Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын, сондай-ақ олар
бейнеленген материалдық объектiлердi дайындау жөніндегі лицензияланатын қызметке қойылатын біліктiлiк талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 сәуірдегі № 392 қаулысы

 

ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 14 желтоқсандағы № 1529 Қаулысымен күші жойылды

 

«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектiлердi дайындау жөніндегі лицензияланатын қызметке қойылатын біліктiлiк талаптары бекітілсiн.

2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Д.К. Ахметов

Қазақстан Республикасы

Үкіметінiң 2004 жылғы

8 сәуірдегi № 392 қаулысымен

бекітілген

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын және Қазақстан

Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленген

материалдық объектiлердi дайындау жөніндегі лицензияланатын қызметке

қойылатын бiліктiлiк талаптары

1. Бiлiктiлiк талаптары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектiлердi (бұдан әрi - мемлекеттік нышандар) дайындау жөнiнде лицензия алуға үмiткер заңды және жеке тұлғаларға қолданылады.

2. Мемлекеттік нышандарды дайындау жөніндегі қызметтi лицензиялау кезiнде қойылатын біліктiлiк талаптары мыналарды:

1) стандарттау жөнiнде нормативтiк құжаттар, сондай-ақ белгiленген тәртiппен келісілген және бекітілген мемлекеттік нышандарды дайындау процесiн регламенттейтiн техникалық құжаттар (техникалық тапсырма, техникалық шарттар, конструкторлық-технологиялық құжаттама);

2) жеке меншiк құқығындағы немесе жалға алынған өндiрiстiк-техникалық база (өндiрiстiк үй-жайлар, технологиялық жабдықтар, өлшеу және бақылау құралдары, соның iшiнде қолданыстағы стандарттау жөнiнде нормативтiк құжаттар талаптарына сай дайындалған мемлекеттік нышандардың сапасын және оларды дайындаудың технологиялық процесiнiң сақталуын қамтамасыз ететiн түстер атласы);

3) пайдаланылатын өлшеу құралдарын және сынау жабдықтарын салыстырып тексеру немесе метрологиялық аттестаттау туралы сертификаттар;

4) мемлекеттік нышандарды дайындаудың технологиялық процесiне қарай, өндiрушi әзiрлеген нұсқаулықтарда белгiленген, лицензияланатын қызмет саласында тиiстi біліктiлiгi және білім деңгейi бар персоналдың болуын қамтиды.