Мемлекеттік кәсіпорын туралы 1995 ж. 19 маусымдағы № 2335
Қазақстан Республикасының Заңы
(2009.02.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР 2011 жылғы 1 наурыздағы № 413-IV Заңымен күші жойылды
11.06.04 ж. № 561-II ҚР Заңымен актінің нысаны мен тақырыбы жаңа редакцияда
1-Тарау. Жалпы ережелер (1 - 17 баптар)
2-Тарау. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын (18 - 30 баптар)
3-Тарау. Қазыналық кәсiпорын (31 - 45 баптар)
4-Тарау. Еншiлес мемлекеттік кәсiпорын (46 - 51 баптар)
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен кіріспе алынып тасталды
11.07.97 ж. № 154-1 ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді
1-бап. Мемлекеттік кәсiпорындар
1. Мемлекеттік кәсiпорындарға:
1) шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорындар;
2) жедел басқару құқығына негiзделген (қазыналық кәсiпорын) кәсiпорындар жатады.
2. Мемлекеттік меншiктiң түрлерiне қарай кәсiпорындар:
1) республика меншiгіндегі кәсiпорындар - республикалық мемлекеттік кәсiпорындар;
2) коммуналдық меншiктегi кәсiпорындар - коммуналдық мемлекеттік кәсiпорындар болып бөлiнедi.
3. Басқа мемлекеттік кәсiпорын құрған мемлекеттік кәсiпорын еншiлес мемлекеттік кәсiпорын болып табылады.
4. 11.06.04 ж. № 561-II ҚР Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi құратын кәсiпорындар Республикалық мемлекеттік кәсiпорындар болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi кәсiпорындарының қызметiн құру, реттеу және тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленген ерекшелiктерiн ескере отырып, осы Заңмен белгiленедi.
ҚР Президентінің 23.12.95 ж. № 2722 заң күші бар Жарлығымен 2-бап өзгертілді; 04.05.01 ж. № 185-II; 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңдарымен 2-бап өзгертілді
2-бап. Мемлекеттік кәсiпорындардың мiндет-мақсаты
1. Мемлекеттік кәсiпорындар қызметiнiң негiзгi мiндет-мақсаты қоғам мен мемлекеттiң қажетiне қарай айқындалатын мынадай әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi шешу болып табылады:
1) мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн материалдық жағынан қамтамасыз ету және қоғам мүддесiн қорғау;
2) экономиканың жеке меншiк секторы қамтымаған немесе жеткiлiксiз қамтыған қоғамдық өндiрiстiң буындары мен салаларында бiрiншi қажеттiлiктегi тауарларды өндiру (жұмыстар атқару, қызметтер көрсету);
3) мемлекеттік монополияға жатқызылған немесе бақылау және қадағалау функцияларын қоспағанда, мемлекеттiң функциясы болып табылатын салалардағы қызметтi жүзеге асыру.
2. Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың атаулы тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
Коммуналдық мемлекеттік кәсiпорындардың атаулы тiзбесiн тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар бекiтедi.
ҚР Президентінің 23.12.95 ж. № 2722 заң күші бар Жарлығымен 3-бап өзгертілді; 11.07.97 ж. № 154-1 ҚР Заңымен 3-бап өзгертілді; 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда
3-бап. Мемлекеттік кәсiпорындарға қатысты мемлекеттік басқару және мемлекеттік меншiк құқығын жүзеге асыру
1. Республикалық мемлекеттік кәсiпорындарға қатысты республикалық меншiк құқығы субъектiсiнiң функцияларын республикалық мемлекеттік меншiкке билiк етуге Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлеттiк берген мемлекеттік орган, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) орындайды.
Министрлiктер, агенттiктер, ведомстволар және Қазақстан Республикасының Yкіметі уәкiлеттiк берген өзге де мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi республикалық мемлекеттік кәсiпорындарды мемлекеттік басқару органдары (бұдан әрi - мемлекеттік басқару органдары) болып табылады.
2. Коммуналдық меншiк құқығы субъектiсiнiң коммуналдық мемлекеттік кәсiпорындарға қатысты функцияларын тиiсті әкімшілік-аумақтық бөліністің әкiмияты (бұдан әрi - уәкілетті орган) жүзеге асырады.
Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөліністің әкiмияты не жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, әкiм уәкiлеттік берген атқарушы орган (бұдан әрi мемлекеттік басқару органы) коммуналдық мемлекеттік кәсiпорындарды мемлекеттік басқару органы болып табылады.
11.07.97 ж. № 154-1; 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңдарымен 4-бап өзгертілді
4-бап. Мемлекеттік кәсiпорынды құру
1. Республикалық мемлекеттік кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе Ұлттық Банктiң шешiмi бойынша, коммуналдық мемлекеттік кәсiпорын - Қазақстан Республикасы Үкiмет белгiлеген тәртiппен жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша құрылады.
2. Мемлекеттік кәсiпорынның құрылтайшысы уәкiлдi орган болады.
3. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынды құруға, егер ол өзiнiң мiндет-мақсаты бойынша осы Заңның 18-бабында айтылған талаптарға сай келген жағдайда жол берiледi.
Қазыналық кәсiпорынды құруға, егер ол өзiнiң мiндет-мақсаты бойынша осы Заңның 32-бабында айтылған талаптарға сай келген жағдайда жол берiледi.
2008.25.12. № 113-IV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құру монополияға қарсы органның алдын ала келісімімен жүзеге асырылады.
5-бап. Мемлекеттік кәсiпорындарды тiркеу және қайта тiркеу
1. Мемлекеттік кәсiпорын өзi мемлекеттік тiркеуден өткен кезден бастап құрылған деп саналады және заңды тұлғаның құқығына ие болады.
Мемлекеттік кәсiпорындарды тiркеу заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Бұл заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу және қайта тiркеу туралы заң актілерінде көзделген жағдайда мемлекеттік кәсiпорын қайта тiркеуге жатқызылады.
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Мемлекеттік кәсiпорынның жарғысы
1. Жарғы мемлекеттік кәсiпорынның құрылтайшы құжаты болып табылады.
Мемлекеттік кәсiпорынның жарғысын мемлекеттік басқару органының ұсынуы бойынша оның құрылтайшысы (уәкiлеттi органы) бекiтедi.
2. Мемлекеттік кәсiпорынның жарғысында: кәсiпорынның түрi, оның фирмалық атауы, құрылтайшысы (уәкiлеттi органы) туралы мәлiмет, кәсiпорынның тұрған жерi, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаты, басшының өкiлеттiгi, жұмыс режимi, кәсiпорын мүлкiнiң құралуы мен табысты бөлу тәртібі, кәсiпорынды қайта ұйымдастыру мен оның қызметiн тоқтату шарттары болуы тиiс. Жарғыда сондай-ақ кәсiпорын мен құрылтайшы (уәкiлеттi орган), кәсiпорынның әкiмшiлiгi мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастары айқындалады. Жарғыда заңдарға қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн.
7-бап. Мемлекеттік кәсiпорынның фирмалық атауы
1. Мемлекеттік кәсiпорынның фирмалық атауында мүлiк иесi мемлекеттік меншiктiң қай түрiне (республикалық немесе коммуналдық) жататыны және ведомстволық бағыныстылығы көрсетiлуi керек.
Жедел басқару құқығындағы кәсiпорынның фирмалық атауында оның қазыналық болып табылатындығы көрсетiлуi тиiс.
2. Мемлекеттік кәсiпорынның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және фирмалық атауы бар мөрi болады.
04.10.99 ж. № 469-1; 04.05.01 ж. № 185-II; 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңдарымен 8-бап өзгертілді
8-бап. Мемлекеттік кәсiпорын қызметiнiң мәнi мен мақсаты
1. Мемлекеттік кәсiпорын қызметiнiң мәнi мен мақсатын, мемлекеттік басқару органының ұсынуы бойынша, оның құрылтайшысы (уәкiлеттi органы) айқындайды, бұл кәсiпорынның жарғысында бекітіледi және шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорындарға қатысты бөлiгiнде - осы Заңның 18-бабының талаптарына, ал қазыналық кәсiпорындарға қатысты бөлiгiнде - осы Заңның 32-бабының талаптарына сәйкес келуi керек.
Мемлекеттік кәсіпорындарға мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын беруге жол берілмейді.
2. Мемлекеттік кәсіпорынға өз Жарғысында көрсетілген қызметінің нысанасы мен мақсатына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруына, сондай-ақ мәмілелерді жасауына тыйым салынады.
3. Кәсiпорынның жарғысында айқындалған, қызмет мақсатына қайшы жасаған мәмiлесi заңдарда белгiленген тәртiппен оның құрылтайшысының (уәкiлдi органының) талабы бойынша күшi жоқ деп танылуы мүмкiн.
Кәсiпорын басшысының кәсiпорынның қызметiнде жарғыдан тыс iс-әрекет жасауы еңбек мiндеттерiн бұзған болып табылады және белгiленген ретпен тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту шараларын қолдануға апарып соғады.
21.05.02 ж. № 323-II; 11.06.04 ж. № 561-II (бұр. ред. қара); 2006.04.07. № 150-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 9-бап өзгертілді
9-бап. Мемлекеттік кәсiпорынды басқару
1. Кәсiпорынды мемлекеттік басқару органының мыналарға:
1) мемлекеттік кәсiпорын қызметiнiң басым бағыттарын айқындауға;
2) мемлекеттік кәсiпорынның қаржы-шаруашылық қызметiнiң жоспарын, оның iшiнде жоспарлы қаржылық көрсеткiштерiн, оларды берудiң мерзiмдiлiгi мен тәртібін қарауға және бекітуге;
3) уәкілетті органға тиiстi есептi ол белгілеген мерзiмде табыс ете отырып, мемлекеттік кәсiпорынның қаржы-шаруашылық қызметiнiң жоспарлы көрсеткiштерiнiң орындалуын бақылауға және талдауға;
4) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жекелеген мемлекеттік білім беру кәсіпорындарының бірінші басшыларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілейтін тәртіппен басшыны тағайындауға және оны аттестаттаудан өткізуге;
5) мемлекеттік кәсiпорын мүлкiнiң мақсатқа сай пайдаланылуын және сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
6) осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерімен өзінің құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдауға өкілеттіктері болады.
2. Заңды тұлға ретiнде кәсiпорынның органы мемлекеттік басқару органына есеп беретiн кәсiпорынның басшысы болып табылады.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік басқару органы кәсіпорынның басшысымен қатынасты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шартын жасасу арқылы ресімдейді.
Еңбек шартында, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген талаптардан басқа, кәсіпорын басшысының таза табыстың белгіленген бөлігін бюджетке уақтылы аудармағаны және қаржы-шаруашылық есептілігі туралы мәліметтерді уақтылы табыс етпегені үшін жауапкершілігі айқындалады.
4. Кәсiпорын басшысы меншiк иесiнiң (уәкiлеттi органның) және мемлекеттік басқару органының алдында кәсiпорындағы iстiң жай- күйі үшін тiкелей жауапты болады.
5. Кәсiпорын басшысы жеке дара басшылық жасау принциптерi бойынша iс-қимыл жасайды және кәсiпорынның барлық мәселелерiн осы Заң мен кәсiпорын жарғысы белгiлеген құзыретiне сәйкес дербес шешедi.
6. Басшы кәсiпорын атынан сенiмхатсыз iс-қимыл жасайды, барлық органдарда кәсiпорынның мүддесiн бiлдiредi, осы Заңмен белгiленген шектерде кәсiпорынның мүлкiне өкiмдiк етедi, шарттар жасайды, сенiмхат бередi, банкiлiк есеп-шоттарын ашады және өзге де мәмiлелер жасайды, барлық қызметкерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Басшы өз құзыретi шегiнде және еңбек заңдарына сәйкес қызметкерді кәсіпорынға жұмысқа қабылдайды және онымен еңбек шартын бұзады, көтермелеу шараларын қолданады және оларды жазаға тартады.
Басшының ұсынысы бойынша мемлекеттік басқару органы лауазымға тағайындайтын немесе лауазымнан босататын кәсiпорын қызметкерлерiнiң номенклатурасы кәсiпорынның жарғысында белгiленедi.
8. Басшының орынбасарларын кәсiпорын басшының ұсынысы бойынша мемлекеттік басқару органы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Басшының орынбасарларының және кәсiпорынның басқа да басшы қызметкерлерiнiң құзыретiн басшы белгiлейдi.
Басшының орынбасарлары өздерiнiң құзыретi шегiнде кәсiпорынның атынан iс-қимыл жасайды, оны мемлекеттік органдарға және басқа кәсiпорындарға танытып бiлдiредi, шаруашылық операцияларын және сенiмхатсыз шарттар жасап, сондай-ақ кәсiпорын қызметкерiне сенiмхат бере алады.
21.05.02 ж. № 323-II; 2007.28.02. № 235-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 10-бап өзгертілді
10-бап. Мемлекеттік кәсiпорынның мүлкi
1. Кәсiпорынның мүлкiн құны кәсіпорынның дербес балансында көрсетілетін кәсіпорынның барлық активтері құрайды.
2. Мемлекеттік кәсiпорынның мүлкi бөлiнбейдi және оны салымдар (үлестер, пайлар) бойынша, соның iшiнде кәсiпорын қызметкерлерiнiң арасында бөлуге болмайды.
3. Мемлекеттік кәсiпорынның мүлкi:
1) оған меншiк иесi берген мүлiктiң;
2) өз қызметiнiң нәтижесiнде сатып алынған мүлiктiң (ақшалай табыстарды қосқанда);
3) заңдармен тыйым салынбаған өзге де қаражат негiздерiнiң есебiнен қалыптастырылады.
4. Мемлекеттік кәсiпорындардың негiзгi құралдарға жататын, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығында бекітілген мүлiкке, сондай-ақ оларға тиесiлi акцияларға қатысты сатуға және сыйға беру мәмiлелерiн жасасуға құқығы жоқ.
5. Шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы мүлiктi алып қою туралы шешiмде уәкiлеттi орган мемлекеттік кәсiпорынға кейіннен мүлiктi баланстан шығара отырып, оны өзге тұлғаға бергенге дейін ұстаудың және сақталуын қамтамасыз етудің мерзімдерiн белгiлеуге құқылы.
11-бап. Мемлекеттік меншiк түрi не ведомстволық бағыныстылығы ауысқан кезде кәсiпорынның мүлiктiк құқықтарының сақтаулы
Заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттік кәсiпорынды республикалық иелiктен коммуналдық иелiкке бергенде немесе керiсiнше iстегенде, не мемлекеттік басқарудың бiр органының бағынысынан басқа бiр органның бағынысына берген кезде ондай кәсiпорын өзiне тиiстi мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығын (жедел басқару құқығын) сақтап қалады.
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Мүлiктiк кешен ретіндегі мемлекеттік кәсiпорын
1. Мемлекеттік кәсiпорын тұтас алғанда мүлiк кешенi ретiнде жылжымайтын мүлiк болып танылады және мемлекеттік меншiк құқығының объектiсi болып табылады.
2. Мүлiктiк меншiк ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, оның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқығы, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атауы, тауар белгiлерi) және басқа да айрықша құқықтар енедi.
3. Республикалық мемлекеттік кәсiпорын жөнiнде ол бiртұтас мүлiктiк кешен ретiнде болғанда мәмiлелер (кепiлге беру, жалдау және басқалары) жасауы - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша, ал коммуналдық кәсiпорын жөнiнде - жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен; 2009.02.12. № 212-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 13-бап өзгертілді
13-бап. Мемлекеттiң тапсырысы
1. Мемлекеттік кәсiпорын үшiн мемлекеттiң тапсырысын орындау мiндеттi болып табылады.
Егер бұл шарттар мемлекеттiң тапсырысында көзделген болса, кәсiпорынның тауарларды (жұмыстар атқаруды, қызметтер көрсетудi) сатып алушы немесе сатушы ретiнде шарттар жасаудан бас тартуға құқығы жоқ.
2. Мемлекеттiң тапсырысы, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұсыну нысандары мен түрлер бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарын қоспағанда, кәсiпорынға мемлекеттік басқару органы арқылы жеткiзiледi.
3. Мемлекеттiң тапсырысында қамтылмаған өнiмдердi (жұмыстар атқаруды, қызметтер көрсетудi) кәсiпорын өз бетiмен сатады.
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді
14-бап. Заңсыз келген табыстарды кәсiпорыннан алып қою
Заңдарда тыйым салынған, оның жарғысында көзделмеген, қызметтi жүзеге асырудан кәсiпорынға түскен табыс, сондай-ақ сатылатын тауарлардың (жұмыстар атқарудың, қызметтер көрсетудiң) бағасын көтеру нәтижесiнде түскен табыс Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджетке алып қойылады.
15-бап. Мемлекеттік органдардың заңсыз iс-әрекеттерiне кәсiпорынның шағым жасауы
Кәсiпорын мемлекеттік органдардың заңсыз iс-әрекеттерiне, оған қоса ол уәкiлдi органның кәсiпорын пайдасын алып қоюға, мүлiктi қайта бөлуге, мемлекеттiң тапсырысын беруге, кәсiпорын шығаратын тауарларға (жұмыстар атқаруға, қызметтер көрсетуге) баға қоюға байланысты жасаған, сондай-ақ кәсiпорынның құқығы бұзылатын басқадай iс-әрекеттерiне белгiленген тәртiп бойынша сотқа шағым жасауға құқылы.
11.07.97 ж. № 154-1; 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңдарымен 16-бап өзгертiлдi
16-бап. Мемлекеттік кәсiпорынды қайта ұйымдастыру және тарату
1. Республикалық мемлекеттік кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен, ал коммуналдық кәсiпорын - жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен қайта ұйымдастырылады және таратылады.
Кәсiпорын азаматтық заңдарда көзделген басқа негiздемелер бойынша да таратылуы мүмкiн.
Кәсiпорынды қайта ұйымдастыру және таратуды, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, уәкiлеттi органның келісімi бойынша мемлекеттік басқару органы жүзеге асырады.
2. Таратылған кәсiпорынның кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлкiн уәкiлдi орган қайта бөледi.
Таратылған кәсiпорынның ақшасы осы кәсiпорынның кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалатын мүлкiн сату нәтижесiнде түскен ақша қаражатымен қоса тиiстi бюджеттiң табысына есептеледi.
17-бап. Мемлекеттік кәсiпорынды жекешелендiру
Мемлекеттік кәсiпорын жекешелендiру туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жекешелендiрiледi.
2-Тарау. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын
04.11.99 ж. № 472-1; 04.05.01 ж. № 185-II; 04.06.03 ж. № 431-II; 11.06.04 ж. № 561-II (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 180-IV (бұр.ред.қара); 2009.24.07. № 190-IV (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 18-бап өзгертілді
18-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынның мiндет-мақсаты
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын мынадай қызметтер аясында құрылуы (бұрын құрылғандарды iс-әрекет жасауы) мүмкiн:
1) қару-жарақты және оның оқ-дәрiсiн, қорғаныс құралдарын, әскеритехникасын, қосалқы бөлшектердi, санатталатын элементтер мен оның приборларын әзiрлеу, өндiру, жөндеу және сату; босатылған әскери-техникалық құралдарды қайта өңдеу және жою (құрту, ұқсату, көму);
2) уранды және басқа бөлшектенетiн материалдарды, сондай-ақ одан жасалатын бұйымдарды алу, өндiру, тасымалдау, қайта өңдеу, көму және сату; арнаулы қорғаныс құралдарын қолданбай-ақ пайдалануға болатын нормадан асатын мөлшерде радиоактивтi заттары бар өнiм шығару және сату;
3) дәрi-дәрмектер, дәрiлiк заттар мен емдеу препараттарын, медициналық жабдықтар мен құрал-сайман жасау және сату;
4) 04.05.01 ж. № 185-II ҚР Заңымен алынып тасталды
5) энергиямен, жылумен, сумен жабдықтау, желiлiк көлiк, байланыс, коммуникация, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласында, республикалық және жергiлiктi инфрақұрылымда тiршiлiкте қамтамасыз ететiн басқа жүйелерде өзiнiң табиғи монополия жағдай мен әлеуметтiк экономикалық маңыздылығы жағынан тiкелей мемлекеттік басқаруын қажет ететiн шаруашылық қызметiн жүзеге асыру;
6) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзiне жүктелген мiндеттерiн жүзеге асыруына жәрдемдесетiн және (немесе) қаржы рыногы инфрақұрылымының бiр бөлігі болып табылатын;
7) заңдарда қаржыландырудың арнайы тәртібі белгіленген мемлекеттік автомобиль жолдарының және басқа инфрақұрылым объектілерінің желісін ұстау мен дамыту;
8) почта байланысы мен телекоммуникация, жалпыреспубликалық және халықаралық байланыс желілерін пайдалану;
9) денсаулық сақтау, ветеринария, табиғатты қорғау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ғылым, мәдениет, туризм және спорт саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;
10) бұқаралық ақпарат құралдары, баспа және полиграфия қызметі саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;
11) қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы өндірістік қызметті жүзеге асыру.
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
12) жер кадастрларын, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінiң мемлекеттік тiзiлiмiн жүргізуді қамтамасыз ететін қызметті жүзеге асыру;
13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік материалдық резервiн қалыптастыру және сақтау саласында шаруашылық қызметтi жүзеге асыру.
14) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, бірегей және сирек кездесетін ландшафтарды, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында шаруашылық қызметті жүзеге асыру.
Мемлекеттік органдардың қызметтiк ғимараттарын пайдалануды, оларға көлiк қызметiн көрсетудi және оларды жабдықтау функцияларын орындауды жүзеге асыру мақсатында шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорындар құруға тыйым салынады.
19-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынның мазмұны
Шаруашылық жүргiзу құқығы мүлiктi мемлекеттен меншiк иесi ретiнде алған және осы мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және өзге де заң құжаттарында белгiленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттік кәсiпорынның заттық құқығы болып табылады.
20-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi
1. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi бола алады.
2. Кәсiпорынның қарамағында тек өзiнiң жарғылық мақсаттарында көзделген қызметтi қамтамасыз ету үшiн қажеттi, не осы қызметтiң өнiмi ретiнде алынған мүлiк қана бола алады.
19.06.97 ж. № 132-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 21.05.02 ж. № 323-II; 11.06.04 ж. № 561-II (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 21-бап өзгертiлдi
21-бап. Кәсiпорынның жарғылық және резервтiк капиталдары
1. Кәсiпорынның жарғылық капиталының мөлшерiн оның құрылтайшысы белгiлейдi, бiрақ оның мөлшерi кәсiпорынға берiлген мүлiктiң жалпы құнынан аспауы керек және кәсiпорынды мемлекеттік тiркеуден өткiзген күннен бастап белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 10.000 кем болмайды.
Жарғылық капиталдың мөлшерi кәсiпорынның жарғысында көрсетiледi.
Жарғылық капиталды меншiк иесi (құрылтайшы) кәсiпорынды мемлекеттік тiркеуден өту қарсаңында толық құруға тиiс.
2. Жарғыда көрсетiлгендей кәсiпорын резерв капиталын қалыптастыруға мiндеттi және ол жарғылық капиталдың 10 процентiнен кем болмауы керек және резерв қорының белгiленген дәрежесiне жеткенге дейiн өз билігінде қалған таза кiрiстің кем дегенде 5 процентiн осы мақсатқа жұмсауы керек.
Резерв капиталының қаржысы тек қана шығынды жабуға, бюджет алдындағы мiндеттемелердi орындауға, мемлекеттік кредиттердi өтеуге және кәсiпорынның басқадай қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда сыйақы (мүдде) өтем төлеуге жұмсалады.
3. Егер кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерi туралы заң актілерінде жарғылық және резервтiк капиталдардың өзге тәртiптерiн қалыптастыру мен мөлшерлерi белгiленген болса, онда кәсiпорындар оларды осы актiлерде көзделген мөлшерлерде құрады, бiрақ ол осы баптың 1-тармағында көрсетiлгеннен кем болмауы керек.
22-бап. Шаруашылықты жүргiзу құқығына ие болу және тоқтату
1. Мүлiктi құрылып қойған мемлекеттік кәсiпорынға бекіту туралы меншiк иесi (уәкiлдi орган) шешiм қабылдаған мүлiкке қатысты шаруашылық жүргiзу құқығы, егер заңдарда немесе меншiк иесiнiң (уәкiлдiк органның) шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, бұл кәсiпорында мүлiктi кәсiпорынның дербес балансына бекітіп берген сәттен бастап пайда болады.
2. Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудың жемiсi, өнiмi мен кiрiсi, сондай-ақ кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк меншiк құқығына ие болуға арналған заң актілерінде белгiленген тәртiппен кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiне келiп түседi.
3. Мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығы меншiк құқығын тоқтатуға арналған заңдарда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша, сондай-ақ меншiк иесiнiң (уәкiлдi органның) шешiмiмен кәсiпорыннан мүлiк заңды жолмен қайтарып алынған жағдайларда тоқтатылады.
Заңды жолмен қайтарып алу реттерiне, атап айтқанда:
1) кәсiпорынның жарғылық қызметiнiң мақсатына сай келмеген мүлiктi қайтарып алу (осы Заңның 20-бабының 2-тармағы);
2) артылып қалған, пайдаланылмайтын не өз мақсатында пайдаланылмайтын мүлiктi қайтарып алу жатады.
23-бап. 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен алынып тасталды
24-бап. 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен алынып тасталды
11.07.97 ж. № 154-1; 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңдарымен 25-бап өзгертiлдi
25-бап. Кәсiпорынның мүлiктiк құқықтарын жүзеге асыру шарттары
1. Қызметiн шаруашылық жүргiзу құқығы негiзiнде жүзеге асыратын кәсiпорынның уәкілетті органның жазбаша келісімiнсiз:
1) өзіне тиесілі үйлерді, ғимараттарды, жабдықтарды және кәсіпорынның басқа да негізгі құралдарын иеліктен айыруға немесе өзге де әдiспен оларға билiк етуге (осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда), ұзақ мерзімді (үш жылдан астам) жалға беруге, уақытша тегін пайдалануға беруге;
2) филиалдар, өкілдіктер мен еншiлес кәсiпорындар құруға жеке кәсiпкерлермен бiрге кәсiпорындар мен бiрлескен өндiрiстер құруға, оларға өзiнiң өндiрiстiк және ақшалай капиталын салуға;
2-1) өзіне тиесiлi акцияларға (осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда), сондай-ақ дебиторлық берешекке билiк етуге;
2-2) үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлгерлiк немесе кепiлдiк беруге;
3) заемдар беруге құқы жоқ.
2. Егер меншiк иесi (уәкiлдi орган) өзгеше белгiлемесе, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мүлiкпен мәмiле жасаудан алынған ақшаны кәсiпорын өздiгiнен пайдаланады.
3. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кәсiпорын өзiне шаруашылық жүргiзу құқығына бекітілiп берiлген негiзгi құралдарға жатпайтын жылжымалы мүлiкке дербес билiк етедi.
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 26-бап өзгертілді
26-бап. Кәсiпорын өндiрген тауарлардың бағасы
1. Кәсiпорын өндiрген тауарлардың (атқарылған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң) бағасы кәсiпорынның оларды өндiруге, атқаруға, көрсетуге кеткен шығынды толық өтеуге, оның жұмысын шығынсыз етуге және өз кiрiсi есебiнен қаржыландыруды қамтамасыз етуге тиiс.
2. Мемлекеттiң тапсырысын орындау есебiне кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқарылған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң) бағасын мемлекеттік басқару органының келiсуi бойынша кәсiпорын, осы баптың 1-тармағында айтылған талаптарды ескере отырып белгiлейдi.
Кәсiпорын мемлекеттiң тапсырысынан тыс өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететiн қызметтердiң) бағасын кәсiпорын дербес белгiлейдi.
2006.07.07. № 174-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. 2007.27.07. № 316-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді
27-бап. Кәсiпорынның қызметiн қаржыландыру
1. Кәсiпорын өз қызметiнен алған меншiктi табысы есебiнен ұсталады.
Мемлекеттік кәсiпорынға қаражат заңдарда көзделген тәртiппен берiледi.
2. Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік кәсіпорындарын қоспағанда) таза табысының бір бөлігін аудару нормативін мемлекеттік басқару органы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің келісімімен жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейін белгілейді.
Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігін аудару нормативін мемлекеттік басқару органы жергілікті қаржы органдарының келісімімен жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейін белгілейді.
Мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігі белгiленген нормативтер бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттік бюджетке есептелуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің республикалық мемлекеттік кәсiпорындарының таза табысының бір бөлiгi өздері белгілейтін мерзiмде, мөлшерде және тәртiппен оның бюджетiне есептелуге тиіс.
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 28-бап өзгертілді
28-бап. Кәсiпорын қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу
1. Кәсіпорынның еңбекке ақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын мемлекеттік басқару органы белгілеп отырады.
2. Еңбекке ақы төлеу нысандары, штат кестесiн лауазымдық жалақының мөлшерiн, сыйлық беру және өзге сыйақы жүйесiн белгiленген еңбекке ақы төлеу қорының шегiнде кәсiпорын дербес анықтайды.
Кәсiпорын басшысының, оның орынбасарының, бас (аға) бухгалтерiнiң лауазымдық жалақысының мөлшерiн, оларға сыйлық беру және өзге де сыйақы жүйесiн мемлекеттік басқару органы белгiлейдi.
29-бап. 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен алынып тасталды
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Кәсiпорынның жауапкершiлiгi
Кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi мүлiктiң бәрiмен жауап бередi.
Кәсiпорын өз мүлкiн иеленушiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
Құрылтайшының (уәкілетті органның) немесе мемлекеттік басқару органының iс-әрекетiнен банкротқа ұшырағаннан басқа жағдайда мемлекет кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Мұндай жағдайда мемлекет кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға кәсiпорынның қаржысы жетiспеген ретте оның мiндеттемелерi бойынша жауап бередi.
Заң актілерінде кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiң жауапкершiлiгiнiң өзге де жағдайлары белгiленуi мүмкiн.
31-бап. Қазыналық кәсiпорын ұғымы
Жедел басқару құқығындағы мемлекеттік мүлiкке ие кәсiпорын қазыналық болып табылады.
04.11.99 ж. № 472-1; 04.05.01 ж. № 185-II; 11.06.04 ж. № 561-II (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Қазыналық кәсiпорынның мақсаты
Қазыналық кәсiпорындар заңдарда белгiленген тәртiппен:
1) төтенше және авариялық жағдайларда кен-құтқару және өзге де арнаулы жұмыстарды орындау, өрттен, су тасқынынан және басқа да табиғи зiлзаладан қорғау;
2)
3) қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы өндірістік қызметті жүзеге асыру;
4) топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргiзу;
5) денсаулық сақтау, табиғатты қорғау, білім беру, әлеуметтiк қорғау, ғылым, мәдениет және спорт саласында өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;
6) мемлекеттік органдардың қызметтiк ғимараттарын пайдалануды, оларға көлік қызметiн көрсетудi және оларды жабдықтау функцияларын орындауды жүзеге асыру;
7) кеме жүзетін жолдар мен гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) күтіп-ұстау мен дамыту;
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) мемлекеттік монополияға жатқызылған салалардағы қызметті жүзеге асыру;
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық есепке алу қызметін жүзеге асыру үшін құрылуы мүмкін.»
33-бап. Қазыналық кәсiпорынды жедел басқару құқығының мазмұны
Жедел басқару құқығы қазыналық кәсiпорынның меншiк иесiнен алған және өз қызметiнiң мақсатына, меншiк иесiнiң тапсырмалары мен мүлiктiң мақсатына сәйкес осы Заң мен өзге де заң актілерінде белгiленген шекте сол мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асыратын заттық құқық болып табылады.
34-бап. Жедел басқару құқығының объектiсi
1. Егер осы Заңда және басқа заңдарда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк жедел басқару құқығының объектiсi болуы мүмкiн.
2. Қазыналық кәсiпорын өзiнiң жарғылық қызметiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi мүлiктi ғана жедел басқару құқығы негiзiнде иемдене алады.
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді
35-бап. Жедел басқару құқығына ие болу және оны тоқтату
1. Жедел басқару құқығына ие болу мен оны тоқтату, егер осы Заң мен өзге де заңдарда басқаша белгiленбесе, меншiк құқығына және өзге заттық құқықтарға ие болу мен оны тоқтату үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне көзделген шарттар мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
2. Қазыналық кәсiпорынның мемлекеттік басқару органының жазбаша келісімiнсiз негiзгi құралдарға жататын мүлiктi сату-сатып алу, айырбастау, сыйға тарту шарттары немесе өзге мәмiле негiзiнде алуға құқығы жоқ.
3. 11.06.04 ж. № 561-II ҚР Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
36-бап. 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен алынып тасталды
37-бап. Кәсіпорынның жедел басқаруына берiлген мүлiктi
меншiк иесiнiң қайтып алу және қайта бөлу құқығы
Қазыналық кәсiпорынға бекітіп берiлген мүлiк иесi, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, өз қалауы бойынша мүлiктi қайтарып алуға немесе оны өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге құқылы.
21.05.02 ж. № 323-II; 11.06.04 ж. № 561-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 38-бап өзгертілді
38-бап. Қазыналық кәсiпорынның мүлкiне билiк ету
Қазыналық кәсiпорын өзiне бекітілiп берiлген мүлiктi және өзiнiң шаруашылық қызметi нәтижесiнде түскен қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi, осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкiлеттi органның жазбаша келісімімен ғана жатсындыруға немесе оған өзгеше тәсiлмен билiк етуге құқылы.
Қазыналық кәсiпорын өзi өндiрген өнiмдi дербес өткiзедi.
04.05.01 ж. № 185-1; 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңдарымен 39-бап өзгертілді
39-бап. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi
Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi оның жарғыда көрсетiлген мақсаттары мен мiндеттерiмен, сондай-ақ кәсiпорынға мемлекеттік басқару органы арқылы жеткiзiлетiн мемлекеттiң тапсырыстарымен анықталады.
Өзге шаруашылық қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
04.10.99 ж. № 469-1; 21.05.02 ж. № 323-II ; 2006.07.07. № 174-III (бұр.ред.қара) ; 2007.27.07. № 316-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Қазыналық кәсiпорын өндiрген тауарлардың бағасы
Қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететiн қызметтердiң) бағасын мемлекеттік басқару органы белгiлейдi.
04.11.99 ж. № 472-1; 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңдарымен 41-бап өзгертілді
41-бап. Қазыналық кәсiпорынның қызметiн қаржыландыру
1. Қазыналық кәсiпорынның қызметi мемлекеттік тапсырысты бөле отырып, мемлекеттік басқару органы бекiтетiн смета бойынша өз табысының есебiнен қаржыландырылады.
2. Қазыналық кәсiпорынның сметадан тыс алған табысы тиiстi бюджетке аударылуға жатады.
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 42-бап жаңа редакцияда
42-бап. Қазыналық кәсiпорын қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу
Қазыналық кәсiпорынның еңбекке ақы төлеу қорын мемлекеттік басқару органы белгiлейдi.
Қазыналық кәсiпорын қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
43-бап. 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен алынып тасталды
11.07.97 ж. № 154-1; 16.12.98 ж. № 320-1; 04.11.99 ж. № 472-1 ҚР Заңдарымен 44-бап өзгертiлдi
44-бап. Қазыналық кәсiпорын мен оның меншiк иесiнiң жауапкершiлiгi
1. Қазыналық кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша билiк етуіндегі ақшамен жауап бередi.
Қазыналық кәсiпорынның қалған мүлкiн өндiрiп алуға осы кәсiпорын таратылғаннан басқа жағдайларда жол берiлмейдi.
2. Қазыналық кәсiпорын өз мүлкiн иеленушiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
3. Қазыналық кәсiпорынның ақшасы жеткiлiксiз болса, оның мiндеттемелерi бойынша субсидиялық жауапкершiлiктi Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк көтередi.
Қазыналық кәсіпорынның шарттық міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс тек мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде ғана субсидиарлық жауапкершілікті көтереді.
4. Таратылған қазыналық кәсiпорынның мүлкi кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда, соңғылары осы кәсiпорын мүлкiнiң меншiк иесi есебiнен талаптың қалған бөлiгiн қанағаттандыру туралы сотқа талап қоюға құқылы.
5. Зейнетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiктi толық көлемде Қазақстан Республикасының Үкіметі көтередi.
11.07.97 ж. № 154-1 ҚР Заңымен 45-бап өзгертiлдi
45-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынды қазыналық кәсiпорын етiп қайта құру
1. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық кәсiпорынды қазыналық кәсiпорын етiп қайта құру мемлекеттік басқару органының уәкiлетті органмен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен, коммуналдық кәсiпорынды қайта құру жергiлiктi атқарушы органның шешiмімен жүргiзiледi.
2. 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен алынып тасталды
3. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынды қазыналық кәсiпорын етiп қайта құру жөніндегі барлық шығын, сондай-ақ кәсiпорында жеткiлiктi қаржы болмаған жағдайда қайта құрылатын кәсiпорынның кредиторлармен есеп айырысуы тиiстi бюджеттiң есебiнен жүзеге асырылады.
4. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын негiзiнде құрылған қазыналық кәсiпорын оған бұрын бөлiнген мемлекеттік мүлiк пен ақшасы, сондай-ақ жердi пайдалану, табиғатты пайдалану, жер қойнауын пайдалану, квотаны, лицензияны және бұрын жасалған шарттарды беру жөнiнен, егер соңғылар жаңадан құрылған қазыналық кәсiпорынның мәнi мен мақсатына сәйкес келсе, қайта құрылған кәсiпорынның құқықтық мұрагерi болып табылады.
5. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын қазыналық кәсiпорын болып қайта құрылған кезде оған бекітілiп берiлген мүлiктiң құқықтық режимi кәсiпорынды қайта құру туралы шешiм қабылданған сәттен бастап шаруашылық жүргiзу құқығынан жедел басқару құқығына ауыстырылады.
4-Тарау. Еншiлес мемлекеттік кәсiпорын
46-бап. Еншiлес мемлекеттік кәсiпорын ұғымы
Өз мүлкiнiң есебiнен басқа мемлекеттік кәсiпорын құрған заңды тұлға еншiлес мемлекеттік кәсiпорын болып табылады.
Еншiлес мемлекеттік кәсiпорындар құру құқығын шаруашылық жүргiзу құқындағы кәсiпорындар ғана пайдалана алады.
47-бап. Еншiлес мемлекеттік кәсiпорынның құқықтық жағдайы
1. Еншiлес мемлекеттік кәсiпорын шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын нысанында құрылады және аталған кәсiпорындардың түрi үшiн осы Заңмен берiлген өкiлеттiктi пайдаланады.
2. Еншiлес кәсiпорынның өз мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi, сондай-ақ негiзгi кәсiпорынның еншiлес кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi осы Заңның 30-бабында белгiленген ережелерге сәйкес туындайды.
48-бап. Еншiлес кәсiпорындарды құрудың мақсатын
Еншiлес мемлекеттік кәсiпорындар:
1) негiзгi кәсiпорынды, оның iшiнде монополияға қарсы заң талабы күшіндегі кәсiпорынды ықшамдау;
2) негiзгi кәсiпорынның филиалдарын дербес заңды тұлға етiп қайта құру;
3) негiзгi өндiрiстiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн қосымша және мамандандырылған өндiрiс құру;
4) негiзгi өндiрiстi оған тән емес қызмет пен функция түрлерiнен босату мақсатында құрылады.
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 49-бап өзгертілді
49-бап. Еншiлес кәсiпорындарды құрудың тәртібі
2006.07.07. № 174-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Республикалық мемлекеттік кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын уәкілетті орган мен монополияға қарсы органның келісімiмен негiзгi кәсiпорынды мемлекеттік басқарудың жоғары тұрған органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң рұқсатымен құрылады.
Коммуналдық мемлекеттік кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын уәкiлдi орган мен монополияға қарсы органның аумақтық бөлімшесінің келісімiмен негiзгi кәсiпорынды мемлекеттік басқарудың жоғары тұрған органының ұсынуы бойынша жергiлiктi атқарушы органның рұқсатымен құрылады.
2. Негiзгi кәсiпорын еншiлес кәсiпорынның құрылтайшысы болады.
3. Еншiлес кәсiпорынның жарғысын оның құрылтайшысы (негiзгi кәсiпорын) өзiнiң жоғары тұрған мемлекеттік басқару органының келiсуi бойынша бекiтедi.
4. Еншiлес кәсiпорын басқа еншiлес кәсiпорын құруға құқылы емес.
21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен 50-бап өзгертілді
50-бап. Мемлекеттiң уәкiлдi органы
1. Мемлекеттiң уәкiлдi органы құқығын пайдаланатын, осы Заңның 25-бабы 1-тармағының 1), 2-1) тармақшаларында көзделген, негiзгi кәсiпорынның уәкiлетті органымен келісілетiн жағдайларын қоспағанда, негiзгi кәсiпорын еншiлес кәсiпорынды мемлекеттік басқару органы, сондай-ақ мемлекеттік меншiк құқығы субъектiсiнiң оған қатысты функциясын жүзеге асыратын орган болып табылады.
2. Республикалық мемлекеттік кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен шаруашылық жүргiзу құқындағы кәдiмгi кәсiпорын болып қайта құрылуы мүмкiн.
Коммуналдық мемлекеттік кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен шаруашылық жүргiзу құқындағы кәдiмгi кәсiпорын болып қайта құрылуы мүмкiн.
51-бап. Осы Заңның күшiне ену тәртібі
Осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi | Н. Назарбаев |