ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Осы Конституциялық заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 1 тамыздағы № 95-ө өкімін қараңыз
1-бап. Қазақстан Республикасының мына конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 17-18, 114-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 192-құжат; 1998 ж., № 7-8, 71-құжат; № 22, 290-құжат; 1999 ж., № 10, 340-құжат; № 15, 593-құжат; 2004 ж., № 7, 45-құжат; 2005 ж., № 7-8, 17-құжат; 2006 ж., № 23, 138-құжат; 2007 ж., № 12, 85-құжат; 2009 ж., № 2-3, 5-құжат; 2010 ж., № 11, 55-құжат; 2011 ж., № 3, 30-құжат; 2013 ж., № 17, 84-құжат; 2014 ж., № 16, 89-құжат; 2015 ж., № 14, 75-құжат; № 22-III, 150-құжат; 2017 ж., № 6, 10-құжат; № 12, 33-құжат):
1) 9-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мәслихаттардың депутаттары аумақтық сайлау округі бойынша саяси партиялар ұсынатын партиялық тізімдермен сайланады.»;
2) 10-бапта:
2-тармақтың 3) тармақшасы алып тасталсын;
3, 4 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Аумақтық сайлау комиссияларын - Орталық сайлау комиссиясы, ал учаскелік сайлау комиссияларын тиісті аумақтық сайлау комиссиялары құрады.
Орталық сайлау комиссиясын қоспағанда, сайлау комиссияларының құрамдарын тиісті мәслихаттар қалыптастырады.
Сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды.
Әрбір саяси партия тиісті сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын кандидатураларды ұсынуға құқылы.
Мәслихат белгілеген, сайлау комиссияларын құру мерзіміне дейін он бес күннен кем болмауға тиіс мерзімде саяси партиялардың ұсыныстары болмаған жағдайда, мәслихаттар сайлау комиссиясын өзге қоғамдық бірлестіктердің және жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлайды.
Сайлау комиссиясының құрамына ұсынылатын адамдар оның жұмысына қатысуға келісетіні туралы өтініштерін қоса береді. Сайлау комиссиясының төрағасы, төрағасының орынбасары, хатшысы сайлау комиссиясының отырысында сайланады.
Сайлау комиссияларының жаңа құрамын қалыптастыру сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын басталады және олардың өкілеттік мерзімінің бітуіне үш күн қалғанда аяқталады.
Сайлау комиссияларының құрамдарын қалыптастыратын органдар сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі ішінде олардың құрамына өзгерістер енгізуге құқылы.
4. Сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру туралы шешімдер, олардың құрамы мен орналасқан жері бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.»;
«7. Сайлау комиссиясының қызметі сайлау комиссиясын құратын органның шешімі бойынша немесе Орталық сайлау комиссиясының өтініші негізінде сот шешімімен тоқтатылуы мүмкін.»;
3) 11-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Орталық сайлау комиссия сының қарамағында ведомстволық бағынысты ұйымдары болады, олардың функциясына аумақтық сайлау комиссияларының ұйымдастырушылық қызметіне жәрдемдесу және оның сайлау қызметінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін, интернет-ресурсты құруды, дамытуды, енгізуді, қолдап отыруды, оларға әкімшілік жүргізуді, пайдалануды және жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ материалдық-техникалық қамтамасыз ету кіреді.»;
4) 12-бапта:
2-1), 4), 5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«2-1) саяси партияларды Парламент Мәжілісі депутаттарының және мәслихаттар депутаттарының партиялық тізімдер бойынша сайланатын бір бөлігін сайлауға қатысуға жіберу туралы мәселені қарайды;»;
«4) Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын тәртіппен, аумақтық сайлау комиссиялары беретін бюджеттік өтінімдердің негізінде сайлау науқанын өткізуге жұмсалатын шығыстардың мөлшерлі сметасын жасап, Республика Үкіметіне ұсынады;
5) Президентті, Парламент депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау комиссияларына басшылықты жүзеге асырады; олардың шешімдерінің күшін жояды және оларды тоқтата тұрады; сайлау науқанын өткізу үшін бөлінген республикалық бюджет қаражатын олардың арасында бөледі; сайлау комиссияларының қызметі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайлардың жасалуын бақылайды; сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) арыздар мен шағымдарды қарайды; сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырады; сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастырады және өткізеді; саяси партиялардың өкілдерімен және сайлау процесіне басқа да қатысушылармен сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөнінде семинарлар өткізеді; сайлау жүйелері саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
6) Президентті және Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысаны мен мәтінін, Парламент Сенатының, мәслихаттардың депутаттарын және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысанын, оларды жасау тәртібін, сондай-ақ қорғалу дәрежесін, сайлаушылар (таңдаушылар) тізімдерінің, Президенттікке кандидаттарды қолдайтын сайлаушылардың қолдарын жинауға және Сенаттың депутаттығына кандидаттарды қолдайтын таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтарының, өзге де сайлау құжаттарының нысандарын, дауыс беруге арналып, мөлдір материалдан жасалған жәшіктің нысанын және сайлау комиссиялары мөрлерінің үлгілерін, сайлау құжаттарын сақтау тәртібін белгілейді; Президентті және Парламент депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерін дайындауды қамтамасыз етеді;»;
мынадай мазмұндағы 6-2) тармақшамен толықтырылсын:
«6-2) кандидатура алып тасталған, кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күші жойылған, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайларда сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу тәртібін айқындайды;»;
15) және 16-2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«15) мәслихаттар депутаттарын және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары қызметінің осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келуін бақылауды жүзеге асырады және осы Конституциялық заңның бұзылуы анықталған кезде олардың шешімдерінің күшін жояды;»;
«16-2) Қазақстан Республикасының сайлаушы азаматтарының бірыңғай электрондық Тізілімін жүргізеді;»;
мынадай мазмұндағы 16-5), 16-6), 16-7), 16-8) және 16-9) тармақшалармен толықтырылсын:
«16-5) консультативтік-кеңесші органдарды құрады;
16-6) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті, мәслихаттары депутаттарының, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын ақпараттық қамтамасыз ету тәртібін айқындайды;
16-7) оған қатысты мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын ведомстволық бағынысты ұйымнан ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін, интернет-ресурсты құру, дамыту, енгізу, қолдап отыру, оларға әкімшілік жүргізу, пайдалану және жүйелік-техникалық қызмет көрсету және сайлау қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алады;
16-8) сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктін жарақтандыру жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
16-9) сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;»;
5) 14-бапта:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) төмен тұрған аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының қызметіне басшылық жасайды; олардың шешімдерінің күшін жояды және оларды тоқтата тұрады; сайлау науқанын өткізу үшін бөлінген республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражатын олардың арасында бөледі; сайлау науқанын өткізуге арналған бюджеттік өтінімдерді ұсынады; учаскелік сайлау комиссияларының қызметі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайлардың жасалуын бақылайды; учаскелік сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) арыздар мен шағымдарды қарайды; Орталық сайлау комиссиясының шешімдерін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде құрылған барлық сайлау комиссиясының орындауын ұйымдастырады;»;
мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтердің өзектілігі мен анықтығын, дауыс беруге арналған сайлаушылар тізімдерінің уақтылы әрі дұрыс жасалуын және олардың барша жұрттың танысуы үшін ұсынылуын бақылайды;»;
7), 8), 9), 10) және 11) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«7) мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерінің жасалуын, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдерінің жеткізілуін қамтамасыз етеді;
8) мәслихаттардың депутаттарын сайлауды ұйымдастырады және олардың өткізілуін қамтамасыз етеді; мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсынатын саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркейді, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарын тіркейді, кандидаттар мен сенім білдірілген адамдарға тиісті куәліктер береді; бұқаралық ақпарат құралдарында партиялық тізімдерді тіркеу туралы хабар жариялайды;
9) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі сайлау учаскелері бойынша дауыс беру нәтижелерін белгілейді, мәслихат депутаттарын сайлау қорытындыларын шығарады, сайланған депутаттарды тіркейді және бұқаралық ақпарат құралдарында бұл туралы хабар жариялайды; сайлау қорытындыларын шығару және Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында жариялау үшін жоғары тұрған сайлау комиссиясына тиісті сайлау округтері мен учаскелері бойынша дауыстарды санау хаттамаларын ұсынады;
10) Сенат депутаттарына қайта дауыс беруді және оларды қайта сайлауды, мәслихаттар депутаттарын қайта сайлауды, сондай-ақ Сенаттың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды ұйымдастырады;
11) мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды, қайта сайлауды және шығып қалған мүшелерінің орнына сайлауды тағайындайды және ұйымдастырады; мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидаттарды, олардың сенім білдірілген адамдарын тіркейді, оларға тиісті куәліктер береді; жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарды тіркеу туралы хабарларды жариялайды; мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау қорытындыларын шығарады; жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы хабар жариялайды;»;
6) 15 және 16-баптар алып тасталсын;
7) 17-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«17-бап. Учаскелік сайлау комиссиялары
1. Учаскелік сайлау комиссиялары тиісті сайлау учаскелерінде Президентті, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.
Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияларының сандық құрамын:
1) тиісті сайлау учаскесіндегі сайлаушылар саны екі мыңға дейін болған кезде - бестен жеті мүшеге дейін;
2) тиісті сайлау учаскесінде сайлаушылар саны екі мыңнан асатын болған кезде - жетіден он бір мүшеге дейін айқындайды.
Учаскелік сайлау комиссияларының сандық құрамы тақ болуға тиіс.
2. Президентті, Парламент және мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі учаскелік сайлау комиссияларының құрамы сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін - он бес күннен кешіктірілмей, ал өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөніндегі аумақтық комиссиялардың құрамы жеті күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.»;
8) 18-бапта:
мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдайды;»;
6) тармақшадағы «жасалуын» деген сөз «болуын» деген сөзбен ауыстырылсын;
9) 19-баптың 3, 6, 7, 8, 9 және 10-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, мүшелері, оның аппаратының қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ хатшылары өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асырады.
Аумақтық сайлау комиссиясы төрағаның немесе оның орынбасарының өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыруы туралы шешім қабылдайды.»;
«6. Сайлау комиссиясының мүшесі:
1) сайлау комиссиясының белгіленген өкілеттік мерзімі өткенде;
2) сайлау комиссиясының қызметі тоқтатылған кезде өз міндеттерінен босатылады.
Жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешімі бойынша төмен тұрған сайлау комиссиясының мүшесі:
1) міндеттерін атқарудан босату туралы өз еркімен өтініш берген;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
3) тиісті сайлау комиссиясының құрамын қалыптастырған мәслихат орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен;
4) соттың оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген;
5) соттың оны іс-әрекетке қабілетсіз, іс-әрекетке қабілеті шектеулі, хабар-ошарсыз кеткен деп тануы немесе оны қайтыс болған деп жариялағаны туралы шешімі заңды күшіне енген;
6) ол қайтыс болған;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен саяси партия өзін ұсынған саяси партияны тарату туралы шешімді не сот өзін ұсынған саяси партияны тарату туралы заңды күшіне енген шешімді қабылдаған жағдайларда, өз міндеттерінен босатылады.
7. Сайлау комиссиясының мүшесі лауазымдық өкілеттіктерін немесе осы Конституциялық заңның талаптарын бірнеше мәрте бұзған жағдайда, осы сайлау комиссиясының құрамын құрған мәслихат оны лауазымынан босатады.
8. Жоғары тұрған сайлау комиссиясы шығып қалған комиссия мүшесінің орнына сайлау комиссиясының құрамын қалыптастыратын орган осы Конституциялық заңның 10-бабында белгіленген тәртіппен сайлау комиссиясының мүшесін сайлағанға дейін сайлау комиссиясының мүшесін тағайындайды.
9. Осы Конституциялық заңның 23-бабының 3-тармағында көзделген сайлау учаскелерін құру жағдайларын қоспағанда, сайлау комиссиясы құрамының жартысынан көбі бір ұйымның жұмыскерлері болмауға тиіс.
10. Сайлау комиссиясының мүшесі осы комиссияның құрамын қалыптастырған мәслихат орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұруға тиіс.»;
10) 20-бапта:
2 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Алғашқы отырыстарды:
1) Орталық сайлау комиссиясының отырысын - комиссияның Төрағасы комиссия сайланғаннан кейін он төрт күн ішінде;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының отырыстарын - осы комиссияның құрамын қалыптастырған мәслихат айқындаған адам жаңа құрам қалыптастырылғаннан кейін жеті күн мерзімнен кешіктірмей;
3) төмен тұрған сайлау комиссияларының отырыстарын тиісті жоғары тұрған комиссиялардың төрағалары олардың құрамы қалыптастырылғаннан кейін жеті күн мерзімнен кешіктірмей шақырады.»;
«6. Сайлау комиссиялары жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде орналастырылатын, ал осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда өзгедей жариялауға жататын өз шешімдерімен бүкіл адамның еркін танысуы үшін жағдай жасайды.
Сайлау комиссияларының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар сайлау науқанын даярлау және өткізу кезеңіне тиісті сайлау комиссиясына сайлау тағайындалған немесе жарияланған күннен бастап он күннен кешіктірмей өз өкілін кеңесші дауыс құқығымен жіберуге құқылы.
Партия жарғысына сәйкес уәкілетті адамдар қолдарын қойған және мөрмен расталған, саяси партия өкілін жіберу туралы акт тиісті сайлау комиссиясына жіберіледі. Актіге азаматтың комиссияға кеңесші дауыс құқығымен кіруге келісімі туралы өтініші қоса беріледі.
Сайлау комиссиясы кеңесші дауыс құқығымен сайлау комиссиясының мүшесін тағайындау туралы шешім қабылдайды.
Саяси партиялардың кеңесші дауыс құқығы бар өкілдеріне ақы төленбейді.
Саяси партияның кеңесші дауыс құқығы бар өкілі сайлау комиссиясының отырысында сөз сөйлеуге, сайлау комиссиясының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге, сайлау комиссиясының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасауға құқылы.
Саяси партиялардың кеңесші дауыс құқығы бар өкілдері комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс бермейді және комиссияның құжаттарына қол қоймайды.»;
8-тармақ:
«кандидаттан» деген сөзден кейін «немесе партиялық тізімін ұсынған саяси партиядан» деген сөздермен толықтырылсын;
«байқаушыдан және» деген сөздерден кейін «аудармашы бірге жүруге құқылы» деген сөздермен толықтырылсын;
11-тармақтың бірінші бөлігіндегі «округтік,» деген сөз алып тасталсын;
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«12. Мыналар:
1) Парламент, мәслихаттар депутаттары, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері;
2) Президенттікке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелеріне кандидаттар, сондай-ақ кандидаттардың сенім білдірілген адамдары;
3) мемлекеттік саяси қызметші лауазымындағы адамдар;
4) Қазақстан Республикасы соттарының судьялары сайлау комиссияларының мүшелері бола алмайды.
Кандидаттардың жұбайы (зайыбы) мен жақын туыстары, сондай-ақ кандидаттарға тікелей бағынышты адамдар осы кандидат қатысатын сайлауды сайлау округінде тікелей ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ететін сайлау комиссияларының құрамында бола алмайды.
Сайлау комиссиясының мүшесі ретінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында және екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың міндеттерін орындау сайлау комиссиясының шешімімен сайлау науқаны кезеңіне тиісті кандидат тіркелген күннен бастап тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген сайлау комиссиясы мүшесінің орнына тиісті сайлау науқаны кезеңіне жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешімі бойынша сайлау комиссиясының мүшесі тағайындалуы мүмкін.
Сайлау комиссияларының құрамына жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) кіре алмайды.»;
11) 20-2-бапта:
4-тармақтың екінші сөйлемі «бес күн бұрын» деген сөздерден кейін «жергілікті уақытпен сағат он сегізде» деген сөздермен толықтырылсын;
9-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысын аккредиттеуді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша тиісті шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның өтініші негізінде Орталық сайлау комиссиясы кері қайтарып алуы мүмкін.»;
12) 21-бапта:
2-тармақ алып тасталсын;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде аумақтық сайлау округі құрылады.»;
13) 22-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сайлау округтерінің тізімін олардың шекараларын және аумақтық сайлау комиссияларының орналасқан жерлерін көрсетіп, тиісті сайлау комиссиялары сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін он күннен кешіктірмей тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.»;
3-тармақ алып тасталсын;
14) 23-бапта:
1-тармақ «тиісті әкімдердің» деген сөздерден кейін «аумақтық» деген сөзбен толықтырылсын;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Тиісті әкімдер сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін - он бес күн мерзімде, ал өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауды өткізген кезде жеті күн мерзімде сайлаушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау учаскелерінің шекаралары туралы құлақтандырады.»;
15) 24-баптың 4, 5 және 6-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Сайлаушылар тізімі әліпби тәртібімен немесе өзге тәртіппен жасалады. Тізімде сайлаушының тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшін - қосымша күні мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетіледі. Таңдаушылар тізімі әліпби тәртібімен немесе өзге тәртіппен жасалады және тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, жеке сәйкестендіру нөмірін, таңдаушы депутаты болып табылатын мәслихаттың атауын және оның тұрғылықты мекенжайын қамтиды.
5. Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды.
Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Егер сайлаушыға сайлаудан кемінде отыз күн бұрын сайлау күні өзінің тіркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігінің болмайтыны белгілі болса, ол өзінің болатын жері бойынша жергілікті атқарушы органға өзін тиісті сайлаушылар тізіміне енгізу жөнінде жазбаша өтініш беруге құқылы.
Азамат осы тармаққа сәйкес өтініш жасаған кезде жергілікті атқарушы орган азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен алып тастауды және оны сол азамат дауыс беретін учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізуді ұйымдастырады.
Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізіміне өзінің шешімімен учаске құрылған әкім қол қояды және ол дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша ұсынылады.
Сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтерді жергілікті атқарушы орган әр жылдың 1 шілдесіне және 1 қаңтарына қарай электрондық түрде ақпаратты салыстырып тексеруді және жоғары тұрған сайлау комиссияларына беруді қамтамасыз ететін тиісті аумақтық сайлау комиссияларына ұсынады.
Мәліметтерді салыстырып тексеру және ұсыну тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиісті сайлау комиссиясы ұсынған сайлаушылар тізімдерінің, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердің анықтығы үшін жауапты болады.
6. Жатақханаларда тұратын, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысанында оқитындар сайлаушылардың тізіміне жатақхананың орналасқан жері бойынша енгізіледі.»;
16) 25-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) азаматтар тиісті сайлау учаскелерінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша енгізіледі.
Уақытша тіркелген азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша тізімнен алып тастала отырып, сайлаушылар тізімдеріне өздерінің жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде енгізіледі;»;
17) 26-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тізімдері танысу үшін сайлаудан кемінде жеті күн бұрын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен ұсынылады, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының интернет-ресурстарына орналастырылады.»;
18) мынадай мазмұндағы 26-1-баппен толықтырылсын:
«26-1-бап. Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімін қалыптастыру
1. Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін тиісті әкім дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша учаскелік сайлау комиссиясына - электрондық түрде және (немесе) қағаз жеткізгіште, аумақтық комиссияға электрондық түрде ұсынады.
2. Сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізілген жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы бұл туралы жоғары тұрған сайлау комиссиясына хабарлайды.
3. Төмен тұрған аумақтық сайлау комиссиясы сайлау шылар тізімін Қазақстан Республикасының сайлаушы аза маттарының электрондық тізіліміне енгізу үшін жоғары тұрған комиссияға электрондық түрде ұсынады.
4. Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімдерін қалыптастыру, сондай-ақ оларды сайлау комиссияларына ұсыну тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.»;
19) 27-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективті жазып-көрсетуді жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан қалыс қалуға; аталған адамдарға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін баспа басылымының ең таяудағы нөмірінде сол көлемде, сол қаріппен және теріске шығарылатын хабар немесе материал орналастырылған сол жерде теріске шығаруды тегін жариялауына мүмкіндік беруге міндетті. Радио және телевизия арқылы теріске шығару теріске шығарылатын хабар немесе материал сияқты тәуліктің сол уақытында және сол теле- және радиобағдарламада, ал аталған теле- және радиобағдарлама жабылып қалған жағдайларда - оған тақырыптық бағыты сәйкес келетін өзге теле- және радиобағдарламада берілуге тиіс.
Теріске шығару көлемі теріске шығарылатын хабардың немесе материалдың көлемінен екі есе және одан үлкен болмауға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетіндегі орны, эфир уақыты бойынша бірдей көлемде таратуға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдары тиісті сайлау комиссияларына осы Конституциялық заңда белгіленген сайлау алдындағы науқан барысы туралы ақпаратты және хабарларды жариялау мүмкіндігін дереу береді.»;
20) 28-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік береді. Бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін кандидаттарға қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
Президенттікке кандидаттар, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстарға қатысуға құқылы.
Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар телевизиядағы сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатыса алады, оларды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары ұйымдастыруға құқылы.
Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу тәртібі мен шарттары бірдей болуға және белгілі бір кандидатқа немесе саяси партияға артықшылық жасамауға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген кандидаттарға және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға шарттық негізде эфир уақытын, баспасөз бетінен орын береді. Кандидаттарға және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беру туралы шарттың талаптары белгілі бір кандидатқа, саяси партияға артықшылық жасамауға тиіс. Эфир және баспасөз бетінен орын бергені үшін төлемнің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралы сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталардан кемінде бес күн бұрын хабарлауға және жариялауға, сондай-ақ олар Президентті және Парламент депутаттарын сайлау кезінде - Орталық сайлау комиссиясына, мәслихаттар депутаттарын және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезінде өзге де аумақтық сайлау комиссияларына ұсынылуға тиіс.
Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының интернет-ресурстарына бұқаралық ақпарат құралдары ұсынған эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер орналастырылады. Бұқаралық ақпарат құралдары эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер жарияланғанға дейін кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың үгіт материалдарын орналастыру, тарату үшін эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бере алмайды.
Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспасөз басылымының таралымы барлық кандидаттар, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар үшін бірдей болуға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралы кандидаттардың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның біріне эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлуге берген келісімі басқа кандидаттарға, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлуге келісім беруі болып табылады.
Кандидаттардың және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығу кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен не егер өтініштер бір мезгілде келіп түссе, жеребе бойынша белгіленеді.
Кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерін бөлуге және сөйлеген сөздерінен кейін іле-шала, сондай-ақ баспасөз басылымдарындағы сөздерінен кейін сол нөмірде түсініктеме жасауға тыйым салынады.»;
7-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші сөйлеміндегі «Президенттікке, Парламент және мәслихат депутаттығына кандидаттар» деген сөздер «Кандидаттар, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар» деген сөздермен ауыстырылсын;
8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Осы Конституциялық заңға сәйкес міндетті түрде жариялануға жататын мәліметтер жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссияларының интернет-ресурстарына орналастырылады. Мерзімді баспасөз басылымдары сайлау комиссияларының хабарларын Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын тәртіппен және көлемде республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен орналастырады.
9. Сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сауал жүргізген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.
Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы. Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.
Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерінің болжамдарын дауыс берілетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні Интернет желісінде жариялауға жол берілмейді.
Сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады.»;
21) 32-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.»;
22) 33-баптың 1-тармағындағы «Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын қоспағанда,» деген сөздер алып тасталсын;
23) 34-бапта:
2-тармақ алып тасталсын;
4-тармақта:
төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде - аумақтық сайлау комиссиялары;»;
6-тармақтың алтыншы сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
«Арнайы уақытша шот ашу, сайлау қорларының қаражатын жұмсау тәртібін және тиісті банк мекемесін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.»;
24) 37-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Орталық сайлау комиссиясы кандидатура алып тасталған, кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күші жойылған, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайда сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу тәртібін айқындайды.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Сайлау бюллетеньдері учаскелік сайлау комиссияларына сайлаудан ерте дегенде үш күн бұрын және сайлаудан кемінде бір күн бұрын сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервімен жеткізіледі.»;
25) 38-баптың 1-тармағының екінші және төртінші сөйлемдеріндегі «немесе округтік» деген сөздер алып тасталсын;
26) 39-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезін де мүмкіндігі шектеулі азаматтар болып табылатын сайлаушылардың кедергісіз кіруі және онда дауыс беруі үшін жағдайлар қамтамасыз етілуге тиіс.»;
27) 41-баптың 6-тармағының жетінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру кезінде бюллетень (бюллетеньдер) сайлаушыларға сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсету арқылы, дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтініш негізінде беріледі, олар бұл туралы өтінішке қол қояды.»;
28) 43-бапта:
5-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын, мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзін басқару органдарының мүшелерін сайлау кезінде дауыс беруді қоспағанда, бір саяси партиядан артық, бір кандидаттан артық белгіленген;»;
7-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7-1. Учаскелік сайлау комиссиясы (Сенат депутаттарын және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау кезінде аумақтық сайлау комиссиясы) сенім білдірілген адамның жазбаша нысанда берілген арызы бойынша дауыстарды қайта санауды осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген мерзімде бір рет қана жүргізеді.»;
8-1-тармақтың бірінші бөлігі және 8-2-тармақ алып тасталсын;
29) 44-бапта:
4-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары сайлау өткізілген күннен бастап жеті күннен кешіктірмей жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;»;
5-тармақта:
бірінші бөлік «округтерінің жалпы саны;» деген сөздерден кейін «есептен шығару куәліктері бойынша дауыс берген сайлаушылардың саны;» деген сөздермен толықтырылсын;
екінші бөлікте:
«округтік» деген сөз «аумақтық» деген сөзбен ауыстырылсын;
«әрбір кандидат» деген сөздер «әрбір кандидат үшін, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша әрбір саяси партия» деген сөздермен ауыстырылсын;
үшінші бөліктің бірінші сөйлеміндегі «, ал округтік сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер сайлау учаскелері бойынша» деген сөздер алып тасталсын;
30) 46-баптың 2-тармағындағы «белгіленген» деген сөз «ол белгілеген» деген сөздермен ауыстырылсын;
31) 48-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыста жәрдемдесуге міндетті.»;
32) 50-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы «тіркегенге дейін» деген сөздер «тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін» деген сөздермен ауыстырылсын;
33) 50-1-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Электрондық сайлау жүйесі немесе оның жекелеген элементтері пайдаланылатын сайлау округтері мен сайлау учаскелерін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.»;
34) 55-баптың 2-тармағы «қалғанда» деген сөзден кейін «жергілікті уақытпен сағат он сегізде» деген сөздермен толықтырылсын;
35) 59-бапта:
2-1-тармақтың екінші бөлігіндегі «Президентінің міндеттерін атқаруға» деген сөздер «Президенттігіне кандидат болып тіркелуге» деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақ «қалғанда» деген сөзден кейін «жергілікті уақытпен сағат он сегізде» деген сөздермен толықтырылсын;
7-тармақтың 3) тармақшасының бесінші абзацындағы «өзін тіркегенге» деген сөздер «кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанға» деген сөздермен ауыстырылсын;
36) 64-баптың 3-тармағындағы «комиссияларын құру» деген сөздер «комиссияларының құрамдарын қалыптастыру» деген сөздермен ауыстырылсын;
37) 71-баптың 1-тармағы «қалғанда» деген сөзден кейін «жергілікті уақытпен сағат он сегізде» деген сөздермен толықтырылсын;
38) 73-бапта:
3-тармақ «қалғанда» деген сөзден кейін «жергілікті уақытпен сағат он сегізде» деген сөздермен толықтырылсын;
6-тармақтың 3) тармақшасының бесінші абзацындағы «өзін тіркегенге» деген сөздер «кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанға» деген сөздермен ауыстырылсын;
39) 74-баптың 1-тармағындағы «тіркелген күннен бастап» деген сөздер «тіркелгенге дейінгі» деген сөздермен ауыстырылсын;
40) 87-бапта:
3-тармақтың бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
«Саяси партиялар адамдарды партиялық тізімге орналастыру тәртібін дербес айқындайды.»;
5-тармақтың бірінші және екінші сөйлемдері «қалғанда» деген сөзден кейін «жергілікті уақытпен сағат он сегізде» деген сөздермен толықтырылсын;
41) 89-бапта:
6-тармақтың 4) тармақшасының үшінші абзацындағы «тіркелгенге дейін» деген сөздер «тіркелу мерзімі аяқталғанға дейін» деген сөздермен, 5) тармақшасының төртінші абзацындағы «тізім тіркелгенге дейін» деген сөздер «тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін» деген сөздермен және 6) тармақшасының бесінші абзацындағы «тіркелгенге дейін» деген сөздер «тіркелу мерзімі аяқталғанға дейін» деген сөздермен ауыстырылсын;
8-тармақтың бірінші және екінші сөйлемдері «қалғанда» деген сөзден кейін «жергілікті уақытпен сағат он сегізде» деген сөздермен толықтырылсын;
42) 101-баптың 1-тармағының 2) тармақшасындағы «сайлауды;» деген сөз «сайлауды тағайындау үшін негіз болып табылады.» деген сөздермен ауыстырылып, 3) тармақшасы және 4-тармағы алып тасталсын;
43) 103, 104, 105, 106, 107 және 108-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«103-бап. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну
1. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы саяси партияларға тиесілі.
2. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының депутаты етіп сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен жүргізіледі.
3. Саяси партиялар өздерінің мүшелері болып табылмайтын адамдарды партиялық тізімдерге енгізуге құқылы емес.
4. Саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органының шешімі азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтінішімен бірге тиісті аумақтық сайлау комиссиясына жіберіледі.
5. Адамдарды партиялық тізімге орналастыру тәртібі саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органының шешімімен айқындалады. Саяси партияның өкілі партиялық тізімді тиісті аумақтық сайлау комиссиясына саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы отырысының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмемен бір мезгілде ұсынады. Өкілдің өкілеттіктері тиісті құжаттармен расталуға тиіс.
6. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсыныла алмайды.
7. Егер сайлау тағайындалған кезде өзгеше белгіленбесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау күнінен екі ай бұрын басталады және сайлау күніне бір ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.
8. Егер тиісті сайлау округі бойынша партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталатын күнге мәслихат депутаттығына кандидаттардың екіден кем партиялық тізімі тіркелсе, аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін жиырма күннен аспайтын мерзімге ұзартады.
104-бап. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу
1. Саяси партиялар ұсынатын партиялық тізімдерді тіркеуді тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өз қаражаттарынан жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді.
Тиісті мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының жеті және одан да көп пайызын алған саяси партиялар тиісті аумақтық сайлау округі бойынша сайлау жарнасын төлемейді.
Тиісті аумақтық сайлау округі бойынша тиісті мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының бестен жетіге дейінгі пайызын алған саяси партия осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген сайлау жарнасы мөлшерінің елу пайызы мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
Тиісті аумақтық сайлау округі бойынша тиісті мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының үштен беске дейінгі пайызын алған саяси партия осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген сайлау жарнасы мөлшерінің жетпіс пайызы мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
Сайлау қорытындылары бойынша саяси партия дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемінде жеті пайызын жинаған жағдайларда, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда, енгізілген жарна саяси партияға қайтарылады. Қалған барлық жағдайда енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.
2. Партиялық тізімге енгізілген кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тіркеуге дейін тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік кіріс органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген ұсыну мерзімі басталатын айдың бірінші күніне кірістер мен мүлік туралы декларацияларды салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген тәртіппен және нысанда ұсынады.
Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің анықтығын мемлекеттік кіріс органдары кандидатты тіркеген күннен бастап он бес күн ішінде тексереді.
Бұл ретте мемлекеттік кіріс органдарының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) кірістері мен мүлкі туралы мәліметтерді ұсыну жөніндегі талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап төрт күн ішінде ұсынуға міндетті.
3. Партиялық тізімдерді тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүргізіледі:
1) саяси партияның тиісті филиалы (өкілдігі) жоғары басқару органы отырысының уәкілетті органда саяси партияны тіркеу туралы құжаттың көшірмесі қоса берілген партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
2) азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісім беру туралы өтініші;
3) партиялық тізімге енгізілген әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;
4) саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат;
5) мемлекеттік кіріс органының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) кірістер мен мүлік туралы декларацияларды тапсырғандығы туралы анықтамалары;
6) партиялық тізімге енгізілген адамның осы тізімді ұсынған саяси партиядағы мүшелігін растайтын құжат.
4. Аумақтық сайлау округі бойынша бір саяси партиядан бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі.
5. Аумақтық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу туралы хаттама жасайды, ол бес күн мерзімде жоғары тұрған сайлау комиссиясына ұсынылады.
6. Аумақтық сайлау комиссиясы:
1) партиялық тізімдерді тіркегеннен кейінгі жетінші күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партияның атауын және партиялық тізімге енгізілген адамдардың санын, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген әрбір адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын лауазымын (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерін көрсете отырып, тіркеу туралы хабар жариялайды;
2) тіркеген кезде кандидаттарға тиісті куәлік береді;
3) мынадай жағдайларда:
саяси партия партиялық тізімді ұсыну қағидаларын бұзған, тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған;
партиялық тізімді ұсынған саяси партия, ол ұсынған кандидаттар, оның сенім білдірілген адамдары сайлау алдындағы үгітті тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау күні не оның алдындағы күні жүргізген;
сот кандидаттың және (немесе) оның сенім білдірілген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін анықтаған;
бүкіл партиялық тізімнің елу пайызынан астамын құрайтын адамдар партиялық тізімінен шыққан;
сот партиялық тізімді ұсынған саяси партияның немесе оның сенім білдірілген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда партиялық тізімді тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.
Дауыс беретін күнге екі күн қалғанда партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұрын тіркеуден шығарылған партиялық тізімді қалпына келтіруге жол берілмейді;
4) мынадай жағдайларда:
партиялық тізімге енгізілген адам Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеген;
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес декларация тапсыру кезіне кандидат немесе оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің анық еместігі анықталған;
партиялық тізімге енгізілген адам өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдаланған;
партиялық тізімге енгізілген адам сайлау алдындағы үгітті партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау күні не оның алдындағы күні жүргізген;
сот партиялық тізімге енгізілген адамның немесе оның сенім білдірілген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды.
Партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешімге партиялық тізімді ұсынған саяси партия не партиялық тізімнен шығарылған адам сотқа шағым жасай алады, соттың шешімі түпкілікті болып табылады.
Дауыс беретін күнге екі күн қалғанда партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдауға жол берілмейді.
7. Партиялық тізімді тіркеуден бас тартуға немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға жеті күн мерзімде жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін. Бұл ретте жоғары тұрған сайлау комиссиясы немесе сот шағым берілген күннен бастап жеті күн мерзімде шағым бойынша шешім шығарады.
8. Егер сайлауды тағайындау кезінде өзгеше белгіленбесе, партиялық тізімдерді тіркеу сайлау күнінен екі ай бұрын басталады және оған жиырма бес күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.
105-бап. Кандидатураны алып тастау, мәслихат депутат тығына кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күшін жою
1. Партиялық тізімге енгізілген адам аумақтық сайлау комиссиясына және саяси партияға бұл туралы жазбаша өтінішпен жүгіне отырып, өз кандидатурасын алып тастай алады.
2. Саяси партияның не оның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы тіркеуге дейінгі және одан кейінгі кезеңде аумақтық сайлау комиссиясына мәслихат депутаттығына кандидатты партиялық тізімнен шығару туралы тиісті ұсыныспен жүгіне алады.
3. Бұл жағдайларда аумақтық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.
4. Егер кандидатураны алып тастау немесе кандидатты ұсыну туралы шешімнің күшін жою осыған мәжбүр ететін мән-жайларсыз жүргізілсе, аумақтық сайлау комиссиясы сайлау науқанын өткізуге республикалық бюджет қаражатынан жұмсалған шығыстардың бір бөлігін оны ұсынған саяси партияның шотына жатқызуға міндетті.
106-бап. Мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорының мөлшері
1. Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдер құрамында дауысқа түсетін кандидаттар өздерінің сайлау қорларын құруға құқылы емес.
2. Саяси партиялардың әрбір партиялық тізімге сайлау қорлары:
1) саяси партияның жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен бір мың еседен аспауға тиіс меншікті қаражатынан;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен екі мың еседен аспауға тиіс ерікті қайырмалдықтарынан құралады.
107-бап. Тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну
1. Егер тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін партиялық тізімдерден шығып қалу нәтижесінде тиісті сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттардың екіден аз партиялық тізімі қалса, аумақтық сайлау комиссиясы өз шешімімен сайлау мерзімін ұзартады, бірақ ол екі айдан аспайды.
2. Бұл жағдайда мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну осы Конституциялық заңда белгіленген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
108-бап. Мәслихат депутатын сайлау кезінде дауыстарды санау
1. Учаскелік сайлау комиссиясы аудандық (қалалық) және облыстық мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде дауыс беру нәтижелері бойынша хаттамалар жасайды, олар дереу тиісті сайлау комиссиясына (аудандық, қалалық, қаладағы аудандық) жіберіледі.
2. Аудандық, қалалық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері бойынша учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлау күнінен бастап екі күн мерзімнен кешіктірмей аудандық және қалалық мәслихаттарға депутаттар сайлау қорытындыларын белгілейді.
3. Аудандық, қалалық, қаладағы аудандық сайлау комиссиялары учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарын сайлау барысындағы дауыс беру нәтижелері бойынша хаттамалар жасайды, олар дереу жоғары тұрған сайлау комиссияларына жіберіледі.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың сайлау комиссиялары көрсетілген хаттамалардың негізінде сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзімде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына депутаттарды сайлау нәтижелерін белгілейді.»;
44) 111-баптың 2-тармағы алып тасталсын;
45) мынадай мазмұндағы 111-1-баппен толықтырылсын:
«111-1-бап. Партиялық тізімдер бойынша дауыс беру қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарды бөлу
1. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының жеті және одан да көп пайызын алған әрбір партиялық тізім үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша берілген сайлаушылар дауысының жиынтығын есептеп шығарады. Жеті пайыздық кедергіні еңсерген саяси партиялар үшін берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы таратылатын депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау бөлінді саны (квота) болып табылады.
2. Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының жеті пайызын тек қана бір саяси партия алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге көрсетілген саяси партияның тізімі, сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының келесі көп санын жинаған партияның партиялық тізімі жіберіледі.
Екі саяси партия үшін берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы таратылатын депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау бөлінді саны (квота) болып табылады.
3. Депутаттық мандаттарды бөлуге қатысатын әрбір партиялық тізім алған дауыстардың саны алғашқы сайлау бөлінді санына бөлінеді.
Жеті пайыздық кедергіні еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысатын партияның тізімі алған дауыстардың саны алғашқы сайлау бөлінді санына бөлінеді және 0,7 түзету коэффициентіне көбейтіледі.
Санды бөлу нәтижесінде алынған тұтас бөлік партиялық тізімді қалыптастырған тиісті саяси партия алатын депутаттық мандаттар саны болып табылады.
Жеті пайыздық кедергіні еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысатын саяси партия кемінде бір мандат алады.
4. Егер осы баптың 3-тармағына сәйкес жүргізілген әрекеттерден кейін бөлінбеген мандаттар қалса, оларды қайта бөлу жүргізіледі. Бөлінбеген мандаттар осы баптың 3-тармағына сәйкес бөлудің нәтижесінде алынған санның ең көп бөлшектенген бөлігіне (қалдығына) ие болған партиялық тізімдерге бір-бірден беріледі. Ең көп қалдық тең болған кезде бұрын тіркелген партиялық тізімге артықшылық беріледі.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлу кезінде бөлінбеген мандаттар дауыс беру қорытындылары бойынша жеті пайыздық кедергіні еңсерген партиялық тізімге беріледі.
5. Депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың арасынан сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бес күннен кешіктірмей айқындайды.
6. Депутат мерзімінен бұрын шығып қалған жағдайда оның мандаты тиісті аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың арасынан саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы айқындайтын келесі кандидатқа беріледі.
Егер тиісті партиялық тізімде кандидаттар қалмаса, мандат мәслихат депутаттарының келесі сайлауына дейін бос қалады.»;
46) 112 және 113-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«112-бап. Мәслихаттар депутаттарын тіркеу
1. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы сайланған мәслихаттар депутаттарын тіркейді.
2. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының ұсынуы немесе азаматтардың өтініштері бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не сайлау нәтижелерін анықтау кезінде осы Конституциялық заңды бұзушылық орын алса, мәслихат депутаттарын сайлауды жарамсыз деп тани алады және мәслихат депутаттарын тіркеуден бас тарта алады. Бұл ретте аумақтық сайлау комиссиясының осы шешіміне қабылданған күнінен бастап он күн ішінде партиялық тізімді ұсынған саяси партия сотқа шағым жасай алады, сот он күн мерзімде шешім қабылдайды.
113-бап. Мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлауды өткізу
Мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау осы Конституциялық заңда мәслихаттар депутаттарын кезекті сайлау үшін белгіленген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Бұл ретте сайлау іс-шараларын өткізу мерзімдерін тиісті аумақтық сайлау комиссиясы айқындайды.»;
47) 116-баптың 2) тармақшасы алып тасталсын;
48) 118-баптың 6-тармағы 3) тармақшасының бесінші абзацындағы «өзін тіркегенге» деген сөздер «тіркеу мерзімі аяқталғанға» деген сөздермен ауыстырылсын;
49) 119-баптың 1-тармағындағы «тіркелген күннен бастап» деген сөздер «тіркелгенге дейін» деген сөздермен ауыстырылсын:
50) 121-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған күнге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелеріне екіден кем кандидат тіркелген жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы сайлау мерзімін өз шешімімен ұзартады, бірақ ол бір айдан аспауға тиіс.»;
51) мынадай мазмұндағы 130-1-баппен толықтырылсын:
«130-1-бап. Мәслихаттар депутаттарын сайлау мерзімдері Мәслихаттардың депутаттарын пропорционалды сайлау жүйесі негізінде сайлау осы Конституциялық заңда көзделген негіздер басталған кезде, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жүргізілетін болады.
Көрсетілген мерзімге дейін осы Конституциялық заңның тиісті нормалары бұрынғы редакцияда қолданылады.»;
52) 133-бапта:
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«19-баптың 3-тармағының қолданысы 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, мүшелері және оның аппаратының қызметкерлері өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асырады.
Сайлау комиссиясының төрағасы сотта және басқа да мемлекеттік органдарда комиссияның мүдделерін білдіреді, сондай-ақ сайлау комиссиясының мүдделерін білдіру жөніндегі өкілеттікті тиісті сенімхат беру арқылы басқа адамдарға беруге құқылы.»;»;
екінші бөліктің 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) 104-бапта:
1-1-тармақ тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай:
«1-1. Партиялық тізімге енгізілген кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тіркеуге дейін тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік кіріс органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген ұсыну мерзімі басталатын айдың бірінші күніне кірістер мен мүлік туралы декларацияларды салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген тәртіппен және нысанда ұсынады.
Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің анықтығын мемлекеттік кіріс органдары кандидат тіркелген күннен бастап он бес күн ішінде тексереді.
Бұл ретте мемлекеттік кіріс органдарының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) кірістері мен мүлкі туралы мәліметтер ұсыну жөніндегі талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап төрт күн ішінде ұсынуға міндетті.» деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, осы тармақтың;
2-тармақтың 5) тармақшасы тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай:
«5) мемлекеттік кіріс органының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) кірістер мен мүлік туралы декларациялар тапсырғаны жөніндегі анықтамалары;» деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, осы тармақшаның;
6-тармақтың 3-1) тармақшасының бірінші бөлігі тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай:
«3-1) мынадай жағдайларда:
партиялық тізімге енгізілген адам Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес декларация тапсыру кезіне кандидат немесе оның жұбайы (зайыбы) декларациялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің анық еместігі анықталған;
партиялық тізімге енгізілген адам өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдаланған;
партиялық тізімге енгізілген адам сайлау алдындағы үгітті партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін жүргізген;
сот партиялық тізімге енгізілген адамның немесе оның сенім білдірілген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды.» деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, осы бөліктің;».
2. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 11, 72-құжат; 2008 ж., № 13-14, 53-құжат; 2012 ж., № 12, 82-құжат; 2015 ж., № 20-І, 107-құжат; 2017 ж., № 21, 103-құжат):
1) 1-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы - дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «QAZAQSTAN» деген жазу - алтын түстес.»;
2) 2-қосымша мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258-ІІІ
Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына
2-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
».
2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2018 жылғы маусымның 29-ы.
№ 162-VІ