Әкімшілік рәсімдер туралы 2000 ж. 27 қарашадағы № 107-II
Қазақстан Республикасының Заңы

(2007.18.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

 

Осы редакция 2007 ж. 27 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды

 

   1-тарау. Жалпы ережелер                            (1 - 4 баптар)
   2-тарау. Мемлекеттік органдар мен лауазымды        (4 - 8 баптар)
            адамдардың мемлекеттік функциялар мен 
            лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыруы
            кезінде шешімдер қабылдау тәртібі және  
            оларды ресімдеу                          
   3-тарау. Мемлекеттік органдардың жұмысын           (9 - 14 баптар)
            ұйымдастыру рәсімдері                     
   4-тарау. Азаматтардың құқықтары мен заңды          (15 - 20 баптар)
            мүдделерін қорғау рәсімдері                  
   5-тарау. Экономика саласында шешімдер              (21 - 22 баптар)
            қабылдаудың негізгі рәсімдері                 
   6-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер            (23 - 25 баптар)

 

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен  кіріспе өзгертілді  (бұр. ред. қара)

Осы Заң басқару қызметiн ұйымдастыруды жетiлдiруге, мемлекеттік органдардың iркiлiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге, басқарушылық шешiмдердi жедел қабылдауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, мемлекеттік мүдделердi қорғауға, мемлекеттік қызметшiлердiң лауазымдық өкілеттікті қызметтен тыс мақсаттарда пайдалануына жол бермеуге  , сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі қызметке  жәрдемдесетiн әкiмшiлiк рәсiмдердi белгiлеуге бағытталған.

 

1-тарау. Жалпы ережелер

ҚР 12.03.04 ж. № 536-II Заңымен 1-бап толықтырлды

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

1. Әкiмшiлiк рәсiмдер деп:

1) мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың мемлекеттік функциялар мен лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыру кезiнде шешiмдер қабылдау мен орындау тәртібі және оларды ресiмдеу;

2) мемлекеттік аппараттың жұмысын ұйымдастыру рәсiмi;

3) азаматтардың өз құқықтарын iске асыру жөніндегі өтiніштерiн қарау рәсiмдерi, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн әкiмшiлiк қорғау рәсiмдерi;

4) экономика саласындағы шешiмдер қабылдау рәсiмдерiнiң негiзгi бастаулары ұғынылады.

2. мемлекеттік органдар деп мемлекет атынан Конституция, заңдар, өзге де нормативтік құқықтық актiлер арқылы:

1) жалпыға бiрдей мiндетті мiнез-құлық ережелерiн белгілейтiн актiлер шығару;

2) әлеуметтiк мәнi бар қоғамдық қатынастарды басқару мен реттеп отыру;

3) мемлекет белгiлеген жалпыға бiрдей мiндеттi мiнез-құлық ережелерiнiң сақталуына бақылау жасау жөнiндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкiлеттік берiлген мемлекеттік мекемелер ұғынылады.

2-1. Мемлекеттік органның құзыретi деп мемлекеттік орган қызметiнiң нысанасын айқындайтын оның белгiленген өкiлеттiктерiнiң жиынтығы ұғынылады;

мемлекеттік органның өкiлеттiктерi деп мемлекеттік органның заңдарда белгiленген құқықтары мен мiндеттерi ұғынылады;

мемлекеттік органның құқықтары деп заңдарда белгiленген белгiлi бiр iс-әрекеттi жасау, басқа тұлғадан (басқа тұлғалардан) белгiлi бiр мiнез-құлықты (ic-әрекеттi немесе iс-әрекет жасаудан тартынуды) талап ету мүмкiндiгi ұғынылады;

мемлекеттік органның мiндеттемелерi деп заңдарда белгiленген, мемлекеттік орган орындауға мiндеттi iс-әрекет шеңберi ұғынылады;

мемлекеттік органның мiндеттерi деп мемлекеттік орган қызметiнiң негiзгi бағыттары ұғынылады;

мемлекеттік органның функциялары деп мемлекеттік органның қызметтi заңдарда белгiленген өкiлеттiктер шегiнде жүзеге асыруы ұғынылады.

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен 1-бап  2-2- тармақпен толықтырылды

2-2. Мемлекеттік қызметтер деп жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған, бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру аясында мемлекеттік органдар, өзге де мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, жеке және (немесе) заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет ұғынылады.

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен 1-бап  2-3- тармақпен толықтырылды

2-3. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты - мемлекеттік қызмет саны, сапасы және қол жетімділігі көрсеткіштерінің нормативтік мәндерін, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл тәртібі мен жеке және заңды тұлғалардың белгіленген сан мен сапада мемлекеттік қызметтер көрсетуді алу құқығын қамтамасыз ететін, орындалуы міндетті өзге де нормаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт.

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен 1-бап  2-4- тармақпен толықтырылды

2-4. Мемлекеттік қызмет көрсету регламенті - мемлекеттік органдардың, өзге де мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ лауазымды адамдардың мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қызметінің тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт.

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен 1-бап  2-5- тармақпен толықтырылды

2-5. Мемлекеттік қызметтер тізілімі - біртектес қызметтер ұсынуды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарды, өзге де мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарды көрсете отырып, осындай қызметтердің топтары мен кіші топтарын қамтитын, республикалық және жергілікті деңгейлерде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізбесі.

3. Лауазымды адамдар деп осы Заңда мемлекеттік функцияларды (өкiмет өкiлiнiң функцияларын) тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшілiк-шаруашылық функцияларын орындайтын адамдар ұғынылады.

Конституцияның, заңдардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына байланысты лауазымды адамдар өздерiне жүктелген функцияларды:

1) жеке-дара өкiм жүргiзу тәртібімен мемлекеттiң нақты лауазымды адамының атынан;

2) нақты мемлекеттік органда шешiмдер қабылдаудың заңдарда көзделген тәртібіне байланысты жеке-дара өкiм жүргiзу тәртібімен не алқалық тәртiппен нақты мемлекеттік органның және оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң атынан жүзеге асыра алады.

 

2-бап. Осы Заңның қолданылу шектерi

1. Осы Заңда көзделген әкiмшiлiк рәсiмдер заң актілерімен реттелмеген бөлiгiнде:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Мемлекет басшысының қызметiн қамтамасыз ететiн мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың, Президентке тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттік органдардың;

2) Қазақстан Республикасының Парламентi Палаталары, Орталық сайлау комиссиясы аппараттарының;

3) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Жоғарғы Соты мен өзге де соттары аппараттарының;

4) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң, Премьер-Министрi Кеңсесiнің, орталық атқарушы органдарының;

5) Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi органдары аппараттарының;

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен  6) тармақша  өзгертілді  (бұр. ред. қара)

6) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарының;

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен  1-тармақ 7) тармақшамен толықтырылды  

7) мемлекеттік қызметтерді ұсынуы кезінде мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілерінің қызметінде қолданылады.

2. Осы Заңда көзделген рәсiмдердiң күшi:

1) азаматтардың өтiнiштерiн қарауға және қаралу тәртібі әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарда, қылмыстық iс жүргізу және азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген өзге де iстердi қарауға;

2) дайындалу рәсiмi өзге заң актілерінде көзделген нормативтiк құқықтық актiлердi дайындауға;

3) жүзеге асырылу тәртібі арнаулы заң актілерімен белгiленетiн жоспарлаудың стратегиялық, бюджеттік және индикативтiк түрлерiне қолданылмайды.

 

3-бап. Әкiмшiлiк рәсiмдердi белгілеу принциптерi

Осы Заңда көзделген әкiмшiлiк рәсiмдер:

1) заңдылық;

2) төменгi мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдарға бағынуы;

3) заң мен сот алдында баршаның теңдiгi;

4) азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, азаматтар мен ұйымдардың өтiнiштерiн қарау кезiнде төрешiлдiк пен сөзбұйдалық көрiнiстерiне жол бермеу;

5) әкiмшiлiк рәсiмдерiнде көзделген iс-әрекеттер мен актiлердiң барлық азаматтар, ұйымдар мен лауазымды адамдар үшiн мiндеттiлiгi;

6) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өзара жауапкершiлiгi мен мүдделерiнiң теңбе-тең болуы;

7) мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңдарды қатаң сақтай отырып, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;

8) мемлекеттік билiктiң беделiн қолдау мен Қазақстан Республикасының беделiн түсiретiн және мемлекеттік қызмет мүдделерiне қайшы келетiн iс-әрекеттерге жол бермеу, соның iшiнде сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұру, мемлекеттік қызметшiлер үшiн заңдарда белгіленген тыйымдар мен шектеулердi қатаң сақтау;

9) барлық деңгейдегi мемлекеттік органдар үшiн әкiмшiлiк рәсiмдер талаптарының бiрыңғай болуы;

10) барлық мемлекеттік органдар мен мемлекеттiң лауазымды адамдары құзыреттерiнiң ара-жiгін айқын межелеу және олардың келісе отырып жұмыс iстеуi;

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен  11) тармақша  өзгертілді  (бұр. ред. қара)

11) үнемдiлiк пен тиiмдiлiк;

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен   3-бап 12) тармақшамен толықтырылды

12) мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігі мен сапасы принциптеріне негізделеді.

 

2-тарау. Мемлекеттік органдар мен лауазымды

адамдардың мемлекеттік функциялар мен

лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыруы

кезінде шешімдер қабылдау тәртібі және

оларды ресімдеу

4-бап. Мемлекеттік органдардың өз функцияларын жүзеге асыруы кезiнде шешiмдер қабылдауы

1. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар мемлекеттік функциялар мен лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыруы кезiнде құқықтық актiлер шығару арқылы шешiмдер қабылдайды.

2. Мемлекеттік органдардың құқықтық актiсi жеке қолданылатын актiлерге жатады, белгiленген нысандағы жазбаша ресми құжат болып табылады және:

1) бiр рет не өзгеше шектеулi түрде қолдануға есептеледі;

2) (немесе) заңдарда регламенттелген жағдай шеңберiнде белгiлi бiр тұлғаға не өзге де белгiлi бiр тұлғалар тобына қолданылады;

3) (немесе) белгiлi бiр тұлғаның немесе тұлғалардың өзге шектеулi тобының құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейдi, өзгертедi, тоқтатады немесе тоқтата тұрады.

3. Жеке қолданылатын құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының заңдарына кiрмейдi және нормативтiк құқықтық актiлерге жатпайды.

4. Жеке қолданылатын құқықтық актiлердi қабылдау рәсiмдерi, олардың ресiмделуiн, орындалуын және орындалуына бақылау жасауды ұйымдастыру осы Заңмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.

5-бап. Құқықтық актілерге және олардың ресiмделуiне қойылатын талаптар

1. Мемлекеттік органдардың құқықтық актiсi мынадай талаптарға сай келуге тиiс:

1) құқықтық акт Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуге тиiс;

2) құқықтық актiнiң құрылымы реттеу нысанасының толық ашылуын қамтамасыз етуге, ал мазмұны дайындалып жатқан құқықтық актiнiң бiркелкi түсiнiлуi мен қолданылуын қамтамасыз етуге тиiс;

3) құқықтық актiде белгiленiп отырған шаралардың мазмұны анық баяндалуға, құқықтық актiнiң күшi қолданылатын және (немесе) оларды белгiленген мерзiмде iске асыру үшiн жауапты адамдар тобы айқын белгiленуге тиiс;

4) басқарудың төменгi деңгейлерiнде iске асыруды қажет ететiн құқықтық актiлерде белгiлi бiр мемлекеттік органдарға және (немесе) лауазымды адамдарға оларды орындау жөнiнде берiлетiн нақты тапсырмалар болуға тиiс.

2. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарына және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн құқықтық актілері қабылданған кезiнен бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиiс.

3. Әртүрлi деңгейдегi мемлекеттік органдар қабылдаған құқықтық актiлер бiр-бiрiне қайшы келген жағдайда, жоғары тұрған мемлекеттік органның құқықтық актiсi қолданылады.

4. Бiр деңгейдегi мемлекеттік органдар қабылдаған құқықтық актiлер бiр-бiрiне қайшы келген жағдайда осы шешiмдi қабылдау құзыретiне кiретiн органның құқықтық актiсi қолданылады. Мүдделi тұлғаның арызы бойынша бiр құқықтық актiнiң басқа құқықтық актiден басымдығы туралы шешiмдi жоғары тұрған мемлекеттік орган немесе сот қабылдайды.

5. Мемлекеттік органдардың құқықтық актiсiнде, осы баптың 1-тармағында көзделген талаптардан басқа, мынадай деректемелер болуға тиiс:

1) құқықтық актінiң атауы;

2) сол актіде қаралатын нысананы белгiлейтiн тақырып;

3) актiнің қабылданған орны мен күнi;

4) тиiстi актiге қол қоюға уәкiлетті адамның (адамдардың) қойған қолы (қолдары);

5) органның мөрi.

6-бап. Құқықтық актiнiң орындалуын ұйымдастыру мен бақылау

1. Құқықтық актiнiң орындалуын ұйымдастыру уәкiлеттi мемлекеттік органдардың (лауазымды адамдардың) қабылданған шешiмдi уақтылы және толық орындау жөніндегі ұйымдастыру шараларын әзiрлеуi мен қабылдауы болып табылады.

2. Қажет болған жағдайда құқықтық актiнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн уәкiлеттi мемлекеттік орган (лауазымды адам) оны орындау жөніндегі ұйымдастыру шараларының жоспарын әзiрлеп, бекiтедi, ол тiкелей орындаушыларға жеткiзiледi.

3. Егер құқықтық актiде оны орындаудың нақты мерзiмдерi мен тiкелей орындаушылары айқындалмаса, оларды орындаушы мемлекеттік орган немесе жоғары тұрған орган белгiлейдi және дереу тiкелей орындаушылардың назарына жеткiзiледi.

4. Қабылданған шешiмдердi уақтылы және толық орындау мақсатында мемлекеттік орган немесе лауазымды адам олардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға тиiс.

5. Бақылау былайша бөлiнедi:

1) құқықтық актiлердiң (орындалуы құқықтық актiлерде көзделген шаралардың) орындалуын бақылау. Бұл жағдайда орындалуға тиiс шараларды қамтитын барлық құқықтық актiлер бақылауға алынады;

2) мемлекеттік органдардың басшы лауазымды адамдарының қызметтiк сипаттағы өзге де құжаттардан туындайтын тапсырмаларының орындалуын бақылау;

3) iшкi (тиiстi мемлекеттік органның шегiнде) және сыртқы (өзге мемлекеттік органдардың қызметiн) бақылау. Бұл орайда сыртқы бақылауды жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар не осындай бақылауға арнайы уәкiлеттік берiлген мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

6. Бақылау:

1) қажетті ақпаратты талап ету;

2) орындау туралы есептер мен баяндамаларды тыңдау және талқылау;

3) ревизиялар және құжаттық тексерудiң өзге де нысандары;

4) жергiлiктi жерге барып тексеру жолымен;

5) заңдарға қайшы келмейтiн басқа да тәсiлдермен жүргізiледi.

7. Бақылау:

1) мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметiнiң олардың алдына қойылған мiндеттерге сәйкестiгi;

2) орындаудың уақтылы және толымды болуы;

3) орындау кезiнде заңдар талаптарының сақталу өлшемдерi бойынша жүргiзiледi.

8. Бiр мәселе бойынша әртүрлi орындардың қатар тексерулер жүргiзуiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген қайталап тексерулер жүргiзуге жол берiлмейдi.

7-бап. Құқықтық актiнiң орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі

1. Күшiне енген құқықтық актiнiң орындалуын бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттік орган және (немесе) лауазымды адам қажет болған жағдайда бақылау жөнiнде шаралар әзiрлейдi.

2. Бұл орайда мемлекеттік орган және (немесе) лауазымды адам оның орындалуы туралы келiп түскен ақпаратқа:

1) құқықтық актiнiң орындалу дәрежесi мен сапасын;

2) құқықтық актiнiң орындалуында ауытқулардың бар-жағын, олардың себептерiн анықтау және ауытқуларды жоюдың ықтимал шараларын белгiлеу;

3) бақылаудан алу не орындалу мерзiмiн ұзарту мүмкiндiктерiн;

4) құқықтық актiнiң орындалмағаны үшiн нақты лауазымды адамдардың жауапкершiлiгiн анықтау үшiн талдау жасайды.

Ақпаратты талдау қорытындылары бойынша әзiрленген ұсыныстар құқықтық актiнiң орындалуын бақылауды жүзеге асыруға уәкiлетті мемлекеттік органның басшылығына тиiстi шешiм қабылдау үшiн баяндалады. Қабылданған шешiм туралы орындаушылар хабардар етiледi.

3. Құқықтық актіде көзделген шараларды бақылаудан алу мен оның орындалу мерзiмiн ұзартуды уәкiлеттi мемлекеттік орган және (немесе) лауазымды адам жүзеге асырады.

4. Жоғары тұрған мемлекеттік органның не орындаушы органның бақылау қызметi құқықтық актiде белгiленген орындау мерзiмi өткенге дейiн орындаушыға алдын ала тиiстi жазбаша ескерту жiбередi.

8-бап. Мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінiң күшiне енуi және қолданылуының тоқтатылуы

1. Егер мемлекеттік органның құқықтық актiсiнде неғұрлым кеш мерзiм белгiленбесе, ол қабылданған кезiнен бастап күшiне енедi.

2. Мемлекеттік органның құқықтық актiсi осы құқықтық акт арналған адамдар оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.

3. Құқықтық актiнiң қолданылуы тоқтатылғанға дейiн бұл құқықтық актiнi қабылдаған мемлекеттік орган, одан жоғары тұрған мемлекеттік орган не сот оның қолданылуын тоқтата тұруы, өзгертуi немесе күшiн жоюы мүмкiн.

4. Мүдделi тұлғалардың жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа құқықтық актiнiң күшiн жою, өзгерту немесе қолданылуын тоқтата тұру туралы арыз беруi тиiстi шешiм қабылданғанға дейiн құқықтық актiнiң қолданылуын тоқтата тұрады.

3-тарау. Мемлекеттік органдардың жұмысын

ұйымдастыру рәсімдері

9-бап. Мемлекеттік органдардың жұмысын жоспарлау

1. Мемлекеттік органдар өз қызметін тоқсанға, жылға және келешектегi ұзақ мерзiмге арнап жасалатын жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік органның жұмыс жоспарлары:

1) органның құрылымдық бөлiмшелерiнiң ұсыныстары негізiнде алдын ала жасалып, оларды органның басшысы бекiтедi;

2) нормативтiк құқықтық актiлердi орындау үшiн және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың жұмыс жоспарлары ескерiле отырып жасалуы мүмкiн.

3. Мемлекеттік органның жұмыс жоспары негiзiнде осы органның құрылымдық бөлiмшелерi өздерiнiң жұмыс жоспарларын жасайды.

4. Жоғары тұрған мемлекеттік органның жұмыс жоспарына сәйкес қаралатын мәселелердiң тiзбесi жоғары тұрған органның жұмыс жоспарына енгiзiлген осы мәселелер қарауына жататын төменгi тұрған мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жiберiледi.

 

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен   9-1-баппен толықтырылды  

9-1-бап. Регламенттер мен стандарттар

1. Мемлекеттік орган өз қызметін ұйымдастыру мен оның ішкі тәртібі мәселелері бойынша регламент қабылдайды.

2. Мемлекеттік орган ішкі қызметін ұйымдастыру мен оның тәртібі және мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл қызметі мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарты мен регламентін қабылдайды.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарты мен регламенті мемлекеттік органның құзыретіне кіретін әрбір мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қабылданады.

3. Мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарты мен регламенті, мемлекеттік органның регламенті Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік стандарттар мен регламенттер негізінде әзірленеді.

 

10-бап. Жеке-дара өкiмшiлiк қызмет

1. Жеке-дара өкiмшiлiк қызмет - лауазымды адамдардың мемлекеттік органдарда жүзеге асыратын уәкiлеттi лауазымды адамдардың құқықтық актiлерге жеке-дара қол қоюын, бағынысты қызметкерлерге нұсқаулар мен тапсырмалар беруiн, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру жөнiнде өзге де ұйымдық-өкiмшiлiк шараларын жеке-дара қабылдауын қамтитын қызметi.

2. Мемлекеттік органның басшысы (алқалы мемлекеттік органдарды қоспағанда) сенiп тапсырылған органға басшылықты жеке-дара өкiмшiлiк қызмет жолымен жүзеге асырады және қабылданатын шешiмдердiң заңдылығы үшiн жеке жауапты болады.

3. Жеке-дара өкiмшiлiк қызметтi жүзеге асыру кезiнде төменгi лауазымды адамдар өздерiнiң әрекеттерiн жоғары тұрған лауазымды адамның шешiмдерiмен қатаң сәйкестiкте жүзеге асырады. Егер мемлекеттік функциялар тек қана жеке-дара өкiмшiлiк қызмет жолымен жүзеге асырылса, бұл жағдайда төменгi лауазымды адамдардың мiндетi уәкiлеттi адамның осы қызметiн қамтамасыз ету болып табылады.

11-бап. Алқалы мемлекеттік органдардың қызметi

1. Шешiмдерi мемлекеттік органдар мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданатын органдар алқалы мемлекеттік органдар болып табылады. Алқалы орган қабылдайтын шешiмдердiң заңдылығы үшiн жауапкершiлiк, шешiмдi қабылдаған кезде қарсы дауыс бергендердi қоспағанда, алқалы органның дауыс беруге қатысқан барлық мүшелерiне жүктеледi.

2. Алқалы органдар қызметiнiң негiзгi нысаны олардың отырыстары болып табылады, оларда осы органдардың шешiмдерi қабылданады.

3. Алқалы мемлекеттік органдардың отырыстарын дайындау және өткізу кезiнде уәкiлеттi органдар (олардың құрылымдық бөлiмшелерi) мен лауазымды адамдар мынадай мәселелердi шешедi:

1) отырыстарды жоспарлау - осы отырыстарды өткізу жоспары әзiрленедi және бекітіледi. Осы жоспар тиiсiнше тоқсандық және жылдық мерзiмге әзiрленедi, ал тиiстi келiсуден кейiн оны алқалы органның басшысы не алқалы органның қызметін қамтамасыз ететiн органның басшысы бекiтедi. Бекiтiлген жоспар мүдделi органдар мен лауазымды адамдардың назарына жеткiзiледi;

2) алқалы мемлекеттік органның отырысына шығарылатын мәселелердi дайындауды, отырысты өткізу жөніндегi өзге де ұйымдық шараларды оның тиiстi құрылымдық бөлiмшелерi не алқалы органның қызметiн қамтамасыз ететiн орган жүзеге асырады.

4. Отырыстарды жүргiзу тәртібі алқалы мемлекеттік органдардың регламенттерiмен айқындалады.

5. Алқалы органның отырысы хаттамаға түсiрiледi.

6. Отырыста қабылданған шешiмдер алқалы мемлекеттік органның регламентiне сәйкес қаулылармен ресiмделiп, орындаушылардың назарына жеткiзiледi. Қажет болған жағдайда қабылданған шешiмдердi iске асыру жөнiнде шаралар жоспары жасалып, бекітіледi, олардың орындалуы бақылауға алынады.

12-бап. Мемлекеттік органдарда қызметтiк құжаттардың қаралуы мен өтуi

1. Мемлекеттік органға немесе тiкелей осы органның басшылығына жолданған қызметтік құжаттар келiп түсiп, iс қағаздарын жүргiзу қызметi оларды тiркегеннен кейiн басшылыққа берiледi, басшылық оларды қарап, олар бойынша тапсырмалар (қарарлар) дайындайды.

2. Мемлекеттік органның лауазымды адамы мәселенi өз қарауына алған кезде қойылған мәселенiң шешiмi осы органның немесе осы лауазымды адамның құзыретiне жататынына көз жеткізуге тиiс.

3. Егер мәселе белгiленген құзырет шегiнен шығатын болса, уәкiлеттi лауазымды адам өтiнiштi құзыреттi мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға жiберу туралы шешiм қабылдап, 3 күннен аспайтын мерзiм iшiнде өтiнiш иесiне мiндетті түрде хабарлайды.

4. Құжаттарға мемлекеттік органның атынан оның басшысы, оны ауыстыратын адам (осы органда белгiленген қызметтiк мiндеттердi бөлуге сәйкес) не осы органның өзге уәкiлеттi лауазымды адамы қол қояды.

5. Мемлекеттік органға қайтаруды қажет ететiн құжаттарды жiберу кезiнде ол құжатқа осы мемлекеттік органға қайтару қажеттігi туралы белгi қойылады.

6. Мемлекеттік органдарда құжаттардың қаралу мерзiмi, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, бiр айдан аспауға тиiс.

13-бап. Ақпарат алмасуға қойылатын талаптар

1. Ақпарат алмасу - мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының өз қызмет өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезiнде заңдарда белгiленген тәртiппен ақпаратты жөнелтуi және алуы.

2. Ақпарат алмасуды регламенттейтiн рәсiмдер:

1) Қазақстанның бiрыңғай ақпарат кеңiстiгiнiң iркiлiссiз жұмыс iстеуiне, оның әлемдiк байланыс пен информатика жүйесiне енуiне;

2) ақпаратты, оның iшiнде мемлекеттік ақпарат ресурстарын қорғаудың ұлттық жүйесiн нығайтуға көмектесуi тиiс.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдарының шешiмдер қабылдауы объективтi және алдын алушы ақпаратқа негiзделуге тиiс.

3. Мемлекеттік органдар мен олардың бөлiмшелерi арасындағы ақпарат алмасу өзара ақпараттық ағынның ең аз қажеттi көлемiне, берiлетiн басқарушылық ақпараттың қайталануына жол бермеуге негiзделедi.

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен  4 тармақ  толықтырылды  (бұр. ред. қара )

4. Ақпараттық рәсiмдер мемлекеттiң мүдделерiмен байланысты қызметтік және өзге де ақпараттың жария етiлуiне жол бермеуi тиiс.

Қызметтік ақпаратпен жұмыс істеу ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Мемлекеттік қызметшiлерге қызметтiк ақпарат оларға жүктелген қызмет мiндеттерiн орындау үшiн ғана берiледi. Бұл ақпаратты қызметтен тыс мақсаттарға пайдалануға болмайды.

 

14-бап. Қызметтiк құжаттардың орындалуын бақылау

1. Мемлекеттік орган басшысының немесе өзге де жоғары тұрған лауазымды адамның осы лауазымды адам шығарған актiлерге байланысты емес тапсырмаларының орындалуын бақылау осы мемлекеттік органның тиiстi бөлiмшелерiне жүктеледi.

2. Қызметтiк құжаттар жөніндегі тапсырмалардың орындалу мерзiмдерiн бақылауды мемлекеттік органның iс қағаздарын жүргiзу қызметi жүзеге асырады.

3. Бiрнеше орындаушыға берiлген тапсырмалардың орындалуын тапсырмада бiрiншi болып көрсетiлген лауазымды адам үйлестiредi.

4. Iс қағаздарын жүргiзу қызметi бақылаудағы тапсырманың орындалу мерзiмiнiң аяқталуына дейiн тиiстi бөлiмшеге бұл туралы алдын ала ескертпе жiбередi.

5. Тапсырманы орындау үшiн қосымша уақыт қажет болған жағдайда орындаушы тапсырманы берген лауазымды адамға орындау мерзiмiн ұзарту туралы жазбаша өтiнiш бередi. Тапсырманы орындаудың қосымша мерзiмiн тапсырманы берген басшы белгiлейдi.

6. Тапсырманы берген лауазымды адам не өзге уәкiлеттi лауазымды адам орындалған құжаттарды бақылаудан алады.

4-тарау. Азаматтардың құқықтары мен заңды

мүдделерін қорғау рәсімдері

15-бап. Азаматтардың құқықтарын iске асыру рәсiмдерiне қойылатын талаптар

1. Азаматтардың құқықтарын iске асыру рәсiмдерiнде:

1) азаматтар мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға заңдық маңызы бар фактiлердi растайтын құжаттардың ең аз санын беруге мiндеттi болатын құқықтарды iске асыру тәртібі;

2) азаматтардың құқықтарын iске асырудың және олардың заңды мүдделерiн қамтамасыз етудiң ең қысқа мерзiмi;

3) азаматтардың құқықтарын iске асыру жөнiндегі шешiмнiң жобасы келісілетiн орындардың ең аз саны;

4) тиiстi адамның немесе органның iстi қарайтын орны мен уақыты туралы азаматтарға алдын-ала хабарлануы;

5) азаматтың өтiнiшiн қарауға байланысты iстiң материалдарымен оның танысу мүмкiндiгi, азаматтың өз өтiнiшi бойынша талқылауға жеке қатысу мүмкiндiгi;

6) азаматтың өтiнiшiне байланысты iс материалдарының басқа лауазымды адамға негiзсiз берiлуiне жол бермей, азаматтың өтiнiшi жөніндегі iстi бiр ғана лауазымды адамның жүргiзуi;

7) азаматтың өтiнiшiн қарауды мәселенiң объективтi шешiлуiне мүдделi емес деп ойлауға негiз бар адамға жүктеу жағдайларына жол берiлмеуi көзделуге тиiс.

2. Азаматтардың құқықтарын iске асыру рәсiмдерiнде:

1) шағымды берген немесе шағымда мүддесi көзделген адамға зияны тиетiндей етiп шағымның өңiн айналдыруға;

2) өтiнiште iс-әрекеттерiне шағым айтылған лауазымды адамдарға өтiнiштi жiберуге;

3) азаматтардың жеке өмiрi, жеке және отбасылық құпиялары туралы мәлiметтердi олардың келісімiнсiз жария ету мүмкiндiгiне;

4) азаматтың өтiнiшке қатысы жоқ жеке басы туралы деректердi анықтауға жол берiлмеуге тиiс.

 

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен  15-1- баппен   толықтырылды  

15-1-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді жүзеге асыру

1. Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру аясында қызметтер ұсынатын мемлекеттік органдар, өзге де мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілері болып табылады.

Мемлекеттік қызметтер көрсетуді мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

2. Мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қызмет мемлекеттік қызмет көрсету стандарты мен регламентінің талаптарына сәйкес келуге тиіс.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімін бекітеді.

4. Мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілері оны көрсету үшін мемлекеттік органдардан, өзге де мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардан қосымша ақпарат алу қажет болатын қызметті ұсыну кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбеген болса, жеке және заңды тұлғалардан оны талап етпестен қажетті ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге тиіс.

 

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен  15-2- баппен   толықтырылды  

15-2-бап. Мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық қызметтер ұсынуы

1. Мемлекеттік органдар жеке және заңды тұлғаларға ақпараттық қызметтер ұсыну үшін веб-сайттар құрады.

2. Мемлекеттік органдардың веб-сайттары:

1) мемлекеттік органның қызметі туралы жалпы ақпаратты;

2) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері мен оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының тізбесін, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтерді;

3) аумақтық органдардың (олар болған кезде) тізбесін, олардың міндеттері мен функцияларын, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтерді;

4) мемлекеттік органның қарамағындағы тізілімдердің, тіркелімдердің, кадастрлардың тізбелерін;

5) жалпыға қол жетімді электрондық ақпараттық ресурстар мен жеке және заңды тұлғаларға ұсынылатын электрондық қызметтердің тізбелерін;

6) мемлекеттік орган қабылдаған және қолданысқа енгізілген нормативтік құқықтық актілерді;

7) мемлекеттік орган заңдарға және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес қарауға қабылдайтын өтініш құжаттарының үлгілерін;

8) ашық конкурстық сауда-саттықтар (тендерлер, аукциондар), сараптамалар мен басқа да іс-шаралар туралы мәліметтерді және оларды өткізу шарттарын, сондай-ақ оларға жеке және заңды тұлғалардың қатысу шарттарын;

9) мемлекеттік органда жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың тәртібі туралы ақпаратты, азаматтарды қабылдау кестесін, өтініштерге шолуларды, оларды қараудың нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы ақпаратты;

10) мемлекеттік органның жарияланған бос лауазымдары туралы мәліметтерді, мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасу үшін кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын;

11) мемлекеттік органдар басшыларының және олардың орынбасарларының ресми сөйлеген сөздері мен мәлімдемелерінің мәтіндерін;

12) “Сұрақ-жауап” сервисінің болуын;

13) азаматтарға интерактивті сұрақтар қоюды;

14) жаңалықтар тізбегін;

15) мемлекеттік органның құзыретіне қатысты бөлікте саланың даму жай-күйін және серпінін сипаттайтын статистикалық деректер мен көрсеткіштерді;

16) мемлекеттік органның қызметі туралы талдамалық баяндамаларды және ақпараттық сипаттағы шолуларды;

17) мемлекеттік органның, оның құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық органдарының және ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының почталық мекен-жайларын, электрондық почтасы мекен-жайларын, анықтама қызметтерінің телефондарын;

18) өзге де бөлімдерді қамтуға тиіс.

3. Мемлекеттік органның веб-сайтындағы жаңалықтар тізбегін өзектілік орайында жаңарту күн сайын жүзеге асырылуға тиіс, өзге де бөлімдерді өзектілік орайында жаңарту қажеттілігіне қарай, бірақ аптасына кемінде бір рет жүзеге асырылады.

4. Веб-сайттағы ақпарат осы Заңның 13-бабы 4-тармағының талаптары ескеріле отырып орналастырылады.

5. Мемлекеттік органдардың интерактивті және транзакциялық қызметтерді ұсынуы Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес “электрондық үкімет” веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

 

16-бап. Азаматтардың өтiнiштерi

1. Азаматтардың өтінiштер беру, оларды тiркеу тәртібі, олардың мемлекеттік органдарда қаралу мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленедi.

2. Iстi қарау барысында:

1) мемлекеттік орган мен лауазымды адам өтiнiшке байланысты нақты мән-жайларды анықтайды және зерттейдi, өтiнiш бойынша шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алынуы керек құқық нормаларын айқындайды және қажет болған жағдайда шешiм қабылдау үшiн қажеттi құжаттар мен материалдарды белгiленген тәртiппен сұратады және алады;

2) азамат өзiнiң өтiнiшiн қарайтын лауазымды адамға дәлелдерiн жеке баяндауға, сондай-ақ өз өтiнiшiнiң негiздiлiгiн растайтын қосымша материалдарды табыс етуге құқылы.

3. Азаматтардың мемлекеттік орган бөлiмшелерiне жiберiлген өтiнiштерiн қарау барысын бақылауды осы бөлiмшелердiң басшылары жүзеге асырады.

4. Уәкiлеттi мемлекеттік орган немесе лауазымды адам өтiнiштердi қарау нәтижелерi туралы арыз берушiлерге жазбаша түрде дәлелдi жауап қайтарады.

5. Азаматтардың өтiнiштерi оларда қойылған мәселелер қаралып, олар бойынша қажеттi шаралар қолданылған және арыз берушiлерге заңдарда белгiленген тәртiппен жауап қайтарылған жағдайда шешiлген болып есептеледi.

6. Егер мәселелердiң шешiлуi ұзақ мерзiмге қалдырылса, өтiнiш ол түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады.

7. Егер жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар болса, арыз берушi мемлекеттік орган (мемлекеттік органның лауазымды адамы) заңдарда белгiленген тәртiппен қарап қойған мәселе бойынша қайта арыз беруге құқылы. Егер өтiнiштер бойынша тексеру материалдары толық болса және арыз берушiлерге белгiленген тәртiппен жауап қайтарылса, жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар көрсетiлмей, қайта берiлген арыздар тексеруге жатпайды.

8. Мемлекеттік органның басшысы немесе оның орынбасары азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс жүргiзудi тоқтату және осы iстердi бақылаудан алу туралы шешiм қабылдауға құқылы.

9. Келiп түскен өтiнiштi бақылаудан алуға тексеру материалдары қоса берiлген өтiнiштi қарау нәтижелерi туралы белгiленген нысандағы құжат (қызметтік жазбахат, анықтама) немесе мемлекеттік органның толық жауабы негiз болып табылады.

17-бап. Азаматтың өтiнiшiн қарау нәтижелерi туралы шешiмге шағымдану

1. Өтiнiш бойынша қабылданған шешiмге арыз берушi жоғары тұрған мемлекеттік органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе сотқа шағымдана алады.

2. Лауазымды адамдардың әрекетiне (немесе әрекетсiздiгiне), сондай-ақ мемлекеттік органдардың шешiмдерiне шағым жоғары тұрған лауазымды адамға немесе органға не сотқа iс-әрекеттiң жасалғаны немесе тиiстi лауазымды адам немесе орган шешiм қабылдағаны туралы азаматқа белгiлi болғаннан кейiн үш айдан кешiктiрмей берiледi. Шағымдану үшiн өтiп кеткен мерзiм мемлекеттік орган немесе лауазымды адам не сот үшiн шағымды қабылдамауға негiз болмайды. Мерзiмнiң өтiп кету себептерi шағымды мәнi бойынша қарау кезiнде анықталады және ол шағымды қанағаттандырудан бас тарту негiздерiнiң бiрi болып табылуы мүмкiн.

18-бап. Шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың өтiнiштерi

Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өтiнiштердi қараудың өзгеше ережелерi көзделмесе, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың өтiнiштерi заңдарда белгiленген тәртiппен қаралады.

19-бап. Жеке қабылдау

1. Мемлекеттік органдардың бiрiншi басшылары мен олардың орынбасарлары тиiстi мемлекеттік органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды, соның iшiнде сол органдардың қызметкерлерiн айына кемiнде бiр рет жеке қабылдауға мiндеттi.

2. Азаматтарды қабылдау белгiленген және азаматтардың назарына жеткiзiлген күндер мен сағаттарда жүргiзiледi.

3. Егер арызды немесе шағымды лауазымды адам қабылдау кезiнде шеше алмайтын болса, олар жазбаша нысанда баяндалады және олармен жазбаша өтiнiштер ретiнде жұмыс жүргiзiледi.

20-бап. Азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс қағаздарын жүргізу

1. Азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс қағаздарын жүргiзу заңдарда белгіленген тәртiппен iс қағаздарын жүргізудiң басқа түрлерiнен бөлек жүргiзiледi.

2. Азаматтардың өтiнiштерiмен жұмысты ұйымдастыруға, iс қағаздарын жүргiзудiң жай-күйiне органдардың басшылары жеке жауапты болады.

5-тарау. Экономика саласында шешімдер

қабылдаудың негізгі рәсімдері

21-бап. Экономика саласында шешiмдер қабылдау рәсiмдерiне қойылатын негiзгi талаптар

1. Экономика саласында шешiмдер қабылдау рәсiмдерi:

1) жария және ашық (заңдармен белгiленген шектерде) болуға;

2) мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруге қатысатын, мемлекеттiң жұмыстарын атқаруға және қызметтер көрсетуге, тауарлар сатуға, кредиттер алуға үмiткер азаматтар мен ұйымдарға қатысты тендерлiк бастауларға негiзделуге;

3) меншiк нысанына және өзге де мән-жайларға қарамастан, шаруашылық қызмет субъектiлерiнiң заң тұрғысынан теңдiгi принципiне негiзделуге тиiс.

2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар:

1) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаттарын бөлуге (оның iшiнде мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру мен мемлекеттік сатып алу кезiнде), кредиттiк ресурстарды бөлуге;

2) рұқсаттар, лицензиялар мен патенттер беруге (салық патенттерiн қоспағанда);

3) шаруашылық қызмет субъектiлерiне заңдарда белгiленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар беруге;

4) мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруге;

5) мемлекеттік активтердi басқаруға байланысты шешiмдер қабылдау рәсiмдерiне қолданылады.

22-бап. Экономикалық шешiмдер қабылдау саласындағы шектеулер мен тыйымдар

Экономика саласында шешiмдер қабылдау рәсiмдерiнде:

1) мемлекеттік бюджет қаражаттарының мақсатсыз пайдаланылуына;

2) тауарлар мен қызметтер рыногындағы бәсекенi шектеуге немесе жоюға;

3) табиғи монополияларды және заң актілерінде көзделген жағдайларда қызметтiң жекелеген түрлерiне мемлекет монополиясын қоспағанда, жекелеген шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң рыноктағы монополиялық жағдайына;

4) заң актілерінде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бiртұтас рыноктық кеңiстiгi шегiнде капиталдың, еңбек ресурстары мен тауарлардың еркiн қозғалуына кедергiлер белгiлеуге;

5) ел экономикасындағы қазақстандық тауар өндiрушiлердiң үлесiн негiзсiз төмендетуге жол бермейтiн тыйымдар мен шектеулер көзделуге тиiс.

 

6-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

 

2007.18.06  № 262-III ҚР Заңымен  23- бап жаңа редакцияда  (бұр. ред. қара )  

23-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық

Осы Заңды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

 

24-бап. Осы Заңның өзге нормативтiк құқықтық актiлермен арақатынасы

1. Осы Заңның ережелерi әкiмшiлiк рәсiмдердiң жекелеген түрлерiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен қабылдау үшiн негiзгi ережелер болып табылады.

2. Осы Заңға сәйкес жекелеген мемлекеттік функцияларды орындау тәртібі туралы заңдарда осы мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру тәртібінiң ерекшелiктерiн айқындайтын әкiмшiлiк рәсiмдер белгiленуi мүмкiн.

25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу

Осы Заң оның ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгізiледi, осы мерзiм iшiнде мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өздерiнiң әкiмшiлiк рәсiмдердi регламенттейтiн заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актілерін осы Заңға сәйкес келтiруге тиiс.

Қазақстан Республикасының

Президенті

Н. Назарбаев