Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш туралы
1999 жылғы 2 тамыздағы № 464-I Қазақстан Республикасының Заңы
(ҚР 06.11.01 ж. № 252-II; 02.07.03 ж. № 443-II; 09.07.03 ж. № 482-II;
10.07.03 ж. № 483-II Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)

Бұрынғы ред. қара

ҚР 2004 ж. 24 сәуірдегі № 548-11 Бюджет Кодексімен күші жойылды

1-тарау. Жалпы ережелер                               (1-5 баптар)
2-тарау. Мемлекеттік қарыз алудың мақсаттары          (6-14 баптар)
3-тарау. Мемлекет кепілдік берген қарыз              (15-28 баптар)
         алу және борыш
4-тарау. Кредит берушілердің мүдделерін қорғау       (29-31 баптар)
5-тарау. Қорытынды ережелер                          (32-34 баптар)

Осы Заң Қазақстан Республикасы уәкілетті органдарының мемлекеттік қарыз алуы және Қазақстан Республикасы резиденттерінің мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыз алуы процесінде, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты басқару процесінде туындайтын қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

ҚР 06.11.01.11.06. № 252-II;02.07.03 ж. № 443-II (бұр. ред. қара); 09.07.03 ж. № 482-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарымен 1-бап өзгертілді

1-бап. Негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) аваль - вексель кепiлдiгi, соған орай оны жасаған тұлға вексель бойынша мiндеттi басқа тұлға үшiн вексель жөніндегі төлемдi жасауға (толық немесе бiр бөлiгiн) өзiне мiндеттеме қабылдайды;

2) жалпы сыртқы борыш - алынған (игерілген) және өтелмеген мемлекеттік және мемлекеттік емес сыртқы заемдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы резиденттерінің Қазақстан Республикасы резидент еместерімен келісім-шарттары бойынша берешектік міндеттемелерінің белгілі бір күнгі сомасы;

3) сыртқы заем - Қазақстан Республикасының резидент емесi - заем берушi, ал Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының резидентi заем алушы болатын заем қатынастары;

4) сыртқы мемлекеттік борыш - Қазақстан Республикасы Yкіметінiң және Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының резидент емес кредит берушiлерi алдындағы сыртқы мемлекеттік заемдар мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттік борышының құрамдас бөлiгi;

5) iшкi заем - Қазақстан Республикасының резидентi - заем берушi, ал Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының резидентi заем алушы болатын заем қатынастары;

6) iшкi мемлекеттік борыш - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң, жергiлiктi атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының кредит берушi-резиденттерi алдындағы iшкi мемлекеттік заемдар мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттік борыштың құрамдас бөлiгi;

7) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару - Қазақстан Республикасы Yкіметінiң, жергiлiктi атқарушы органдардың немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заем берушiлерге ұсынатын, иелерiне бiрдей құқықтарды қамтамасыз ететiн әрi орналастыру, өтеу және қызмет көрсету шарттары бiрдей бағалы қағаздардың жиынтығы түріндегі борыштық мiндеттемелерiнiң шешiм қабылдау және заң жүзiнде ресiмдеу процесi;

8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік (үкiметтiк, егемен) кепілдiгi - Қазақстан Республикасының заем алушы-резидентi одан алынуға тиесiлi соманы белгiленген мерзiмде төлемеген жағдайда Қазақстан Республикасы Yкіметінiң кредит берушiлер алдындағы берешектi толық немесе iшiнара өтеуге мiндеттемесi;

9) мемлекет кепілдiк берген борыш - Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерi бар, алынған және өтелмеген мемлекеттік емес заемдардың белгiлi бiр күнгi сомасы;

10) мемлекет кепiлдiк берген заем - Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiгi бар мемлекеттік емес заем;

11) мемлекеттік борыш - белгiлi бiр күнге үкiметтiк борыштың, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi мен жергiлiктi атқарушы органдар борышының сомасы;

12) мемлекеттік заем - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, Қазақстан Республикасының Yкіметі немесе жергiлiктi атқарушы органы заем алушы болатын заем қатынастары;

13) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз - Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергiлiктi атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi заем алушы болатын заемға қатысты оны ұстаушының мүлiктiк құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;

14) ақша рыногы - қысқа мерзiмдi (бiр жылға дейiн), өтiмдi борыштық қаржылық құралдар рыногы;

15) заем туралы шарт (келісім) - заем алушы сол арқылы заем қаражатын алатын және заем берушiнiң алдында оны қайтару жөнiнде әрi сыйақыны (мүдденi) сондай-ақ заемға байланысты басқа да төлемдердi төлеу жөнiнде мiндеттемелер алатын құқық қатынастарын тiркейтiн құжат;

16) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышы - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi алған және өтемеген мемлекеттік заемдардың, сондай-ақ заң актілерімен белгілi бiр күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышына жатқызылған борыштық мiндеттемелердің сомасы;

17) қарыз алу - заем қаражатын тарту қажеттiгi туралы шешiмдер қабылдау, заемды тартудың, пайдаланудың, өтеудiң және оған қызмет көрсетудiң тәртібі мен шарттарын анықтау рәсiмдерiн, келiссөздер, мiндеттемелердi қамтамасыз етудi және атқарылуына кепiлдiк беру, заем бойынша тиiстi құжаттарды ресiмдеу және қол қою, заем шарттарын бекіту (мемлекеттік сыртқы қарыз алу кезiнде) рәсiмдерiн, тараптардың мiндеттемелердi орындауын есепке алу, бақылау және талдау рәсiмдерiн қоса алғанда, заем қаражатын алуды, пайдалануды, заемды өтеудi және оған қызмет көрсетудi қамтитын процесс;

18) банктің кепiлдiгi - заем алушы заем туралы шарт (келісім) бойынша өзi төлеуге тиесiлi соманы белгiленген мерзiмде төлемеген жағдайда екiншi деңгейдегi банктiң (банктердің) немесе шетелдiк банктiң (банктердiң) бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның алдындағы мемлекеттік емес заем бойынша берешектi өтеу жөніндегі мiндеттемесi;

19) жергілiктi атқарушы органның борыш лимиті - тиiстi жылға арналған жергілiктi бюджетте жоспарланған жергiлiктi атқарушы органның алған және өтелмеген заемдарының тiркелген сомасы, белгiлi бiр уақыттағы (қаржы жылының аяғындағы) жергiлiктi атқарушы органның нақты борышы одан аспауға тиiс;

20) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сыртқы борыш лимитi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi алған және өтелмеген сыртқы заемдарының жоспарлы тiркелген сомасы, белгiлi бiр уақытта (қаржы жылының аяғында) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нақты сыртқы борышы одан аспауға тиiс;

21) алып тасталды

22) үкiметтiк борыш лимитi - тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте жоспарланып отырған, үкiметтiк заемдардың алынған және өтелмеген тiркелген сомасы, белгiлi бiр уақытта (қаржы жылының аяғында) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң нақты борышы одан аспауға тиiс;

23) мемлекеттік кепілдіктер беру лимитi - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң құрамында бекітілетiн, соның шегiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерi берiлуi мүмкiн тiркелген сома;

24) борыш мониторингi - борыштың қалыптасуы, өзгеруi және оған қызмет көрсету процесiн қадағалау, талдау және бақылау бойынша мемлекеттiң өзi уәкiлеттiк берген органдардың атынан атқаратын қызметi;

25) мемлекеттік емес заем - Қазақстан Республикасының Үкіметін, жергiлiктi атқарушы органдарды және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидентi заем алушы болатын заем қатынастары;

26) сыйақының (мүдденiң) тiркелмеген (өзгермелi) ставкасы - рыноктық конъюнктураға байланысты өзгерістерге бейiм кредиттер, заемдар бойынша сыйақының (мүдденiң) ставкасы немесе сыйақымен (мүддемен) бiрге бағалы қағаздар бойынша кiрiс;

27) борышқа қызмет көрсету - белгiлi уақыт кезеңiнде қарыз алу шарттарынан туындайтын сыйақы /мүдде/, комиссиялық, айыппұл және басқа да төлемдердi жинақтап төлеу;

28) заемға қызмет көрсету - заем алушының шоттарындағы заем қаражаттарын пайдалануды есепке алу және заем шарттарына сәйкес негiзгi борышты өтеуге төлемдердi, сыйақыны /мүдденi/, комиссиялық және басқа төлемдердi заем алушының жүзеге асыруы жөніндегі уәкiлеттi органның немесе банктiң қызметi;

29) борышты өтеу - заем алушының алынған заемдар сомасын кредит берушiлермен (заем берушiлермен) шарттарда (келісімдерде) белгiленген тәртiппен қайтаруы (амортизациясы), борышты құрайтын басқа да мiндеттемелердi белгiленген тәртiппен орындауы;

30) бағдарламалық заемдар - Қазақстан Республикасының Үкіметімен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсілген Қазақстан Республикасы экономикасын дамыту және реформалау жөніндегі шараларды орындау талаптарымен халықаралық қаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының Үкіметіне немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне беретiн заемдары;

31) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң, жергiлiктi атқарушы органдардың немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарын азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасу жолымен алғашқы иеленушiлерге беру;

32) Қазақстан Республикасының резиденттерi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасында орналасқан орны бар заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде орналасқан орны бар филиалдары мен өкiлдiктерi;

32-1) заем құрылымын өзгерту - тараптардың келісімiмен өздерiнiң заем туралы шарт (келісім) бойынша мiндеттемелердi орындау мерзiмдерiн, қаржылық және өзге де талаптарын өзгертуi;

33) несие капиталының рыногы - бос ақшаның жинақталуын қамтамасыз ететiн экономикалық қатынастар жүйесi, оларды несие капиталына айналдыру және оны өз қызметiн түрлi елдерде жүзеге асыратын молықтыру процесiне қатысушылардың арасында қайта бөлу;

34) несие капиталы - сыйақы (мүдде) түріндегі ақы үшiн қайтарымдылық шарттарында берiлетiн ақша капиталы;

35) негiзгi борыш сомасы - алынған заемның өтелуге тиiстi және кредит берушiге қайтарылмаған, ол бойынша есептелетiн сыйақы (мүдде), комиссиялық төлемдер мен айыппұлдар сомасы есепке алынбаған сома.


2-бап. Осы Заң реттейтiн объектiлер

Осы Заң реттейтiн объектілер Қазақстан Республикасының Yкіметі, жергiлiктi атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асыратын қарыз алу, Қазақстан Республикасының резиденттерi жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерiмен қамтамасыз етiлетiн қарыз алу, сондай-ақ осындай қарыз алу нәтижесiнде құрылатын мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген борышты басқару болып табылады.

3-бап. Мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш туралы Қазақстан Республикасының заңдары

Мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң нормаларынан, осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.

Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш туралы заңдарында көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

Жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуы тек қана Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.

Мемлекеттік емес қарыз алу осы Заңмен, Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерімен және Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерімен реттеледi.

ҚР 06.11.01.11.06. № 252-II;02.07.03 ж. № 443-II (бұр. ред. қара) 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 4-бап өзгертілді

4-бап. Мемлекеттік органдардың қарыз алу мен борышты басқару саласындағы өкiлеттiгi

1. Қазақстан Республикасының Парламентi өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясы және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілері жүктеген республикалық бюджеттi бекіту және мемлекеттік заемдардың мәселелерi бойынша халықаралық шарттарды бекіту жөніндегі өкiлеттiктi жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының Yкіметі:

1) Қазақстан Республикасы Yкіметінiң заемдарды тарту, Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң мемлекеттік емес заемдары бойынша мемлекеттік кепiлдiктер беру қажеттiгi туралы шешiмдер қабылдайды;

2) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген борышты басқару саласындағы құзыретiн белгiлейдi;

3) Қазақстан Республикасының Yкіметі мен жергiлiктi атқарушы органдарының заем туралы шарттарды (келісімдердi) жасасу, олардың мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздардың әрбiр түрi бойынша жеке мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару, орналастыру, оларға қызмет көрсету және өтеу, мемлекеттік кепiлдiктер беру үшiн инвестициялық жобаларды iрiктеу, Қазақстан Республикасы Yкіметінiң мемлекеттік емес заемдар бойынша мемлекеттік кепiлдiктер беру тәртібін, мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген заемдарды алу, пайдалану, өтеу және оларға қызмет көрсету, оларды тiркеу және есепке алу тәртібін, мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген борыштың мониторингi мен басқару тәртібін белгілейдi;

4) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алуы, мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген борышты басқару жөніндегі Қазақстан Республикасының заң және өзге де нормативтiк құқықтық актілерінiң жобаларын әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Парламентi мен Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгiзедi.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi:

1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік заемдарды, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң келісімiмен сыртқы заемдарды тарту қажеттiгi туралы шешiмдер қабылдайды;

2) осындай заемдарды тартудың қаржылық шарттарын белгiлейдi;

3) осындай заемдар бойынша шарттар (келісімдер) жасасады;

4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарын шығарады;

5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заемдарын алады, пайдаланады, өтейдi және оларға қызмет көрсетедi, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында олар эмиссиялаған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу мен сатуды, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi борышының мониторингiн және оны басқаруды жүзеге асырады;

6) Қазақстан Республикасының барлық резиденттерi үшiн мiндеттi мемлекеттік кепiлдiктерi жоқ, мемлекеттік емес сыртқы заемдар туралы шарттарды тiркеудi және олардың әрi қарай мониторингiн жүзеге асырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жалпы сыртқы борышын бағалауды түзедi.

4. Бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган:

1) алып тасталды

2) үкiметтiк заемдардың қаржылық шарттарын белгiлейдi, жергiлiктi атқарушы органдардың заемдарды тартуын келiседi;

3) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тапсыруымен келiссөздер жүргiзедi, үкiметтiк заемдардың шарттарына қол қояды, Қазақстан Республикасы Yкіметінiң мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарын шығарады, Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң мемлекеттік емес заемдары бойынша мемлекеттік кепiлдiктер бередi;

4) үкiметтiк заемдарды алады, пайдаланады, өтейдi және оларға қызмет көрсетедi, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында олар эмиссиялаған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу мен сатуды және үкiметтiк борышты басқаруды жүзеге асырады;

5) Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң мемлекеттік емес заемдарының мемлекеттік кепiлдiктерi бойынша мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз етедi;

6) Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның келісімi бойынша үкiметтiк және мемлекеттік кепiлдiктерi бар мемлекеттік емес сыртқы заемдарға қызмет көрсетуге екiншi деңгейдегi банктерге уәкiлдiк бередi;

7) барлық мемлекеттік заемдарды және мемлекеттік кепiлдiктердi тiркеудi, мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген борыштың мониторингiн және оны басқаруды жүзеге асырады;

8) алып тасталды

4-1. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган:

1) мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш саясатын әзiрлеуге қатысады;

2) мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борышты жоспарлау мен талдауды жүзеге асырады.

5. Жергiлiктi өкiлдi орган жергiлiктi атқарушы органның заемдарды тартудың қажеттiгi мен шарттары туралы шешiмдер қабылдайды.

6. Жергiлiктi атқарушы орган:

1) жергiлiктi өкiлдi органға жергiлiктi инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңдарында көзделген басқа да мақсаттарға iшкi заемдарды тарту қажеттiгi туралы ұсыныстар енгiзедi;

2) келiссөздер, жергiлiктi атқарушы органның заемдарын келiсудi, ресiмдеудi және қол қоюды жүргiзедi, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығарады;

3) Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның келісімi бойынша жергiлiктi атқарушы органның ішкі заемдарына қызмет көрсету үшiн тартылатын екiншi деңгейдегi банктердi анықтайды;

4) жергiлiктi бюджеттi атқару тәртібімен жергiлiктi атқарушы органдардың заем қаражаттарын алады және пайдаланады, осындай заемдарды өтейдi және оларға қызмет көрсетедi, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында олар эмиссиялаған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу мен сатуды жүзеге асырады;

5) жергiлiктi атқарушы органның заемдарын тiркейдi және жергiлiктi атқарушы органның борыш мониторингi мен оны басқаруды жүзеге асырады;

6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуы, мемлекеттік борышты және жергiлiктi атқарушы органдардың борышын басқару мәселелерi жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.

5-бап. Мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген борыштың

жай-күйi туралы мәлiметтердi жариялау

Қазақстан Республикасы мемлекеттік борышының ағымдағы жай-күйi туралы, мемлекеттік борышты өтеу есебiне төленген қаражаттың сомасы туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының берiлген мемлекеттік кепiлдiктерi және кепiлдiктер бойынша төленген қаражаттың сомасы туралы мәлiметтер ашық болып табылады әрi оларды уәкiлеттi мемлекеттік орган статистикалық есеп нысанында тоқсан сайын ресми жариялап тұруға тиiс.

2-тарау. Мемлекеттік қарыз алудың мақсаттары

ҚР 06.11.01.11.06. № 252-II;02.07.03 ж. № 443-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 6-бап өзгертілді

6-бап. Мемлекеттік қарыз алудың мақсаттары

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қарыз алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарыз алуы республикалық бюджеттiң тапшылығын қаржыландыру мақсатында жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарыз алуы Қазақстан Республикасының төлем балансын қолдау және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта активтерiн толықтыру мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасында жүргiзiлiп отырған ақша-кредит саясатымен айқындалатын басқа да мақсаттарда жүзеге асырылады.

Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қарыз алуы жергілікті инвестициялық жобаларды қаржыландыру мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңдарында көзделген басқа да мақсаттарда жүзеге асырылады.


7-бап. Мемлекеттік заемдардың түрлерi мен нысандары

1. Заем алушыға қатысы бойынша мемлекеттік заемдар:

1) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң заемдары;

2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заемдары;

3) Қазақстан Республикасы жергiлiктi атқарушы органдарының заемдары болып бөлiнедi.

2. Несие капиталының рыногы бойынша мемлекеттік заемдар:

1) сыртқы мемлекеттік заемдар;

2) iшкi мемлекеттік заемдар болып бөлiнедi.

3. Қарыз алу нысаны бойынша мемлекеттік заемдар:

1) мемлекеттік бағалы қағаздар эмиссиясы;

2) заем туралы шарттар (келісімдер) жасасу болып бөлiнедi.

4. Қолданылу мерзiмi бойынша мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар:

1) айналыс мерзiмi 1 жылға дейiн, қысқа мерзiмдi;

2) айналыс мерзiмi 1 жылдан 10 жылға дейiн, орта мерзiмдi;

3) айналыс мерзiмi 10 жылдан астам, ұзақ мерзiмдi болып бөлiнедi.

Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар құжаттық және құжатсыз нысанда шығарылуы мүмкiн. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар оны ұсынушылар үшiн тек қана құжаттық нысанда шығарылуы мүмкiн.

Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар номиналды және дисконтталған құны бойынша, сыйақының (мүдденiң) бекітілген және бекітілмеген (өзгермелi) ставкасымен шығарылуы мүмкiн.

ҚР 2001.11.06. № 252-II Заңымен 8-бап өзгертілді

8-бап. Мемлекеттік заемдарды тарту тәртібі

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң заем туралы келiссөздер жүргiзу, шарттарға (келісімдерге) қол қою тәртібін, оның атынан эмиссияланатын мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару, орналастыру, айналысқа түсiру, өтеу және оларға қызмет көрсету тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.

Қазақстан Республикасы Yкіметінiң атынан заемдарды тартуды заем туралы әрбiр жеке шарт (келісім) немесе мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздардың түрi бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешiмi негiзiнде бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік бағалы қағаздар эмитентi бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган болып табылады, ол осындай мемлекеттік бағалы қағаздардың әрбiр эмиссиясының көлемiн, мерзiмiн және талаптарын белгiлейдi.

2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заемдарды тарту тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы заңдармен белгiленедi.

3. Жергiлiктi атқарушы органның заемды тартуы жергiлiктi атқарушы органдардың заем туралы шарт (келісім) жасасу нысанында заем туралы шарттарына (келісімдерiне) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі жүзеге асыратын мiндеттi құқықтық сараптама және заем талаптарына бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асыратын қаржылық сараптама жасау арқылы жүргiзіледi.

Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі мен бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган сараптамасының нәтижелерi оң болған жағдайда, келiссөздер жүргiзудi, заем туралы шарттардың (келісімдердiң) ресiмделуi мен оларға қол қоюды, қоса алғанда, Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органының заемдар тартуын жергiлiктi атқарушы орган жүзеге асырады.

Жергiлiктi атқарушы органның мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар эмиссиясы нысанында заемды тартуы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртіппен мемлекеттік бағалы қағаздардың әрбiр эмиссиясының мерзiмдерiн, қаржылық және өзге де шарттарын бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органмен мiндеттi түрде келiсу арқылы жүргiзiледi.


ҚР 02.07.03 ж. № 443-II Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

9-бап. Мемлекеттік қарыз алуды шектеу

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік қарыз алуы тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы Заңында белгiленген үкiметтiк борыштың лимитiмен және үкiметтiк борышқа қызмет көрсетуге жұмсалатын қаражаттың көлемiмен шектеледi.

2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік сыртқы қарыз алуы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік сыртқы борышының лимитiмен шектеледi, ол Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi халықаралық қаржы ұйымдарынан бағдарламалық заемдар тартатын жағдайларды қоспағанда, оның таза алтын-валюталық активтерiнің 50 процентiнен аспайтын деңгейде белгiленедi.

3. Жергiлiктi атқарушы органның мемлекеттік қарыз алуы жергiлiктi атқарушы органның белгiленген қарыз алу және борыш лимиттерiмен тиісті қаржы жылының аяғындағы борыш лимитімен және жергiлiктi атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге жұмсалатын жергiлiктi бюджет қаражатының көлемiмен шектеледi.

Жергiлiктi атқарушы орган борышының лимитi тиiстi қаржы жылына арналған жергілiктi бюджет кiрiсiнiң 25 процентiнен аспауға тиiс. Жергiлiктi атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыс көлемi тиiстi жылға арналған жергiлiктi бюджет кiрiсiнiң 10 процентiнен аспауға тиiс.

Жергiлiктi атқарушы органдардың сыртқы заемдар тартуына жол берілмейді.

ҚР 06.11.01 ж. № 252-II; 02.07.03 ж. № 443-II (бұр.ред. қара) Заңдарымен 10-бап өзгертілді

10-бап. Мемлекеттік заемдарды пайдалану тәртібі

1. Үкiметтiк заемдар бойынша алынған қаражат республикалық бюджеттiң тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады және тиiстi жылға арналған республикалық бюджеттi атқару тәртібімен пайдаланылады.

2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заемдары бойынша алынған қаражат Қазақстан Республикасының төлем балансын қолдау мақсатына және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта активтерiн толықтыруға пайдаланылады.

3. Жергілiкті атқарушы органның заемдары бойынша алынған қаражат жергілікті инвестициялық жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңдарында көзделген басқа да мақсаттарға жұмсалады және тиісті жылға арналған жергілікті бюджеттің атқарылу тәртібімен пайдаланылады.

Жергiлiктi атқарушы органдардың заемдары қаражатының пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.

ҚР 06.11.01 ж. № 252-II Заңымен 11-бап өзгертілді

11-бап. Мемлекеттік борышты өтеу және оған қызмет көрсету,

ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік

эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу

1. Қазақстан Республикасының үкiметтiк борышын өтеудi және оған қызмет көрсетудi, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган эмиссиялаған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуды бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қаражат есебiнен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышын өтеудi және оған қызмет көрсетудi, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында олар эмиссиялаған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өзiнiң билiгіндегі активтер есебiнен жүзеге асырады.

3. Қазақстан Республикасы жергiлiктi атқарушы органдарының мемлекеттік борышын өтеудi және оған қызмет көрсетудi, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында олар эмиссияланған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуды олар тиiстi жылға арналған жергiлiктi бюджетте көзделген қаражат есебiнен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімi бойынша жергiлiктi атқарушы орган тартқан екiншi деңгейдегi банктер арқылы жүзеге асырады.


12-бап. Мемлекеттік борышты есепке алу

Барлық мемлекеттік заемдар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органда тiркелiп, есепке алынуға тиiс.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік борышын есепке алу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен жергiлiктi атқарушы органдар келісілген тәртiппен бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органға өз заемдарының талаптары, алынуы, оларға қызмет көрсетiлуi және өтелуi туралы ақпарат тапсырып отырады.

ҚР 06.11.01 ж. № 252-II Заңымен 13-бап өзгертілді

13-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышты өтеу

және оған қызмет көрсету жөнiндегі мiндеттемелерi

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы республикалық бюджетiнiң қаражатымен қамтамасыз етiлетiн үкiметтiк борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі мiндеттемелердi атқарады.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өзiнiң билiгіндегі барлық активтермен қамтамасыз етiлетiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі мiндеттемелердi атқарады.

3. Жергiлiктi атқарушы органдар жергiлiктi атқарушы органдардың билiгiнде тұрған меншiк құқығындағы мүлiкпен, қаржы ресурстарымен және басқа да активтермен қамтамасыз етiлетiн өз борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі мiндеттемелердi атқарады.

4. Мемлекеттік борыш борыштың негiзгi сомасы кредиторларға қайтарылған және борышқа қызмет көрсету жөніндегі төлемдер толық көлемiнде төленген жағдайда өтелген болып саналады.

Қазақстан Республикасы Yкіметінiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және жергiлiктi атқарушы органдардың осындай шарттың (келісімнің) талаптарында, осындай қағаздарды шығару талаптарында көзделген жағдайда, заем туралы шарт (келісім) бойынша мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын өтеуге, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды мерзiмiнен бұрын сатып алуға құқығы бар.


ҚР 06.11.01 ж. № 252-II; 02.07.03 ж. № 443-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 14-бап өзгертілді

14-бап. Мемлекеттік борышты басқару

Мемлекеттік борышты басқару мыналарды қамтиды:

1) өтеу және қызмет көрсету көлемдері, үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы органдар борышының, мемлекеттік кепілдік берудің лимиттері белгіленетін көрсеткіштерді жыл сайын нақтылау және айқындау арқылы мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыштың жай-күйін жыл сайын бағалау және алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжам. Бұл құжатты әзірлеуді бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесе отырып, елді экономикалық дамытудың орта мерзімді болжамы, жинақталған мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың көлемдері мен құрылымы, несие капиталы рыногындағы өзгерістер болжамы негізінде жүзеге асырады;

Бұл құжатты дайындауды бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен және Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасын әзiрлеуге уәкiлеттi органмен бiрлесе отырып, елдi экономикалық дамытудың ұзақ мерзiмдi болжамы, жинақталған мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген борыштың көлемi мен құрылымы, несие капиталы рыногындағы өзгерістер болжамы негiзiнде жүзеге асырады;

2) Бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асыратын, тиiстi жылға арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттерде бекітілетiн Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарыз алу көлемiн, нысандары мен талаптарын, үкiметтiк борыштың лимиттерiн және өтеу мен қызмет көрсету көлемiн, жергiлiктi атқарушы органдардың борышы лимиттерiн анықтау. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заемдары бойынша бұл рәсiмдердi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады;

3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасының Yкіметі мен жергiлiктi атқарушы органдарының заемдарын бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган тiркеуi және үкiметтiк заемдар мен жергiлiктi атқарушы органдар заемдары талаптарының бақылауы мен мониторингi және оларды өзгерту;

4) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергiлiктi атқарушы органдардың заемдарын алуды, өтеудi және қызмет көрсетудi, Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышын бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асыратын бақылау мен мониторингi;

5) Борыштың құрылымын оңтайландыру жөніндегі, оның iшiнде мемлекеттік бағалы қағаздар жөніндегі, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында эмитенттің мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу және сату жөніндегі мемлекеттік борыштың құрылымын өзгерту, мемлекеттік қарыз алу тәуекелдерiн басқару жөніндегі iс-шараларды дайындау мен iске асыру.

3-тарау. Мемлекет кепілдік берген қарыз

алу және борыш

ҚР 06.11.01 ж. № 252-II Заңымен 15-бап өзгертілді

15-бап. Мемлекеттік емес қарыз алу

1. Мемлекеттік емес қарыз алуды Қазақстан Республикасының резиденттерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi ескере отырып, кез келген мөлшерде, кез келген валютамен және кез келген нысанда дербес жүзеге асырады.

Мемлекеттік мекемелердің және қазыналық кәсiпорындардың мемлекеттік емес қарыз алуды жүзеге асыруға құқығы жоқ.

2. Мемлекеттік емес заемдарды Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерiмен заңды тұлғалар тартуы мүмкiн. Мемлекеттік кепiлдiктермен тартылатын мемлекеттік емес заемдар заем туралы шарттың (келісімнiң) нысанында болуға тиiс.

ҚР 02.07.03 ж. № 443-II Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)

16-бап. Мемлекеттік кепiлдiктер беру

Мемлекеттік кепiлдiктер кредит берушiлерге Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң өздерi алған мемлекеттік емес заемдар бойынша мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету ретiнде берiледi.

3аемдар бойынша Қазақстан Республикасының атынан кепiлдiктер беруге Қазақстан Республикасы Үкіметінің айрықша құқығы бар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, жергiлiктi атқарушы органдардың заемдар бойынша Қазақстан Республикасының атынан кепiлдiктер беруге құқығы жоқ.

Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тапсыруымен мемлекеттік кепiлдiктер берудi бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

17-бап. Қазақстан Республикасы Yкіметінiң мемлекеттік

кепiлдiктердi орындау жөніндегі мiндеттемелерi

Қазақстан Республикасының Yкіметі заем алушы заем туралы шартқа (келісімге) сәйкес өзiнен алынатын төлемдердi төлемеген жағдайда мемлекеттік кепiлдiктердi орындау жөнiнде мiндеттемелер алады.

Заем алушы заем туралы шартқа (келісімге) сәйкес өзiнен алынатын соманы төлеген жағдайда немесе заем алушыдан алынатын соманы қолданылып жүрген заемның мемлекеттік кепiлдiгiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі төлеген жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарында көзделген басқа да жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік кепiлдiктердi орындау жөніндегі мiндеттемелерi тоқтатылады.

ҚР 02.07.03 ж. № 443-II Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)

18-бап. Мемлекеттік кепiлдiктер берудi шектеу

Мемлекеттік кепiлдiктер тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген лимит шегiнде берiледi.

Мемлекеттік кепілдіктерді беру лимитінің көлемі осы лимит белгіленген тиісті жылдың шегінде ғана пайдаланылуы мүмкін.

Мемлекеттік кепiлдiктердi жергілiктi атқарушы органдардың заемдарын қамтамасыз ету ретiнде беруге болмайды.

19-бап. Мемлекеттік кепiлдiктердi беру талаптары

Мемлекеттік кепiлдiктер әрбiр инвестициялық жоба бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулылары негізiнде берiледi.

Мемлекеттік кепiлдiктердi беру кепiлшiнiң мiндеттемелерiн және осы Заңның 20-бабына сәйкес талаптарды орындау кезiнде Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмсаған бюджеттік қаражатты заем алушының қайтаратын талаптары негiзiнде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік емес заемдар бойынша мемлекеттік кепiлдiк берiлгенi үшiн түпкi заем алушыдан мемлекеттiң жүз проценттiк қатысуымен құрылған заңды тұлғалар үшiн мемлекеттік кепiлдiк сомасының 0,2 процентi мөлшерiнде және өзге заңды тұлғалар үшiн мемлекеттік кепiлдiк сомасының 2 процентi мөлшерiнде алдын ала бiржолғы ақы (алым) алынады.

ҚР 06.11.01 ж. № 252-II; 02.07.03 ж. № 443-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 20-бап өзгертілді

20-бап. Мемлекеттік кепiлдiктi алуға үмiткер тұлғаларға

қойылатын талаптар

1. Заемдар бойынша мемлекеттік кепiлдiк алуға үмiткер заңды тұлғалар заем алушы ретiнде әрекет ететiн болса, бұл заңды тұлғаларға мынадай талаптар қойылады:

1) Қазақстан Республикасының кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын резидентi болуы;

2) Қазақстан Республикасының тиісті кезеңге арналған мемлекеттік кепілдіктepi бар мемлекеттік емес заемдар қаражатының есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тiзбесiне енгiзiлген жобалардың орындалуын жүзеге асыруы;

3) банктiк қадағалау саласындағы уәкiлеттi органның келісімi бойынша бюджетті атқару жөніндегі уәкілеттi орган белгiлейтiн заемдардың қайтарылуын қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын банктiк кепiлдiктiң болуы;

3-1) салалық уәкiлеттi органның оң қорытындысы болуы;

3-2) бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның оң қорытындысы болуы;

3-3) экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органның оң қорытындысы болуы;

3-4) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органның оң қорытындысы болуы;

4) бұрын мемлекеттік кепiлдiкпен алынған, төлеу мерзiмi басталған мемлекеттік емес заемдарды өтеу және оларға қызмет көрсету жөнiнде берешегiнiң, сондай-ақ кредит берушiлер алдында мерзiмi өткен өзге де берешегiнiң болмауы;

5) жобаның жалпы құнын жаппайтын заем тартылған жағдайда, ұсынылып отырған инвестициялық жобаны қосымша қаржыландыру жөніндегі мiндеттеменi қамтамасыз етуi тиiс.

Мемлекеттік кепiлдiк алуға үмiткер заңды тұлғалар экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органға өтiнiм, сондай-ақ салалық уәкiлеттi органға және бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органға олардың қорытындылар әзiрлеу үшiн қажеттi құжаттар табыс етедi. Бұл орайда салалық уәкiлеттi орган мен бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган құжаттар берген заңды тұлғаларға және ұсынылған қорытындыларды жинақтауды және экономикалық талдауды жүзеге асыратын экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілеттi органға тиiстi қорытындылар жiберуге мiндеттi.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік емес заем шарттарына және инвестициялық жобаның тәуекелiне байланысты мемлекеттік кепілдiк алуға үмiткер тұлғаларға қойылатын қосымша талаптар белгiлеуi мүмкiн.

ҚР 02.07.03 ж. № 443-II Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

21-бап. Мемлекеттік кепiлдiктер беру үшiн инвестициялық

жобаларды iрiктеу

Мемлекеттік кепiлдiктер беру үшiн инвестициялық жобаларды iрiктеудi экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілеттi орган Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерi бар мемлекеттік емес заемдар қаражатының есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тiзбесiн жыл сайын қалыптастыру жолымен жүргiзедi.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерi бар мемлекеттік емес заемдар қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тізбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi және ол жариялануға тиіс.


22-бап. Мемлекеттік кепiлдiк нысаны

1. Мемлекеттік кепiлдiк:

1) Бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган кредит берушiмен жасасқан мемлекеттік кепiлдiк беру туралы жазбаша ресiмделген шарт (кепiлдiк шартты), не

2) мемлекеттік емес заемдар бойынша кепiлшiнiң мiндеттемелерiн (кепiлдiк мiндеттемелерiн) бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның қабылдағандығы туралы кредит берушiнiң жазбаша хабарламасы нысанында болуға тиiс.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес сыртқы заемдар бойынша мемлекеттік кепiлдiгiн беру туралы шарт болған жағдайда бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган заң актілерінде белгіленген тәртiппен заем алушының мiндеттемелерiн авальдауға құқылы. Аваль авальшының борышкер векселiне немесе оған қосымша бетке қойған қолы түрiнде не оның берiлген орны көрсетiлген жеке актiмен ресiмделедi.

Осы баптың және осы Заңның 23-бабының талаптарына сәйкес келетiн құжаттар ғана мемлекеттік кепілдiк деп танылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және олардың лауазымды адамдарының ешқандай актілерінiң немесе өзге де құжаттарының мемлекеттік кепiлдiк ретіндегі заң күшi болмайды.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, кепiлдiк шарты оған тараптар қол қойған күнiнен бастап күшiне енедi.

Кепiлдiк мiндеттеме немесе аваль олар берiлген күннен бастап күшiне енедi.

3. Кепілдiк шартына, әрбiр инвестициялық жоба бойынша кепiлдiк мiндеттемеге, заем алушының әрбiр мiндеттемесi бойынша авалiне Қазақстан Республикасының Қаржы министрi қол қояды.

23-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кепiлдігiнiң мазмұны

1. Кепiлдiк шартында немесе кепiлдiк мiндеттемеде:

1) мемлекеттік кепілдiк беруге негiз болатын Қазақстан Республикасы Yкіметі қаулысының реквизиттерi;

2) заем алушының атауы және орналасқан жерi;

3) заем туралы шарттың (келісімнiң) тараптары және заем алушының негiзгi мiндеттемелерiнiң мазмұны;

4) заемның кепiлдiк берiлетiн сомасы, берiлетiн мемлекеттік кепiлдiктiң күшi қолданылатын, заем бойынша өзге де кепiлдiк берiлетiн мiндеттемелер;

5) мемлекеттік кепiлдiктiң қолданылу мерзiмi;

6) кепiлдiк шартына (кепiлдiк мiндеттемеге) қол қойған лауазымды адам көрсетiледi.

2. Борышкердiң векселiне соғылған белгi нысанындағы аваль үшiн лауазымды адам-авальшы көрсетiледi.

3. Кепiлдiк шартында (кепiлдiк мiндеттемеде) осы баптың 1-тармағының 4), 5) тармақшаларында көзделген ережелер болмаған жағдайда:

1) мемлекеттік кепiлдiк борышкердiң заемдар бойынша барлық мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз етедi деп;

2) мемлекеттік кепілдiк заем қолданылатын мерзiмге берiлген деп саналады.

Кепiлдiк шарты мен кепiлдiк мiндеттемеде осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген талап болмаған не оларға қол қойылған, сондай-ақ осы Заңның 22-бабының 3-тармағын бұза отырып, заем алушының мiндеттемелерiн уәкiлдiк берiлмеген тұлға авальдандырған жағдайда мемлекеттік кепілдiк жарамсыз деп саналады.

ҚР 02.07.03 ж. № 443-II Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

24-бап. Мемлекеттік кепiлдiктер берудiң және олар кепiлдiк

берген заемдардың есебi

Берiлетiн мемлекеттік кепiлдiктер мен олар кепiлдiк беретiн заемдар бюджеттi атқару жөніндегі уәкілеттi органда тiркелуге және есепке алынуға тиiс.

Бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган мемлекет кепiлдiк берген борыштың мониторингiн және оны басқаруды жүзеге асырады.

ҚР 02.07.03 ж. № 443-II Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

25-бап. Мемлекеттік кепiлдiктiң орындалуы

Егер заем туралы шарттың (келісімнiң) талаптарында өзгеше көзделмесе, кепiлдiкпен қамтамасыз етiлген заемды төлем мерзiмi басталған күнi заем алушы толық немесе iшiнара және тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаттар шегiнде өтемеген жағдайда, кепiлдiк кредит берушiнiң талап етуi бойынша, төлем күнi басталғаннан кейiн орындалуға тиiс.

Қазақстан Республикасының Үкіметі заем туралы шарттың (келісімнiң) талаптарына сәйкес және кредитордың келісімiмен мемлекет кепiлдiк берген заемды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банкрот деп танылған және (немесе) таратылған заем алушы үшiн мерзiмiнен бұрын өтеудi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебiнен мемлекеттік кепiлдiктердi орындау жолымен жүзеге асыруға құқылы.

ҚР 06.11.01 ж. № 252-II Заңымен 25-1-баппен толықтырылды

25-1-бап. Мемлекет кепілдiк берген заемдар құрылымын өзгерту

Мемлекет кепілдiк берген заем құрылымын өзгерту кредиторлардың және заемшының келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Yкіметі шешiм қабылдаған жағдайда жүзеге асырылады.

Мемлекет кепiлдiк берген заем құрылымын өзгерту кезiнде кредиторлардың талап етуi бойынша бұрын берiлген мемлекеттік кепілдiктi Қазақстан Республикасының Үкіметі растауы немесе ауыстыруы мүмкiн.

Бұл ретте кепiлдiк берiлетiн заем сомасы бұрын берiлген мемлекеттік кепiлдiк бойынша заемның сомасынан аспауға тиiс. Жаңадан берiлген мемлекеттік кепiлдiкке осы Заңның 18-бабының бiрiншi бөлiгiнде белгiленген шектеулер қолданылмайды.

ҚР 02.07.03 ж. № 443-II Заңымен 25-2-баппен толықтырылды

25-2-бап. Мемлекет кепiлдiк берген заем бойынша заем алушыны ауыстыру

Мемлекет кепiлдiк берген заем бойынша заем алушыны Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi қабылданған жағдайда заем туралы шарт (келісім) тараптарының келісімi бойынша ауыстыруға жол берiледi.

Мемлекет кепiлдiк берген заем бойынша заем алушы ауыстырылған жағдайда бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган кредитордың талабы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi негiзiнде мемлекеттік кепiлдiктi ауыстыруы немесе растауы мүмкiн.

Бұл ретте кепiлдiк берiлетiн заем сомасы бұрын берiлген мемлекеттік кепiлдiк бойынша заемның сомасынан аспауға тиiс. Жаңадан берiлген мемлекеттік кепiлдiкке осы Заңның 18-бабының бiрiншi бөлiгiнде белгiленген шектеулер қолданылмайды.

ҚР 06.11.01 ж. № 252-II; 02.07.03 ж. № 443-II (бұр.ред. қара) Заңдарымен 26-бап өзгертілді

26-бап. Мемлекеттік кепiлдiктердiң қолданылуын тоқтатудың негiздерi

Мемлекеттік кепiлдiк, егер:

1) Қазақстан Республикасының Үкіметі кепiлдiк берген заем бойынша мiндеттемелердi заем алушы немесе кепiлшi толық орындаса;

2) егер онда өзгеше айтылмаса, кепiлдiк шартында (кепiлдiк мiндеттемеде) көрсетiлген кепiлдiк мерзiмi бiтсе;

3) заем туралы шартта (келісімде) және /немесе/ кепiлдiк шартында (кепiлдiк мiндеттемеде) арнайы айтылған жағдайларда;

4) ол заем құрылымын өзгерту және (немесе) мемлекет кепілдiк берген заем бойынша заем алушыны ауыстыру кезiнде жаңасымен ауыстырылса;

5) Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңның 25-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес мемлекет кепiлдiк берген заемды мерзiмiнен бұрын өтеудi жүзеге асырса, қолданылуын тоқтатады.

27-бап. Мемлекеттік кепiлдiкпен алынған қаражатты пайдалануды шектеу

Мемлекеттік кепiлдiкпен алынған қаражатты заем туралы шартта (келісімде) көзделмеген мақсатта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына кредит беруге пайдалануға тыйым салынады.

ҚР 02.07.03 ж. № 443-II Заңымен 28-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

28-бап. Мемлекеттік кепiлдiгi бар, заем шарты (келісімi) бойынша алынған қаражаттың пайдаланылуына бақылау жасау және жауапкершiлiк

Мемлекеттік кепiлдiгi бар заем шарты (келісімi) бойынша алынған қаражаттың пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

Мемлекеттік кепiлдiгi бар заем бойынша заем алушы және кепiлдiк берген банк Қазақстан Республикасының Үкіметі кепiлдiк берген заем бойынша алынған қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғаны үшiн және заем алушы заем бойынша борыш мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда мемлекеттік кепілдiк жөніндегі мiндеттемелердi бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган орындауы үшiн пайдаланған қаражаттың қайтарылуы үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендей жауапкершiлiкте болады.

4-тарау. Кредит берушілердің мүдделерін қорғау

29-бап. Кредит берушi алдындағы мiндеттемелердiң күшi жойылуына немесе мерзiмiн ұзартуға жол берiлмеуi

Кредит берушiлердің алдындағы мiндеттемелердiң, оның iшiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерiнен туындайтын мiндеттемелердің, бiр жақты тәртiппен күшiн жоюға немесе мерзiмiн ұзартуға болмайды.

30-бап. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерiнен қорғау

Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып қабылдаған, мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген заемдарды тарту, пайдалану немесе өтеу жағдайларын нашарлататын актілерінiң заң күшi болмайды.

31-бап. Шетелдiк кредит берушiлердiң залалдарын өтеу және олардың орнын толтыру

Соғыс немесе басқа қарулы жанжал, революция, төтенше жағдай, азаматтардың қақтығыстары немесе сол сияқты мән-жайлар нәтижесiнде, сондай-ақ заңсыз нормативтiк құқықтық актiлер мен сот шешiмдерiнiң қабылдануына немесе мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттердi жүзеге асыруына байланысты Қазақстан Республикасында мүдделерiне зиян келтiрiлген шетелдiк кредит берушiлерге жоғарыда аталған мән-жайлар нәтижесiнде келтiрiлген залалдың орнын толтыру және (немесе) өтемақы төлеу кезiнде Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары жөнiнде қолданылатынынан кем емес қолайлы режим жасалады.

5-тарау. Қорытынды ережелер

32-бап. Дауларды шешу

1. Заем туралы шарттарға (келісімдерге), мемлекеттік бағалы қағаздар эмиссиясына, үкiметтiк кепiлдiктерге немесе мемлекеттік, үкiметтiк борышты, жергiлiктi атқарушы органдардың борышын немесе соларға байланысты қызметке, оның iшiнде мемлекет кепiлдiк берген борышты басқаруға байланысты туындайтын даулар мен келiспеушiлiктер мүмкiндiгiнше келiссөздер жолымен не заем туралы шарттарда (келісімдерде), мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару ережелерiнде белгiленген, дауларды шешудiң бұрын келісілген рәсiмдерiне сәйкес шешiледi.

2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған дауларды бiр тарап екiншi тарапқа алғаш рет айтқан күннен бастап үш ай iшiнде шешу мүмкiн болмаса даудағы кез келген тарап екiншi тараптың жазбаша келісімi болған жағдайда дауды шешу үшiн:

1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай дауларды қарауға уәкiлдiк берiлген Қазақстан Республикасының сот органдарына немесе

2) егер қатысушы резидент емес болса - мынадай төрелiк органдардың бiрiне:

- егер инвестордың мемлекетi осы Конвенцияның қатысушысы болса, 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтонда қол қойылу үшiн ашылған мемлекеттер мен басқа мемлекеттердiң азаматтары арасындағы халықаралық дауларды реттеу жөніндегі Конвенцияға (ИКСИД Конвенциясы) сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (бұдан әрi - Орталық);

- егер инвестордың мемлекетi ИКСИД Конвенциясына қатысушы болмаса, Орталықтың (қосымша органның тәртiптерi бойынша жұмыс iстейтiн) қосымша мекемесiне;

- Бiрiккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелiк регламентiне сәйкес құрылатын төрелiк органдарына;

- Стокгольмдегi Халықаралық сауда палатасының төрелiк институты жанындағы төрелiк органдарына жүгiнуге құқылы.

3. Дауды шешудiң бастамашысы уәкiлеттi мемлекеттік орган болып, ал шетелдiк кредит берушi дауларды қараудың белгiлi бiр рәсiмiн таңдаудан жалтарған жағдайда, уәкiлеттi орган дауды бейбiт жолмен реттеу мақсатымен шетелдiк кредит берушiге уәкілеттi мемлекеттік органның бiрiншi жазбаша хабар берген күнiнен бастап үш ай өткен соң Қазақстан Республикасы сот органдарының қарауына беруге құқылы.

Шетелдiк кредит берушi осы баптың 2-тармағында көзделген дауларды шешудiң өзге рәсiмiн таңдағаны туралы жазбаша өтiнiш берген жағдайда, iстi қараушы сот оны жүргiзудi қысқартады.

4. Шетелдiк кредит берушiнiң Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен және азаматтарымен дауларын қоса алғанда, осы баптың 1-тармағы шеңберiнде қамтылмаған барлық өзге дауларды, егер тараптардың келісімдерiнде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары шешедi.

33-бап. Мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу және борыш бойынша заңдардың бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк

Осы Заңның бұзылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жауап беруге әкеп соғады.

34-бап. Осы Заңның нормаларын ол күшіне енгізілгенге дейін пайда

болған құқықтық қатынастарға қолдану тәртібі

Осы Заң күшіне енгізілгенге дейін пайда болған және ол күшіне енгізілгеннен кейін жалғасатын құқықтық қатынастар бойынша осы Заңның нормалары заңда белгіленген тәртіппен бұрын қол қойылып, күшіне енген заемдар туралы шарттардың (келісімдердің) талаптарына қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

Қазақстан Республикасының

Президенті

 

Н. Назарбаев