10-баптың 3-тармағына сәйкес мiндеттi талаптарға жатқызылмаған өзге де талаптар тұтынушылар тарапынан шағымдар мен дау-дамай болған жағдайда тексерiледi.
2. Нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалау Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке және заңды тұлғаларда, оның iшiнде шетел ұйымдарында, өнiмдi әзiрлеу, өндiрiске дайындау, оны жасау, өткізу (беру, сату), өнiмдi пайдалану (қолдану), сақтау, тасымалдау мен кәдеге жарату сатыларында, сондай-ақ, процестердi (жұмыстарды) орындау мен қызмет көрсетулер кезiнде жүзеге асырылады.
3. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарын әзiрлеушi кәсiпорындардың сақтауын оқтын-оқтын жоспарлы тексерудi кәсiпорындағы өнiмнiң, процестердiң және көрсетiлетiн қызметтердiң сапасының жай-күйiне байланысты, бiрақ жиi дегенде жылына бiр рет стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілеттi орган белгiлейдi.
4. Тұтынушылар тарапынан өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың), қызмет көрсетулердiң қанағаттанғысыз сапасына шағымдар мен дау-дамайлар болған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың және техникалық құжаттардың әзiрлеушi (орындаушы) қолданатын көрсеткiштерi бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргiзiлуi мүмкiн.
5. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тәртібін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес стандарттау метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
6. Осы Заңға енбеген мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырған кезде лауазымды адамдардың құқықтары мен өкiлеттiгi белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының ?кіметi қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 19-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
19-бап. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын және өлшеу құралдарын қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның басшысы;
2) Бас мемлекеттік инспектордың орынбасары - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган басшысының орынбасары;
3) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және қалалардың стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын және өлшеу құралдарын қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң басшысы;
3-1) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және қалалардың стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын және өлшеу құралдарын қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi бөлiмдерiнiң басшылары;
4) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын және өлшеу құралдарын қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар - стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi бөлiмдерiнiң басшылары, барлық дәрежедегi мамандары.
2. Стандарттау бойынша нормативтiк құжаттардың сақталуына мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырушы лауазымды адамдар стандарттау метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен аттестатталуы тиiс.
20-бап. Мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құзыретi
1. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құзыретiне:
1) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының бұзылу себептерiн анықтау және талдау;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттың мiндеттi талаптарына сәйкес келмейтiн өнiмдi өткізудiң, процестердi (жұмыстарды) орындаудың, қызметтер көрсетудiң жолын кесу және оларға жол бермеу жөнiнде құқықтық ықпал ету шараларын қолдану;
3) мемлекеттік қадағалаудың нәтижелерi бойынша осы Заңның 23-бабына сәйкес ұйғарымдар беру;
4) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарын сақтауға мемлекеттік қадағалаудың нысандары мен әдiстерiн жетiлдiру және республиканың мүдделi құрылымдарымен өзара iс-қимыл жасау мәселелерi жөнiнде шаралар әзiрлеу енедi.
2. Мемлекеттік қадағалау органдары ез қызметін кеден, санитария, ветеринария құқық қорғау және басқа да мемлекеттік басқару органдарымен өзара iс-қимылда жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік басқару органдары және олардың лауазымды адамдары мемлекеттік қадағалау органдарына оларға жүктелген мiндеттердi шешуге жәрдемдесуге мiндеттi.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 21-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
21-бап. Мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары
Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) осы Заңға сәйкес мемлекеттік қадағалау үшiн белгiленген объектiлерге тексеруге тапсырманы (жолдаманы) және қызмет куәлiгiн көрсетiп кедергiсiз кiруге;
2) жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік қадағалау жүргiзуге қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi алуға;
3) техникалық құралдарды пайдалануға және бақыланатын өнiмнiң, процестердiң (жұмыстардың) және қызмет көрсетулердiң сапасын тексеру саласында, оның iшiнде тексерiлетiн объектiлерден мамандар мен сарапшыларды тексеруге тартуға;
4) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарына сәйкестiгiн бақылау үшiн сынақ (талдау, өлшеу) өткізуге өнiмнiң сынамалары мен үлгiлерiн iрiктеу iсiн жүргiзуге;
5) өнiмдер мен тауарлар Қазақстан Республикасы ?кіметi белгілеген тәртiппен сату мен тұтынуға жарамсыз болып танылған жағдайда, оларды жою жөніндегі комиссияларға қатысуға;
6) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарын және сертификаттау немесе өнiм өндiру, процестер (жұмыстар) мен қызмет көрсету ережелерiн бұзу фактiсi анықталған жағдайда белгiленген тәртiппен бекітілген стандарттау жөніндегі нормативтiк құжатсыз өнiмдi өткізуге, тасымалдауға, сақтауға және пайдалануға, сондай-ақ қызметтер көрсетуге тыйым салуға;
7) мiндеттi сертификаттауға жататын өнiмдi сәйкестiк сертификатынсыз (сәйкестiк сертификатының көшiрмелерiнсiз) және (немесе) сәйкестiк таңбаларынсыз немесе сәйкестiгi туралы декларацияларсыз (сәйкестiгi туралы декларациялар көшiрмелерiнсiз) өткізуге тыйым салуға құқығы бар.
22-бап. Мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарды қорғау шаралары
1. Стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда олардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен залалдың өтелуiне құқығы бар.
2. Шығыстарды өтеу Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда республикалық бюджет есебiнен жүргiзiледi.
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 23-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
23-бап. Мемлекеттік қадағалау органдары беретiн ұйғарымдардың түрлерi
1. Мемлекеттік қадағалаудың нәтижелерi бойынша стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының анықталған бұзылуларына қарай, нақты құқықтық ықпал ету шараларын қолдану мақсатында стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган мен оның бөлiмшелерiнiң лауазымды адамдары ұйғарымдардың мынадай түрлерiн бередi:
1) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының анықталған бұзылуларын жою туралы;
2) өнiмдер, процестер (жұмыстар), қызмет көрсетулер стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарына сай келмеген;
белгiленген тәртiппен тiркелген стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттама болмаған;
мiндеттi түрде сертификаттауға жататын өнiмге (қызмет көрсетуге) сәйкестiк сертификатының (сәйкестiк сертификатының көшiрмелерi) және (немесе) сәйкестiк таңбалары немесе сәйкестiгi туралы декларациялары (сәйкестiгi туралы декларациялар көшiрмелерi) болмаған; бұған құқығы болмастан өнiм сәйкестiк белгiсiмен таңбаланған жағдайларда тексерiлген өнiмдi өткізуге (беруге, сатуға), пайдалануға (қолдануға), сондай-ақ процестердi (жұмыстарды) орындауға және қызметтер көрсетуге тыйым салу туралы;
3) стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының бұзылу фактiсi анықталған кезде және өнiмдi тиiстi сапада өндiру үшiн қажеттi жағдайлар болмаған кезде өнiм өндiрудi, процестi (жұмысты), қызмет көрсетудi тоқтата тұру туралы.
2. Ұйғарымдарға:
1) осы баптың 1) және 2) тармақшаларында аталған, өнiмнiң, процестiң (жұмыстың), қызмет көрсетудiң жекелей тексерілген партияларына берiлетiн ұйғарымдарға қол қою құқығы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырушы мемлекеттік инспекторларға тиесiлi;
2) 2) тармақшадағы бiр атаудағы бүкiл өнiмге, процестер мен қызмет көрсетулерге берiлетiн ұйғарымдарға, сондай-ақ 3-тармақшадағы ұйғарымдарға қол қою құқығы бас мемлекеттік инспекторларға тиесiлi.
3. Ұйғарымдардың нысандарын және оларды беру тәртібін стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган белгілейдi.
24-бап. Мемлекеттік қадағалау органдарының лауазымды адамдары берген ұйғарымдарды орындаудың міндеттілігі
Стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарының сақталуын қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар берген және осы Заңның 23-бабында көзделген ұйғарымдар барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
5-тарау. Стандарттау туралы заңдарды бұзғаны
үшін жауаптылық
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұрынғы ред. қара)
25-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының стандарттау туралы заңдарын бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
26-бап. Осы Заңның ережелерінің бұзылуына қатысты дауларды шешу
Осы Заңның ережелерінің бұзылуы бөлігіндегі даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.
27-бап. Лауазымды адамдардың іс-әрекетіне шағым жасау
Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекеттік орган мен оның ведомстволық бағыныстағы бөлімшелері лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Шағым жасау қабылданған ұйғарымдардың атқарылуын тоқтатпайды.
7-тарау. Мемлекеттік стандарттау жөніндегі
жұмыстарды қаржыландыру
ҚР 10.06.03 ж. № 432-11 Заңымен 28-бап жаңа редакцияда (бұрынғы ред. қара)
28-бап. Мемлекеттік стандарттау және мемлекеттік қадағалау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру
1. Республикалық бюджет қаражаты есебiнен:
1) стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiн ұстауға және стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыруға арналған шығыстар;
2) стандарттау, метрология және тiркеу саласындағы бағдарламалар;
3) өнiмнiң сынамалары мен үлгiлерiн сатып алу және олардың стандарттау жөніндегі нормативтiк құжаттардың мiндеттi талаптарына сәйкестiгiн сынау (талдау, өлшеу);
4) Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі халықаралық, аймақтық және мемлекетаралық ұйымдарға мүшелiк жарналар енгізуi мен қатысуы қаржыландырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлмеген стандарттау жөніндегі жұмыстар шарт негiзiнде орындалады.
Қазақстан Республикасының
Президенті | Н. Назарбаев |