Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру тұжырымдамасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 483 Қаулысы
(2007.29.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 302 Қаулысымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желілік кестесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 222 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру тұжырымдамасы мақұлдансын (бұдан әрі - Тұжырымдама).
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы министрліктері, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, «Қазына орнықты даму қоры» акционерлік қоғамы Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
| Д. Ахметов |
Үкіметінің
2006 жылғы 31 мамырдағы
№ 483 қаулысымен
мақұлданған
Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік
корпорациялар құру тұжырымдамасы
Астана қаласы - 2006 жыл
2. ӘКК-ге ұқсас бизнес-құрылымдарды құру мен оларды жұмыс істеуінің
халықаралық тәжірибесін талдау және Қазақстанда оларды құруға арналған алғышарттар
3. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың миссиясы, міндеттері мен функциялары
4. Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құру тұжырымдамасын
іске асырудың негізі бағыттары мен тетігi
§ 2. Өңірлік кластерлерді құру
§ 3. ӘКК-нің рентабельді емес активтердi оңалтудағы қызметi
§ 4. Жеке секторды ӘКК-ге қатысуға тарту үшін уәждеме
5. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтиже
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (бұдан әрі - ӘКК) құру тұжырымдамасының Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 222 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желілік кестесіне сәйкес дайындалды.
ӘКК-ні құру идеясы өңірлік дамуға назар аудара отырып, Қазақстанда қалыптасқан жағдайларға барынша бейімделген шикізат емес секторларды дамытудың жаңа құралдарын іздеу нәтижесінде пайда болды.
Халықаралық тәжірибеде кәсіпкерлік корпорациялар қызметінің әр түрлі нысандары мен бағыттары кездеседі, сондықтан ұйымдастырушылық нысандар, бағыттар мен әдістемелердің аясында ӘКК-нің бірыңғай анықтамасы жоқ.
Алайда, ӘКК-нің қызметін зерделеуші сарапшылар мынадай жалпылама анықтама береді.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар - бұл тауарлар мен қызметтерді өндіру және сату жолымен пайда алу мақсатында өз қызметін жүзеге асыратын экономикалық орнықты бизнес-құрылымдар. Бұл ретте алынған пайданың бір бөлігі мүддесі үшін ӘКК құрылған өңір халқының әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени мақсаттарын іске асыру үшін қайта инвестицияланады.
ӘКК құру кластерлік даму тетіктерін енгізу, өзін-өзі ұйымдастыру және ішкі ресурстарды жұмылдыру жолымен өңірлердің бәсекеге қабілеттігін арттыруға ықпал ететін болады.
Мемлекет қатысатын орнықты бизнес-құрылымдарды біріктіру бәсекеге қабілетті өндірістерді қалыптастырудың катализаторлары ретінде әрекет етуге қабілетті өңірдің экономикалық белсенділігін шоғырландыратын ірі өңірлік орталықтарды құруға мүмкіндік береді.
2. ӘКК-ге ұқсас бизнес-құрылымдарды құру мен оларды
жұмыс істеуінің халықаралық тәжірибесін талдау және
Қазақстанда оларды құруға арналған алғышарттар
Әлемдік тәжірибеде жеке және мемлекеттік секторлардың өзара іс-қимылының әр түрлі схемалары бар. АҚШ-та бұл - экономикалық дамудың өңірлік корпорациялары (EDS - Өңірлік экономикалық даму корпорациясы, CRDC - Сертификатталған өңірлік даму корпорациясы, LVEDC Экономикалық даму жөніндегі корпорация), Данияда - әлеуметтік кәсіпорындар (social enterprises).
АҚШ-та жұмыс істеп тұрған өңірлік экономикалық даму корпорациялары - бұл жеке сектордың ресурстарын жұмылдыру мақсатында мемлекеттің болмашы қатысу үлесімен бизнес-көшбасшылар тобының бастамасымен құрылған және өңір қоғамының мұқтаждарын қанағаттандыратын өңірлік корпорациялар. Корпорацияның миссиясы - өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу, халықтың әл-ауқатына жәрдемдесу.
Корпорацияның қызметін қаржыландыру көздері - бұл қатысушы компаниялар, мемлекеттік қордан болмашы үлес, демеушілік қолдау, тартылған инвестициялар, гранттар, оның ішінде мемлекеттік гранттар.
Шағын және орта бизнес кәсіпорындарын кооперациялаудың халықаралық тәжірибесі кооперативтерді құру өнімділікті елеулі түрде арттыратынын әрі оның мүшелері - шағын және орта бизнес кәсіпорындарының орнықты дамуын қамтамасыз ететіндігін көрсетеді.
Етті, сүттен жасалған өнімдерді, ірімшікті ең ірі әлемдік экспорттаушылардың бірі болып табылатын Данияның көрсеткіші үлгі бола алады. Данияда кооперативтер әлеуметтік кәсіпорындар (social enterprises) деп аталады.
Кооперативтер шағын және орта бизнестің өнімін сататын тұтастай "брэндтер" құрады. Табысты кооперативтер ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінде ғана емес, қызметтерді қоса алғанда, басқа да салаларда құрылады.
Бұрыннан қалыптасқан экономикалық және әлеуметтік жүйесі мен дамыған инфрақұрылымы бар әлемнің дамыған елдеріне қарағанда Қазақстанда аумақтық даму мәселелері тиімді үйлестіруді талап етеді.
Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар, оның ішінде өңірлерде және жергілікті мемлекеттік басқару органдарында компаниялардың басқару әлеуетінің жетіспеуі, жеке кәсіпкерлік субъектілерінде мемлекеттік даму институттарының инвестицияларына ауқымды қол жетімділіктің жоқтығы, сондай-ақ олардың тарапынан олар өз қызметін жүзеге асыратын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі бастамалардың жоқтығына байланысты реформалардың өңірлік деңгейге жеткіліксіз ену проблемалары бар.
Қазіргі жағдайларда кластерлік әдісті қолдана отырып, барлық желінің ресурстарын жұмылдыруға негізделген икемді мамандандырылған және инновацияларға қабілеттілігімен сипатталатын экономикалық ұйымның моделі Қазақстан үшін барынша перспективалылардың бірі болып табылады. Жекелеген немесе бірнеше өзара байланысқан өңірлерде жеке кәсіпкерлікті жандандыруға бағдарланған өңірлік ӘКК-ні қалыптастыру ресурстарды жұмылдыру тетіктерінің бірі болмақ.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, елдің экономикалық дамуы оның өңірлерін құрайтындардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Бұл ретте ӘКК өңірлік бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестицияларды тарту үшін ұйымдастырушылық және экономикалық жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірде инновациялық қызметтің инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылады.
Қазіргі уақытта жеке менеджментті және капиталды тарту мемлекеттік меншіктегі инфрақұрылымның көптеген объектілерінің созылмалы тиімсіздігін еңсеруге мүмкіндік беретін болғандықтан, мемлекеттік меншіктің бір бөлігін жеке сектордың басқаруына беру орынды болып табылады. Сондай-ақ бұл мемлекеттік бюджетке қысымды төмендетуге мүмкіндік береді. Бірнеше ірі өңірлік даму институттарын (ӘКК) құру осындай саясат бағыттарының бірі болып қаралады.
ҚР Үкіметінің 2007.29.12. № 1401 Қаулысымен 3-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың миссиясы,
міндеттері мен функциялары
ӘКК миссиясы - мемлекеттік және жеке секторларды шоғырландыру, кластерлік тәсілдің негізінде бірыңғай экономикалық нарық құру жолымен өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу.
Жеке сектордың белсенді қатысуынсыз республиканың әлеуметтік және экономикалық дамуы мүмкін емес. Бүгінде жеке құрылымдар өз қызметін жүзеге асыратын өңірді дамыту проблемасынан сырт қала алмайды. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілігі деп әлеуметтік жобаларға пайданы инвестициялауды ғана емес, сондай-ақ бәсекеге қабілетті бизнесті құру мен жүргізуді, рентабельді емес кәсіпорындар базасында жаңа өндірістер құруды, мемлекеттік меншік объектілерін тиімді пайдалануды түсінген жөн.
рентабельділігінің төмендігіне және (немесе) көлемдік инвестициялардың қажеттілігіне байланысты дамымай қалған қоғамдық маңызды салаларда кәсіпкерлікті дамыту;
кооперацияны макроөңір ішінде дамыту.
ӘКК-нің міндеттері:
экономикалық процестерге экономикалық субъектілердің ауқымды топтарын тарту, инвестицияларды тарту;
пайдалы ұзақ мерзімді негізде кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұраныс тудыру, өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға жылжыту;
тиісті кластерлерге біріктіру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен ірі қаржылық-тұрақты кәсіпорындардың арасындағы байланысты күшейту;
жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кластерге біріктіру және жаңа кәсіпорындар құру үшін тиісті кластерлерді және қажетті жағдайларды жасау;
өңірдің ішкі және сыртқы нарықтардағы экономикалық беделін жылжыту;
кластерлік өндірісті дамыту және жаңа технологияларды енгізу жолымен шағын және орта кәсіпкерліктің өнімділігін арттыру;
мемлекеттік кәсіпорындарды оңалту, қайта құрылымдау, олардың негізінде жаңа өндірістер мен технологияларды дамыту;
бизнес-жобалардың базасын қалыптастыру, қаржыландыру және оларды іске асыру үшін жағдай жасау;
өңірді әлеуметтік дамытуға бағытталған жобаларды әзірлеу және қаржыландыру.
ӘКК мынадай функцияларды атқарады:
мемлекеттік меншік активтерінің бір бөлігін, жерді ӘКК-нің меншігіне беру бойынша билік органдарымен өзара іс-қимыл жасау;
берілген мемлекеттік және жеке меншік активтерін басқару;
ақпараттық-тұсау кесер жұмыстарын жүргізу (көрме қызметі, бизнес-конференциялар, семинарлар, консалтинг);
өнімді халықаралық нарықтарға жылжыту;
кәсіпорындарда жаңа өндірістік және басқару технологияларын, оның ішінде халықаралық стандарттарды (ИСО, МСФО және т.б.) енгізу;
әлеуметтік жобаларды құру мен іске асыруға қатысу;
инвестициялар тарту мақсатында әлеуетті шетел инвесторларымен, даму институттарымен және басқа да қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау;
инвестициялау үшін әлеуетті бизнес-жобалардың дерекқорын қалыптастыру;
жеке отандық және шетелдік капиталдың қатысуымен бірлескен жобалар жасау және іске асыру;
жер қойнауын пайдалануға арналған құқықтарды іске асыру.
мемлекеттік кәсіпорындарды оңалту мен қайта құрылымдау немесе олардың негізінде жаңа өндірістер ұйымдастыру жөніндегі жобаларды әзірлеу және іске асыру.
ӘКК алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізу жаңа жұмыс орындарын құру, шағын кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік жобаларды іске асыру, ішкі нарықты бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз ету және өңірді тұтастай алғанда экономикалық дамыту арқылы өңірлердің әлеуметтік жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді.
ҚР Үкіметінің 2007.29.12. № 1401 Қаулысымен 4-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құру
тұжырымдамасын іске асырудың негізі бағыттары мен тетігi
ҚР Үкіметінің 2007.07.05. № 363 Қаулысымен 1-параграф өзгертілді (бұр.ред.қара)
§ 1. ӘКК-ні құрудың тетігi
Қойылған мақсаттарды орындау және міндеттерді іске асыру үшін заңи құзыреті географиялық және экономикалық белгілері бойынша біріктірілген бірнеше облыстардан тұратын аумақта қолданылатын өңірлік ӘКК желісі құрылатын болады.
Мынадай өңірлік экономикалық аймақтар - макроөңірлерде:
орталығы Қостанай қаласындағы Солтүстік өңірде;
орталығы Атырау қаласындағы Каспий өңірінде;
орталығы Ақтөбе қаласындағы Орал өңірінде;
орталығы Өскемен қаласындағы Ертіс өңірінде;
орталығы Қарағанды қаласындағы Сарыарқа өңірінде;
орталығы Шымкент қаласындағы Оңтүстік өңірде;
орталығы Алматы қаласындағы Жетісу өңірінде жеті ӘКК құрылатын болады.
Солтүстік макроөңірі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарынан және Астана қаласынан тұрады;
Каспий макроөңірі Атырау, Маңғыстау облыстарынан тұрады;
Орал макорөңірі Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан тұрады;
Ертіс макроөңірі Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан тұрады;
Сарыарқа макроөңірі Қарағанды облысынан тұрады;
Оңтүстік макроөңірі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан тұрады;
Жетісу макроөңірі Алматы облысынан және Алматы қаласынан тұрады.
Осы макроөңірлер өңірлердің географиялық жағдайын, олардың экономикалық мамандануын, кластерлік тәсілдерін, сондай-ақ кооперациялау деңгейін ескере отырып айқындалған.
Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының (әкімдіктер, мәслихаттар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдында облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуының әзірленген және қабылданған жоспарына сәйкес осы өңірде ӘКК құру туралы мәселеге бастамашылық жасауға құқығы бар.
Әрбір ӘКК игерілмеген жер учаскелерін қоса алғанда, елдің тиісті өңірінде берілген мемлекеттік активтерді басқаратын өңірлік даму институтын білдіреді және оларды іске асыруға инвестицияларды тартатын әрі өңірдің экономикалық даму беделін нарыққа жылжытуды жүзеге асыратын жобалардың бастамашысы рөлін орындайды. ӘКК меншікті, шетелдік және отандық жеке капиталдың қатысуымен бірлескен жобаларды құруға және іске асыруға бастамашылық жасайтын болады.
ӘКК-нің ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны акционерлік қоғам болып табылады.
ӘКК "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылатын болады, оған сәйкес ӘКК-ні капиталдандыруға Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қаражат бөлінетін болады.
ӘКК құрудың бірінші кезеңінде ӘКК-нің жарғылық капиталдары қалыптастырылатын болады. "Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация" акционерлік қоғамының құрылтайшылары мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасының Үкіметі (қаржылай қаражат, республикалық меншік объектілері);
облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері (қаржылай қаражат, коммуналдық меншік объектілері, жер);
"Қазына орнықты даму қоры" АҚ (қаржылай қаражат).
Екінші деңгейде ӘКК акцияларының қосымша эмиссияларын бағалы қағаздар нарығына орналастыру және ӘКК акцияларының мемлекеттік пакеттерін жеке шаруашылық жүргізуші субъектілерге сату жоспарлануда.
Кейіннен ӘКК-де ӘКК акционерлерінің бірі ретінде меншіктің әртүрлі нысаны бар шаруашылық жүргізуші субъектілердің қатысуы жоспарлануда. Алайда, жарғылық капиталды капиталдандыру және қаржы ресурстарын салу қажет бастапқы кезеңде Қазақстан Республикасының Yкіметі, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, "Қазына" орнықты даму қоры" АҚ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ӘКК-нің акционерлері болып табылады.
Одан әрі ӘКК қалыптасып, оның орнықты даму жай-күйіне қол жеткізгеннен кейін олар қор нарығына шығуы мүмкін.
ӘКК-нің меншігіне кейбір мемлекеттік республикалық және коммуналдық меншік объектілері, жер, жаңа өндірістерді құру үшін пайдалануға болатын рентабельді емес мемлекеттік кәсіпорындар берілетін болады. Бұл ретте өз қызметінде ӘКК пайдалануы мүмкін активтер ғана берілуінің тиістігі маңызды аспекті болып табылады.
Мемлекеттік меншік объектілерін және жерді ӘКК-нің меншігіне беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болды.
Мемлекеттік меншіктің активтерін ӘКК-нің меншігіне берудің мақсаты - бұл оларды ӘКК-нің коммерциялық қызметінде тиімді пайдалану. ӘКК-нің қызметі өндірістік байланыстарға қатысты және инвестицияларды тарту мен жаңа жобаларды іске асыруға бағыттауға тиіс.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ӘКК-ге жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін болады.
Осылайша, ӘКК өңірде жобаларды іске асыру үшін қаржылық, техникалық және басқарушылық ресурстарды шоғырландыратын болады. Бұдан басқа, ӘКК қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі сыртқы экономикалық байланыстарды жүзеге асыру болады.
Қазақстан Республикасының Yкіметі мен ӘКК арасындағы өзара қатынастар Қазақстан Республикасы Yкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган - Мамандандырылған кеңес арқылы жүзеге асырылатын болады, оны құру туралы шешімді және оның Қызметі туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау, Индустрия және сауда, Қаржы министрліктерінің және басқа да орталық атқарушы органдардың бірінші басшыларынан, мемлекеттік холдингтердің мамандандырылған кеңестерінің мүшелерінен тұратын мамандандырылған кеңес ӘКК-ні дамытудың орта мерзімді кезеңге арналған жоспарын іске асырудың негіз қалаушы міндеттері мен тетіктері жөнінде ұсынымдар әзірлеумен және ӘКК-ні басқару органдарының (жалпы жиналыс, Директорлар кеңесі) құрамын айқындаумен айналысатын болады.
ӘКК-ні басқару органдары Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына сәйкес функцияларды, оның ішінде ӘКК қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарын және оның орындалуы туралы есепті бекітуді жүзеге асырады.
ӘКК-нің алдына қойылған міндеттерді шешу үшін оның басқару органын басқарудың теориялық және практикалық тәжірибесі мен кең салалық білімі бар жоғары білікті, қазіргі заманғы менеджерлердің ішінен қалыптастыру қажет. ӘКК-ні басқаруды халықаралық іздестіру нәтижелері бойынша іріктілген қазақстандық және шетелдік басқарушы компаниялардың альянсы жолымен қалыптастырған орынды.
ӘКК-ні басқару саясатының негізгі бағыттарының бірнешеуі: ӘКК-нің сыртқы экономикалық байланыстарын орнату, шетелдік инвестицияларды тарту Қазақстан өңірлерінің беделін шетелдерге жылжыту, жаңа технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгізу, корпоративтік менеджменттің тиімділігін арттыру.
ӘКК қызметін үйлестіруді Мамандандырылған кеңес жүзеге асыратын болады. Бұл ретте ӘКК республикалық және коммуналдық меншік объектілерін, жерді ӘКК-нің меншігіне беру бөлігінде орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайтын болады. Мемлекеттік орталық және жергілікті уәкілетті органдар өз кезегінде ӘКК-нің меншігіне берілуге тиіс республикалық және коммуналдық меншік объектілерінің тізбесін жасайтын болады.
ӘКК-нің қызметін ынталандыру құралдарының бірі ӘКК арасында конкурстық негізде бизнес-жобаларды іске асыруға ұлттық даму институттары арқылы мемлекеттік гранттар бөлу болып табылады, бұл сондай-ақ олардың арасында бәсекені дамытуға ықпал ететін болады. Бұл ретте әрбір өңірдің ӘКК Директорлар кеңесі өкілдерінің және басқарушыларының арасынан өңіраралық консультативтік-кеңесші орган құрылуы мүмкін.
Шағын бизнеске жәрдемдесу оны ӘКК жобаларына тарту жолымен, жаңа өндірістерді құру және экономиканы өңірде тұтастай дамыту арқылы жүргізілетін болады.
ӘКК-нің шаруашылық қызметі іске асырылуы қандай да бір өңірдің жағдайларында экономикалық жағынан орынды болатын инновациялық жобалар туралы ақпарат жинауға да негізделетін болады.
Қоғамдық ұйымдар ӘКК-нің инвестициялар бағытының басымдықтарын анықтаған кезде, сондай-ақ нақты жобаларды әзірлеген кезде тартылуы мүмкін. Қоғамдық ұйымдардың осы кезеңдерде қатысуының мақсаты - осы өңір халқының мүдделерін есепке алу.
ӘКК-нің шеңберінде жасалатын өнімді өткізу үшін ӘКК-нің жеке сауда үйін, сондай-ақ көрме қызметін, консалтинг, оқыту және басқаларын өткізу үшін бизнес-орталығын құру мүмкіндігі көзделуде.
ӘКК қызметі ӘКК-нің инфрақұрылымын дамытуға жіберілетін пайда алуды, коммерциялық жобаларды қаржыландыруды, өңірдің әлеуметтік даму процесінде маңызды фактор болатын әлеуметтік (білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт және басқалары) жобаларды жасауды және іске асыруды көздейді.
Тұжырымдаманы практикалық іске асыру процесінде ӘКК-нің құрылған құрылымдарының тікелей жұмысы барысында туындайтын, ықтимал проблемалық мәселелерге талдау жүргізу және заңнаманы жетілдіру жөнінде (оның ішінде әкімшілік құрылыммен, жергілікті өзін-өзі басқарумен және бюджеттік қатынастармен байланысты мәселелер жөнінде) ұсыныстар енгізу болжанады.
§ 2. Өңірлік кластерлерді құру
Энергетикалық емес және өндірмейтін секторларда жаңа нарықтарды дамыту сауда маркалары қорғалған және зияткерлік меншік құқығы бар тауарларды өндіру үшін жағдай жасау, фермерлік шаруашылықты дамыту, ішкі және сыртқы нарықтарда кәсіпкерлік өнімдерін алға жылжыту сияқты міндеттерді іске асыру мақсатында ӘКК-нің басым міндеттерінің бірі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кластерге біріктіру және жаңа кәсіпорындар құру үшін өңірде тиісті кластерлер құру және қажетті жағдай жасау болып табылады.
Өңірлік кластер өндірістік және/немесе сервистік кәсіпорындарды (олардың жеткізушілерін қоса алғанда), құн белгілеудің бірыңғай тізбегі шеңберінде бір бірімен өзара іс-қимыл жасайтын нарықтық институттар (брокерлер, консультанттар) мен тұтынушыларды байланыстыратын технологиялар мен ноу-xay жасаушыларды аумақтық шоғырландыру базасында қалыптастырылған индустриялық кешенді білдіреді.
Бұл ретте ӘКК мыналарды жүзеге асыра отырып, кәсіпкерлік өнімдерін сатып алушылар және сонымен бір уақытта менеджерлер рөлінде көрінеді:
жаңа технологияларды өндіріске және қатарластыра енгізу кезінде шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарының өнімін сатып алу, инновацияларды енгізуді басқару, ынталандыру;
жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар базасында ауыл шаруашылығы өнімдерін тамақ тауарларына қайта өңдеу процесін ұйымдастыру және өнімді қайта өңдеу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарын енгізу;
маркетинг және өнімді ішкі және сыртқы нарықта бірыңғай брэндпен жылжыту.
ӘКК жеке сауда үйін құру кезінде осы сауда үйі арқылы ӘКК шеңберінде құрылатын өнімді сатуы мүмкін.
ӘКК шаруашылық субъектілерін кластерлерге біріктіруге және кластердің өндірістік циклін ұйымдастыру жолымен жаңасын құруға, жер учаскелерін және инфрақұрылым объектілерін беруге, инновацияларды енгізуге, маркетингтік базаны құруға, кластердің барлық қатысушылары үшін шикізатты көтерме сатып алу есебінен өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, өнімдерді қайта өңдеу және түпкі өнімдерді сату қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарын енгізуге бастамашылық білдіреді.
Бұл ретте құрылтайшысы ӘКК мен саланың өз кәсіпорындары - кластерге қатысушылар болатын акционерлік қоғам түрінде кластердің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарын біріктіретін буын құру болжанып отыр.
Кластерлерді құру кезінде басым салаларды айқындау оларда бәсекеге қабілетті кластерлерді құру үшін әлеуетті ретінде айқындалған экономика салаларының бағыттарын ескере отырып жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта елдегі жалпы экономикалық өсу аясында қала және ауыл халқының тұрмыс деңгейіндегі теңсіздік күшеюде, кірістердегі өңірлік айырмашылықтар да қомақты. Ауылдық жерлерде ел халқының 43 %-ы тұрады, ресми статистика деректері бойынша оның шамамен үштен бірінің кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. Бұл жағдайды одан әрі консервациялау ел халқының тұрмыс деңгейі бойынша жіктелуін күшейтеді, қоғамдағы әлеуметтік-саяси ахуалға келеңсіз әсерін тигізеді, адами даму көрсеткіштеріне және елдің инвестициялық беделіне ықпал етеді.
Осы проблемалар аясында ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі саласындағы кластерлерді дамыту ауылдық жерлердегі әлеуметтік және экономикалық жағдайды дамытуға ықпал ететін болады.
Ауыл шаруашылығындағы ағымдағы төмен өнімділік пен ұйымдастыру кезінде тамақ өнеркәсібіндегі орта және шағын кәсіпорындар, шаруа қожалықтары техникалық артта қалушылықты өздігінен еңсере алмайтындығы әрі қазақстандық өнімді қомақты көлемде экспортқа өткізуді ұйымдастыра алмайтыны анық.
Осыған байланысты шағын және орта кәсіпкерліктің экономикалық мүмкіндіктерін шоғырландыру технологиялық жаңғырудың локомотиві рөлінен көрінеді және белгілі бір өңірлік кластердің бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне ықпал етеді.
§ 3. ӘКК-нің рентабельді емес активтердi
оңалтудағы қызметi
Кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілердің бірі өндірістік инфрақұрылымның қол жетімсіздігі, бірінші кезекте жер құны мен коммуникацияларға қосылудың қиындығы болып табылады. Осы проблемалар аясында мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын активтерін, жерді өндірістік мақсаттарда ӘКК-ге беру кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді шарасы болмақ.
Активтерді, мемлекеттік коммуналдық меншіктегі ғимараттар мен жерді, рентабельді емес кәсіпорындарды ӘКК-ге беру кезінде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары өз қызметінде пайдалана алатын активтердің ғана берілетіні маңызды аспект болып табылады.
ӘКК-ге жүктелуі мүмкін функциялар мен міндеттердің орасан зор көлемі бар екенін атап өту қажет, бұл ретте олардың функциялары мен міндеттерін бір бірімен араластырмау айрықша маңызды.
Кәсіпорынды оңалту ӘКК-ге таңылмауға тиіс, өйткені, оның міндетіне міндеттердің мейілінше кең ауқымы кіреді. Оңалту кәсіпорынды қайта құрылымдауды және оның базасында бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді дамытуды білдіреді.
Мемлекеттік рентабельді емес кәсіпорындарды оңалтуды және қайта құрылымдауды талдау жөніндегі функцияны өңірдің орталық даму институты ретінде ӘКК орындауға тиіс. Бұл ретте олар бұл процестің ерікті қатысушылары болуға тиіс. ӘКК-нің қызметі неғұрлым икемді және мемлекет тарапынан мейлінше аз реттелетін болса, олардың қызметі соғұрлым тиімді болмақ.
ӘКК активтерді басқаруы, жобаларға бастама білдіруі және нақты өңірді дамыту мүддесіне қосымша инвестицияларды тартуы мүмкін.
ӘКК-ні дамыту мемлекеттік рентабельді емес кәсіпорындар негізінде жаңа өндірістер мен технологияларды құруға да мүмкіндік береді.
Орталық және жергілікті уәкілетті органдардың акцияларының бақылау пакеттері (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың мүлкін түгендеуді жүргізуі осы процестегі алғашқы қадам болып табылады. Жүргізілген түгендеудің нәтижелері бойынша ӘКК-ге берілуге тиіс рентабельді емес активтердің тізбесі айқындалатын болады.
Рентабельді емес мемлекеттік кәсіпорындарды, сондай-ақ мемлекет қатысатын кәсіпорындарды талдау мынаны көрсетті.
Республикалық меншікке қатысты.
2005 жылдың қорытындылары бойынша республикалық мемлекеттік меншіктің жұмыс істеп тұрған 515 кәсіпорнының ішінде 41 кәсіпорын шығынға жол берген. Олардың ішінде 22 кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласында, атап айтқанда тәжірибе шаруашылықтары (10), ауыл шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталықтары, су шаруашылығы жүйесінің қызметі саласындағы кәсіпорындар. 2005 жылғы көрсеткіш деректерін 2004 жылғы осындай деректермен салыстыра отырып, 2004 жылы ауыл шаруашылығы саласында 6 шығынды кәсіпорын болғанын атап өту керек, яғни 16 кәсіпорынға немесе 3,5 есеге өсім болған. Түзеу мекемелерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін тауарлар (жұмыстар, қызметтер) өндіру жөніндегі шаруашылық қызметті жүзеге асыру саласында 2005 жылдың қорытындылары бойынша 5 республикалық мемлекеттік кәсіпорын шығынды болып табылды.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың жалпы санының басым бөлігі қызметтер көрсету саласындағы (ғылым және білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет пен спорт және басқалары) қызметті жүзеге асырады.
2004 жылдың қорытындылары бойынша білім беру, трактор жасау, инновациялық қызмет, асыл тұқымды мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы машиналарын сынау, логистика, электр энергетикасы, банк қызметі, энергетика аясындағы зерттеулер саласындағы қызметпен сипатталатын мемлекет қатысатын рентабельді емес акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер - 12.
Коммуналдық меншікке қатысты.
2004 жылдың қорытындылары бойынша 4 255 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның 208-і рентабельді емес болып табылды, олар негізінен коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы, көшелер мен жолдарды, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, инженерлік желілерді абаттандыру және ұстау, ауыл шаруашылығы өнімін дайындау, қайта өңдеу және өткізу саласындағы шаруашылық қызметті, сауда-коммерциялық және делдалдық қызмет, баспа және полиграфия, елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуді, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, прокат пункттерін құру сияқты қызмет түрлері бар кәсіпорындар. Қонақ үй қызметтері, шыны-пластикалық балық аулау қайықтарын шығару және өткізу, жүк вагондарын жөндеу және бірқатар басқа да қызмет түрлері бар кәсіпорындар сирек кездеседі.
Жолаушылар тасымалы, жөндеу-құрылыс және монтаждау жұмыстары, жылу энергиясын беру және тарату жөніндегі қызметтер, АӨК кәсіпорындарын материалдық-техникалық және өндірістік қамтамасыз ету, тауарлар өндіру және өткізу, алтын өндіру, үй-жайларды жалға беру, жарнама, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу, әуежай қызметін жүзеге асыру, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласындағы, астықты сақтау және қайта өңдеу сияқты қызмет түрлерімен айналысатын мемлекет қатысатын рентабельді емес акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер 30 компания болып табылады.
Рентабельді емес мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың қызмет түрлерін талдау нәтижелері бойынша бұл кәсіпорындар, негізінен елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қызметтер (жұмыстар) көрсету саласында маманданғаны байқалады.
Осылайша, кәсіпорындардың мүлкін (ғимараттарды, жерді, техникалық қамтамасыз етуді және т.б.) ӘКК-нің өзге де өндірістік мақсаттарында пайдалану не кәсіпорынды ӘКК тарапынан бастама бойынша оңалту мақсатында кейбір мемлекеттік кәсіпорындарды ӘКК-ге беру орынды. Бұл ретте осы ереже табиғи монополиялардың субъектілеріне қатысты болмауы тиіс.
Сондай-ақ республикалық және коммуналдық мекемелерге, республикалық және коммуналдық қазыналық кәсіпорындарға бекітілген мүлік, акционерлік қоғамдардың акциялары және бағдарламалық құжаттарда көзделген міндеттерді орындау үшін құрылған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысу үлестері, сондай-ақ республикалық және коммуналдық меншікке қалдырылатын объектілерге жатқызу өлшемдеріне сәйкес келмейтін және жекешелендірілуге немесе шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау ретінде берілуге тиіс жер учаскелері мен объектілер ӘКК-гe берілмейтін болады.
ӘКК-ге берілетін рентабельді емес кәсіпорындарды оңалту мәселелері Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамытудың орта мерзімді жоспарында көзделетін қаржылық инвестициялар көлемінің шеңберінде шешілетін болады. Бұл ретте қаржыландыру көздері ретінде мемлекеттік бюджеттен басқа, ӘКК-нің өзінің, сондай-ақ «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ-ның қаражаты алынуы мүмкін.
§ 4. Жеке секторды ӘКК-ге қатысуға
тарту үшін уәждеме
ӘКК өңірдің инновациялар орталығына, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімін ішкі және сыртқы нарықтарға ірі жеткізушіге айналады әрі шағын және орта кәсіпкерлік өнімдерін жылжытуға, сондай-ақ табысы аз жеке кәсіпорындарды шоғырландыруға ықпал етеді.
ӘКК жобаларына қатысу отандық бизнес құрылымдар үшін қаржы, жер, технологиялық ресурстарға, сыртқы нарықтарға қол жетімділікпен, ӘКК тарапынан кепілдік мүліктік кепілдемені қамтамасыз етумен, бірлескен кәсіпорындар құру жолымен қызметті кеңейту мүмкіндігімен тартымды болады.
ӘКК арқылы отандық өндірушілер Қазақстанда шетелдік әріптестердің қатысуымен шетелдік технологиялар мен отандық шикізатты пайдалану шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік беретін бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігін иеленеді. Шетелдік технологиялар мен жергілікті шикізатты пайдалана отырып, тоқыма өнеркәсібінің жергілікті және шетелдік кәсіпорындарының бірлескен өндірістерін құру, сондай-ақ әлемге танымал таңбалы киімдерді өндіруші шетелдік компаниялардың жергілікті шикізат пен еңбек ресурстарын пайдалана отырып, тоқыма өнімдерін өндіру жөніндегі филиал-кәсіпорындар құру кеңінен дамыған Қытай, Ресей, Қырғызстан сияқты көрші елдердің тәжірибесін үлгі етуге болады.
Сондай-ақ заңнамаға сәйкес өндірістік шоғырлануды қайта бағдарлау және инвестициялық преференциялар түрінде жаңа тауар номенклатурасын енгізу базасында табысы аз кәсіпорындарды дамытуға жәрдемдесетін жобаларды ӘКК-нің іске асыруы кезінде салық салудың уақытша жеңілдікті шарттары енгізілуі мүмкін.
Алда тұрған Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясында олардың өнімі нарыққа импортпен бәсекеге түсе алуы үшін отандық кәсіпкерлердің белсенді шоғырлану қажеттігін түсіну қажет және бұл жағдайда мемлекеттің ӘКК-ге қатысуы отандық өндірушілерді қолдаудың белгілі бір кепілі болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2007.29.12. № 1401 Қаулысымен 5-параграфпен толықтырыды
§ 5. ӘКК-нің қызметін реттеу, бағдарламалық құжаттарды қабылдаудың қажеттілігі
ӘКК жоғарыда аталған мақсаттармен және міндеттермен бизнес-құрылымның жаңа және жеткілікті айрықша нысаны ретінде белгілі бір бағдарлама бойынша қызметті жүзеге асыруы тиіс, әрі билік органдары мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өзара іс-қимыл қағидаттарын, шешімдер қабылдаудың негізгі қағидаттарын және өзге де мәселелерді заңнамалық актімен және өзге де құқықтық актілермен реттеу болжанып отыр.
Жоғарыда айтылғанға байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі ӘКК-ны дамытудың орта мерзімді кезеңге арналған бағдарламасының жобасын, сондай-ақ бұдан басқа, ӘКК мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының қағидаттары айқындалатын «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлейді.
Осы Заңның жобасында сол сияқты мынадай ережелерді ескере отырып айқындылық және ашықтық қағидаттарына сәйкес келуге тиіс ӘКК қызметінің негізгі қағидаттарын айқындау қажет:
1) ӘКК мүлкі одан кейін әзірленетін жекешелендіру туралы заңнамаға ұқсас ережеге сәйкес иеліктен шығарылады;
2) ӘКК жеке кәсіпкерлік субъектілерімен жасасатын жаңа заңды тұлғалар құру туралы құрылтай шарттары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен және Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігімен келісіледі.
Бағдарламаның жобасы заң жобасы сияқты ӘКК қызметінің шеңберінде алынған тәжірибені ескере отырып әзірленуге тиіс.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытуды көздейтін нормативтік құқықтық актілер кешенін әзірлейді.
Перспективада жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызметтер көрсетуге бағдарланатын болады, кәсіпкерлікті дамыту ӘКК-нің жалпы басым міндеттерінің бірі болады.
5. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтиже
Өңірлік ӘКК-лерді құру нәтижесінде бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру, өңірлерде жұмыс орындарының санын ұлғайту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өнімділігін арттыру, қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған отандық өнімді сату, рентабельді емес мемлекеттік кәсіпорындардың санын қысқарту, кәсіпкерлік субъектілері өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру күтіледі, бұл Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі алдында айрықша өзекті.