Байланыс туралы
Қазақстан Республикасының 1999 ж. 18 мамырдағы № 382-І Заңы
(ҚР 24.12.01 ж. № 276-II; 08.01.03 ж. № 379-II Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
2004 жылғы 5 шілдедегі № 567-II Қазақстан Республикасының Заңымен күші жойылды
Бұрынғы редакциясын қара
І-тарау. Жалпы ережелер (1-4 баптар)
2-тарау. Байланыс саласындағы қызметті реттеу (5-13 баптар)
3-тарау. Байланыс желілері (14-17 баптар)
4-тарау. Байланыс құралдарын, ғимараттарын, радиожиілік (18-19 баптар)
спектрін және байланыс жерсеріктерінің орбиталық
позицияларын қорғау мен күзету
5-тарау. Байланыс желілерін дамыту (20-22 баптар)
6-тарау. Байланыс қызметтерін пайдаланушылардың (23-24 баптар)
құқықтары
7-тарау. Байланыс қызметтерін көрсету ерекшеліктері (25-26 баптар)
8-тарау. Байланыс саласында қызметті жүзеге (27-бап)
асыру кезіндегі жауапкершілік
9-тарау. Халықаралық ынтымақтастық (28-бап)
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында байланыс саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, мемлекеттік органдардың аталған қызметті реттеу жөніндегі өкілеттігін, байланыс қызметін көрсететін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін анықтайды.
І-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Байланыстың мақсаты
1. Байланыс Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымының ажырағысыз бөлігі болып табылады және оның аумағында қауіпсіздіктің, қорғаныстың, құқық тәртібін қорғаудың, мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың байланыс қызметіне деген қажеттігін қанағаттандыруға арналып өзара үйлестірілген өндірістік-шаруашылық кешен ретінде жұмыс істейді.
2. Байланыс құралдары мен есептеу техникасы ақпаратты жинау, сұрыптау, жинақтау және тарату процесін қамтамасыз етудің техникалық базасын құрайды.
ҚР 2003 ж. 8 қаңтардағы № 379-II Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) телефон жалғау қызметіне ақы төлеудін абоненттік белгіленген жүйесі (бұдан әрі - қызметке ақы төлеудің абоненттік жүйесі) - байланысты пайдаланушының белгілі бір уақыт кезеңіндегі төлемдер сомасы абоненттік желіні, оның түріне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру ақысын және бір абонентке шаққанда оның орташа ұзақтығына қарай жергілікті телефон жалғау ақысын қамтитын қызметке ақы төлеу жүйесі;
2) байланыстың ведомстволық желілері - телекоммуникациялардың өндірістік және арнайы мұқтаждарды қамтамасыз ету үшін құрылатын, жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісіне шыға алатын желілері;
3) телекоммуникациялардың өзара үйлестірілген желісі - Қазақстан Республикасының аумағындағы телекоммуникациялардың технологиялық жағынан септестірілген, орталықтандырылған басқарумен қамтамасыз етілген желілерінің кешені;
4) байланыстың бөлектелген желілері - жеке және заңды тұлғалардың пайдаланушылар шеңберін сол желінің иесі белгілейтін, жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісіне шыға алмайтын, телекоммуникациялар желілері;
5) жалпы қолжетімді қызметтер - кез келген пайдаланушыға көрсетілетін, сапасы қанағаттандырарлық бірінші кезекте кажетті байланыс қызметтері;
6) байланыс операторы - байланыс кызметтерін көрсетуге құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;
7) телекоммуникациялар желілерінің күзетілетін аймағы - ондағы өсімдіктерімен және құрылыстарымен қоса алғанда, байланыс желісін бойлай және байланыс объектілерінің айналасына орналасқан жер учаскесі;
8) телефон жалғау қызметіне уақытына қарай ақы төлеу жүйесі (бұдан әрі қызметке уақытына қарай ақы төлеу жүйесі) - байланысты пайдаланушының белгілі бір уақыт кезеңіндегі төлемдер сомасы тұрақты құрамдас бөліктен - абоненттік желіні, оның түріне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға бергені үшін төленетін ақыдан және уақытына қарай құрамдас бөліктен тарифтеу бірлігінің іс жүзіндегі ұзақтығына қарай жергілікті телефон жалғау ақысынан тұратын ақы төлеу жүйесі;
9) байланысты пайдаланушы - байланыс қызметін тұтынушы, соның ішінде байланыс операторларымен жасасатын шарттар негізінде тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға (абонент);
10) почта байланысы - почта жөнелтілімдерін қабылдау, сұрыптау, тасымалдау және жеткізу, сондай-ақ ақша аудару;
11) почта жөнелтілімдері - хаттар, почта карточкалары, бандерольдер, пакеттер, посылкалар, почта контейнерлері, сондай-ақ тиісінше буылып-түйілген баспа басылымдары;
12) трафикті өткізу - байланысты пайдаланушылар (байланыс желілері) арасында жалғауды жолға қою мен ақпарат беру процесін жүзеге асыру;
13) радиожиілік спектрі - радиожиіліктердің белгілі бір жиынтығы;
14) байланыс - ақпарат пен почта жөнелтілімдерін қабылдау, жинау, сұрыптау, жинақтау, беру, жеткізу және тарату;
15) телекоммуникациялар желісі - хабар берудін бір немесе бірнеше түрін: телефон, телеграф, факсимиле түрлерін, деректер мен құжаттық хабардың басқа да түрлерін беруді, телевизиялық, дыбыстық және радио мен сым-өткізгіш арқылы хабар таратудың өзге де түрлерін қамтамасыз ететін технологиялық жүйелер;
16) жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісі - телекоммуникациялардың өзара үйлестірілген желісінің барлық жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшін ашық құрамдас бөлігі;
17) жергілікті телефон жалғау құнын уақытына қарай есептеу жүйесі (бұдан әрі - жергілікті телефон жалғауды уақытына қарай есептеу) - жергілікті телефон жалғауды есептеудің жергілікті телекоммуникациялар желісі қызметін пайдаланғаны үшін төлемдер сомасының есебін қамтамасыз ететін технологиялар мен тәсілдер жиынтығы;
18) байланыс құралдары - телекоммуникациялар хабарламаларын не почта жөнелтілімдерін қалыптастыру, сұрыптау, беру немесе қабылдау үшін пайдаланылатын техникалық құралдар;
19) телекоммуникация - көмегімен сым-өткізгіш, оптика, радио және басқа электромагниттік жүйелер бойынша белгілер, сигналдар, мәтіндер, бейнелер, дыбыстар беру немесе қабылдау жүргізілетін құралдар жиынтығы;
20) трафик - телекоммуникациялар желілері арқылы берілетін хабарламалар жиынтығы;
21) байланыс қызметтері - почта жөнелтілімдерін немесе телекоммуникациялар хабарламаларын қабылдау, сұрыптау, сақтау, беру және жеткізу жөніндегі қызмет.
3-бап. Байланыс саласындағы заңдар
Байланыс саласындағы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың нормаларына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
4-бап. Байланыс саласындағы қызметтің негізгі принциптері
Байланыс саласындағы қызмет:
1) байланыс қызметін пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерін сақтау;
2) телекоммуникациялар желілері мен құралдары арқылы хабарламалар беру еркіндігі, почта жөнелтімдерін қабылдау, жеткізу және транзиттеу еркіндігі;
3) жеке және заңды тұлғалардың байланыс саласындағы қызметке қатысу және оның нәтижелерін пайдалану құқықтарының теңдігі;
4) адал бәсеке;
5) Қазақстан Республикасының аумағындағы бірыңғай стандарттардың негізінде желілік технологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, байланыстың сенімділігі мен басқарылуын қамтамасыз ету;
6) байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, дүниежүзілік байланыс жүйесіне интеграциялануға жәрдемдесу негізінде жүзеге асырылады.
2-тарау. Байланыс саласындағы қызметті реттеу
5-бап. Байланыс саласындағы уәкілетті орган
1. Байланыс саласындағы қызметті реттеуді мемлекеттік орган жүзеге асырады. Уәкілетті мемлекеттік орган шығаратын нормативтiк құқықтық актiлер және оның өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдайтын шешiмдерi байланыс қызметiн көрсететiн немесе оны пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар үшiн олардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан мiндеттi болып табылады.
2. Уәкiлеттi мемлекеттік органның негiзгi мiндеттерi мыналар:
1) байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және оның iске асырылуын қамтамасыз ету, байланыс саласындағы жалпы реттеу;
2) телекоммуникациялардың жұмыс iстеуi мен дамуын алқалық негiзде салааралық үйлестiрiп отыру;
3) байланыс саласындағы қызметке мемлекеттік техникалық қадағалау мен бақылау жасауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
4) радиожиiлiк спектрiн бөлу мен пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысу және оның iске асырылуын қамтамасыз ету;
5) байланыс саласындағы қызметтi лицензиялау және радиожиiлiк спектрiн пайдалану;
6) байланыс қызметiн көрсету кезiнде адал бәсекелестiктi қолдау;
7) почта төлемiнiң мемлекеттік таңбаларын (почта маркалары, блоктар, маркалы конверттер мен карточкалар) шығару;
8) байланыс саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және жобалау жұмыстарына, сондай-ақ кадрларды оқытуға, даярлауға және олардың біліктілігiн арттыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Радиожиiлiк спектрi мен байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын пайдалануды реттеу
1. Радиожиiлiк спектрi мен жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын пайдалануды реттеу мемлекеттiң ерекше құзыретiнде болады.
2. Радиожиiлiк спектрiн бөлу, сондай-ақ радиожиiлiк пен байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын мемлекет мүдделерiне тиiмдi пайдалану саласындағы саясатты жасау мен iске асыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі қамтамасыз етедi.
3. Шектеулi табиғи ресурс болып табылатын радиожиiлiк спектрiн пайдалану ақылы негiзде жүзеге асырылады. Радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн мемлекеттік бюджетке ақы төлеудiң жылдық ставкалары, оны есептеу және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес белгiленедi.
4. Қазақстан Республикасының аумағында радиожиiлiк спектрiн бөлу мен тиiмдi пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру мақсатында байланыс саласындағы уәкiлеттi орган:
1) радиоэлектрондық құралдар мен жиiлiгi жоғары қондырғыларды жобалау, салу, пайдалану және шетелдерден әкелу тәртібі жөніндегі;
2) байланыс құралдарын, соның iшiнде телерадиохабарын тарату мақсаты үшiн пайдаланылатын құралдарды және электромагниттiк сәулелену көзi болып табылатын өзге де техникалық құралдарды мiндеттi түрде тiркеу жөніндегі;
3) радио бақылауын және радио қабылдауын индустриялық кедергiлерден қорғауды жүргiзу жөніндегі, радиожиiлiк спектрiн пайдалануды мемлекеттік техникалық қадағалау мен бақылау жөніндегі;
4) Халықаралық электр байланысы одағының Радио байланысы регламентiне сәйкес радиожиiлiктi халықаралық үйлестiру жөніндегі рәсiмдердiң әзiрленуiн және орындалуын қамтамасыз етедi.
5. Байланыс құралдары, соның iшiнде телерадиохабарын тарату үшiн пайдаланылатындары, электромагниттiк сәулелену көздерi болып табылатын өзге де техникалық құралдар Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейтiн тәртiппен мемлекеттік тiркелуге тиiс.
Радиоэлектронды құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды мемлекеттік тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен алым алынады.
7-бап. Ұлттық байланыс операторы
1. Кез келген елді мекенде кез келген пайдаланушыға жалпы жұртқа ыңғайлы байланыс қызметінің көрсетілуін қамтамасыз етуді өз міндетіне алған жалпы пайдаланыстағы байланыс желісінің операторы ұлттық байланыс операторы болып табылады.
2. Ұлттық оператор туралы ережені Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
8-бап. Төтенше жағдайлар кезiнде байланыс желiлерiн басқару
1. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде байланыс желiлерiн басқаруды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Үкiмет анықтайтын тiзбе бойынша мемлекеттік органдардың байланысты басқару орталықтарымен және Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органымен, сондай-ақ қарауында ведомстволық байланыс желiлерi бар атқарушы органдармен өзара iс-қимыл жасай отырып, байланыс саласындағы уәкiлетті орган жүзеге асырады.
2. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар, карантиндер, өзге де төтенше жағдайлар кезiнде мемлекеттік органдардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, кез келген байланыс желiлерi мен құралдарын басымдықпен пайдалануға, сондай-ақ олардың қызметiн тоқтата тұруға құқығы бар.
3. Байланыс желілерi мен құралдарының иелерi теңiздегi, жердегі, әуедегi, ғарыш кеңiстiгіндегі адам өмiрiнiң қауiпсiздiгіне, Қазақстан Республикасында қорғаныс, қауiпсiздiк пен құқық тәртібін қорғау саласында шұғыл шаралар жүргізуге қатысты барлық хабарламаларға, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы хабарламаларға толық басымдық беруге тиiс.
4. Төтенше жағдайларда пайдалануға арналған байланыс пен хабарландырудың арнаулы жүйелерiн Ұстауға байланысты шараларды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
9-бап. Байланыс операторларының жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимылы
1. Меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында iс-қимыл жасайтын байланыс операторлары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеделiздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдарға барлық байланыс желiлерiнде жедел-iздестiру шараларын жүргiзуге ұйымдық және техникалық мүмкiндiктер берiлуiн қамтамасыз етуге, аталған шараларды жүргiзудiң нысандары мен әдiстерiнiң ашылуына жол бермеу жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Байланыс құралдары жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне нұқсан келтiретiн қылмыстық мақсаттарда пайдаланылған жағдайда мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, кез келген байланыс желiлерi мен құралдарының қызметiн тоқтата тұруға құқығы бар.
10-бап. Байланыстың техникалық құралдарын сертификаттау
1. Қазақстан Республикасының өзара үйлестiрiлген желісінде пайдаланылатын барлық техникалық байланыс құралдары, электромагниттiк сәулелену көздерi болып табылатын радиоэлектрондық құралдар мен жиiлiгi жоғары құрылғылар, почта байланысының техникалық құралдары белгiленген стандарттарға, өзге де нормалар мен техникалық шарттарға сәйкестiгi жөнiнен мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс.
2. Техникалық байланыс құралдарын сертификаттау сынақтары (сертификаттау) олардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нормативтiк актiлердiң талаптарына сәйкестiгiн анықтау мақсатымен жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сертификаттау жүйесiнде тiркелген техникалық байланыс құралдарын сертификаттау жөніндегі органдар сертификаттау орталықтарының немесе зертханаларының сол органдар бекiтетiн бағдарламалар мен әдiстемелер бойынша жүргiзiлетiн сертификаттау рәсiмдерi аяқталғаннан кейiн белгiленген үлгiдегi сертификаттар бередi.
4. Байланыс саласындағы сертификаттауды жүргiзу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
11-бап. Байланыс, радиожиiлiк спектрiн пайдалану саласындағы қызметтi лицензиялау
1. Жеке және заңды тұлғалардың, соның iшiнде шетелдiк тұлғалардың байланыс қызметiн көрсетуге және (немесе) радиожиiлiк спектрiн пайдалануға байланысты қызметi лицензиялар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Лицензиялардың түрлерi мен қолданылу мерзiмдерi, оларды беру, олардың қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату шарттары, лицензия берудiң өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттеледi.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Радиожиiлiк спектрiн пайдалануды лицензиялау ерекшелiктерi
1. Радиожиiлiктi - ұялы, дербес байланысты пайдаланатын қызметтердi, ғаламдық жылжымалы дербес жерсерiктiк байланыс жүйесiнiң қызметтерiн, эфирлiк-кабельдiк теледидар жүйелерiн пайдаланатын теледидар бағдарламаларын бөлу бойынша қызметтердi көрсету жөніндегі кәсiпкерлiк қызметке лицензиялар тек конкурстық негiзде ғана берiледi.
2. Радиотелефон немесе радио байланысының жылжымалы желiлерiн, телекоммуникациялардың бекітілген желiлерiне радионың қосылуын, деректер беру желiлерiн ұйымдастыру үшiн радиожиiлiк спектрiнiң жолдарын (номиналдарын) бөлу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес конкурстық негiзде жүргiзiлуi мүмкiн.
Байланыс саласындағы уәкiлеттi орган өткiзген конкурс қорытындылары бойынша радиожиiлiк спектрiнiң жолдарын (номиналдарын) пайдалануға алған кезде жеңiмпаз Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерлерде мемлекеттік бюджетке бiржолғы төлем енгiзедi.
Конкурс қорытындылары бойынша анықталған мемлекеттік бюджетке бiржолғы төлемдi енгізу тәртібін конкурстық комиссия белгiлейдi.
3. Конкурс немесе аукцион өткізу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Радиожиiлiк жөніндегі мемлекеттік ведомствоаралық комиссиясының шешiмдерiн негiзге ала отырып, байланыс саласындағы уәкiлеттi орган қабылдайды. Конкурстарға немесе аукциондарға қатысуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға және конкурс немесе аукцион өткізу ережелерiне сәйкес келетiн, соның iшiнде тиiстi лицензиялары бар кез келген жеке және заңды тұлғалар жiберiледi.
4. Теледидар және дыбыс (радио хабарлары) бағдарламаларын тарату (радиожиiлiк спектрiнiң хабар беретiн техникалық құралдары мен номиналдарын пайдалану) құқығына лицензиялар жеке және заңды тұлғаларға баспасөз iстерi мен бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі уәкiлеттi органмен келiсе отырып берiледi.
Эфирлiк-кабельдiк теледидар жүйелерiн қоспағанда, радиожиiлiк номиналдарын (арналарын) теледидар мен радио хабарларының мақсатына бөлу тәртібін баспасөз iстерi және бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейдi, соның өтiнiмi бойынша есеп айырысу, радиожиiлiктi халықаралық үйлестiру мен беру жүргiзiледi.
4-1. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен байланыс саласындағы уәкiлеттi орган беретiн рұқсаттық құжаттармен расталады.
Бұл ретте телевизия және радио хабарларын тарататын ұйымдарға рұқсат бергенi үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен алым алынады.
Конкурс өткізу арқылы радиожиiлiк спектрiнiң жолдарын (номиналдарын) бөлу кезiнде радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсатты аталған соманы мемлекеттік бюджетке толық көлемде енгiзгенiн растайтын құжатты төлемшi табыс еткеннен кейiн байланыс саласындағы уәкiлеттi орган бередi.
5. Радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат лицензиялардың иелерiне өтiнiш пен есеп айырысуды жүргiзу үшiн қажеттi деректер берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрмей берiледi. Басқа да негiзгi пайдаланушылармен немесе шектес мемлекеттермен (Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аймақтарында) Халықаралық электр байланысы одағының Радио байланыс регламентiне сәйкес үйлестiру жүргiзiлген жағдайда өтiнiштi қарау мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол бiр айдан аспауы керек, ол жөнiнде өтiнiш берушiге алдың ала жазбаша түрде хабарлануға тиiс.
6. Лицензиардың:
1) радиожиiлiк тиiстi рұқсаттарды ресiмдемей пайдаланылған;
2) радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн ақы төлеудi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген күннен бастап бiр айдан астам мерзiмге кешiктiрген;
3) лицензиат өзiне бекiтіліп берiлген радиожиiлiктi басқа пайдаланушыға уақытша немесе тұрақты пайдалануға берген;
4) лицензиат радиоэлектрондық жабдықтарды пайдалану ережелерiн бұзып, ол кедергiлер жасауға, электромагниттiк жүйелердiң жұмыс iстеуiнiң белгiленген нормаларын бұзуға әкеп соққан жағдайларда лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға құқығы бар.
7. Егер лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы хабар алған кезден бастап отыз күн iшiнде оның иесi тәртiп бұзушылықты жоймаса, лицензиардың лицензиатты заңдарға сәйкес жауапқа тартуға құқығы бар.
13-бап. Байланыс қызметiне тарифтер
1. Байланыс қызметiне тарифтердi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес байланыс операторлары белгiлейдi және оператор белгiлi бiр байланыс қызметтерi рыногында басым жағдайға ие болып отырса, табиғи монополияларды реттеу мен бәсекелестiктi қорғау жөніндегі уәкiлеттi орган реттейдi.
2. Уәкiлеттi органның тізбесі бойынша шұғыл көрсетілетін жедел қызметтерді шақыруды барлық байланыс операторлары пайдаланушылар үшін тегін жүргізеді.
3. Байланыс қызметiн пайдалануға арналған жеңiлдiктердi белгiлеу кезiнде толық алынбаған кiрiстi өтеудi тиiстi жеңiлдiктi белгiлеген орган жүзеге асырады.
3-тарау. Байланыс желілері
14-бап. Өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар желiлерi
1. Қазақстан Республикасының өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар желісін дамыту мен жетiлдiру оларды кешендi пайдалану, тиiмдiлiгiн арттыру мен тұрақты жұмыс iстеу мүддесiнде телекоммуникациялардың барлық желiлерi мен құралдарының технологиялық бiртұтастығы ескерiлiп, саланы және Қазақстан Республикасының экономикасын дамыту стратегиясы негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісі телекоммуникациялардың өзара үйлестiрiлген желісінiң құрамдас бөлiгi ретiнде Қазақстан Республикасының аумағында барлық жеке және заңды тұлғаларға байланыс қызметiн көрсетуге арналған, сондай-ақ бөлектелген және ведомстволық желiлердi қоспағанда, бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан Қазақстан Республикасы телекоммуникацияларының бүкiл желісін қамтиды.
3. Байланыс саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар желісінiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мен оны тұрақсыздандырушы факторлардың ықпалынан қорғау мақсатымен байланыс операторлары мен желiлердi жедел-техникалық басқару жүйелерiнiң өзара iс-қимыл тәртібін белгiлейдi.
4. Байланыстың ведомстволық желiлерi тиiстi мемлекеттік органдардың өндiрiстiк және арнайы мұқтаждарын қамтамасыз ету үшiн құрылып, жұмыс iстейдi, солардың қарауында және пайдалануында болады. Байланыстың ведомстволық желiлерiн жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісімен септестiру байланыстың ведомстволық желiлерiнiң техникалық құралдары мен байланыс ғимараттарының жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісі үшiн белгiленген талаптар мен техникалық нормаларға сәйкестiгi қамтамасыз етiлген жағдайда шарт негiзiнде жүргiзiледi. Осы Заңның 11, 12-баптарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиялардың иелерi оларды алған жағдайда байланыстың ведомстволық желiлерi халыққа және басқа да телекоммуникацияларды пайдаланушыларға байланыс қызметтерiн көрсету үшін пайдаланылуы мүмкiн.
5. Қазақстан Республикасының аумағында байланыстың бөлектелген желiлерiн кез келген жеке және заңды тұлғалар құра алады. Бөлектелген байланыс желiлерi операторларының байланыс қызметтерiн көрсету жөніндегі қызметiне осы Заңның 11, 12-баптарына сәйкес лицензиялау туралы талап қолданылады.
6. Байланыстың бөлектелген желiлерi жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісіне септестiрiлген жағдайда аталған желiлер жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісі санатына өтедi.
7. Өз мұқтаждарын, iшкi өндiрiстiк мақсаттарын қанағаттандыру, халыққа қызмет көрсету үшiн жеке және заңды тұлғалар жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісіне шығу жолы бар өзге де телекоммуникациялар желiлерiн құра алады. Әртүрлi операторлардың телекоммуникациялар желісін жалпы пайдаланыстағы телекоммуникация желiлерiмен қосу, трафик өткізудi реттеу және желiге қосқаны үшiн өзара есеп айырысуды жүргiзу мен желiлiк ресурстарды өзара пайдалану тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
8. Радио және теледидар хабарларының желiлерi өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар желісінiң құрамдас бөлiгi болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағы мен шет елдерге теледидар және дыбыс (радиохабар) бағдарламаларын тарату мен көрсету үшiн пайдаланылатын жер бетіндегі және жерсерiктiк хабар тарату жүйелерiнiң бiртұтас өндiрiстiктехнологиялық кешенiн құрайды. Жер бетіндегі жүйелер радиорелелi және кабелдi байланыс желiлерiн, қуаты әртүрлi радиотаратқыштар мен мемлекеттік және коммерциялық бағдарламаларды беруге арналған басқа да құралдарды қамтиды. Жерсерiктiк жүйелер халықаралық жерсерiктiк ұйымдарға, жекелеген мемлекеттерге тиесiлi орбиталық жерсерiктiк байланыспен жер бетіндегі хабар берушi және қабылдаушы станцияларды қамтиды.
9. Мемлекеттік телерадио бағдарламаларын тарату және көрсету үшiн байланыс операторларының техникалық құралдары мен арналарын пайдалана отырып, өзара үйлестiрiлген телекоммуникациялар желiлерiне негiзделетiн республикалық және аймақтық радио және телехабарлар тарату желiлерi құрылады. Коммерциялық телерадио хабарларын таратушы ұйымдар өз бағдарламаларын тарату және көрсету үшiн өз желiлерiн де, сондай-ақ шарттық жағдайлармен телекоммуникациялардың басқа желiлерiн де пайдалана алады.
10. Бағдарламаларды тарату мен көрсетуден басқа, меншiк нысандарына қарамастан, радио және теледидар хабарларын тарату желісі қорғаныс, мемлекеттік қауiпсiздiк және құқық тәртібін қорғау мүдделерiнде, бейбiт уақыттағы төтенше жағдайлар мен ерекше кезеңде, жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезiнде хабарлау белгiлерiн беру үшiн пайдаланылады.
15-бап. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыс
1. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыс ұйымдары мемлекеттік органдардың ерекше маңызды хат-хабарларын және бағалы металдар, зергерлiк бұйымдар, аспаптар, аппаратуралар мен қорғаныс өнеркәсiбiнiң құрастырушы бұйымдары бар арнаулы жөнелтiмдердi, сондай-ақ мемлекеттік құпияны құрайтын мәлiметтер мен олардың көздерiн қабылдап алуды, сақтауды, тасымалдау мен жеткiзiп берудi қамтамасыз етедi.
2. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыстың адам құрамының нысанды киiмi болады, олар қызметтiк-штаттық қарумен, қорғаныс және байланыстың арнаулы құралдарымен қамтамасыз етiледi.
3. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыс ұйымдары адам құрамының iшкi кестесi, бағыныстылығы мен тәртібі осы қызметтер туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлермен регламенттеледi.
4. Арнаулы және фельдъегерлiк байланыс ұйымдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң фельдъегерлiк-почта байланысының, почта байланысы ұйымдарының өзара қатынастары байланыс саласындағы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен регламенттеледi.
16-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғанысының, қауiпсiздiгi мен құқық тәртібін қорғаудың қажеттерiне арналған байланыс желiлерi
1. Үкiметтiк байланысты Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн арнайы уәкiлеттi органдар қамтамасыз етедi. Аталған органдар өз өкiлеттiгi шегiнде мемлекеттік құпиялардың сақталуын жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын байланыстың арнаулы түрлерiмен қамтамасыз етедi. Аталған байланыс органдарының құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Қазақстан Республикасында қорғаныстың, қауiпсiздiк пен құқық тәртібін қорғаудың қажеттеріне арналған байланысты жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісінiң негiзi ретiнде пайдаланылатын арнаулы телекоммуникациялар желiлерi қамтамасыз етедi.
3. Жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерi мен ведомстволық байланыс желiлерiнiң арналары Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару, қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртібін қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен шарт негiзiнде берiледi.
4. Жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiлерiн Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғанысының, қауiпсiздiгi мен құқық тәртібін қорғаудың қажеттерi үшiн әзiрлеу мен пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
5. Меншiк нысандарына қарамастан байланыс операторлары Қазақстан Республикасында мемлекеттік органдардың, қорғаныстың, қауiпсiздiк пен құқық тәртібін қорғаудың қажеттерi үшiн байланыс арналарын басымдықпен берудi қамтамасыз етуге және байланыс арналары бүлiнген жағдайда оларды алмастыру немесе қалпына келтiру жөнiнде бiрiншi кезекте және шұғыл шаралар қолдануға мiндеттi.
6. Ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, байланыс операторлары соттың шешiмi болмаған ретте үкiметтiк байланыс арналарын ажыратып тастай алмайды.
17-бап. Почта байланысы
1. Почта байланысының желісі почта жөнелтiмдерiн, ақша аударымдарын қабылдауды, сұрыптауды, тасымалдау мен жеткізудi қамтамасыз ететiн, сондай-ақ шарт негiзiнде мерзiмдi баспасөздi жөнелтудi, жеткізу мен таратуды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жеткiзiп берудi ұйымдастыратын ұйымдар мен көлiк құралдарының бiртұтас технологиялық жүйесi болып табылады.
2. Әскери жөнелтiмдердiң сұрыпталуы мен табыс етiлуiн Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң фельдъегерлiк-почта байланысы жүзеге асырады.
3. Почта байланысы қызметiн байланыс саласындағы уәкiлеттi орган белгiленген тәртiппен беретiн лицензиялардың негiзiнде почта байланысының мемлекеттік емес ұйымдары көрсетуi мүмкiн.
4. Почта жөнелтiмдерiн жеткiзiп беру мерзiмдерi байланыс саласындағы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
5. Почта арқылы жiберуге тыйым салынған заттардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
6. Почта жөнелтiмiн жiберушi оның бағаланымын салыным құны шегiнде жариялауға құқылы.
4-тарау. Байланыс құралдарын, ғимараттарын,
радиожиілік спектрін және байланыс
жерсеріктерінің орбиталық позицияларын қорғау мен күзету
18-бап. Байланыс желiлерiнiң күзетiлетiн аймақтары
1. Байланыс желiлерiнiң сақталуын, техникалық құралдардың, ғимараттар мен құрылғылардың пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында күзетiлетiн аймақтар мен соқпақтары белгiленедi, олар жердi пайдаланудың ерекше жағдайлары бар аймақтар болып табылады.
2. Күзетiлетiн аймақтарға енгiзiлген жер сол жерде арнаулы таңбалармен көрсетiледi. Бұл жерлер жердiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қоюға жатпайды.
3. Күзетiлетiн аймақтарды белгiлеу тәртібін және олардағы жер пайдалану, жұмыс режимiн жердi меншiкке немесе пайдалануға беру туралы шешiм қабылдаған уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес айқындайды.
19-бап. Байланыс құралдарын, ғимараттарын, радиожиiлік спектрiн және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын қорғау мен күзету
1. Байланыс құралдары, ғимараттары, радиожиiлiк спектрi және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позициялары мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Байланыс құралдарын, ғимараттарын, радиожиiлiк спектрiн, байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын күзету Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Радиожиiлiк спектрiн және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын пайдаланудың белгiленген тәртібін қорғау мақсатында заңдарда электромагниттiк жүйелердiң жұмыс iстеуiне нормаланбаған кедергiлер туғызатын радиоэлектрондық құралдарды Қазақстан Республикасында өндiруге және әкелуге шектеулер белгiленуi мүмкiн.
4. Телекоммуникациялар құралдарының, ғимараттарының зақымдануына, радиоэлектрондық құралдар мен жиiлiгi жоғары қондырғыларды дайындаудың, сатып алудың, әкелудiң, пайдалану мен тiркеудiң, барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жиiлiгi жоғары қондырғылардың жұмысы үшiн радиожиiлiктi пайдаланудың белгіленген тәртібін бұзуға жол берген, сондай-ақ теле- және радио қабылдауға нормаланбаған кедергiлер жасайтын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауап бередi.
5-тарау. Байланыс желілерін дамыту
20-бап. Байланыс желiлерiн дамыту
1. Байланыс желiлерiн дамыту саланы дамытудың Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Байланыс желiлерiн дамытуға бағытталған шараларды қаржыландыру республикалық бюджет, банк кредиттерi, өз қаражаты есебiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеке және заңды тұлғалардың тiкелей отандық және шетелдiк инвестицияларын тарту есебiнен жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Тұрғын үйлер мен басқа да объектiлер салған кезде байланыстың iшкi және кварталішiлiк желiлерiн жобалау мен жүргiзудi, сондай-ақ абоненттiк почта шкафтарын орнатуды құрылысқа тапсырыс берушiлер өз қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
4. Тұрғын үй алаптарын кешендi салу, өндiрiстiк объектiлер мен оларға iргелес елдi мекендердi салу кезiнде, азаматтық ғимараттар мен почта бөлiмшелерiнiң үй-жайларын қоса алғанда, байланыстың барлық құралдарын жобалау мен салу тапсырыс берушiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. Жергiлiктi мемлекеттік басқару органдары нормативтерге сәйкес почта байланысы объектiлерiн орналастыруға арналған үйлер салуды көздеуге, сондай-ақ почта байланысы ұйымдарына салулы тұрған (немесе салынып жатқан) тұрғын немесе өзге де үйлерден технологиялық нормаларға сәйкес келетiн жеке үй-жайларды шарт жағдайларымен беруге мiндеттi.
5. Үйлердi, ғимараттарды, жолдарды, көпiрлердi және басқа объектiлердi салған немесе қайта құрған кезде байланыс желiлерiн қайта орналастыру мен көшiру жөніндегі жұмыстар құрылысқа тапсырыс берушiнiң есебiнен байланыс желiлерiнiң меншiк иелерi және (немесе) пайдаланушылары беретiн стандарттар мен техникалық шарттарға сәйкес орындалады.
21-бап. Көлiк құралдарын пайдалану
1. Байланыс операторларына шарттық жағдайларда темір жол, теңiз, өзен, әуе және автомобиль көлiгiнiң барлық маршруттары мен желiлерi бойынша почта байланысы қызметкерлерiнiң iлесуiмен почта тасымалдау немесе оны тасымалдау үшiн көлiк ұйымдарының жауапкершiлiгiне беру құқығы берiледi.
2. Қалааралық және халықаралық жол жүру маршруттары бойынша тұрақты тасымал жасауды жүзеге асыратын көлiк ұйымдары почта жөнелтiмдерiн тасымалдауға шарт жасасудан, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген реттердi қоспағанда, бас тарта алмайды.
22-бап. Байланыс желiлерiн дамыту жөніндегі жұмыстарды жүргiзген кезде жердi беру мен пайдалану
1. Күзетiлетiн аймақтарды қоса байланыс объектiлерi орналасқан жер учаскелерi байланыс қызметiн көрсету iсiмен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға меншiкке немесе жердi пайдалануға, сондай-ақ тиiстi лицензия алғаннан кейiн жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығымен {сервитут) берiледi.
2. Автомобиль және теміржол станциялары, әуежайлар, теңiз, өзен порттары мен айлақтары жанынан почта тасымалы бөлiмшелерi үшiн үйлер мен ғимараттар салуға арналған жер учаскелерi автомобильдермен, почта вагондарымен, ұшақтармен, теңiз және өзен кемелерiмен жеткiзiлген почта жөнелтiмдерiн алмасу үшiн жағдайлар қамтамасыз етіліп, вокзал үйлерiнiң дәл жанынан, ал қалалық почтамттар мен почта байланысы тораптарының құрылысына қаланың орталық бөлiгiнен бөлiнуге тиiс.
3. Жер учаскелерiн беру тәртібі мен көлемi, күзетiлетiн аймақтарды белгiлеу мен соқпақтар жасау, сондай-ақ оларды пайдалану режимдері Қазақстан Республикасының жер қатынастары туралы заңдарымен белгіленеді.
4. Жеке және заңды тұлғалардың меншiк нысандарына қарамастан атқарушы органдардың шарттары мен шешiмдерiне сәйкес көпiрлер, туннелдер, көшелер, автомобиль жолдары мен темір жолдар, құрылыстар, коллекторлар, тыйым салынған аймақтар, ормандар, сулар арқылы байланыс желiлерiн тартуға құқығы бар.
5. Жер пайдалануды ерекше жағдайлары бар аймақтардағы телекоммуникациялық желiлер мен объектiлер құрылысы Қазақстан Республикасының жер қатынастары туралы заңдарымен белгiленедi.
6. Байланыс желiлерiн тартқан немесе құрылыс тұрғызған кезде нұқсан келтiрiлген жағдайда байланыс ұйымдары меншiк иелерiне жер пайдаланушыларға келтiрiлген залалды өтеуге, трассаларды тиiстi күйге келтiруге және жердi қалпына келтiруге мiндеттi.
7. Меншiк нысандарына қарамастан жеке және заңды тұлғалар желiлер мен объектiлер салған кезде табиғат қорғау технологияларын қолдануға және өз қызметiнiң нәтижесiнде экологиялық жағдайдың нашарлануына жол бермеуге тиiс. Қоршаған ортаға және халықтың экологиялық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiргенi үшiн жоғарыда аталған ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауап бередi.
8. Жаңадан елдi мекендер салу, кеңейту, қайта құру, жаңа жерлердi игеру, мелиорация жүйелерiн қайта орналастыру, пайдалы қазбаларды игеру салдарынан байланыс ғимараттарын көшiрудi немесе қайта орналастыруды стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерi иелерiнiң және (немесе) пайдаланушыларының техникалық шарттары бойынша құрылысқа тапсырыс берушiлер өз есебiнен жүргiзедi. Бұл орайда байланыс құралдарының қуатын ұлғайту байланыс ғимараттары иелерiнiң есебiнен жүзеге асырылады.
9. Жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желісінiң операторына жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар объектiлерi мен желiлерi орналасқан көршiлес немесе өзге де жер учаскесiн, сондай-ақ жалпы пайдаланыстағы желiнiң жаңа объектiлерi мен жолдарын тарту мен пайдалану үшiн қажеттi көршiлес немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi мақсатта пайдалану құқығы (сервитут) берiледi. Бұл жағдайларда көршiлес немесе өзге де учаскеге сервитут мүдделi тұлғаның жеке меншiк иесiмен немесе жердi пайдаланушымен шарты негiзiнде белгiленуi мүмкiн.
10. Басқа да мемлекеттік емес байланыс объектiлерi орналасқан жер учаскелерiне құқықтар беру жердi тұрақты немесе уақытша пайдалану құқығын сатып алу-сату шарты негiзiнде, жер учаскесiн жалдау шарты негiзiнде, сондай-ақ көршiлес немесе бөтен жер учаскелерiнiң жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланудың құқық субъектiлерiмен шарт бойынша жүзеге асырылады.
6-тарау. Байланыс қызметтерін
пайдаланушылардың құқықтары
23-бап. Байланыс қызметтерiнiң сапасы
1. Байланыс операторлары байланыс қызметiн пайдаланушыларға сапасы жағынан стандарттарға, техникалық нормаларға, байланыс қызметiн көрсету шартының ережелерiне сәйкес қызмет көрсетуге мiндеттi.
2. Байланыс қызметтерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар ескерiле отырып, пайдаланушылардың барлық санаттары (халық, бюджеттік ұйымдар, шаруашылық жүргiзушi субъектiлер) үшiн бiрдей жағдайларда көрсетiледi.
3. Байланыс қызметiн көрсету рыногында басым жағдайға ие телекоммуникациялар мен почта байланысы желiлерiнiң операторлары жалпыға ыңғайлы қызмет көрсетуге мiндеттi. Белгiлі сапа өлшемдерiне ие жалпы қолы жетерлiк байланыс қызметiнiң ең төменгi тiзбесiн байланыс саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
ҚР 2003 ж. 8 қаңтардағы № 379-II Заңымен 24-бап толықтырылды (бұр.ред. қара)
24-бап. Байланыс қызметiн пайдаланушылардың құқықтарын қорғау
1. Пайдаланушылардың өздерiне тиiстi сападағы байланыс қызметi көрсетiлу, осындай қызметтер туралы және оларды орындаушылар туралы ақпарат алу құқықтарын қорғау, сондай-ақ осы құқықтарды iске асыру тетiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
2. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасының Конституциясы кепiлдiк берген хат жазысудың, телефонмен сөйлесудiң, почта жөнелтiмдерiнiң, телеграф және телекоммуникациялар желiлерi арқылы берiлетiн өзге де хабарламалардың құпиялылығын қамтамасыз етедi, бұл құқықты шектеуге тiкелей заңдарда белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жол берiлетiн реттер қосылмайды.
3. Қызметтi пайдаланушылардың хат жазысуының, телефонмен сөйлесуiнiң, почта, телеграф және өзге де хабарларының құпиялылығын заңсыз бұзған байланыс операторлары заңдарға сәйкес жауапкершiлiкте болады.
4. Байланыс операторының жергілікті телефон жалғауды уақытына қарай есептеуді жүзеге асыруға техникалық мүмкіндіктері болған жағдайда байланысты пайдаланушы - жеке тұлға қызметке абоненттік немесе уақытына қарай ақы төлеу жүйелерінің бірін таңдап алуға құқылы.
Қызметке уақытына қарай ақы төлеу кезінде байланыс операторы пайдаланушының талабы бойынша ақысы төленуге тиісті жергілікті телефон жалғау туралы тегін жазбаша ақпарат беруге міндетті.
Ондай ақпарат берілмеген жағдайда пайдаланушы қызметке ақы төлеуді абоненттік жүйе бойынша жүргізуге құқылы.
Байланысты пайдаланушы заңды тұлға төлемді жергілікті телефон жалғаудын уақытына қарай акы төлеу жүйесі бойынша жүзеге асырады.
7-тарау. Байланыс қызметтерін көрсету
ерекшеліктері
25-бап. Байланыс операторларының қызметiнде тiлдер мен әлiпбилердi пайдалану
1. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында, байланыс желiлерiнде меншiк нысанына қарамастан, байланыс операторларының қызметтiк iс жүргiзуi мемлекеттік тiлде және орыс тілінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының шегiнде жiберiлетiн жеделхаттар мен почта жөнелтiмдерiн жiберушi мен алушының мекен-жайлары жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде ресiмделуге тиiс.
3. Жеделхаттың мәтiнi жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде жазылуға тиiс.
4. Байланыс желiлерi арқылы берiлетiн халықаралық хабарламалар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келісімдерiнiң нормаларында белгiленетiн тiлдерде өңделедi.
5. Мемлекеттік тiл мен орыс тiліндегі ақпараттық, анықтамалық, байланыс операторларының қызметiне қатысты басқа да мәлiметтер, сондай-ақ бланк өнiмiнiң үлгiлерi пайдаланушыларға ыңғайлы жерлерге орналастырылады.
6. Почта байланысы бөлiмшелерi, почтамттар, сөйлесу пункттерi, ақпараттық-анықтамалық қызметтер операторларының, байланыс кәсiпорындарының (ұйымдарының) басқа да қызметкерлерiнiң тiкелей пайдаланушылармен жұмыс процесiнде тiлдесуi мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде жүзеге асырылады.
26-бап. Байланыс саласындағы есепке алу-есеп беру уақыты
1. Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асырған кезде хабарламалар мен ақпаратты беру немесе қабылдап алудағы технологиялық процестерде байланыс операторлары олардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жерiне қарамастан, байланыс саласындағы уәкілетті орган белгiлейтiн бiрыңғай есепке алу-есеп беру уақытын қолданады.
2. Байланыс қызметiнiң көрсетiлу уақыты туралы пайдаланушыларға хабарлау жергiлiктi уақыт бойынша жүргiзiледi.
3. Халықаралық байланыста есепке алу-есеп беру уақыты Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгiленедi.
8-тарау. Байланыс саласында қызметті жүзеге
асыру кезіндегі жауапкершілік
27-бап. Байланыс операторлары мен пайдаланушыларының жауапкершiлiгi
1. Байланыс операторлары бағалы почта жөнелтiмдерiнiң жоғалғаны, бүлiнгенi үшiн - жарияланған бағаланымы мен алынған тариф мөлшерiнде, жеделхат мәтiнiнiң мағынасы өзгеретiндей бұрмаланғаны, жеделхаттың жеткiзiлмегенi немесе жеделхаттың белгiленген мерзiмi өтiп кеткен соң адресатқа табыс етiлгенi үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен материалдық жауапкершiлiкте болады.
2. Байланыс қызметiн пайдаланушы шарттық жағдайларды, жабдықты пайдалану ережелерiн бұзған, желiде сертификатталмаған жабдықты пайдаланған, сондай-ақ байланыс қызметiне уақтылы ақы төлемеген жағдайда байланыс операторының, осы Заңның 8-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жазбаша хабарландырудан кейiн кемшiлiктер жойылғанға дейiн заңдарға сәйкес байланысты пайдаланушыға байланыс операторының кiрiсi ысырабының орнын толтырта және жабдықтың зақымдалуы немесе бос тұруы салдарынан байланыс операторына келтiрiлген залалды өтеттiре отырып пайдаланушының байланыс желісін пайдалануын тоқтата тұруға құқығы бар.
3. Хабарламаны беру немесе қабылдап алу не почта жөнелтiмдерiн жөнелту немесе жеткізу жөніндегі мiндеттемелердiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшін, егер мiндеттемелердiң бұлайша орындалмауы немесе тиiсiнше орындалмауы байланысты пайдаланушының кінәсінен не шамасы келмейтін жағдайлар салдарынан болғаны дәлелденсе, байланыс операторы жауап бермейді.
9-тарау. Халықаралық ынтымақтастық
28-бап. Халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2. Байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
3. Халықаралық қызметте байланыс саласындағы уәкілетті орган өзіне Қазақстан Республикасының Үкіметі берген және халықаралық шарттарда көзделген өз өкілеттігі шегінде халықаралық байланыс одақтары мен ұйымдарында өкілдік етіп, Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті