Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесi туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 28 тамыздағы № 1298 Қаулысы
(2013.03.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 12 қазандағы № 821 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының авариялардан, апаттардан және табиғи зiлзалалардан пайда болатын төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қызметiн үйлестiрудi жетiлдiру, осы салада бiрыңғай мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетiнiң Қазақстан Республикасының мүдделi орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен келісілген Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiн құру туралы ұсынысы қабылдансын.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен (бұр. ред. қара); 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесi туралы ереже бекітілсiн (қоса берiлiп отыр).
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiне жалпы басшылық жасау табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органға жүктелсiн.
3. Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдары мен ұйымдарының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі негiзгi функциялары қосымшаға сәйкес айқындалсын.
4. "Төтенше жағдайларды болдырмау және олар кезіндегі iс-әрекеттер жөніндегі республикалық жүйе құру туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 25 маусымдағы № 395 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрi
Үкіметінiң
1997 жылғы 28 тамыздағы
№ 1298 қаулысымен
ЕКIТIЛГЕН
ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен бүкіл мәтін бойынша «Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органы», «төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органның», «төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы орган», «төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органның», «төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органның», «төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органымен», «Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органының» деген сөздер тиісінше «табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган», «табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның», «табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органымен» (бұр.ред.қара)
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесi туралы
ЕРЕЖЕ
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасында төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң негiзгi мiндеттерiн, жұмыс iстеуiнiң ұйымдастырылуы мен тәртібін белгiлейдi.
2. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесi (ТЖМЖ) бейбiт уақытта және соғыс кезiнде төтенше жағдайлардың (ТЖ) алдын алуға, ал олар пайда болған жағдайда - зардаптарын жоюға (адамдардың өмiрi мен денсаулығына төнетiн тiкелей қауiп-қатердi жою жөніндегі құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзу, халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн қалпына келтiру айтылып отыр. Төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен объектiлер мен аумақтарды қалпына келтiру ТЖМЖ-ның құзыретiне кiрмейдi) халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, қоршаған табиғи ортаны қорғауға және халық шаруашылығына келтiретiн зиянын азайтуға арналған.
Әлеуметтiк-саяси, ұлтаралық қақтығыстар мен жаппай
тәртiпсiздiктердiң алдын-алу және олардың зардаптарын жою
жүйенiң құзыретiне кiрмейдi.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
3. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң негiзгi мiндеттерi:
бейбiт уақытта және соғыс кезiнде төтенше жағдайлар туа қалған жағдайда олардың алдын алу, адамдардың өмiрi мен денсаулығын, материалдық және мәдени құндылықтарды, қоршаған табиғи ортаны қорғау саласында бiрыңғай мемлекеттік саясат жүргiзу;
халықты, аумақтарды қорғауды, техникалық және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастыру, экономикалық және құқықтық шаралар жүйесiн қалыптастыру;
төтенше жағдайларға ден қою, олардың зардаптарын жою, олардың туындау себептерiн тексеру тәртібін айқындау;
мониторинг пен халықты хабардар етудi ұйымдастыру;
авариялар, апаттар, табиғи және экологиялық зiлзалалар, жұқпалы аурулар, эпизоотиялар, эпифитотиялар пайда болған кезде төтенше жағдайлардың алдын алуға, адамды және оның тiршiлiк ету ортасын қорғауға, шаруашылық жүргiзу және әлеуметтiк сала объектiлерiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн арттыруға бағытталған мемлекеттік мақсатты және ғылыми-техникалық бағдарламалар әзiрлеудi және оларды орындауды ұйымдастыру;
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң басқару органдары мен пункттерiнiң, байланыс және хабар беру жүйелерiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға күштерi мен құралдарының жоғары әзiрлiгiн қамтамасыз ету, оларды жою жөніндегі жұмыстарды жүргiзу;
төтенше жағдайлардың әлеуметтiк-экономикалық зардаптарын болжау және бағалау; зардап шеккен халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн бiрiншi кезекте қамтамасыз ету;
халықты төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға үйрету және даярлау, Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң маман кадрларын әзiрлеу және олардың біліктiлiгiн арттыру;
төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою, авариялардың, апаттар мен табиғи зiлзалалардың зардаптарын жою iсiнде шет мемлекеттерге көмек көрсету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
4. ТЖМЖ құрамына:
аумақтық органдарымен және ведомстволық бағынысты ұйымдарымен қоса табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган;
өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюды қамтамасыз ететiн орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың басқару органдары, ұйымдары;
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред. қара); ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың iс-қимылын үйлестiру үшiн төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі мынадай комиссиялар құрылады:
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия;
облыстардың, қалалар мен аудандардың төтенше жағдайлар жөніндегі аумақтық комиссиялары;
Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялары (бұдан әрi - төтенше жағдайлар жөніндегі салалық комиссиялар);
Мұнайдың төгiлуiне ден қою жөніндегі ұлттық комиссия;
көлiктегi қауiпсiздiк пен терроризмге қарсы iс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі үйлестiру кеңесi;
көлiктегi қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі облыстық (қалалық) комиссиялар;
республикалық және аумақтық эвакуациялық комиссиялар;
орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың эвакуациялық және эвакуациялық қабылдау комиссиялары;
Азаматтық қорғаныс бастықтарының шешiмi бойынша құрылатын, ұйымдардың төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялары, эвакуациялық және эвакуациялық қабылдау комиссиялары;
ТЖМЖ аумақтық, функционалдық және салалық (объектiлiк) кіші жүйелердi қамтиды және олардың екi деңгейi бар: жергiлiктi және республикалық (мемлекеттік).
Сiлтеме . Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдардағы қолда бар, сондай-ақ құрылатын ТЖ алдын алу және жою жөніндегі құрылымдар, күштер мен құралдар.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
6. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң аумақтық кiшi жүйелерi қабылданған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiске сәйкес келедi.
Әрбiр аумақтық кiшi жүйе ведомстволық бағыныстағы аумақта төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға арналған және әдетте төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияны (облыстың, аудандық, қалалық, поселкалық, объектiлiк) немесе оның функциясын орындайтын басқа органдары, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарын (төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық, қалалық басқарманы, аудандық бөлiмдi), күнделiктi басқару органын (кезекшi қызметтi) немесе 051 құтқару қызметiн, осы аумақтағы функциялық және ведомстволық кiшi жүйелердiң күштерi мен құралдарын, оның iшiнде қаржы, азық-түлiк, медициналық және материалдық-техникалық ресурстарды, байланыс, хабар беру, ақпаратпен қамтамасыз ету жүйелерiн, сондай-ақ арнаулы оқу орындарын қамтиды.
Аумақтық кiшi жүйелердiң нақты құрылымын жергiлiктi атқарушы органдар айқындайды.
Аумақтық кiшi жүйелердiң мiндеттерi, жұмыс iстеуiн ұйымдастыру және оның тәртібі, мемлекеттік органдардың объектiлiк және жергіліктi төтенше жағдайлар кезіндегі өзара iс-қимыл жасау тәртібі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органымен келісім бойынша жергiлiктi атқарушы органдар бекiтетiн ережелермен айқындалады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
7. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң функциялық кiшi жүйелерi Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының және ұйымдарының: қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн қадағалау және қауiптiлiгi ықтимал объектiлердегi жағдайға бақылау жасау; төтенше жағдайлардың алдын алу; адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау; төтенше резервтiк қорларды пайдалану; төтенше жағдайларды жою жөніндегі тiкелей мiндеттердi шешетiн басқару органдарынан, күштерi мен құралдарынан тұрады.
Бұл ретте жекелеген функциялық кiшi жүйелердiң құрамына осындай мiндеттердi немесе бiрiн-бiрi толықтыратын мiндеттердi шешетiн бiрнеше орталық атқарушы органдардың, ұйымдардың басқару органдары, күштерi мен құралдары кiруi мүмкiн.
Функционалдық кiшi жүйелердiң негiзгi мiндеттерi, қызметiн ұйымдастыру және оның тәртібі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық қызметтерi туралы ережелермен айқындалады. Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар республикалық қызметтерiнiң тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкiметінің шешiмiмен айқындалады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
8. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң салалық (объектiлiк) кiшi жүйелерi Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарында, ұйымдарында, құрылады және тiкелей олар басқаратын объектiлерде төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға арналған.
Салалық (объектiлiк) кiшi жүйелердiң нақты құрылымын, олардың мiндеттерiн, қаржыландыру тәртібін Қазақстан Республикасының тиiстi орталық атқарушы органдары, ұйымдары, айқындайды және олар осы кiшi жүйелер туралы ережелермен бекітіледi.
Бұл ретте әрбiр салалық (объектiлiк) кiшi жүйеге, оның буындарына әдетте басшы органдар, күнделiктi басқару органдары (кезекшi-диспетчерлiк қызмет), қауiптiлiгi ықтимал объектiлердегi жағдайға бақылау жасайтын және табиғи ортаның жай-күйiн қадағалап отыратын күштер мен құралдар, төтенше жағдайларды жою жөніндегі күштер мен құралдар кiредi. Осы саладағы ұйымдардың, органдар мен қызметтердiң iс-қимылдарын жүзеге асыруды нұсқауларын төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі шешiмдер қабылдаған кезде саланың басшы органдары ескерiп отыратын Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялары (бұдан әрi - төтенше жағдайлар жөніндегі салалық комиссиялар) үйлестiрiп отырады.
9. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесіндегі Республикалық (мемлекеттік) деңгейге табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган, оның аумақтық органдары мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары, сондай-ақ басқа да орталық атқарушы органдар, орталық кезекшi-диспетчерлiк пункттер, төтенше жағдайларды байқау, бақылау және жою күштерi мен құралдары, басқару мен байланыстың жұмылдыру пункттерi жатады. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесi шеңберiнде олардың iс-қимылын үйлестiрудiң шешiмi нұсқаулық сипатта болатын. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
10. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесіндегі жергiлiктi деңгейге жергiлiктi атқарушы органдар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары (төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық, қалалық басқармалар мен аудандық бөлiмдер), мекемелердiң кезекшi-диспетчерлiк қызметтерi, осы аумақтағы төтенше жағдайларды байқайтын, бақылайтын және жоятын күштер мен құралдар жатады. Олардың қызметiн үйлестiрудi шешiмдерi нұсқаулық сипатта болатын төтенше жағдайлар жөніндегі тиiстi аумақтық комиссиялар жүзеге асырады.
11. Барлық деңгейлердегi төтенше жағдайлар кезiнде адамдардың өмiрi мен денсаулығын, материалдық және мәдени құндылықтарды, қоршаған табиғи ортаны қорғау жөніндегі мiндеттердi шешуге қоғамдық ұйымдар (кәсiптiк одақтар, құтқару құрылымдары ассоциациялары, ерiктi қоғамдар және басқа қоғамдық құрылымдар) ерiктi негiзде Қазақстан Республикасының заңдарына және өздерiнiң жарғыларына сәйкес қатыса алады. Олар бұл мiндеттердi өз мүшелерiнiң және халықтың басқа топтарының арасында қажеттi түсiндiру жұмыстарын жүргiзу жолымен, сондай-ақ түрлi зiлзалалардың алдын алуға және олардың келеңсiз зардаптарын азайтуға (мемлекеттік аттестация бекiткен арнайы әзiрлiгi болған жағдайда), авариялық-құтқару жұмыстарын жүзеге асыруға және зiлзала болған аудандарда зардап шеккен халыққа көмек көрсету жөніндегі қажеттi шараларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік ұзақ мерзiмдi мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыруға тiкелей қатысу жолымен шешедi.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен (бұр.ред. қара); 2013.03.10. № 1048 Қаулысымен (бұр.ред. қара) 12-тармақ өзгертілді
12. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiне басшылықты:
республикалық (мемлекеттік) деңгейде:
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Үкіметі;
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган (Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiн құру, жұмыс iстеуi және одан әрi дамуы, сондай-ақ Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiн жедел басқару);
Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары (Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң функциялық және салалық кiшi жүйелерiне басшылық жасау);
жергiлiктi деңгейде:
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары ТЖМЖ аумақтық кiшi жүйелерiн басқару кезiнде жұмыс аппараты болып табылатын жергiлiктi атқарушы органдар, жергiлiктi атқарушы органдардағы Азаматтық қорғаныс жөнiндегі бөлiмдер (қызметкерлер), ұйымдар басшылары (ТЖМЖ объектілік кішi жүйелерiнің басшылары).
кәсiпорындар мен ұйымдардың басшылары (Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң объектiлiк кiшi жүйелерiн басқару) жүзеге асырады.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң басшы органдары шешiмдер қабылдаған кезде төтенше жағдайлар жөніндегі тиiстi ведомствоаралық, аумақтық және салалық комиссиялардың ұсыныстарын ескередi.
Төтенше жағдайлар жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың құрылымы мен құрамын, сондай-ақ олардың жұмыс iстеуi туралы ереженi табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі салалық және аумақтық комиссиялардың құрылымы мен құрамын, сондай-ақ олар туралы ереженi Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдары айқындайды.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияны Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, ал төтенше жағдайлар жөніндегі аумақтық және салалық комиссияларды тиісінше облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әкімдері, орталық атқарушы органдар басшыларының орынбасарлары басқарады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 13-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
13. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң күнделiктi басқару органдары Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң кiшi жүйелерi мен буындарының жұмыс iстеуiне басшылық пен бақылауды жүзеге асырады.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң күнделiктi басқару органдарын орналастыру тиiстi байланыс және хабар беру құралдарымен жарақтандырылатын және пайдалануға үнемi әзiр, даярлықта ұсталатын қалалық және қала сыртындағы басқару пункттерiнде жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 14-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред. қара); ҚР Үкіметінің 2006.04.12. № 1164 (бұр. ред. қара); 2006.25.12. № 1282 (бұр.ред.қара) Қаулыларымен 14-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
14. Байқау және бақылау күштерi мен құралдары:
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның кезекшi қызметтерiнен;
орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың кезекшi қызметтерiнен;
қауіптiлiгi ықтимал объектiлердiң кезекші диспетчерлiк қызметтерiнен;
апаттар медицинасы орталықтарының диспетчерлiк қызметтерiнен;
мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының бөлiмшелерiнен;
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның органдарынан;
радиациялық және ядролық қауiпсiздiкке мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын органдардан;
теңізде және ішкі су айдындарында мұнай операцияларын жүргізудің өнеркәсіптік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардан;
көлiктiң қауіпсiз пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыратын органдардан;
сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдардан;
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарынан;
ветеринария, фитосанитария, жануарлар мен өсiмдiктер карантинi саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардан;
қоршаған орта мен табиғи ресурстардың, оның ішінде гидрометеорология және табиғи ортаның ластануы бойынша мониторинг қызметтерiнен;
қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардан;
сейсмологиялық байқау және жер сiлкінісiн болжау республикалық жүйесiнің қызметтерiнен;
селдердiң, тау көшкiндерінің және қар көшкiндерінің мониторингi қызметтерiнен;
орман және дала өрттерінің мониторингi қызметтерiнен тұрады.
ТЖ жою күштерi мен құралдары:
азаматтық қорғаныс бөлiмдерiнен;
республикалық және аймақтық аэромобильдi жедел-құтқару жасақтарынан;
мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының бөлiмшелерiнен;
суда құтқару қызметiнің құралымдарынан;
сүңгуір авариялық-құтқару жасақтарынан;
авариялық-құтқару және авариялық-қалпына келтiру құралымдарынан, оның ішінде штаттық тау-кен құтқару, газдан құтқару, фонтанға қарсы және басқа да мамандандырылған қызметтерден;
051 құтқару қызметтерiнен;
ормандарды авиациялық күзету және қорғау қызметiн қоса алғанда, ормандарда өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қызметтерiнен;
азаматтық қорғаныстың аумақтық және объектiлiк құралымдарынан;
сел, су тасқыны және қар көшкіні қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерден;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінiң үнемi әзiрлiкте тұратын радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану, инженерлiк әскерлерi және басқа да әскер түрлерi әскери бөлiмдерiнен;
бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметiнен тұрады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 (бұр.ред. қара); 2006.04.12. № 1164 (бұр. ред. қара) Қаулыларымен 15-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен 15-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
15. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары бөлiмшелерінің, суда құтқару қызметінің, 051 құтқару қызметтерінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің үнемi әзірлікте тұратын радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану, инженерлiк әскерлерi және басқа да әскер түрлерi әскери бөлiмдерiнiң күштерi базасында, әскерилендiрiлген тау-кен құтқару, газдан құтқару, фонтан атқылауынан құтқару және басқа мамандандырылған бөлiмшелерiнiң, шұғыл медициналық қызмет құралымдарының, құрылыс және монтаждау ұйымдарының және республиканың түрлi ұйымдары және басқа да осындай кәсiби қызметтерiнiң базасында, олармен келiсе отырып, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган, Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң түрлi деңгейлердегi басшы органдары өз мүмкiндiктерiнiң шегiнде елiмiздiң түрлi аймақтарында төтенше жағдайларда жедел тойтару және жою жөніндегі жұмыстар жүргiзу үшiн және шетелдерге көмек көрсету үшiн тарта алатын үнемi әзiрлiкте болатын авариялық-құтқару және авариялық-қалпына келтiру бөлiмшелерi (күштерi) құрылады.
Республикалық және жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылмайтын, үнемi әзiрлiкте тұратын күштердi Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң басшы органдарының шешiмiмен құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын орындауға тартуға болады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен (бұр.ред. қара); 2006.04.12. № 1164 (бұр. ред. қара) Қаулыларымен 16-тармақ өзгертілді
16. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң жұмысын ақпараттық жағынан қамтамасыз етудi автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесi (ТЖ ААБЖ) жүзеге асырады.
Төтенше жағдайлар туындаған кезде жағдай туралы ақпаратты:
қалалар, аудандар, қалалардағы аудандар, кенттер, ауылдар (селолар), ауылдық (селолық) округтер әкімдерінің аппараттары, сондай-ақ ұйымдар - дереу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарына;
ұйымдар - өздерінің өкiлеттігіне сәйкес дереу орталық атқарушы органға;
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары - дереу «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің республикалық дағдарыс орталығы» мемлекеттік мекемесiне бередi.
Жаhандық және аймақтық төтенше жағдайлар туындаған жағдайда олар туралы ақпаратты:
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары - Қазақстан Республикасының шекаралас әкiмшілік-аумақтық бiрлiктерiнiң әкiмдерiне;
орталық атқарушы органдар - ведомстволық бағынысты ұйымдардағы төтенше жағдайлар туралы «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің республикалық дағдарыс орталығы» мемлекеттік мекемесiне;
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган - өздерiнiң өкiлеттiктерiне сәйкес дереу Қазақстан Республикасының Үкіметіне, орталық атқарушы органдарға бередi.
17. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң қызметiне бейбiт уақытта және соғыс кезiнде төтенше жағдайлардың алдын алу және iс-қимыл жасау жөніндегі шараларды жоспарлау, әзiрлеу және жүзеге асыру кiредi.
Жағдайға қарай жүйенiң жұмыс iстеуiнiң үш тәртібі: күнделiктi қызмет тәртібі, аса жоғары әзiрлiк тәртібі, төтенше тәртібі болады.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң, оның кiшi жүйелерi мен буындарының жұмыс iстеуiнiң қандай да бiр режимiн енгізу туралы шешiмде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган, Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң түрлi деңгейдегi басшы органдары Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетiнiң аумақтық органдарының (нақты жағдайды ескере отырып табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық, қалалық басқармалары, аудандық бөлiмдерi) келісімiмен қабылдайды.
Жағдайға қарай Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң кiшi жүйелерi мен буындары бiр мезгiлде түрлi режимдерде жұмыс iстей алады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 18-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
18. Әдетте, төтенше жағдайларды жоюға тiкелей басшылықты:
объектілік төтенше жағдайлар кезiнде қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органы аумақтық органдарының, ТЖМЖ аумақтық кiшi жүйелерi басшы органдарының қатысуымен ұйымдардың басшылары;
жергiлiктi төтенше жағдайлар кезінде жергiлiктi атқарушы органдар, авариялардың, апаттардың, дүлей зiлзалалардың таралу шекараларына қарай табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары;
аймақтық және жаhандық төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасы Үкiметінің тапсыруымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия тарапынан iс-қимылдар үйлестiрiле отырып Қазақстан Республикасының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.
Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың бiрiншi басшылары ТЖМЖ басшы органдарының нұсқауларын орындамағаны немесе уақтылы орындамағаны үшін жауаптылықта болады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 19-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
19. Төтенше жағдайларды жоюды Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң аумақтық немесе төтенше жағдайлар пайда болған аумақтар мен объектiлердiң ведомстволық кiшi жүйелерiнiң күштерi мен құралдары жүзеге асырады.
Егер төтенше жағдайлардың көлемi Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң аумақтық және салалық кiшi жүйелерiнiң басшы органдары, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган аумақтық органдары оны тоқтата және жоя алмайтындай болса, онда Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттiң ұсынысымен, сондай-ақ орталық және жергiлiктi органдардың өтiнiштерi және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның олар жөніндегі тиiстi қорытындысы бойынша тиiстi көмек көрсету туралы шешiм қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрамалары мен бөлiмдерi, басқа да әскерлерi және әскери құралымдары Қазақстан Республикасы Президентінің нұсқауы бойынша оларды қатыстыру алдын ала бекітілген өзара iс-қимыл жоспарларында көзделген жағдайлардан басқа да төтенше жағдайларды жоюға тартылуы мүмкiн.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен 20-тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
20. Төтенше жағдайлар кезiнде халықтың, қоршаған табиғи ортаның қауiпсiздiгi мен қорғалуы және шаруашылық жүргiзу объектiлерiнiң тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелерi бойынша мемлекеттік мақсатты бағдарламаларды орындауды төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың тұрақсыздандыру ықпалын азайту жөніндегі қаржы, несие-инвестиция саясатын үйлестiру мақсатында, сондай-ақ авариялардың, апаттардың, табиғи және басқа да зiлзалалардың зардаптарын жоюға даярлық мақсатында тиiстi басшы органдар жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 (бұр.ред. қара); 2006.04.12. № 1164 (бұр. ред. қара) Қаулыларымен 21-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен 21-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
21. Халықты төтенше жағдайлар кезiнде қорғау тәсiлдерiне үйретудi Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары жұмыс iстейтiн, оқитын және тұрғылықты жерлердегi сабақтарда, жаттығуларда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және арнайы оқу-жаттығулар кезiнде, сондай-ақ дербес жүзеге асырады.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiнiң, оның кiшi жүйелерi мен буындарының басқару органдарының мамандарын әзiрлеу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның Республикалық даярлау және оқыту орталығында, облыстық (қалалық) халықты даярлау және оқыту орталықтарында, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының оқу-материалдық базасында жүзеге асырылады.
22. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттік жүйесiн ұйымдастыруды жетiлдiру, жүйенiң басқару органдарының, күштерi мен құралдарының даярлығы мен даярлық деңгейiн тексеру мақсатында жыл сайын оның кiшi жүйелерi мен буындарында оқу-жаттығу мен жаттығулар жоспарланады және өткiзiледi. Оқу-жаттығу мен жаттығулардың сипаты, олардың мерзiмi, көлемi мен өткізу жоспарлары белгiленген тәртiппен жасалады және бекітіледi.
ҚР Үкіметінің 31.12.03 ж. № 1387 Қаулысымен қосымша жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 28 тамыздағы
№ 1298 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының Төтенше
жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі функциялары
1. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі.
Төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың қоғамдық тәртiптi қорғау республикалық қызметінің тұрақты дайындығын қамтамасыз ету.
Iшкi iстер органдары қызметкерлерi мен iшкi әскерлер әскери қызметшiлерiн төтенше жағдайлар саласында даярлықтан өткізу мен оқып-үйренуiн ұйымдастыру.
Төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртіпті сақтау (ұстау) және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес, өз құзыретi шегiнде материалдық және мәдени құндылықтарды, мемлекеттік және өзге де объектiлер мен коммуникацияларды, меншiктiң барлық түрiн, азаматтардың жеке мүлкiн қорғау. Төтенше жағдайлар аудандарын, зақымдау ошақтарын оқшаулау (қоршау). Төтенше жағдайлар кезiнде өзге де мемлекеттік органдармен бiрлесiп карантиндік, санитарлық, табиғатты қорғау (экологиялық) және эвакуациялық іс-шаралардың жүргiзiлуiне қатысу.
Жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң қамтамасыз етiлуiн мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру. Өз құзыреті шегiнде iзгілік және өзге де жүктердi төтенше жағдайлар аймақтарына (аудандарына) жеткізу кезiнде бiрге жүру және олардың сақталуын қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, дүлей зiлзалалар мен апаттарды текcepугe қатысу.
Өз құзыреті шегінде қару-жарақ пен оқ-дәрiлердiң (жауынгерлiк қару-жарақты қоспағанда), жарылғыш және әсерi күштi улы заттардың, радиоактивтi материалдардың және рұқсат етiлген жүйелер объектiлеріндегі заттардың сақталуын қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру.
Қажет болған жағдайларда iшкi iстер органдарының төтенше жағдайлар аймақтарындағы (аудандарындағы) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге қатысу.
Өзара iс-қимыл жасау жоспарларына сай немесе Қазақстан Республикасы Президентінің нұсқауы бойынша төтенше жағдайларды жою жөніндегі iс-шараларға iшкi әскерлер құрамалары мен бөлiмдерiнің қатысуын қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесiнiң басшы органдарын, сондай-ақ халықты төтенше жағдайлардың туындау қаупi туралы жедел хабарландыруға қатысу.
Көлiктегi қауіпсiздiктi және терроризмге қарсы iс-әрекеттi қамтамасыз етуге қатысу.
Төтенше жағдайлар кезiнде iшкi iстер органдары мен iшкi әскерлердi қорғау жөніндегі iс-шараларды жоспарлау және жүзеге асыру. Өз құзыретi шегiнде авариялық-құтқару және төтенше жағдайлардың зардаптарын жою жөніндегі басқа да кезек күттірмейтiн жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу.
2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі.
Төтенше жағдайлардағы iс-қимылдарға азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық медициналық қызметiнiң және апатты медицина құралымдарының тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыру.
Төтенше жағдайлардағы шұғыл медициналық көмек қызметiнiң құралымдарын (Қазақстан Республикасының Апатты медицина орталығы мен апатты медицинаның аймақтық орталықтарын қоса алғанда), санитарлық-карантиндік пункттердi және далалық госпитальдарды құру және олардың құралымдарының қызметiн қамтамасыз ету.
Медициналық резервтер құру, олардың уақтылы жаңартылуын және ауыстырылуын ұйымдастыру, мамандандырылған медициналық көмек бригадаларын медициналық мүлiкпен жарақтандыру.
Дәрi-дәрмектердің және медициналық мақсаттағы құралдардың мемлекеттік резервiн қалыптастыру.
Төтенше жағдайларды жоюды медициналық-санитарлық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру. Аса қауiптi жұқпалы аурулардың әкелiнуiне және таралуына жол бермеу, оларды жою жөніндегі iс-шаралардың орындалуына қатысу. Эпидемиологиялық жағдай жөнiнде басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен ақпарат алмасу.
Халық арасында санитарлық-түсiндiру жұмыстарын жүргiзу.
Қазақстан Республикасының аумағын аса қауiптi және карантиндік аурулардың әкелiнуiнен және таралуынан қорғауды ұйымдастыруға қатысу.
3. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, авариялар, апаттар және дүлей зiлзалалар кезiнде өзара көмек көрсетуге жәрдемдесу.
Шет елдердi Қазақстан Республикасында жүргiзіліп жатқан эпидемияға қарсы iс-шаралар туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан табиғи және техногендiк авариялар мен апаттардың трансшекаралық әсер ету қаупi туралы хабардар ету.
Халықаралық көмек шеңберiнде құтқарушылардың келу, кету рұқсаттарын тездетіп алуына, төтенше жағдайлар аймақтарына iзгілік жүктердiң жеткiзiлуiне жәрдемдесу.
4. Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігі.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесiн жетiлдiру мен дамыту мүддесi үшiн ғылыми зерттеулер жүргiзудi ұйымдастыру.
Шығаруға және сатып алуға ұсынылатын авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарын әзiрлеуге және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жасауды ұйымдастыруға қатысу.
Қазақстан Республикасының аумағында сейсмикалық қадағалаулар ұйымдастыру. Жер сiлкiнiсiн, бiрiншi кезекте қысқа мерзiмдiлерiн болжаудың сенiмдi тәсiлдерiн әзiрлеу және енгізу.
Сейсмикалық қауiптілік мониторингiн жүргiзу.
Қоршаған табиғи ортаның жағдайы, ықтимал қауiптi аумақтар мен объектiлер туралы деректер жинау үшiн ғарыштық мониторинг ұйымдастыру әрi жүзеге асыру, авариялық және аварияларды жағдайлар туралы шұғыл хабарлау үшiн оларды төтенше жағдайлар жөніндегі республикалық автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесiне жүйелi түрде беру.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесi үшiн кадрлар даярлауды ұйымдастыру.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою iс-қимылдарына оқушыларды оқытып-үйрету.
Ведомстволық бағынысты мекемелерде төтенше жағдайлар зардаптарының алдын алу және жою жөніндегi iс-шараларды жүзеге асыру.
Әскерилендiрiлмеген авариялық-құтқару құралымдарын құру және оларды әзірліктің қажеттi деңгейiнде ұстау.
ҚР Үкіметінің 2008.18.11. № 1068 Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi бөлімдерi мен бөлiмшелерiнiң (бiрiншi кезекте радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану және инженерлiк әскерлердiң) белгіленген тәртiппен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі iс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органмен бiрлесiп соғыс жағдайы кезеңiнде азаматтық қорғаныс жүйесiнiң жұмыс iстеуiн ұйымдастыру. Авиациялық iздестiру-құтқару қызметiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігіне төтенше жағдайлар аудандарын оқшаулау және төтенше жағдайлар аймақтарындағы материалдық және мәдени құндылықтарды қорғауға көмек көрсету.
Төтенше жағдайлар қаупi төнген және туындаған кезде хабарлау және байланыс жүйесiне қатысу.
Төтенше жағдайларда байланысты ұйымдастыру үшiн радиожиілік арнасын бөлу.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесi үшiн әскери мамандар даярлау.
Өнеркәсiптiк төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде әскери-техникалық құралдармен арнайы көмек көрсету.
6. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі.
Ведомстволық бағынысты, оның iшiнде шекаралас аумақтарда және су ортасында орналасқан объектiлердегi авариялар мен апаттардың алдын алу және жою жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру.
Республика аумағында ядролық және радиациялық қауiпсiздіктi, оған қадағалауды қамтамасыз ету.
Ықтимал қауiптi ведомстволық бағынысты объектiлердегi және оған шектес аумақтардағы жағдайды қадағалау мен бақылауды ұйымдастыру. Халықты хабардар ету.
Объекттердi өнеркәсiптiк және экологиялық қауiпсiздiктi ескере отырып орналастыру жөніндегі жұмыстарды үйлестiру. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесiне кiретiн ведомстволық және кәсiптiк авариялық-құтқару бөлiмшелерінің күштерiмен құтқару авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзуге қатысу.
Халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, ведомстволық бағынысты объектiлердегi шығарылатын өндiрiс өнiмдерінің, жұмыстар мен процестердiң қауіпсiздігі саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыру әрi техникалық және технологиялық нормаларды қамтитын нормативтiк құқықтық кесiмдер әзiрлеу.
Энергетика және өнеркәсiп объектiлерiнің, жаңадан пайдалануға берiлген объектiлерде құбыр магистральдары мен желiлердiң сейсмикалық төзiмдiлiгiн қамтамасыз ету. Салалық авариялық-техникалық және авариялық-құтқару қызметтерінің ведомстволық бағынысты объектiлердегi төтенше жағдайлардағы іс-қимылға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
Ведомстволық бағынысты oбъектiлердегi техногендік төтенше жағдайларға ден қою, олардың зардаптарын жою, олардың туындау себептерiн тексеру тәртібін айқындау.
Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық қызметтерінің төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлігін қамтамасыз ету.
7. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ведомстволық бағынысты объектiлерде авариялар мен апаттардың, эпизоотиялар мен эпифитотиялардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің, су кеңiстiгiнiң химиялық қауiптi әрi радиоактивтi заттармен және ауыр металдармен ластануына бақылау жасау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестiру. Ластанған аумақтарда ауыл шаруашылығы өндiрiсiн ұтымды жүргiзудi қамтамасыз ету.
Эпизоотологиялық, фитопатологиялық және токсикологиялық бақылау, эпизоотиялар мен эпифитотияларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестiру. Карантиндiк iс-шараларды ұйымдастыру.
Ауыл шаруашылығы өндiрiсi үшiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды бағалау жөніндегі қажеттi ақпаратты жедел алуды, өңдеудi және берудi қамтамасыз ету.
Халықтың арасында эпизоотиялар мен эпифитотиялардың таралуының алдын алу жөнінде санитарлық-түсiндiру жұмысын жүргiзу. Ауыл халқын төтенше жағдайлар кезiнде iс-қимыл жасауға оқытып-үйрету.
Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық жануарлар мен өсiмдiктердi қорғау қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
Орман қорының аумағында өрттердiң және аурулар мен зиянкестер ошақтарының алдын алу және жою жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру. Орман-патологиялық қадағалау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестiру, ормандардағы өрт жағдайы мен энтофитопатологиялық жағдайларға баға беру жөнiнде қажеттi ақпарат берiп отыру.
Халық арасында орман өрттерi туындауының алдын алу жөнiнде алдын ала түсiндiру жұмыстарын жүргiзу. Мамандандырылған командаларды орман өрттерi туындаған жағдайда iс-қимыл жасауға үйрету. Орман қорғау қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға әзірлігін қамтамасыз ету.
Су тасқынының, су басып қалудың, бөгеттердiң бұзылуының алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі, халықты және экономиканың салаларын төтенше жағдайлар кезiнде сумен қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды ұйымдастыру.
Су режимiн қадағалау, су ресурстарын пайдалануды реттеп отыру.
8. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі.
Сәулет-құрылыc бақылауын ұйымдастыру.
Қауiптiлігі жоғары жағдайлардағы аудандарда объектiлердi жобалау, құрылысын салу және пайдалану әдiстерiн, қауiптi табиғи және техногендiк процестердi зерделеу, бағалау және болжау әдiстерi мен құралдарын әзiрлеу, аумақтарды инженерлiк қорғаудың жаңа әдiстерiн әзiрлеу және қолданылып жүргендерiн жетiлдiру. Үйлер мен ғимараттардың сенiмдiлiгi мен сейсмикалық төзiмдiлiгi саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыру.
Қауiптi өндiрiстiк объектiлердi, сондай-ақ қауiптi жағдайларда пайдаланылатын объектiлердi салуды және инженерлiк қорғауды нормативтiк қамтамасыз ету.
Жобалық құжаттаманы сараптау. Төтенше жағдайларды жою кезiнде құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу кезiнде келген залалдың және материалдық-техникалық ресурстарға қажеттiлiктiң есебiн жүргiзудiң әдiснамасын әзiрлеу.
Үйлер мен ғимараттар құрылысының сапасына, сондай-ақ сейсмикаға қарсы күшейтiлуiне бақылау жасау.
Сел және тау көшкiнінің қаупi бар учаскелерде, тектоникалық жарылу аумақтарында, есептi сейсмикалылығы 9 балдан асатын учаскелерде, зақымдалған, химиялық және радиациялық қаупi бар аумақтарда құрылыс салуды реттеу.
Дүлей зiлзалалар мен техногендiк апаттар кезiнде құрылыс конструкцияларының авариялары, үйлер мен ғимараттардың бүлiнуi және құлауы жөніндегі дерекқорды жасау.
Үйлер мен ғимараттарды, оның iшiнде су ортасында орналасқандарын жобалау, құрылысын салу және пайдалану кезiнде қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз ету.
Ведомстволық бағынысты объектiлерде, оның iшiнде шекарааралық аумақта және су ортасында орналасқандарында авариялар мен апаттардың алдын алу және жою жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыру.
Ықтимал қауiптi ведомстволық бағынысты объектiлердегi және оған шектес аумақтардағы жағдайды қадағалау мен бақылауды ұйымдастыру. Жұртшылықты хабардар ету.
Өнеркәсiптiк және экологиялық қауiпсiздiктi ескере отырып, объектiлердi орналастыру жөніндегі жұмыстарды үйлестiру. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесiне кiретiн ведомстволық және кәсіптiк авариялық-құтқару бөлiмшелерінің күштерiмен құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзуге қатысу.
Халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, ведомстволық бағынысты объектiлерде өндiрiс өнiмдерінің, жұмыстар мен процестердiң қауiпсiздiгi саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және техникалық әрi технологиялық нормаларды қамтитын нормативтiк құқықтық кесiмдер әзiрлеу.
Республикада авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарын шығаруды ұйымдастыру. Өнеркәсiптегi қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі заң жобалары мен нормативтік кесiмдердi әзiрлеу. Ұйымдар қызметкерлерiн және оларға жақын маңда тұратын халықты осы ұйымдарда авариялар мен апаттар туындай қалған кездегi төтенше жағдайларда iс-қимыл жасау ережесi мен тәртібіне үйретудi ұйымдастыру.
Ведомстволық бағынысты объектiлердегi төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға салалық авариялық-техникалық және авариялық-құтқару қызметтерінің тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
9. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі.
Көлiктегi жолаушылар мен жүктердiң қауiпсiздiгiн және терроризмге қарсы iс-қимылды қамтамасыз етуге бақылау жасау.
Темір жол, автомобиль, авиация, өзен және теңiз көлiгiнде авариялар мен апаттардың алдын алу және жою.
Күрделi, сенiмдi және қауiпсiз жолдарды, жол өткелдерiн, көпiрлердi жобалау мен құрылысын салуды қамтамасыз ету. Төтенше жағдайлар кезiнде инфрақұрылым объектiлерi жұмысының қосарлана атқарылуын қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлар кезiнде инфрақұрылым oбъектiлерi жұмысының сенiмдiлiгiн арттыру жөніндегі ғылыми зерттеулердi ұйымдастыру және әлемдiк озық тәжiрибенi енгізу.
Халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, көлiктегi өндiрiс өнiмдерiнiң, жұмыстар мен процестердiң қауiпсiздiгi саласында техникалық және технологиялық нормаларды қамтитын нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеу.
Аса қауiптi жұқпалы аурулардың әкелiнуi және таралуының алдын алу жөніндегі iс-шараларға қатысу.
Төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге қажеттi күштерді, құралдар мен материалдық-техникалық ресурстарды тасымалдауды қамтамасыз ету, эвакуациялық iс-шараларды жүзеге асыру.
Ведомстволық құралымдар күштерінің төтенше жағдайлар ауданында құтқару жұмыстарын жүргiзуге тактикалық-техникалық мүмкiндiктерi шегiнде қатысу.
Қалпына келтiру және өрт поездарының iс-қимыл жасауға әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
10. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі.
Төтенше жағдайларды жою жоспарларына сәйкес Қазақстан Республикасына келетiн шетел қызметкерiнің жұмыс iстеуiне лицензиялау мен рұқсаттар берудiң жеделдетiлген рәсiмiн қамтамасыз ету.
11. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі.
Республикадағы экологиялық жағдайға мемлекеттік бақылау жасауды қамтамасыз ету, оны жақсарту жөніндегі шараларды жоспарлау және жүзеге асыру, жобаларға экологиялық сараптау жүргізу және ұйымдарға экологиялық бақылау жасау жолымен техногендiк апаттар мен авариялардың алдын алу, экологиялық апаттардың туындау мүмкiндiгi туралы хабарлап отыру.
Экологиялық төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарға әдiстемелік басшылық жасау. Авариялар мен апаттардан пайда болатын радиоактивтi және химиялық ластануға жедел бақылау жасау және өлшеулердi жүзеге асыру.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесінің қадағалайтын және бақылайтын тиiстi кiшi жүйелерiн құру және оларға басшылық жасау.
Қауiптi гидрометеорологиялық құбылыстарды, селдердi, қар көшкiнiн, қоршаған табиғи ортаның ластануының жоғарғы деңгейiн және онымен байланысты төтенше жағдайлардың ауқымын болжау, олардың қаупi туралы уақтылы хабарлау.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою мемлекеттік жүйесінің басқару органдарына гидрометеорологиялық ақпаратты және қоршаған табиғи ортаның ластануының деңгейi туралы деректердi беру.
Қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн және қауiптi метеореологиялық құбылыстар туралы ескерту жүйелерiн бақылайтын тиiстi функционалдық кiшi жүйелердi құру және оларға басшылық жасау. Қауіптi гидрометеорологиялық құбылыстарға ұзақ мерзiмдi және қысқа мерзiмдi болжамдар жасаудың тиiмдi әдiстерiн әзiрлеу жөніндегі ғылыми зерттеулер.
12. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi (келісім бойынша).
Орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға төтенше жағдайлардың ықтимал алғы-шарттары, сипаты мен себептерi туралы, шет елдердегi эпидемиологиялық жағдай туралы, қылмыстық топтар мен жекелеген адамдардың қасақана төтенше жағдайлар туғызу жөніндегі нақты iс-әрекетi туралы ақпараттар беру.
Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдайлар мәселелері бойынша жұмысқа шет мемлекеттердiң көмек көрсетуi кезiнде мемлекеттік қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру.
Қажет болған жағдайда арнайы күштер мен құралдардың төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жөніндегі iс-шараларға қатысуы.
Төтенше жағдайлар туындаған кезде үкіметтік байланысты ұйымдастыру.
Аса қауiптi жұқпалы аурулардың әкелінуі мен таралуының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысу.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес мемлекеттік шекара арқылы авариялық-құтқару құралымдарын, iзгiлiк көмек жүктерiн, босқындарды оңайлатылған жолмен өткізудi қамтамасыз ету.
13. Қазақстан Республикасының Ақпарат министрлігі.
Төтенше жағдайлардың туындау қаупі туралы халыққа жедел хабарлауды қамтамасыз ету. Халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жасау ережесi мен тәртібіне оқытып-үйретуді ұйымдастыру.
Төтенше жағдайлардан қорғану саласындағы білімдi, тұрмыстағы және өндiрiстегi қауіпсiздік ережелерін насихаттау жөнiнде баспасөзде үнемi жарияланымдар, радио және теледидар бойынша хабарлар ұйымдастыру. Дүлей зiлзалалардың, техногендiк апаттар мен авариялардың алдын алу және оларды жою жөнiнде мемлекет қабылдайтын шаралар туралы халықты хабардар ету.
Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық ақпарат қызметiнiң төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
ҚР Үкіметінің 2006.13.01. № 38 қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
14. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі.
Төтенше жағдайлар кезiнде iзгiлiк көмек жүктерiн, авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарын кедендік ресiмдеудiң басым тәртібін қамтамасыз ету.
Аса қауiптi жұқпалы аурулардың әкелінуі мен таралуының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысу.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында радиациялық бақылау жасау.
15. Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттiгi.
Ұйымдар мен хабарлау және байланыс қызметтерi құратын азаматтық қорғаныс құралымдарының төтенше жағдайлар аймақтарында құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргізуге қатысуы.
Басқару органдарын төтенше жағдайларды жою кезiнде байланыспен басым тәртiппен қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлардың туындау қаупі туралы мемлекеттік басқару органдарының жұмыс iстеп тұрған хабарлау құралдарын техникалық қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлар кезiнде байланыс арналарының қосарлана жұмыс атқаруын қамтамасыз ету.
Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың хабарлау және байланыс қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
ҚР Үкіметінің 2006.04.12. № 1164 Қаулысымен 16-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
16. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті.
Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен оларды сақтау нормаларын әзiрлеу.
Мемлекеттік материалдық резервке материалдық құндылықтарды жеткiзiп беруге арналған тапсырыстарды орналастыру.
Мемлекеттік материалдық резерв қорларын қалыптастыруды, сақтауды және оларға қызмет көрсетудi жүзеге асыру.
Қазақстан Республикасы ?кіметінің шешiмдерiмен көзделген алушыларға мемлекеттік материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын қарызға алу, жаңалау және ауыстыру тәртібімен шығарылуын жүзеге асыру.