-
Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізудің кейбір мәселелері туралы
Осы редакция 2014 жылғы 9 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабы 4-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32 және 36-баптарына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы № 438 Жарлығына сәйкес қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдері қоса беріліп отырған Қағидаларда белгіленген тәртіппен қызметке сайланады, өкілеттігін тоқтатады және қызметінен босатылады деп белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы:
1) облыс әкімдерімен бірлесіп, осы Жарлықта көзделген Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауы өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктердің саны мен тізбесін айқындасын;
2) Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыс әкімдері аталған сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдасын.
Редакция документа
Демо – версия документа