Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы

Қазақстан Республикасының 1999 ж. 13 шілдедегі № 422-1 Заңы

(2022.11.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

 

Осы редакция 2024 жылғы 9 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды

 

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заң реттейтін қатынастар

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

3-бап. Селекциялық жетiстiктi құқықтық қорғау

3-1-бап. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган

3-2-бап. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк монополия

2-тарау. Селекциялық жетістіктің патентке қабілеттілігі

4-бап. Селекциялық жетiстiктiң патентке қабiлеттілік шарттары

5-бап. Селекциялық жетiстiкке патент алуға өтiнiм

6-бап. Селекциялық жетiстiктiң атауы

7-бап. Селекциялық жетiстiктiң басымдығы

3-тарау. Селекциялық жетістікке патент беруге жасалған өтінімнің сараптамасы

8-бап. Алдын ала жүргізілетін сараптама

10-бап. Селекциялық жетiстiктiң патентке қабiлеттілігiне сараптама және сынақ

4-тарау. Автор және патент иесі

11-бап. Селекциялық жетiстiктiң авторы

12-бап. Селекциялық жетiстiк авторының құқықтары

13-бап. Селекциялық жетiстiктiң патент иесi

14-бап. Патент иеленушiнiң құқықтары мен мiндеттерi

15-бап. Патент иеленушiнiң құқықтарын бұзғаны үшiн жауаптылық

16-бап. Құқықты мұраға қалдыру

17-бап. Патент иеленушiнiң айрықша құқықтарын бұзу болып танылмайтын iс-әрекет

17-1-бап. Бұрынғыша пайдалану құқығы

5-тарау. Селекциялық жетістікті пайдалану

18-бап. Лицензиялық шарт

19-бап. Ашық лицензия

20-бап. Мәжбүрлеу лицензиясы

20-1-бап. Селекциялық жетістікке патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру

20-2-бап. Селекциялық жетiстiкке айрықша құқық беруді және оны пайдалануға құқықты табыстауды тіркеу шарттары

6-тарау. Патенттің қолданылуын тоқтату

21-бап. Патенттi жарамсыз деп тану

21-1-бап. Селекциялық жетістікке патенттің қолданылуын қалпына келтіру. Соңынан пайдалану құқығы

22-бап. Патенттiң күшiн жою және оны мерзiмiнен бұрын тоқтату

6-1-тарау. Апелляциялық кеңес және патенттік сенім білдірілген өкілдер

22-1-бап. Апелляциялық кеңес

22-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас тарту негіздері

22-3-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының отырысында қарау

22-4-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдер

22-5-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары мен міндеттері

22-6-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығару, патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігін жарамсыз деп тану және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізіліміндегі мәліметтердің күшін жою

7-тарау. Қорытынды ережелер

23-бап. Осы Заңды қолдануға байланысты дауларды шешу

24-бап. Селекциялық жетiстiктердi өндiрiсте пайдалану

25-бап. Заңдық маңызы бар іс-қимылдарға ақы төлеу

26-бап. Жарияланымдар

27-бап. Шет елдерде селекциялық жетiстiктердi патенттеу

28-бап. Шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың құқықтары

29-бап. Халықаралық шарттар

 

 

2015.27.11. № 424-V ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша «рұқсат етiлген», «жiберiлген» және «жiберiлетiн» деген сөздер «ұсынылатын» деген сөзбен ауыстырылды (бұр.ред.қара)

 

 

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заң реттейтін қатынастар

Осы Заң селекциялық жетістіктерді қорғау саласындағы қызметтің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді, селекциялық жетістіктерді жасауға, ашуға, шығаруға, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын мүліктік, сондай-ақ олармен байланысты мүліктік емес жеке қатынастарды реттейді.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 540-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-бап өзгертілді

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) айрықша құқық - патент иесінің селекциялық жетістікті өз қалауы бойынша кез келген әдіспен пайдалануға мүліктік құқығы;

2) 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

2015.27.11. № 424-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.10.10. № 144-VII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2022 ж. 11 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) асыл тұқымды жануар - Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық палатада тіркелген, тұқымның өнімділік бағыты мен деңгейіне сай келетін таза тұқымды мал;

2015.27.11. № 424-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

4) асыл тұқымдық өнім (материал) - асыл тұқымды мал, сондай-ақ асыл тұқымды малдан алынған ұрық, эмбриондар, инкубациялық жұмыртқа, тәуліктік балапандар, уылдырық, құртшабақтар мен жас балықтар, асыл тұқымды аналық бал аралары, асыл тұқымды бал ара ұялары және бал ара пакеттері;

2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

5) Ауыл шаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия - өсімдік сорттарының патентке қабілеттілігі мен шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды және оны сынақтан өткізуді жүзеге асыратын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның қарауындағы ұйым;

6) бюллетень - селекциялық жетістіктерді қорғау мәселелері жөніндегі ресми мерзімдік басылым;

7) лицензиялық шарт - патент иесі (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) селекциялық жетістікті белгілі бір түрде уақытша пайдалану құқығын беретін шарт;

8) мемлекеттік комиссиялар - агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның Ауылшаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиясы мен Тұқымдарды сынақтан өткізу және сапасын анықтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы;

9) отырғызылатын материал - репродукциялық және вегетациялық түрде көбейетін материалды қоса алғанда, кез келген түрдегі отырғызылатын материал (тұқым, көшет, өсімдіктер және өсімдіктердің оларды көбейтуге арналған бөліктері);

10) өтініш беруші - селекциялық жетістікке патент беруге өтінім берген жеке немесе заңды тұлға;

11) патент иеленуші - патенттің иесі;

12) патенттік сенім білдірілген өкілдер - жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымы алдындағы өкілдігіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық берілген Қазақстан Республикасының азаматтары;

2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.10.10. № 144-VII ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (2022 ж. 11 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

13) селекциялық жетістік - адамның зияткерлік шығармашылық қызметінің нәтижесі болып табылатын, патент берілген өсімдіктің жаңа сұрпы, жануардың жаңа тұқымы (аң шаруашылығы, қоян шаруашылығы, марал шаруашылығы, қашыр шаруашылығы, бұғы шаруашылығы, есек шаруашылығы, құс шаруашылығы, бал ара шаруашылығы, балық өсіру шаруашылығы, ит шаруашылығы сияқты мал шаруашылығының қосымша салаларын қоса алғанда);

14) селекциялық жетістік авторы (селекционер) (бұдан әрі - автор) - сортты, тұқымды жасаған, тапқан немесе өсіріп шығарған жеке адам;

15) Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімі - Қазақстан Республикасының қорғалатын өсімдік сорттарының мемлекеттік тізілімі мен Қазақстан Республикасының патенттер берілген сорттарды, тұқымдарды қамтитын қорғалатын жануарлар тұқымдарының мемлекеттік тізілімі;

16) Селекциялық жетістіктердің пайдалануға рұқсат етілген мемлекеттік тізілімі - пайдалануға рұқсат етілген, өндірісте шаруашылыққа пайдалану үшін рұқсат етілген сортты, тұқымды қамтитын, Қазақстан Республикасының селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізілімі;

2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 17) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

17) сұрып - аталған генотипті немесе генотиптер комбинациясын сипаттайтын белгілердің айқындылық дәрежесі бойынша айқындалатын, сол бір ботаникалық таксондағы ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің басқа топтарынан бір немесе бірнеше белгісімен не белгілердің айқындылық дәрежесімен ерекшеленетін және тұрақты болып табылатын ең төменгі ботаникалық таксондар шеңберіндегі ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тобы. Клон, желі, бірінші ұрпақ буданы, популяция сұрыптың қорғалатын санаттары болып табылады;

18) тауарлық жануар - тауарлық өнім өндіру үшін пайдаланылатын жануар;

19) тұқым - белгілі бір шаруашылық және табиғи жағдайларда адамның шығармашылық қызметінің әсерімен қалыптасқан, «өз ішінде» өсіп-өнуі үшін саны жеткілікті және шаруашылық және асыл тұқымдық құндылыққа ие, іріктеу, таңдау, олардың генотипіне сай келетін технологиялық жағдайлар жасау арқылы қалыпты күйі сақталатын, сондай-ақ оны бір түрдегі басқа тұқымдардан ерекшелейтін морфологиялық, физиологиялық және шаруашылық жағынан пайдалы қасиеттерінде белгілі бір ерекшелігі бар жалпы шығу тегі ортақ ауыл шаруашылық жануарларының бір түрінің тобы. Тұқымның қорғалатын санаттары: тип, кросс, желі болып табылады;

20) Тұқымдарды сынақтан өткізу және сапасын анықтау жөніндегі мемлекеттік комиссия - жануарлар тұқымдарының патентке қабілеттілігіне және шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды жүзеге асыратын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның консультативтік-кеңесші органы;

21) ұрық (тұқым) - тұқымдық материалдың барлық ботаникалық нысандары: тұқымның өзі, жемістер, дән шоғыры, күрделі жемістердің бөліктері, баданалар мен түйнектер;

22) 2015.27.11. № 424-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

 

3-бап. Селекциялық жетiстiктi құқықтық қорғау

1. Селекциялық жетiстiкке құқық Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады және патентпен расталады. Патент селекциялық жетiстiктi пайдалануға патент иесiнiң айрықша құқығын, оның басымдығын және селекционердiң авторлығын куәландырады.

2. 09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)

3. 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

4. Патентпен селекциялық жетiстiкке берiлген құқықтық қорғау көлемi сорттың, тұқымның сипаттамасына енгiзiлген белгiлердiң жиынтығымен анықталады.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді

5. Өсiмдiктер сортына патенттiң қолданылу мерзiмi сараптама жасау ұйымына өтiнiм берiлген күннен бастап - 25 жыл, мал тұқымдарына - 30 жыл, жүзiм, сәндiк ағаш, жемiс және орман дақылдары сорттарына, оның iшiнде олардың қалемшелерiне - 35 жыл болады.

Патенттiң қолданылу мерзiмi патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша әрбір ұзарту жылы үшін жүргізілген төлем ескеріле отырып, бiрақ он жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкін.

 

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-1-баппен толықтырылды; 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-1-бап өзгертілді

3-1-бап. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган

1. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Уәкілетті органның құзыретіне мыналар жатады:

1) селекциялық жетiстiктерді құқықтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

2) мыналарды:

селекциялық жетiстiктерге арналған өтінімдерге алдын ала сараптама жүргізу қағидаларын;

Селекциялық жетiстiктердің мемлекеттік тізілімінде селекциялық жетiстiктерді тіркеу және қорғау құжаттары мен олардың телнұсқаларын беру, патенттердің күшін жою және қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату қағидаларын;

селекциялық жетiстiкке айрықша құқық беруді, оны пайдалануға, ашық немесе мәжбүрлі лицензияға құқықты табыстауды Селекциялық жетiстiктердің мемлекеттік тізілімінде тіркеу қағидаларын;

Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірмелер беру қағидаларын;

апелляциялық кеңестің қарсылықтарды қарау қағидаларын;

Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес селекциялық жетістіктерге арналған өтінімдерді қарау қағидаларын;

аттестаттау комиссиясы туралы ережені;

апелляциялық кеңес туралы ережені;

апелляциялық комиссия туралы ережені әзірлеу және бекіту;

3) селекциялық жетістіктерді тіркеуге жататын мәліметтерді бюллетеньде жариялау тәртібін айқындау;

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

4) патенттік сенім білдірілген өкіл қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау, оларды патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінде тіркеу, патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығару, патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігін жарамсыз деп тану және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінде мәліметтердің күшін жою;

5) аттестаттау комиссиясының, апелляциялық кеңестің және апелляциялық комиссияның қызметін ұйымдастыру;

6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

 

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 3-2-баппен толықтырылды; 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 3-2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 3-2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 3-2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

3-2-бап. Сараптама ұйымы

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, өз қызметінде уәкілетті органға ведомстволық бағынысты сараптама ұйымы:

1) селекциялық жетiстiктерге арналған өтінімдерге алдын ала сараптама жүргiзеді;

2) Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде селекциялық жетiстiктердi тіркейді және қорғау құжаттары мен олардың телнұсқаларын береді, патенттердің күшін жоюды және қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатуды жүзеге асырады;

3) селекциялық жетiстiкке айрықша құқық беруді, оны пайдалануға, ашық немесе мәжбүрлі лицензияға құқықты табыстауды Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тіркейді;

4) Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, бюллетеньді жүргізеді және оларды өзінің интернет-ресурсына орналастырады;

5) Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнен үзінді көшірмелер береді;

6) селекциялық жетiстiктердi тіркеуге жататын мәліметтерді бюллетеньде жариялайды;

7) тіркелген селекциялық жетiстiктер туралы мәліметтерді мүдделі тұлғалардың өтініштері негізінде іздеуді жүзеге асырады;

8) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес селекциялық жетістіктерге арналған өтінімдерді қарайды;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

2. Уәкілетті органмен келісу бойынша сараптама ұйымы селекциялық жетiстiктердi қорғау саласында қызметтер көрсеткені үшін осы ұйым шеккен шығындарды толық өтеу, оның қызметінің шығынсыздығы және өз кірістері есебінен қаржыландыру қамтамасыз етілген жағдайда, көрсетілетін қызметтердің бағаларын бекітеді.

 

 

2-тарау. Селекциялық жетістіктің патентке қабілеттілігі

 

4-бап. Селекциялық жетiстiктiң патентке қабiлеттілік шарттары

1. Патент жаңалығы, ерекшелiгi, бiртектілігi және тұрақтылығы бар селекциялық жетiстiкке берiледi.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Егер өтiнiм жасалған күнге дейiн белгiлi бiр селекциялық жетiстiктiң ұрығы немесе басқа да отырғызылатын материалы, асыл тұқымдық материалы мына аумақта:

1) Қазақстан Республикасында - өтiнiм берiлген күнге дейiн бiр жыл бұрын;

2) кез келген басқа мемлекетте - өтiнiм берiлген күнге дейiн бiр жылдық дақылдар бойынша төрт жыл бұрын және көп жылдық дақылдар, тұқымдар бойынша алты жыл бұрын сатылмаса және автор немесе оның құқықтық мирасқоры сортты, тұқымды пайдалану үшiн басқа адамдарға бермесе, сорт, тұқым жаңа деп есептеледi.

Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімдеріне тиісті тектер және түрлер енгізілген күнге пайдалануға ұсынылатын Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркелген тұқым тұқымға жаңалық талаптары қойылмай патентке қабілетті деп танылуы мүмкін.

Мұндай селекциялық жетiстiктерге осы Заңның 3-бабында аталған патенттiң қолданылу мерзiмi пайдалануға ұсынылатын жылдан бастап патент берiлген жыл аралығындағы мерзiмге қысқартылады. Осы Заңның 9-бабында көзделген уақытша құқықтық қорғау мұндай селекциялық жетiстiктерге қатысты қолданылмайды.

3. Егер сорттың, тұқымның өтiнiм берiлген кезде бар екенi жалпыға мәлiм кез келген басқа сорттан, тұқымнан анық өзгешелiгi болса, олар ерекшелiк өлшемдерiне сай келедi. Патент алуға өтiнiм беру немесе сорттың, тұқымның жаңа сорттардың, тұқымдардың ресми тiзiлiмiне енгiзiлуi, осы өтiнiм беру нәтижесiнде патент берiлген немесе сорт, тұқым аталған тiзiлiмге енгiзiлген жағдайда, сортты, тұқымды өтiнiм берiлген күннен бастап кез келген елде жалпыға мәлiм етедi.

Сорттардың, тұқымдардың жалпыға мәлiмдiгi өсiру, пайдалану және жариялау фактілері бойынша да белгiленуi мүмкiн. Сорттың, тұқымның сипатталу және айырықша ерекшелiктерiн анықтауға мүмкiндiк беретiн белгiлер қалпына келтiрiлетiн және дәл сипаттауға ыңғайлы болуға тиiс.

4. Егер сорттың, тұқымның көбею ерекшелiктерiн есепке алғанда осы сорт өсiмдiктерi немесе тұқым селекцияланатын белгiлерi бойынша бiртектi болса, сол сорт пен тұқым бiртектi деп есептеледi.

5. Егер сорттың, тұқымның негiзгi белгiлерi - әрбiр көбеюден кейiн, ал көбеюдiң ерекше циклы жағдайында көбеюдiң әр циклының соңында өзгерiссiз қалса, олар тұрақтылық өлшемiне сай келедi.

5-бап. Селекциялық жетiстiкке патент алуға өтiнiм

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Патент алуға өтiнiм сараптама жасау ұйымына берiледi.

Автордың немесе оның құқықтық мирасқорының патент алуға өтiнiм беруге құқығы бар.

Селекциялық жетiстiк қызмет тапсырмасын немесе қызметтiк мiндеттердi орындау кезiнде жасалған, ашылған немесе шығарылған жағдайда, егер автор мен жұмыс берушiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, патент алуға өтiнiм беру құқығы жұмыс берушiге тиесiлi болады.

Егер селекциялық жетiстiктi бiрнеше адам жасаса, ашса немесе шығарса немесе олар авторлардың құқықтық мирасқорлары болса, өтiнiмдi сол өтiнiш жасаушылар беруi мүмкiн.

Өтiнiм сенімхатқа негiзделген өкiлеттiкке сүйенiп, патент алуға байланысты iстi жүргiзетiн өкiл арқылы берiлуi мүмкiн.

2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды

1-1. Мемлекеттік комиссияда еңбек функциялары жүзеге асырылғанға дейін жүргізілген селекциялық жетістіктерді жасау, анықтау және шығару жөніндегі селекциялық жұмыс жағдайларын қоспағанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын сынақтан өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың қызметкерлері комиссиядағы бүкіл жұмыс кезеңі ішінде селекциялық жетістікке Қазақстан Республикасының патентін беруге өтінім ұсынуға құқығы жоқ.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

2. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар патент алу және олардың күшiнде болуы жөніндегі істердi жүргiзедi, шағым кеңесiне қарсылықтар бередi және уәкiлеттi органда тiркелген патенттiк сенім бiлдiрiлген өкiлдер арқылы оларды қарауға қатысады.

Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тысқары жерлерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегіндегі хат жазысу мекен-жайын көрсеткен жағдайда, патенттiк сенім бiлдiрiлген өкiлсiз патенттермен байланысты iстердi жүргiзе алады.

Патенттiк сенім бiлдiрiлген өкiлдiң өкiлеттiгi оған өтiнiм берушi немесе патент иесi берген сенімхатпен куәландырылады.

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Селекциялық жетiстiкке патент алуға өтiнiм өсiмдiктiң әрбiр сортына, жануарлардың тұқымына ресiмделедi және онда:

1) патент беру туралы өтiнiш;

2) селекциялық жетiстiк сауалнамасы;

3) iс өкiл арқылы жүргiзiлген жағдайда, сенімхат болуға тиiс.

Селекциялық жетiстiкке патент беруге жасалған өтiнiмге белгiленген мөлшерде өтiнiм беруге ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерiн азайту үшiн негiздеменi растайтын құжат қоса тiркеледi, олар өтiнiммен бiрге немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде табыс етiлуi мүмкiн.

Белгiленген мерзiмде ақы төленгенi туралы құжаттар табыс етiлмеген жағдайда өтiнiм берiлмеген деп танылады.

2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

4. Патент алуға арналған өтiнiм қазақ немесе орыс тілінде берiледi.

09.07.04 ж. № 586-II (бұр. ред. қара); 2007.02.03. № 237-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді

5. Өтiнiм құжаттарына қойылатын талаптарды және оларды қарау тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi. Мәлiмделген сортқа, тұқымға сараптама жасауға қажеттi басқа құжаттар мен материалдар мемлекеттік комиссияның сауал салуы бойынша берiледi.

Патентке қабілеттілікке сараптама жүргізуге және сынақтан өткізуге арналған өтінімді қарау тәртiбiн агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды

6. Өтінім және оны қараудың барысы туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғаларға берілмейді.

 

6-бап. Селекциялық жетiстiктiң атауы

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Селекциялық жетiстiктiң атауы селекциялық жетiстiктi бiр ізге түсiруге мүмкіндік беруге, қысқа болуға, сол немесе соған жақын ботаникалық немесе зоологиялық түрдiң бар селекциялық жетiстiктерiнiң атауларынан өзгеше болуға тиiс. Ол тек цифрлардан ғана тұрмауға, қасиеттерiне, шығу тегiне, селекциялық жетiстiктiң маңызына, селекционердiң жеке басына қатысты жаңылыстырмауға тиiс, адамгершiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келмеуге тиiс.

Селекциялық жетістіктің ұсынылған атауының дұрыстығын тексеруді мемлекеттік комиссиялар сараптама жасау ұйымынан өтiнiм материалдары келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмде жүзеге асырады.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

2. Егер бiрдей сорт, тұқым үшiн селекциялық жетiстiкке берiлген өтiнiм Қазақстан Республикасына немесе басқа елдерге берiлсе, сорттың, тұқымның атауы осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келмейтiн жағдайларды қоспағанда, бiрдей сорттың, тұқымның атауы да бiрдей болуға тиiс.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Егер сорттың, тұқымның атауы осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген талаптарға сай келмесе, өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымының сауал салуы бойынша екi ай мерзімде жаңа атау ұсынуға мiндеттi.

Егер аталған мерзім ішінде өтінім беруші аталған талаптарға сәйкес келетін жаңа атау ұсынбаса не шағым беру кеңесінде селекциялық жетістіктің мақұлдаудан бас тартуды дауламаса, сараптама ұйымы селекциялық жетістікті тіркеуден бас тартады.

4. Селекциялық жетiстiктi пайдаланушы кез келген адам, тiптi патенттiң қолданылу мерзiмi өтiп кеткен соң да, сорттың, тұқымның Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттік тiзiлiмiнде тiркелген атауын көрсетуге мiндеттi.

7-бап. Селекциялық жетiстiктiң басымдығы

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Сорттың, тұқымның басымдығы сараптама жасау ұйымына өтiнiм берiлген күн бойынша белгiленеді.

Егер сарапшы ұйымға бір мезгілде бір сол селекциялық жетістікке патент беруге екі немесе одан да көп өтінім түссе, неғұрлым бұрын жіберілген өтінімге басымдық белгіленеді. Егер өтінім берушілер арасындағы келісіммен өзгеше көзделмесе, бұл өтінімдер бір күнде жіберілген жағдайда, патент сарапшы ұйым берген неғұрлым бұрынғы тіркеу нөмірі бар өтінім бойынша беріледі.

Осы Заңның 5-бабының 3-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттар келіп түскен күн, ал егер құжаттар бір мезгілде ұсынылмаса - олардың соңғысы келіп түскен күн сараптама ұйымына өтінім берілген күн болып табылады.

2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

2. Басымдық Селекциялық жетiстiктердi қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға қатысушы елде бiрiншi өтiнiмнiң берiлген күнi бойынша белгiленуi мүмкiн (конвенциялық басымдық). Өтiнiш берушi бiрiншi өтiнiмнiң конвенциялық басымдық құқығын ол берiлген күннен бастап 12 ай iшiнде пайдаланады.

Конвенциялық басымдық құқығын пайдаланғысы келген өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымына ұсынылатын өтiнiмде бiрiншi өтiнiмнiң басымдық күнiн және келесi өтiнiм берiлген күннен бастап үш ай iшiнде бiрiншi өтiнiмнiң осы өтiнiм берiлген орган куәландырған көшiрмесiн табыс етуге тиiс.

Осы шарттар орындалған жағдайда өтiнiш берушi бiрiншi өтiнiм берiлген күннен бастап үш жыл iшiнде қосымша құжаттама мен сынақ өткізуге қажеттi материал бермеуге құқылы.

 

 

3-тарау. Селекциялық жетістікке патент беруге жасалған өтінімнің сараптамасы

 

8-бап. Алдын ала жүргізілетін сараптама

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Өтінім бергені үшін ақы төленген жағдайда өтінім берілген күннен бастап бір ай ішінде сараптама ұйымы ол бойынша алдын ала сараптама жүргiзедi. Алдын ала сараптама жүргiзу барысында өтiнiмге басымдық берiлген күн белгiленедi, қажеттi құжаттардың бар-жоғы және олардың өздеріне белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеріледі.

Өтінім берушінің селекциялық жетістіктің мәнін өзгертпей, өтінім құжаттарына түзетулер мен нақтылауларды осы өтінім бойынша тиісті шешім қабылданғанға дейін енгізуге құқығы бар.

Көрсетілген өзгерістер өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде енгізілген кезде төлем алынбайды.

Қорғау құжатын алу құқығын басқаға беру кезінде өтінім берушіні көрсетуге қатысты өзгерістер немесе өтініш беруші - заңды тұлғаның атауын не жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) өзгерту, сондай-ақ өтінім құжаттарындағы техникалық сипаттағы қателерді түзету тиісті төлем төленген кезде Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізіліміне тіркелген селекциялық жетістік туралы мәліметтер енгізілген күнге дейін жүргізілуі мүмкін.

Сараптама ұйымы жоқ құжаттарды немесе түзетілген материалдарды сұрата алады, өтінім беруші оларды сұрау салу жөнелтілген күннен бастап үш ай мерзімде ұсынуға міндетті.

Өтініш беруші жоқ құжаттарды немесе түзетілген материалдарды белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, өтінім бойынша іс жүргізу тоқтатылады.

Өтінім беруші Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде селекциялық жетістік тіркелгенге дейін өтінімді кері қайтарып ала алады.

2. Сортқа, тұқымға жасалған өтiнiмге келiп түскен, өтiнiмнiң алғашқы материалдарында келтірілмеген белгілері бар және өтінім берiлген сорттың, тұқымның мәнiн өзгертетiн қосымша материалдар өтінiм қаралған кезде назарға алынбайды.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді; 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

3. Алдын ала сараптаманың оң нәтижесі болған кезде сараптама ұйымы өтінімді одан әрі қарау туралы шешім қабылдайды, бұл жөнінде өтініш беруші шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабардар етіледі. Осымен бір мезгілде өтiнiмнiң және селекциялық жетiстiк сауалнамасының көшiрмелерi мемлекеттiк комиссияға жiберiледi.

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

4. Егер алдын ала жүргiзiлген сараптамада өтiнiмнiң белгiленген талаптарға сай келмейтiндiгi анықталса, оны одан әрi қараудан бас тарту туралы шешім қабылданады, ол туралы өтiнiш берушiге бес жұмыс күні ішінде хабарланады.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді

5. Өтiнiмдi одан әрi қараудан бас тарту туралы шешiмге өтiнiш берушi шешiмдi алған күннен бастап екi ай iшiнде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Шағым кеңесi қарсылықты ол келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмде қарауға тиiс.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

6. Алдын ала сараптама нәтижесiнде оң шешiм шығарылған өтiнiмдер туралы мәлiметтер шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бюллетеньде жарияланады.

7. Сорттың, тұқымның авторы өтінім материалдарында өз есiмiнiң жариялануынан бас тартуға құқылы.

9-бап. Селекциялық жетiстiктiң уақытша құқықтық қорғалуы

1. Қорғауға өтiнiм жасалған селекциялық жетiстiкке өтiнiм туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап патент берiлген күнге дейін уақытша құқықтық қорғау белгiленеді.

2. Патент иесi патент алғаннан кейiн селекциялық жетiстiктi уақытша құқықтық қорғау кезеңiнде осы Заңның 14-бабының 1-тармағында аталған әрекеттерді өтініш берушінің рұқсатынсыз жасаған адамнан өтем алуға құқығы бар.

3. Селекциялық жетiстiктi уақытша құқықтық қорғау кезеңiнде өтiнiш берушiге тек ғылыми мақсаттарда және сату мен өзгедей беру селекциялық жетiстiкке құқықты өзгедей беруге немесе ұрықты, асыл тұқымдық материалды олардың қорын құру мақсатымен өтiнiш берушiнiң тапсырысы бойынша өндiруге байланысты болған жағдайларда ғана ұрықты, асыл тұқымдық материалды сатуға және өзгедей беруге ұсынылатын.

Аталған талаптарды өтiнiш берушi немесе оның келісімiмен басқа адам бұзған жағдайда уақытша құқықтық қорғау болған жоқ деп есептеледi.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 10-бап өзгертілді

10-бап. Селекциялық жетiстiктiң патентке қабiлеттілігiне сараптама және сынақ

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Кез келген мүдделi адам өтiнiм туралы мәлiметтер жарияланған күннен күннен бастап алты ай ішінде мемлекеттік комиссияға мәлiмделген селекциялық жетiстiкке қатысты талабын жiбере алады.

Негiзделген талаптың түскенi туралы мемлекеттік комиссия өтiнiш берушiге талаптың мәнiн баяндай отырып хабарлайды.

Талаппен келiспеген жағдайда өтiнiш берушiнiң хабарламаны алған күннен бастап үш ай мерзiмде мемлекеттік комиссияға дәлелдi қарсылық жiберуге құқығы бар.

Сараптама ұйымы мемлекеттік комиссияның қорытындысы негiзiнде шешiм қабылдайды және ол туралы мүдделi адамға хабарлайды.

Егер сорт, тұқым жаңалық өлшемiне сәйкес келмесе, патент беруден бас тарту туралы шешiм қабылданады.

2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Сорттың, тұқымның ерекшелiгiн, бiртектілігiн және тұрақтылығын сынақтан өткізудi қабылданған әдiстемелер бойынша мемлекеттік комиссиялар белгiленген мерзiмде жүргiзедi.

Мемлекеттiк комиссиялар сараптама жасау ұйымы өтiнiм материалдарын жiберген күннен бастап бiр ай iшiнде патент қабiлеттiлiгiне сынақтар өткiзудiң нақты мерзiмдерi туралы сараптама жасау ұйымын хабардар етеді.

Өтінім беруші сынақтан өткізуге тұқымдардың немесе асыл тұқымдық материалдың қажетті мөлшерін ұсынуға мiндеттi.

3. Мемлекеттік комиссиялар Қазақстан Республикасының, сондай-ақ тиiстi шарттар жасасылған басқа мемлекеттердiң басқа да ұйымдары жүргiзген сынақтардың нәтижелерiн және өтiнiш берушi табыс еткен деректердi пайдалануға құқылы.

2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді

4. Сұрып, тұқым патентке қабiлеттілік шарттарына сәйкес келген кезде, мемлекеттiк комиссия сұрыпты, тұқымды сипаттай отырып, қорытынды жасайды.

Мемлекеттік комиссия қорытындысының негізінде сараптама ұйымы бес жұмыс күні ішінде селекциялық жетістікке патент беру туралы шешім шығарады, бұл жөнінде өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлама жіберіледі.

Патент беру туралы шешiмнің қабылданғаны туралы хабарлама өтiнiм берушіге ұсынылатын күннен бастап үш ай iшiнде өтiнiм беруші сараптама ұйымына патент беруге дайындағаны және жариялағаны үшiн тиiстi төлемді растайтын құжатты ұсынады. Көрсетiлген құжат ұсынылмаған кезде, өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру төлемі туралы құжат ұсынылған жағдайда, төлем мерзімі үш ай ішінде қалпына келтірілуі мүмкін. Керісінше жағдайда өтiнiм кері қайтарып алынды деп есептеледi, өтiнiм бойынша iс жүргiзу тоқтатылады, бұл жөнінде өтiнiм беруші қалпына келтіру мерзімі өткен күннен бастап он жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді

5. Егер сараптама жүргiзу және сынақтан өткізу барысында сұрыптың, тұқымның патентке қабiлеттілік талаптарына сай келмейтiндiгi анықталған жағдайда, сараптама ұйымы мемлекеттiк комиссия қорытындысының негiзiнде бес жұмыс күні ішінде патент беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды, бұл жөнінде өтiнiш берушiге бес жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлама жiберіледi.

 Өтiнiш берушi патент беруден бас тарту туралы шешiмге оны алған күннен бастап үш ай мерзімде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Қарсылықты шағым кеңесi ол түскен күннен бастап үш ай мерзiмде қарауға тиiс.

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

6. Өтiнiш берушi сараптама қарсы қойған барлық материалдармен таныса алады. Өтініш берушi сұраған материалдардың көшiрмелерiн сараптама ұйымы оған сауал салудан алған күннен бастап бiр ай мерзiмде жiбередi.

 

 

4-тарау. Автор және патент иесі

11-бап. Селекциялық жетiстiктiң авторы

1. Селекциялық жетiстiктi шығармашылық еңбегiмен жасаған, ашқан немесе өсiрiп шығарған жеке тұлға автор болып танылады.

2. Егер селекциялық жетiстiк бiрнеше адамның ұжымдық шығармашылық еңбегiмен жасалса, олардың бәрi де оның авторлары (Қосымша авторлары) болып есептеледi. Авторларға тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртібі олардың арасындағы келісіммен белгiленедi.

2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

3. Авторға (авторларға) тек техникалық, ұйымдастырушылық, материалдық (қаржылық) көмек көрсеткен немесе сортқа, тұқымға берiлетiн құқықтарды әзiрлеуге және ресiмдеуге жәрдемдескен адамдар авторлар болып танылмайды.

12-бап. Селекциялық жетiстiк авторының құқықтары

2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

1. Автордың жеке мүліктік емес құқықтары иеліктен шығарылмайтын болып табылады және мерзімсіз қорғалады.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді

2. Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттік тiзiлiмiне енгiзiлген селекциялық жетiстiктiң патент иеленушi болып табылмайтын авторына сараптама ұйымы оның авторлығын растайтын ресми куәлiк бередi.

3. Өзiнiң селекциялық жетiстiгiне өз есiмiн беруге автордың құқығы бар.

2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2015.31.10. № 382-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

4. Автордың өзi жасаған, ашқан немесе өсiрiп шығарған селекциялық жетiстiктi патенттiң қолданылу мерзiмi iшiнде пайдаланғаны үшiн патент иеленушіден сыйақы алуға құқығы бар. Сыйақы төлеу мөлшерi мен шарттары патент иеленушi мен автор арасында жасалған келісімде айқындалады. Келісім болмаған жағдайда авторға сыйақы төлеу мөлшері мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалады.

Бұл орайда автор сыйақысының мөлшерi патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiктердi пайдаланғаны үшiн алатын жыл сайынғы түсiмдерi, оның iшiнде лицензия сатудан алатын түсiмдерi сомасының бес процентiнен кем болмауға тиiс.

Егер автордың патент иеленушiмен шартында өзгеше көзделмесе, авторға сыйақы селекциялық жетiстiк пайдаланылған әрбiр жыл бiткеннен кейiн алты ай iшiнде төленедi.

Егер селекциялық жетістікті бiрнеше автор жасаса, ашса немесе шығарса, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше белгіленбесе, сыйақы авторларға тең үлеспен төленеді.

 

13-бап. Селекциялық жетiстiктiң патент иесi

Патент:

1) селекциялық жетiстiк авторына (авторларына);

2) оның мұрагерiне (мұрагерлерiне);

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша өзгертілді

3) автор (авторлар) немесе оның (олардың) құқықтық мирасқорлары Селекциялық жетiстiкке патент беру туралы шешiм қабылданған кезге дейiн селекциялық жетiстiкке жасаған өтiнiмiнде не сараптама ұйымына берген өтiнiшiнде көрсетiлген жеке және (немесе) заңды тұлғаларға (олардың келісімi болған кезде);

2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

4) егер селекциялық жетiстiктi қызметкер қызметтік тапсырманы немесе қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде жасаса, ашса немесе шығарса, жұмыс берушiге берiледi.

Атына патент беру сұралып отырған бiрнеше адам болған жағдайда, оларға бiр патент берiледi.

14-бап. Патент иеленушiнiң құқықтары мен мiндеттерi

1. Егер мұндай пайдалану басқа патент иеленушiлердiң құқықтарын бұзбайтын болса, патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiктi пайдалануға айрықша құқығы болады. Селекциялық жетiстiкке қатысты мынадай iс-әрекетке патент иеленушiнiң рұқсаты керек:

1) өндiру немесе молайту (көбейту);

2) көбейту мақсаты үшiн ұрықты себетiндей деңгейге жеткізу;

3) сатуға ұсыну;

4) сату немесе өткізудiң өзге де түрлерi;

5) Қазақстан Республикасының аумағынан әкету;

6) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;

7) жоғарыда аталған мақсаттар үшiн сақтау.

2. Патент иеленушiнiң құқығы азаматтық айналымға патент иеленушiнiң рұқсатынсыз енгiзiлген ұрықтар мен асыл тұқымды жануарлардан өндiрiлген өсiмдiк материалы мен тауарлы малға да қолданылады.

3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi селекция жетiстiктерiнiң сорты мен тұқымының:

1) егер осы селекциялық жетiстiктердiң өздерi басқа селекциялық жетiстiктiң белгiлерiн мұра ретiнде иеленбеген болса, селекциялық жетiстiктiң белгiлерiн елеулi дәрежеде мұра ретiнде иеленетiн;

2) селекциялық жетiстiктен көрiнеу ерекшеленбейтiн;

3) 09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)

4) оларды молайту селекциялық жетiстiктi сан мәрте пайдалануды қажет ететiн ұрықтары мен асыл тұқымды материалына қатысты қолданылады.

Селекциялық жетiстiк бастапқысынан айқын ерекшеленген кезде:

1) бастапқы селекциялық жетiстiктiң генотипiн немесе генотиптерiнiң комбинациясын бiлдiретiн негiзгi белгiлердi сақтай отырып, бастапқы селекциялық жетiстiктiң немесе бастапқы селекциялық жетiстiктiң маңызды белгiлерiне өзi ие болып қалатын селекциялық жетiстiктiң неғұрлым маңызды белгiлерiне ие болып қалса;

2) бастапқы сорттан, тұқымнан жеке iрiктеу, индукцияланған немесе өздiгiнен клондалған мутантты iрiктеу, қайыра будандастыру және гендiк инженерия сияқты әдiстердi қолданудан туындаған ауытқуларды қоспағанда, бастапқы селекциялық жетiстiк генотипiне немесе генотиптерiнiң комбинациясына сәйкес келсе селекциялық жетiстiк басқа (бастапқы) селекциялық жетiстiктiң белгiлерiн елеулi түрде ие болып қалған селекциялық жетiстiк деп танылады.

4. 09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)

5. Патент иеленушi:

1) азаматтық айналымға өндірісте пайдалануға жіберілген сортты, тұқымды енгiзуге;

2) сортты, тұқымды қорғау мақсатында мемлекеттік комиссия белгiлеген ресми сипаттамада көрсетiлген белгiлердiң сақталуы үшiн патенттiң қолданылу мерзiмi iшiнде сортты, тұқымды бiрқалыпты ұстап тұруға;

3) патенттi күшiнде ұстау үшiн жыл сайын ақы төлеп тұруға мiндеттi.

15-бап. Патент иеленушiнiң құқықтарын бұзғаны үшiн жауаптылық

1. Осы Заңды бұза отырып өсiмдiктер сортын, жануарлар тұқымын пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға патент иеленушiнiң құқықтарын бұзғанына кiнәлi болып саналады.

2. Жеке немесе заңды тұлға, егер:

1) патент иеленушiнiң рұқсатынсыз өтiнiм берiлген сорт, тұқым туралы коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтi ашса;

2) өндiрiлген және сатылған өсiмдiктердiң қорғалатын сорттарына, асыл тұқымды мал тұқымдарына тiркелгендегiсiнен өзгеше атау берсе;

3) өндiрiлген және сатылатын өсiмдiктердiң қорғалатын сорттарына, асыл тұқымды мал тұқымдарына селекциялық жетiстiкпен шатастыратындай дәрежеде ұқсас атау берсе;

4) iс жүзiнде ондай емес өндiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдарға, асыл тұқымды материалға селекциялық жетiстiктiң iс жүзiнде ондай емес атауын берсе;

5) селекциялық жетiстiк туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтерi бар құжаттар табыс етсе, патент иесiнiң құқықтарын бұзушы болып саналады.

3. Патент иеленушiнiң құқықтарын бұзған тұлға патент иесiне селекциялық жетiстiктi пайдаланғаны үшiн өтем төлеуге, сондай-ақ заңдарға сәйкес осы Заңды бұзу салдарынан туындаған басқа да шығындардың орнын толтыруға мiндеттi.

4. Айрықша немесе айрықша емес лицензияның иесi патент иеленушiнiң жазбаша рұқсаты бойынша немесе оның сенімхаты бойынша патенттi бұзушыға талап қоя алады.

5. Шығындардың орнын толтыру туралы талап шығын келтiрiлген күннен басталып, патенттiң бұзылу кезеңiне белгiленедi.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 16-бап толықтырылды; 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

16-бап. Құқықты мұраға қалдыру

Селекциялық жетiстiкке өтiнiм беру және оған патент алу құқығы, селекциялық жетiстiктi пайдалануға, сондай-ақ сыйақыға және оны пайдаланудан түскен кiрiске айрықша құқық мұра ретiнде немесе құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысады.

17-бап. Патент иеленушiнiң айрықша құқықтарын бұзу болып танылмайтын iс-әрекет

Селекциялық жетiстiктi пайдалануға қатысты:

1) жеке және коммерциялық емес мақсаттарда жасалатын;

2) сынау мақсатында жасалатын;

2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

3) осы Заңның 14-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, селекциялық жетiстiктердi басқа сорттар мен тұқымдар шығарудың бастапқы материалы ретiнде пайдалану жөніндегі;

2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды

4) селекциялық жетістіктерді тұқымдық мақсаттарда өткізу құқығынсыз өз мұқтажы үшін пайдалану жөніндегі әрекеттер патент иеленушінің құқықтарын бұзу деп танылмайды.

 

2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен 17-1-баппен толықтырылды

17-1-бап. Бұрынғыша пайдалану құқығы

1. Селекциялық жетістікке басымдық берілген күнге дейін автордан тәуелсіз жасалған селекциялық жетістікке ұқсас өсімдік сортын немесе жануар тұқымын Қазақстан Республикасының аумағында адал пайдаланған немесе осыған қажетті әзірліктер жасаған тұлғаның осындай пайдалану көлемін кеңейтпей оны өтеусіз пайдалану құқығы (бұрынғыша пайдалану құқығы) сақталады.

Бұрынғыша пайдалану құқығы басқа тұлғаға ұқсас өсімдік сорты немесе жануар тұқымы пайдаланылған немесе осыған қажетті әзірліктер жасалған өндіріспен бірге ғана берілуі мүмкін.

2. Басымдық берілген күннен кейін, бірақ патент беру туралы мәліметтер жарияланған күнге дейін селекциялық жетістікті пайдалануды бастаған тұлға патент иесінің талабы бойынша одан әрі пайдалануды тоқтатуға міндетті. Бірақ, мұндай тұлға патент иесіне осы пайдаланудың нәтижесінде келтірілген шығындарды өтеуге міндетті емес.

 

5-тарау. Селекциялық жетістікті пайдалану

 

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 18-бап жаңа редакцияда

18-бап. Селекциялық жетістікті пайдалануға құқықты табыстау

1. Патент иеленуші болып табылмайтын кез келген тұлға (лицензиат) қорғалатын селекциялық жетiстiктi патент иеленушiнiң (лицензиар) рұқсатымен лицензиялық шарт, кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты немесе лицензиармен жасалатын, лицензиялық шарттың талаптарын қамтитын өзге де шарт (лицензиялық шарт) негiзiнде пайдалануға құқылы.

2. Лицензиялық шартта лицензиардың лицензиатқа:

1) лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн және басқа тұлғаларға лицензия (қарапайым, ерекше емес лицензия) беру құқығын сақтап;

2) лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтап, бiрақ басқа тұлғаларға лицензия (жалғыз лицензия) беру құқығынсыз;

3) лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және басқа тұлғаларға лицензия (ерекше лицензия) беру құқығынсыз селекциялық жетістікті пайдалану құқығын табыстау көзделуi мүмкiн.

Лицензиялық шартта пайдалану талаптары көрсетілмеген жағдайда, селекциялық жетістікті пайдалануға құқық қарапайым, ерекше емес лицензия талаптарымен табысталады.

Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат селекциялық жетістікті пайдалануды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүзеге асыруға құқылы.

Селекциялық жетістікті пайдалануға құқықтың қолданылу мерзімі лицензиялық шартта айқындалады және тараптардың өзара келісуі бойынша ұзартылуы мүмкін.

Лицензиялық шартта мерзім көрсетілмеген жағдайда, селекциялық жетістікті пайдалануға құқықтың қолданылу мерзімі осы шарт тіркелген күннен бастап бес жылға тең болады.

Селекциялық жетістікке айрықша құқықтың қолданысын тоқтату лицензиялық шарттың қолданысын тоқтатуға алып келеді.

Лицензиат селекциялық жетiстiктi пайдалануға құқықты лицензиялық шарттың талаптарын ескере отырып, қосалқы лицензиялық шарттың немесе кешенді кәсіпкерлік қосалқы лицензия шартының негізінде басқа тұлғаға (қосалқы лицензиат) беруге құқылы. Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиаттың әрекеттерi үшiн лицензиат лицензиар алдында жауапты болады.

Селекциялық жетістікке айрықша құқықты басқа тұлғаға беру лицензиялық шарттың тоқтатылуына алып келмейді.

3. Селекциялық жетістікті пайдалануға құқықты табыстау туралы шарттар мен қосымша келісімдер жазбаша нысанда жасалады және Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркелуге жатады.

 

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 19-бап өзгертілді

19-бап. Ашық лицензия

Патент иеленушi кез келген тұлғаға селекциялық жетiстiктi пайдалануға лицензия алу құқығын беру туралы сараптама ұйымына өтiнiш бере алады (ашық лицензия).

Аталған лицензияны алуға тiлек бiлдiрген тұлға патент иеленушiмен шарт жасасып, оны осы Заңға сәйкес міндетті түрде тiркетуге мiндеттi. Шарт жөніндегі дауларды сот қарайды.

Патент иеленушiнiң ашық лицензияға құқық беру туралы өтiнiшi бюллетеньде ашық лицензия туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл бойы өз күшiн сақтайды. Аталған мерзiм шегiнде патенттi күшiнде ұстау үшiн төленетiн ақы ашық лицензия туралы мәлiметтер жарияланған жылдан кейiнгi жылдан бастап елу процентке кемiтiледi.

20-бап. Мәжбүрлеу лицензиясы

1. Патент иеленушi селекциялық жетiстiктi пайдаланбаған және ол қолайлы коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасаудан бас тартқан жағдайда, егер селекциялық жетiстiк патент беру туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл iшiнде селекциялық жетiстiкке патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн селекциялық жетiстiк үздiксiз пайдаланылмаса, кез келген тұлға өзiне ерекше емес мәжбүрлеу лицензиясын беру туралы сотқа өтiнiш жасай алады. Егер патент иеленушi селекциялық жетiстiктiң пайдаланылмауы дәлелдi себептерге байланысты болмағанын дәлелдемесе, сот аталған лицензияны төлемдердiң мерзiмдерiн, мөлшерi мен тәртібін көрсете отырып бередi. Төлемдердiң мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген рыноктық бағасынан төмен белгiленбеуге тиiс.

Кез келген мәжбүрлеу лицензиясы ең алдымен Қазақстан Республикасының iшкi рыногының қажеттерiн қамтамасыз ету үшiн берiлуге тиiс.

Аталған селекциялық жетістікті пайдалану құқығын мәжбүрлеу лицензиясы берілген тұлға басқа тұлғаға осы селекциялық жетiстiктiк пайдаланылатын кәсiпорынмен бiрге ғана беруi мүмкiн.

Мәжбүрлеу лицензиясын беруге себеп болған мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған жағдайда сот оның күшiн жоюға тиiс.

2. Селекциялық жетiстiктердi бұл орайда қолайлы коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан басқа патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiкке құқығын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленушiнiң өзiне селекциялық жетiстiктi Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға ерекше емес мәжбүрлеу лицензиясын беру туралы сотқа арыз жазып жүгінуге құқығы бар.

Аталған лицензия берiлген жағдайда сот патентi басқа тұлғаға тиесiлi селекциялық жетiстiктiң пайдаланылу шегiн, төлемдердiң мерзiмдерiн, мөлшерi мен тәртібін белгiлеуге тиiс. Бұл орайда төлемдердiң мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген рыноктық бағасынан төмен белгiленбеуге тиiс.

Селекциялық жетiстiктi пайдалануға осы тармақ негiзiнде алынған құқық осы селекциялық жетiстiкке патенттi сол құқықтың берiлуiне байланысты берген жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.

 

2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды; 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 20-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

20-1-бап. Селекциялық жетiстiкке айрықша құқық беру

1. Патент иеленуші өзіне тиесілі селекциялық жетiстiкке айрықша құқықты өзгеге беру шарты бойынша басқа жеке немесе заңды тұлғаға беруге құқылы.

Селекциялық жетiстiкке айрықша құқық беру туралы шарт осы айрықша құқықтың қолданылу мерзімі ішінде жазбаша нысанда жасалады.

2. Селекциялық жетiстiкке айрықша құқық беру Селекциялық жетiстiктердің мемлекеттік тізілімінде тіркелуге жатады.

 

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 20-2-баппен толықтырылды

20-2-бап. Селекциялық жетiстiкке айрықша құқық беруді және оны пайдалануға құқықты табыстауды тіркеу шарттары

1. Селекциялық жетiстiкке айрықша құқық беруді және оны пайдалануға құқықты табыстауды тіркеу шарттың мүдделі тарапының өтініші алынған күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде мәліметтерді Селекциялық жетiстiктердің мемлекеттік тізіліміне енгізу жолымен жүзеге асырылады.

Жазбаша нысанның және (немесе) тіркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың маңызсыздығына алып келеді.

2. Шарттың тоқтатылуына байланысты Селекциялық жетiстiктердің мемлекеттік тізіліміне өзгерістер енгізу немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеудің күшін жою шарттың мүдделі тарапының өтініші келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Тіркеу туралы мәліметтерде мүдделі тұлғаның өтініші алынған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде және шарттың басқа мүдделі тараптарына жазбаша хабарлама жіберілген жағдайда, олардың тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін техникалық сипаттағы қателер түзетілуі мүмкін.

3. Мыналар:

1) селекциялық жетістікке айрықша құқықтың тоқтатылған қолданысын қалпына келтіруге арналған мерзімнің болуы;

2) құжаттар топтамасын толық ұсынбау не ұсынылған құжаттардағы мәліметтердің сәйкес келмеуі;

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

3) ұсынылған құжаттардағы мәліметтердің Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізіліміндегі мәліметтерге сәйкес келмеуі;

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды

4) шартта Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келетін ережелердің болуы тіркеуге уақытша кедергі келтіретін негіздер болып табылады.

4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген негіздер анықталған жағдайда, өтініш берушіге оларды жою туралы сұрау салу жіберіледі. Тіркеу мерзімі сұрау салу жіберілген күннен бастап үш айға тоқтатыла тұрады.

5. Мыналар:

1) селекциялық жетістікке айрықша құқықтың тоқтатылған қолданысын қалпына келтіруге арналған мерзімнің өтуі;

2) тіркеуге уақытша кедергі келтіретін негіздерді жоюға арналған мерзімнің өтуі;

3) шарттың тарапы болып табылмайтын тұлғадан тіркеу туралы өтінішті алу;

4) лицензиялық шартты немесе оған қосымша келісімді тіркеудің болмауы;

5) тарапта селекциялық жетістікті пайдалануға құқықты табыстауға кедергі келтіретін қабылданған міндеттемелердің болуы тіркеуден бас тартуға негіз болып табылады.

 

 

6-тарау. Патенттің қолданылуын тоқтату

21-бап. Патенттi жарамсыз деп тану

1. Патент бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде, егер:

1) оның мәлiмдеушi берген селекциялық жетiстiктiң бiртектілігi және тұрақтылығы туралы расталмаған деректер негiзiнде берiлгенi;

2) патент берген күнiнде селекциялық жетiстiктiң жаңалық пен ерекшелiк өлшемдерiне сәйкес келмегенi;

3) патентте патент иесi ретiнде аталған адамның патент алуға заңды негiздемелерi болмағаны анықталса, оның берiлуi дау туғызуы және оған қарсылықтар бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

2. 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

 

2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 21-1-баппен толықтырылды

21-1-бап. Селекциялық жетістікке патенттің қолданылуын қалпына келтіру. Соңынан пайдалану құқығы

1. Патентті күшінде ұстап тұрудың белгіленген мерзімінде төленбеуіне байланысты төлемнің белгіленген мерзімі өткен күннен бастап тоқтатылған селекциялық жетістікке патенттің қолданылуы патент иеленушінің өтінішхаты бойынша қалпына келтірілуі мүмкін.

Мұндай өтінішхат патентті күшінде ұстап тұру үшін төлемнің белгіленген мерзімі өткен күннен бастап үш жыл ішінде патенттің қолданылуын қалпына келтіру төлемі туралы құжат ұсынылған кезде, бірақ осы Заңға сәйкес белгіленген патенттің қолданылу мерзімі өткенге дейін берілуге тиіс.

Сараптама ұйымы патенттің қолданылуы қалпына келтірілгені туралы мәліметтерді бюллетеньде жариялайды, сондай-ақ оларды өзінің интернет-ресурсында орналастырады. Жариялау күні патенттің қолданылуын қалпына келтіру күні болып табылады.

2. Патенттелген селекциялық жетістікті патенттің қолданылуы тоқтатылған күн мен патенттің қолданылуы қалпына келтірілгені туралы мәліметтер бюллетеньде жарияланған күн арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасы аумағында пайдалана бастаған не көрсетілген кезеңде осыған қажетті дайындықтарды жасаған кез келген тұлға патенттелген селекциялық жетістікті одан әрі өтеусіз пайдалану құқығын осындай пайдаланудың (соңынан пайдалану құқығы) көлемін кеңейтпестен сақтайды.

Соңынан пайдалану құқығы басқа жеке немесе заңды тұлғаға осы селекциялық жетістікті пайдалану орын алған немесе осыған қажетті дайындықтар жасалған өндіріспен бірге берілуі мүмкін.

 

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

22-бап. Патенттiң күшiн жою және оны мерзiмiнен бұрын тоқтату

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Селекциялық жетiстiкке берiлген патенттiң күшiн сараптама ұйымы:

1) оны осы Заңның 21-бабына сәйкес заңсыз деп таныған;

2) сорт, тұқым бiртектілік пен тұрақтылық көрсеткiштерiне ендiгi жерде сәйкес келмеген;

3) сорттың, тұқымның аман сақталуын тексеру үшiн сараптама органының өтiнiшi бойынша патент иеленушi қажеттi ақпаратты, ұрықты, асыл тұқым материалдарын және құжаттарды 12 ай iшiнде бермеген немесе осы мақсаттар үшiн жергiлiктi жерлерде сортқа, тұқымға инспекция жүргiзу үшiн жағдайлар болмаған;

4) егер патент иеленушi басқа, неғұрлым лайықты атау ұсынбаса, патент берiлгеннен кейiн селекциялық жетiстiктiң атауы жойылған кездерде жояды.

2. Патенттiң қолданылуы:

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

1) патент иеленушiнiң бюллетеньде патенттiң қолданылуын мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап сараптама ұйымына берген өтiнiшi негiзiнде;

2) ақы төлеудiң белгiленген мерзiмi өткен күннен бастап патенттi күшiнде ұстаудың белгiленген мерзiмiнде ақы төленбеген жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.

 

 

2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 6-1-тараумен толықтырылды

6-1-тарау. Апелляциялық кеңес және патенттік сенім білдірілген өкілдер

 

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 22-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

22-1-бап. Апелляциялық кеңес

1. Апелляциялық кеңес уәкiлеттi орган жанындағы, өтініш берушілердің қарсылықтарын сотқа дейiн қарау жөнiндегi алқалы орган болып табылады.

2. Апелляциялық кеңеске сараптама ұйымының:

1) селекциялық жетiстiкке патент беруге арналған өтінімді қараудан;

2) селекциялық жетiстiкке патент беруден бас тарту туралы шешімдеріне қарсылық берілуі мүмкін.

Көрсетілген қарсылықтарды сотқа дейін қарау міндетті болып табылады.

3. Апелляциялық кеңестің құрамына агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы және селекциялық жетістіктерді қорғау саласындағы уәкілетті органдардың, сондай-ақ көрсетілген уәкілетті органдардан қоғамдық кеңестердің өкілдерін қоса алғанда, мүшелердің тақ саны (кемінде бесеуі) кіруге тиіс.

4. Апелляциялық кеңестің құрамына мыналар кіре алмайды:

1) патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер;

2) жұбайлары, жақын туыстары немесе жекжаттары;

3) сараптама ұйымының қызметкерлері.

5. Апелляциялық кеңестің кез келген мүшесі:

1) осы баптың 4-тармағының негізінде апелляциялық кеңестің отырысына қатысушылар мәлімдеген өздігінен бас тарту немесе қарсылық білдіру жағдайында;

2) еңбекке уақытша жарамсыздығына, демалыста немесе іссапарда болуына байланысты болмаған жағдайда ауыстырылуы мүмкін.

6. Апелляциялық кеңестің әрбір отырысы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бейнетүсіру қолданылып жүргізіледі.

 

22-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас тарту негіздері

1. Егер:

1) қарсылық апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;

2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;

3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және аталған мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;

4) өтiнiш берушi қарсылықты берудi ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.

Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.

Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасы шешiмді жарияланғанға дейiн қайтарып алуы мүмкін.

 

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 22-3-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

22-3-бап. Қарсылықты қарау

1. Қарсылықты қарауды апелляциялық кеңес уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және осы Заңда көзделген мерзімдерде жүзеге асырады.

2. Қарсылық беруге арналған мерзім өткізіп алынған кезде апелляциялық кеңес ұсынылған құжаттардың негізінде мерзімді өткізіп алу себептерін дәлелді деп таныған жағдайда, оны қарауға қабылдай алады.

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

3. Қарсылықты қарау мерзімі үш айға дейін, оның ішінде өтініш берушінің жазбаша өтінішхаты бойынша ұзартылуы мүмкін.

4. Апелляциялық кеңес:

1) қарсылықты мәлімдеуші қарсылықты өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат берген жағдайды қоспағанда, өзі келмеген;

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

2) өтініш беруші қосымша дәлелдемелерді ұсыну үшін уақыттың қажеттігі туралы өтінішхат берген;

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды

3) өтініш берушінің дәлелдерін және (немесе) қарсылыққа байланысты мән-жайларды қосымша зерделеу қажет болған жағдайда, отырыс өткізілетін күнді ауыстыруға құқылы.

5. Апелляциялық кеңес мынадай шешімдердің бірін шығарады:

1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;

2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;

3) қарсылықты қараудан бас тарту туралы;

4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы.

Апелляциялық кеңес өзінің бастамасы бойынша қарсылықтың нысанасын немесе негізін өзгертуге құқылы емес.

6. Апелляциялық кеңестiң барлық мүшелері қарсылықты қараған кезде тең құқықтарды пайдаланады. Апелляциялық кеңестің шешімі оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

7. Қабылданған шешім шығарылған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарсылықты мәлімдеушіге жіберіледі.

8. Апелляциялық кеңес қабылданған шешімде жіберілген қате жазуларды немесе айқын техникалық қателерді өз бетінше немесе отырысқа қатысушылардың өтінішхаты бойынша түзете алады.

Апелляциялық кеңестің шешіміне түзетулер енгізу апелляциялық кеңестің қосымша шешімімен ресімделеді.

9. Апелляциялық кеңес қарсылықты мәлімдеушінің өтінішхаты бойынша қарсылықты қараусыз қалдыра алады. Қарсылықты қараусыз қалдыру туралы шешім апелляциялық кеңес отырысының хаттамасымен ресімделеді.

10. Қабылданған шешімге сотқа шағым жасалуы мүмкін.

 

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 22-4-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

22-4-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдер

1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi бар, аттестаттаудан өткен және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінде тiркелген оның әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.

Патенттік сенім білдірілген өкіл қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау зияткерлік меншік саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды білуге арналған тестілеу нысанында өткізіледі.

Уәкілетті органның жанынан құрылатын аттестаттау комиссиясы уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан тұрады.

Патенттік сенім білдірілген өкіл қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу, патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінде тіркеу және оған өзгерістер енгізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

Патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

2. Аттестаттауға мынадай:

1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын;

2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын;

3) қылмыс жасағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар;

4) осы Заңға сәйкес патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.

3. Аттестаттауға зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау саласында кемінде төрт жыл жұмыс тәжірибесі бар не патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасында кемінде бір жыл тағылымдамадан өткен адамдар жіберіледі.

4. Патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:

1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берілген өтініші негізінде;

2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, уәкілетті органның және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;

3) осы Заңның 22-6-бабының 1-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы тиісті шешім қабылдағанға дейін үш ай бойы тоқтатыла тұрады.

Патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметі оның қызметін тоқтата тұруға себеп болған негіздер жойылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта басталады.

Патенттік сенім білдірілген өкіл сенім білдірушіден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарында құпия ақпаратқа немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияға қойылатын талаптар сақталған кезде құпия деп танылады.

 

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 22-5-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

22-5-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары мен міндеттері

1. Патенттік сенім білдірілген өкіл мыналарға құқылы:

1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;

2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы бойынша селекциялық жетістіктерге арналған өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;

3) селекциялық жетістіктерге құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алысу, сараптама шешімдеріне қарсылықтарды дайындау және жіберу;

4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) басқаға беру шарттарын жасауға, қарауға, сондай-ақ сараптама ұйымында құқықтарды беруді және ұсынуды кейіннен тіркеуге жәрдемдесу;

5) патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының мүшесі болу;

6) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған, зияткерлік меншікті сақтау және қорғау мәселелерімен байланысты басқа да қызмет түрлерін жүзеге асыру.

2. Патенттік сенім білдірілген өкілдің өкілеттіктері сенімхатпен куәландырылады.

Апелляциялық кеңеске қарсылық беруге байланысты істерді жүргізу кезінде патенттік сенім білдірілген өкіл уәкілетті органға сенімхаттың түпнұсқасын ұсынуға міндетті.

3. Егер сенімхат шет тілінде жасалса, онда қарсылық берілген тілге байланысты сенімхаттың қазақ немесе орыс тіліне нотариус куәландырған аудармасы міндетті түрде ұсынылуға тиіс.

4. Патенттік сенім білдірілген өкіл, егер бұрын осы іс бойынша мүдделері іс жүргізу туралы өтінішпен жүгінген адамның мүдделеріне қайшы келетін адамдардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ егер істі қарауға патенттік сенім білдірілген өкілдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болып табылатын лауазымды адам қатысса, тапсырманы қабылдамауға міндетті.

 

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 22-6-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 22-6-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

22-6-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығару, патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігін жарамсыз деп тану және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізіліміндегі мәліметтердің күшін жою

1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен аттестаттау комиссиясының шешімімен:

1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берілген жеке өтініші негізінде;

2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;

3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;

4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;

5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе ол хабарсыз кетті деп танылған не қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;

6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда;

7) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шағымдарын, сондай-ақ патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының ұсынуын қарау нәтижелері бойынша шығарылады.

2. Аттестаттау комиссиясының шешімі немесе соттың заңды күшіне енген шешімі не айыптау үкімі негізінде патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігі жарамсыз деп танылады және тиісті мәліметтер патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.

3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған патенттік сенім білдірілген өкіл бұл жөнінде мәліметтер енгізілген күннен бастап патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылады, ал оны патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркеу туралы куәліктің күші жойылады.

4. Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдің әрекеттеріне жеке және (немесе) заңды тұлғаның шағымы не патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының ұсынуы келіп түскен жағдайда уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан апелляциялық комиссия құрады. Жеке және (немесе) заңды тұлғаның шағымын не патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының ұсынуын қарау кезеңінде патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігінің қолданылуы тоқтатыла тұрады, бұл туралы патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізіліміне белгі қойылады.

Жеке және (немесе) заңды тұлғаның шағымын не патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының ұсынуын қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірі қабылданады:

1) патенттік сенім білдірілген өкілдің куәлігін кері қайтарып алу және патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізіліміне тиісті жазба енгізу;

2) жеке және (немесе) заңды тұлғаның шағымын не патенттік сенім білдірілген өкілдер палатасының ұсынуын қанағаттандырудан бас тарту.

Апелляциялық комиссияның шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады, хаттамамен ресімделеді және оған сотқа шағым жасалуы мүмкін.

 

 

7-тарау. Қорытынды ережелер

2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)

23-бап. Осы Заңды қолдануға байланысты дауларды шешу

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Мынадай даулар:

1) сортқа, тұқымға авторлық туралы;

2) патент иеленушiнi белгiлеу туралы;

3) патент иеленушiнiң пайдалануға ерекше құқығын және басқа мүлiктiк құқықтарын бұзу туралы;

4) селекциялық жетiстiктi пайдалануға лицензиялық шарттарды жасасу және оны орындау туралы;

5) осы Заңда көзделген өтемақыларды төлеу туралы;

6) шартқа сәйкес авторға сыйақы төлеу туралы;

7) патент беру туралы;

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды

7-1) патентті жарамсыз деп тану туралы;

8) мәжбүрлеп лицензия беру туралы;

2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

9) патенттен туындайтын құқықтарды қорғауға байланысты басқа да даулар сот тәртiбiмен қаралуға жатады.

Көрсетілген даулар, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілгендерді қоспағанда, егер бұған «Төрелік туралы» және «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаса, тараптардың келісімі бойынша төрелік немесе медиация тәртібімен қаралуы мүмкін.

2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Осы Заңның 22-1-бабының 2-тармағында көрсетілген сараптама ұйымының шешімдеріне талап қою арыздары апелляциялық кеңесте қаралғаннан кейін сотқа беріледі.

 

24-бап. Селекциялық жетiстiктердi өндiрiсте пайдалану

2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1. Пайдалануға жіберілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімдеріне селекциялық жетістіктерді агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы уәкілетті орган:

1) тұқымдар бойынша - шаруашылықтағы пайдалылығы жөнінде тұқымдарды сынау және байқау жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізетін мемлекеттік сынақ нәтижелері бойынша;

2) сұрыптар бойынша - шаруашылықтағы пайдалылығы жөнінде ауыл шаруашылық дақылдарын сұрыптық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізетін мемлекеттік сынақ нәтижелері бойынша немесе өтінім берушінің деректері бойынша енгізеді.

2. Өткiзiлетiн ұрықтармен және асыл тұқымдық материалмен олардың қандай сортқа, тұқымға жататынын, қайдан шыққанын және сапасын куәландыратын тиiстi құжаттар қоса жүруге тиiс.

Құжат тиiстi аймақта пайдалануға ұсынылатын сорттың ұрығына, тұқымның асыл тұқымды материалына берiледi.

 

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2005.22.11. № 90-III ҚР Заңымен; 2009.11.12. № 229-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 25-бап өзгертілді; 2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

25-бап. Заңдық маңызы бар іс-қимылдарға ақы төлеу

Ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын сынақтан өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын патентке қабілеттілігіне сынақтан өткізгені үшін төлемақы алады.

 

26-бап. Жарияланымдар

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

1. Бюллетеньде селекциялық жетiстiктi тiркеуге қатысты:

2022.20.06. № 128-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

1) селекциялық жетiстiк басымдығының күнiн, өтініш беруші - заңды тұлғаның атауын не жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), селекциялық жетiстiктiң атауын, егер бас тартпаса, автордың аты-жөнiн көрсете отырып, оңды нәтиже мен алдын ала сараптамадан өткен патент беруге жасалған өтiнiмдер туралы;

2) патент беру туралы өтiнiм бойынша қабылданатын шешiмдер туралы;

3) селекциялық жетiстiктердiң атауындағы өзгерістер туралы;

4) патенттердi жарамсыз және олардың күшi жойылды деп тану туралы;

5) селекциялық жетiстiктердi қорғауға қатысты басқа да мәлiметтер жарияланады.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

2. Өтiнiм туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн кез келген тұлға өтiнiм материалдарымен танысуға құқылы.

09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

27-бап. Шет елдерде селекциялық жетiстiктердi патенттеу

Өтiнiм берушi Қазақстан Республикасы селекциялық жетiстiктердi қорғау туралы екi жақты немесе көп жақты халықаралық шарт арқылы байланысы бар басқа мемлекеттiң құзыреттi органына селекциялық жетiстiктi қорғауға алғашқы өтiнiм беруге құқылы.

Өтiнiм берушi өзi алғашқы өтiнiм берген мемлекеттiң құзыретті органы оған қорғау құжатын бергенiн күтпей-ақ басқа мемлекеттердiң құзыреттi органдарына өтiнiм беруге құқылы.

Селекциялық жетiстiктерге құқықтарды Қазақстан Республикасының шегiнен тыс қорғауға байланысты шығындарды өтiнiм берушi өтейдi.

28-бап. Шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың құқықтары

1. Шетелдiктер мен шетелдiк заңды тұлғалар осы Заңда және Қазақстан Республикасының селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы өзге де заң және нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген құқықтарды Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде немесе өзара түсiнiстiк принципiнде Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларымен бiрдей пайдаланады.

2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Қазақстан Республикасында тұратын азаматтығы жоқ адамдар осы Заңда және селекциялық жетiстiктердi құқықтық қорғауға қатысты өзге де актiлерде көзделген құқықтарды, егер осы Заңнан өзгеше туындамаса, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларымен бiрдей пайдаланады.

29-бап. Халықаралық шарттар

Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан басқа ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

Қазақстан Республикасының

Президенті

Н. Назарбаев