Мемлекеттік органдардың азаматтарды әскери қызметке даярлауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 24 мамырдағы № 449 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 11 ақпандағы № 118 Қаулысымен күші жойылды
«Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың азаматтарды әскери қызметке даярлауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету ережесі бекітілсін.
2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті мен Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Yкіметінің
2006 жылғы 24 мамырдағы
№ 449 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік органдардың азаматтарды әскери қызметке
даярлауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету
ережесi
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік органдардың азаматтарды әскери қызметке даярлауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң ) сәйкес әзірленді.
2. Осы Ереже мемлекеттік органдардың азаматтарды әскери қызметке даярлауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2-тарау. Азаматтарды әскери қызметке даярлау
3. Азаматтарды әскери қызметке даярлау мыналарды қамтиды:
1) бастапқы әскери даярлық;
2) әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлық;
3) жалпы орта білім беру ұйымдарындағы қосымша білім беру бағдарламалары бойынша әскери даярлық;
4) жоғары кәсіби білім беру ұйымдарындағы запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлық;
5) дене дайындығы, медициналық көмек, әскери-патриоттық тәрбие.
4. Азаматтарды әскери қызметке даярлауды ұйымдастыру мен жүргізуді бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады.
3-тарау. Бастапқы әскери даярлық
1. Жалпы ережелер
5. Шақыруға дейінгі және шақыру жасындағы азаматтардың бастапқы әскери даярлығын меншік нысандарына, үлгілері мен түрлеріне қарамастан, жалпы білім беру базасында жалпы орта, бастапқы кәсіптік және орта кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орындарында (арнаулылардан басқа) (бұдан әрі - оқу орындары) штаттық ұйымдастырушы-оқытушылар жүргізеді.
6. Азаматтардың бастапқы әскери даярлығы мынадай мақсаттарда жүргізіледі:
жастардың Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерін, мемлекет қорғанысының негіздерін зерделеуі;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тағайындалуын, олардың сипаты мен ерекшеліктерін, Қазақстан Республикасы азаматтарының құрметті міндеті ретінде әскери қызметтің мәнін, әскери анттың, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жарғыларының негізгі талаптарын түсіну;
әскери бөлімдердің қару-жарағымен және әскери техникасымен, жеке құрамның орналасуымен, өмірімен танысу;
қажетті әскери білім мен практикалық дағдылар алу;
төтенше жағдайларда адамның тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негіздерін меңгеру;
жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу.
Мерзімді әскери қызметті өткерген, сондай-ақ оқу орнында бастапқы әскери даярлықтың толық курсын бітірген адамдар басқа оқу орнына ауысқан кезде бастапқы әскери даярлыққа қайта тартылмайды.
2. Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және
жүргізу тәртібi
7. Жастардың бастапқы әскери даярлығын жүргізуді ұйымдастыру кезінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі:
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен келісім бойынша бастапқы әскери даярлықтың жүргізілуін және жастармен жүргізілетін әскери-патриоттық жұмыстың жай-күйін тексеруді жоспарлайды;
бастапқы әскери даярлық өткізу жөніндегі оң тәжірибені қорытуды жүргізеді.
8. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі:
бастапқы әскери даярлықтың жүргізілуін және оқушылардың әскери патриоттық тәрбиесіне басшылық жасауды жүзеге асырады:
бастапқы әскери даярлықтың жүргізілуін және оқушылардың әскери патриоттық тәрбиесінің жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеді;
әскери істің негіздері жөнінде қаулылар, ережелер, нұсқаулықтар және әдістемелік ұсынымдар әзірлеуге қатысады;
оқу орындарында бастапқы әскери даярлықтың ұйымдастырылуы мен жүргізілуін және оқушыларды әскери-патриоттық тәрбиелеуді, бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушыларды даярлауды бақылауды жүзеге асырады және аумақтық білім беру органдарына осы мәселелер бойынша көмек көрсетеді;
бастапқы әскери даярлықты жүргізудің және оқушылардың әскери патриоттық тәрбиесінің оң тәжірибелерін зерделейді, қорытындылайды және таратады.
9. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі:
оқушы жастарды адамның тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негіздері бойынша оқытуды ұйымдастырады;
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп «Тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негіздері» курсы бойынша бағдарлама бөлімін, сондай-ақ оқу орындарын медициналық-санитарлық даярлық және азаматтық қорғаныс бойынша мүлікпен жабдықтау табелін әзірлейді;
тиісті министрліктер мен ведомстволар осы мақсаттарға бөлетін қаржыландыру есебінен «Тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негіздері» тарауы бойынша оқулықтар, оқу құралдарын, плакаттар, оқу кинофильмдерін, диафильмдер әзірлеуге қатысады.
10. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі:
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің оқу орындары оқушыларын медициналық-санитарлық даярлау бойынша мүлікпен жабдықтау бағдарламасы мен табелін әзірлеуге қатысады;
медициналық-санитарлық даярлық бойынша оқушылармен практикалық сабақтар жүргізу үшін емдеу ұйымдарын оқу орындарына бекітеді.
11. Меншік нысандарына, үлгілері мен түрлеріне қарамастан оқу орындары (арнаулылардан басқа) оқушы жастарды бастапқы әскери даярлау мен әскери патриоттық тәрбиелеуді жүргізеді.
Осы мақсатта олар:
қажетті оқу-материалдық базаны құрады;
жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп оқу орындары үшін бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушыларды іріктеуді қамтамасыз етеді және олардың әдістемелік даярлығын ұйымдастырады;
бастапқы әскери даярлық бойынша сабақтардан алған білімдері мен дағдыларын орнықтыру мақсатында жігіттердің далалық оқу сабақтарын ұйымдастырады және жүргізеді.
12. Жергілікті әскери басқару органдары білім берудің басқару органдарымен бірлесіп облыстардың, қалалардың және аудандардың аумақтарында жастардың бастапқы әскери даярлығын жүргізуге басшылықты жүзеге асырады.
Жергілікті әскери басқару органдары:
бастапқы әскери даярлық бойынша есептілікті жүргізеді;
білім беру және денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп жыл ішіндегі бастапқы әскери даярлық өткізудің қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы органдар шешімдерінің жобасын және жаңа оқу жылының негізгі іс-шаралары жоспарын әзірлейді;
бастапқы әскери даярлықтың ұйымдастырушы оқытушыларымен үш күндік оқу-әдістемелік жиындар мен бір күндік әдістемелік сабақтарды, мүдделі ұйымдар өкілдерінің қатысуымен оқу орындарында жастардың бастапқы әскери даярлығын тексеруді ұйымдастырады және өткізеді;
гарнизон бастықтарымен, құрамалардың, әскери бөлімдерді командирлерімен және әскери оқу орындарының бастықтарымен, білім беру органдарымен бірлесіп далалық оқу-жаттығу жиындарын жоспарлайды және ұйымдастырады;
жастарға әскери патриоттық тақырыптағы ғылыми-көпшілік, хроникалы-деректі кинофильмдер көрсетуді ұйымдастырады;
жергілікті атқарушы органдарға жастармен бастапқы әскери даярлықты және әскери-патриоттық жұмыстарды жүргізудің жай-күйі туралы ақпараттар береді;
жоғары оқу орындарында бастапқы әскери даярлық пен дене тәрбиесін ұйымдастырушы оқытушыларды даярлау үшін үміткерлер іріктеуді жүзеге асырады;
далалық оқу-жаттығуды ғана ұйымдастыру және өткізу кезінде білім беру ұйымдарының басшыларына әскери бөлімдермен және әскери оқу орындарымен өзара іс-қимыл орнатуға жәрдем көрсетеді;
бастапқы әскери даярлықтың толық курсын бітірген шақырылушылардың тіркеу куәліктеріне тиісті жазба енгізеді.
13. Гарнизон бастықтары жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп бастапқы әскери даярлық, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді ұйымдастыру мен жүргізуге көмек көрсету үшін оқу орындарын әскери бөлімдерге, әскери оқу орындары мен әскери кафедраларға бекітеді.
14. Әскери бөлімдердің командирлері, әскери кафедралардың бастықтары:
оқу орындарына жастардың бастапқы әскери даярлығы мен оларды әскери патриоттық тәрбиелеу мәселелері бойынша жәрдем көрсетеді;
оқушы жастардың әскери бөлімдердің жеке құрамымен кездесуін ұйымдастырады, әскери қызметшілердің тұрмысымен, сондай-ақ қару жарақпен және әскери техникамен таныстырады;
далалық оқу-жаттығу сабақтарын өткізу үшін офицерлерді жібереді;
жергілікті әскери басқару органдарына, білім беру органдарына оқу орындарының бастапқы әскери даярлығын ұйымдастырушы-оқытушыларымен практикалық, нұсқамалық-әдістемелік және көрнекі сабақтар өткізуге көмек көрсетеді.
15. Оқу орындарының басшылығы:
жастардың бастапқы әскери даярлығы мен әскери-патриоттық тәрбиесін ұйымдастыруға және оның жай-күйіне жауап береді;
оқу процесін уақтылы жоспарлау мен ұйымдастыруды, бастапқы әскери даярлық бойынша бағдарламаны орындауды қамтамасыз етеді;
практикалық сабақтарды пысықтау үшін үй-жайлар, алаңдар мен орындар бөледі, бастапқы әскери даярлықтың оқу-материалдық базасын ұдайы жетілдіруге шаралар қабылдайды;
жастардың үлгерім үшін жеке жауапкершілігін арттыру жөнінде жұмыстар жүргізеді;
оқытушы-ұйымдастырушыға әдістемелік көмек көрсетеді, бастапқы әскери даярлықтың пәнаралық байланысын жүзеге асырады, үйірме немесе факультативтердің жұмыстарын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдемдеседі;
бастапқы әскери даярлық бойынша ұйымдастырушы оқытушылардың сабақ жүргізуін, жастардың өткен материалды меңгеру сапасын бақылайды, оқу жылының ішінде кемінде бір рет педагогикалық кеңестерде (мәжілістерде) бастапқы әскери даярлық пен жастармен жүргізілетін әскери патриоттық жұмыстардың жай-күйін талқылайды;
бастапқы әскери даярлықтың ұйымдастырушы оқытушыларының біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
бастапқы әскери даярлықты оқытудың басталуы және аяқталуы туралы, взводтар және бөлімшелер командирлерін тағайындау туралы бұйрықтар шығарады;
жергілікті білім беру органдары мен жергілікті әскери басқару органдарына оқушы жастармен жүргізілетін бастапқы әскери даярлық пен әскери-патриоттық жұмыстардың жай-күйі туралы есеп береді.
16. Бастапқы әскери даярлықтың ұйымдастырушы оқытушысы:
оқу орнының басшысына бағынады және оқушылардың бастапқы әскери даярлығына және сабақ жүргізілу кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуына жауап береді;
бастапқы әскери даярлық бойынша және факультативтік сабақтарды жүргізеді, әскери іс негіздерін зерделеу бойынша үйірмелерге басшылық жасайды;
өзінің кәсіби және педагогикалық білімі мен дағдыларын ұдайы арттырып отырады;
оқу орнының педагогикалық ұжымымен бірлесіп оқушыларды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөнінде жұмыс жүргізеді;
әскер жасына дейінгі жігіттерді медициналық тексеруден өткізуді қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;
әскери оқу орындарына түсу үшін азаматтарды іріктеу мен дайындау жөнінде жұмыстар жүргізеді және жергілікті әскери басқару органдарына жәрдем көрсетеді.
Бастапқы әскери даярлықтың ұйымдастырушы оқытушысының жұмысы сабақтар кестесімен, сабақтан тыс мезгілде өткізілетін іс-шаралар жоспарымен және оқу орнының басшысы бекіткен өзінің жеке жоспарымен регламенттеледі.
Ұйымдастырушы оқытушылар оқу орны бойынша кезекшілікке тартылуы мүмкін.
Бастапқы әскери даярлықтың ұйымдастырушы оқытушысы мыналарды білуі қажет:
бастапқы әскери даярлық пен «Тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негіздері» курсының ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының оқыту және тәрбиелеу мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық кесімдері;
педагогика, психология негіздері;
оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау ережесі;
еңбек заңнамасының негіздері;
еңбекті қорғау ережесі;
төтенше жағдайлардың алдын алу және оның кезінде әрекет ету жүйесінің ұйымдық құрылымы;
халықты дүлей және экологиялық зілзалалар, өндірістік ірі авариялар, апаттар кезінде қорғаудың, сондай-ақ қазіргі заманғы қырып-жою құралдарынан қорғанудың негізгі қағидаттары мен әдістері;
дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету тәсілдері.
17. Бастапқы әскери даярлық оқу орындарында міндетті пән болып табылады.
Бастапқы әскери даярлық білім беру органдары қалалар мен аудандардағы қажетті оқу-материалдық базасы бар оқу орындарының базасында ұйымдастырылатын оқу орындарында немесе оқу орталықтарында жүргізіледі.
Азаматтардың бастапқы әскери даярлығы барлық үлгідегі және түрдегі жалпы білім беру мектептерінің 10 және 11-сыныптарында, сондай-ақ ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта білім беретін (арнаулылардан басқа) білім беру ұйымдарында жүргізіледі. Бастапқы әскери даярлық курсын бітіргеннен кейін оқушы жастар далалық оқу жиындарынан өтеді.
18. Оқу орындарында қыздармен «Тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негіздері» курсы бойынша сабақтар жігіттермен бірге, ал «Медициналық білім негіздері» бөлімі бойынша жеке өткізіледі. «Әскери қызмет негіздері» және «Атыс даярлығы» бөлімі бойынша сабақтарға қыздар тартылмайды.
19. Оқу орындарында бүкіл оқу жылына бастапқы әскери даярлықты өткізудің апталық жоспары әзірленеді. Бастапқы әскери даярлық бойынша сабақтар жалпы сабақ кестелеріне енгізіледі және сыныптар мен оқу топтары бойынша өткізіледі. Сыныптар мен оқу топтары взводтар деп аталады және бөлімшелерге бөлінеді.
Оқу орны басшысының бұйрығымен үздік оқушылар қатарынан бөлімшелер мен взводтар командирлері тағайындалады.
20. Оқушылардың бастапқы әскери даярлық бойынша білімі бес баллдық жүйе бойынша бағаланады.
Оқушылардың (денсаулық жағдайы бойынша бастапқы әскери даярлықтан босатылған адамдарды қоспағанда) бастапқы әскери даярлық бойынша алған жылдық (курстық) бағалары негізінде орта білім туралы аттестатына, бастауыш және орта кәсіптік оқу орнын бітіргені туралы дипломына қорытынды баға қойылады.
Бастапқы әскери даярлық бойынша қанағаттанғысыз қорытынды бағасы бар адамдарға орта білім туралы аттестаттар берілмейді.
21. Бастапқы әскери даярлықтың толық курсын бітірген азаматтардың тізімі қорытынды бағаларымен бірге тіркеу орны бойынша жергілікті әскери басқару органдарына жіберіледі.
22. Оқу орындарында маңызды саяси оқиғаларды, әскери-патриоттық тақырыпты көрсететін, Қазақстан халқының табыстарын, батырлары мен соғыс ардагерлерін насихаттайтын, оқу орнының өмірін көрсететін көрнекі үгіт құралдары болуы қажет.
4-тарау. Азаматтарды әскери-техникалық мамандықтар
бойынша даярлау
23. Азаматтарды әскери-техникалық мамандықтарға даярлау Заңға сәйкес даярлықтың шарттары мен сипатына байланысты өндірістен қол үзіп те және қол үзбей де жүргізіледі.
Әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлыққа және жалпы әскери даярлыққа денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды, он жеті жарым жастан жиырма алты жасқа дейінгі, бітіргеннен кейін мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын немесе жұмылдыру резервіне енгізілетін азаматтар тартылады.
Өндірістен қол үзе отырып әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлықтан өтіп жатқан шақырылушылардың оқу кезеңінде жұмыс орны, атқаратын қызметі сақталады.
5-тарау. Білім беру ұйымдарында қосымша білім беру
бағдарламалары бойынша әскери даярлық
1. Әскери даярлықтан өту
24. Республикалық әскери мектеп-интернаттар (лицейлер) және жалпы орта, бастауыш және орта кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын өзге де білім беру ұйымдары қосымша білім беру бағдарламалары бар білім беру ұйымдары болып табылады.
Әскери даярлықты іске асыратын білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде айқындалады.
25. Әскери даярлық оқытудың бір түрі болып табылады және дербес оқу пәні ретінде оқу жоспарларына енгізіледі.
26. Әскери даярлыққа денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды тәрбиеленушілер тартылады.
Тәрбиеленушілердің әскери қызметке жарамдылығы заңнамаға сәйкес әскери даярлық басталар алдында, сондай-ақ оқу жиындары басталар алдында (тек денсаулық жағдайына шағым жасағандар үшін) айқындалады.
27. Әскери даярлыққа басшылықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады.
28. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне:
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, әскери даярлық бағдарламаларын әскери даярлықты қамтамасыз ету үшін қажетті қару-жарақ, әскери техника, әскери-оқу және басқа да мүлік табельдерін әзірлеу және бекіту;
тәрбиеленушілердің оқу жиындарын ұйымдастыру және өткізу, әскери даярлық үшін қажетті оқу материалдық-техникалық базаны құру;
әскери даярлыққа, оқу, тәрбие және әдістемелік жұмысқа, әскери даярлық оқытушыларының біліктілігін арттыруға басшылық жасау;
әскери даярлық оқытушыларының лауазымдарына және әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілермен жасақталатын басқа да штаттық лауазымдарға әскери қызметшілерді іріктеу және тағайындау;
Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің әскери оқу орындарында оқу үшін тәрбиеленушілерді іріктеу;
ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарына оқушылар қабылдау;
әскери және дене даярлығын, әскери-патриоттық тәрбиелеуді ұйымдастырудың және өткізудің сапасын тексеру;
ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының жарғыларын бекіту;
әскери бөлімдермен және әскери оқу орындарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;
ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын дамытудың бағдарламаларын бекіту;
Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асыру жүктеледі.
29. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне:
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің келісімі бойынша ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының штаттық кестелерін қарау және бекіту;
ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын дамыту бағдарламаларын бекіту;
жалпы білім беру даярлығына, оқу-тәрбие және әдістемелік жұмысқа басшылық жасау;
өз құзыреті шегінде оқу-тәрбие процесі мазмұнының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес келуін кезең-кезеңмен бақылауды ұйымдастыру және жүргізу;
білім беру саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерге сәйкес педагогикалық қызметкерлерге аттестаттау жүргізу және оларға біліктілік разрядтарын беру;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің келісімі бойынша білім беру ұйымдарына оқушылар қабылдауды жүзеге асыру;
білім беру ұйымдарының басшыларына педагогикалық кадрларды іріктеуге көмек көрсету;
оқу, әдістемелік және көрнекі құралдарды әзірлеу және шығару;
ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерін оқу және тұрғын үйлермен, оқу жабдықтарымен, әдістемелік және көрнекі құралдармен қамтамасыз ету;
ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық, қаржылық қамтамасыз етілуін тексеру;
Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асыру жүктеледі.
30. Әскери даярлықты ұйымдастыруға, бұл үшін қажетті оқу материалдық-техникалық база құруға, қару-жарақтың сақталуын қамтамасыз етуге білім беру ұйымының басшысы тікелей жауапты болады.
Білім беру ұйымының басшысына:
жарғы жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру;
ішкі тәртіп ережелерін бекіту;
оқу процесінің оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларын, күнтізбелік кестелерін бекіту;
штаттық кестенің жобасын әзірлеу және әскери даярлықты өткізу үшін басшылықтың, оқытушы құрамның және оқу-қосымша персоналдардың санын бөлу;
тәрбиеленушілердің әскери пәндердің басқа пәндермен тығыз байланыста зерделеуді ұйымдастыруға оқу-әдістемелік көмек көрсету, білім беру процесі мен білім беру технологияларының әдістемесін жетілдіру;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен алынатын мүліктер мен әдебиеттерді қоспағанда, қажетті оқу материалдық-техникалық базаны құру және ұстау;
тәрбиеленушілер контингентін құру;
белгіленген пайдалану талаптарына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканың сақталуын ұйымдастыру, күтілуін қамтамасыз ету;
тәрбиеленушілердің үлгеріміне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізу;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кадрлардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды қамтамасыз ету;
педагогикалық кеңестің мәжілістерінде әскери даярлықтың жай-күйін талқылау;
тамақтандыру мен медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру жұмыстары үшін қажетті жағдайлар жасау, тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау және нығайту мақсатында олардың жұмыстарын бақылау;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша жеңілдіктерді және материалдық қамтамасыз ету түрлерін тәрбиеленушілерге уақтылы ұсынуды қамтамасыз ету;
тәрбиеленушілер мен оқушыларды ұстау және тұру жағдайларының белгіленген нормалардан төмен болмауын қамтамасыз ету;
қоғамдық өзін-өзі басқару органдарының қызметіне жәрдемдесу;
құрылтайшыға қаржылық және материалдық ресурстардың түсуі және жұмсалуы туралы есеп беру жүктеледі.
31. Тәрбиеленушілердің оқу жиындары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылады және оқыту бағдарламасына сәйкес өткізіледі, оның ұзақтығы 30 күннен аспайды.
Оқу жиындарын өткеруден заңнамаға сәйкес оқу жиындарынан өту үшін денсаулық жағдайы бойынша жарамсыз деп танылған тәрбиеленушілер босатылады.
32. Білім беру ұйымдарында оқу-тәрбиелік сыныптық, сыныптан тыс жұмыс ерекшелік міндеттерін ескере отырып, бағдарламаларға, жалпы білім беретін орта мектеп туралы ережелер мен нормативтік құжаттарға сәйкес ұйымдастырылады.
33. Тәрбиеленушілерді оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде взводтар (сыныптар) бойынша жүзеге асырылады. Сабақтар әрбір пән бойынша оқу кабинеттерінде, сыныптарында өткізіледі.
2. Тәрбиеленушілерді үлестің барлық түрлерімен
қамтамасыз ету
34. Тәрбиеленушілерді киім-кешекпен қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
35. Заттай мүлікпен қамтамасыз ету мынадай схема бойынша жүзеге асырылады:
мекеменің жабдықтау жоспарларында заттай мүлікке қажеттілікті есептеу өткізілетін іс-шараларды ескере отырып, қамтамасыз ету нормаларына сәйкес жеке құрамның тізімдік санына жүргізіледі;
жабдықтау жоспарларында мекемелерде заттай мүліктің азаймайтын қорын ұстау көзделеді;
мекеменің қажеттілігін қамтамасыз етуге жаңа, сондай-ақ жоспарланған кезеңде кию мерзімі өтпеген, бұрын қолданылған заттай мүліктің барлық қолда бары есептеледі. Бұдан басқа қажеттілікті қамтамасыз етуге кию мерзімі өткен, бірақ жөндеусіз немесе жөндеуден кейін тікелей мақсаты бойынша пайдалануға жарамды мүкәммалдық мүлік есептеледі;
білім беру ұйымдарына заттай мүлікті беру:
жазғы жоспар бойынша - 15 сәуірде;
қысқы жоспар бойынша - 15 қазанда жүргізіледі;
жазғы жабдықтау жоспары бойынша білім беру ұйымдарына заттай мүлікті берумен бір мезгілде оларға, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі кию мерзімі бойынша офицер, сержант және келісім-шарт бойынша қатардағы құрамның адамдарына тиісті заттай мүлік те беріледі;
белгіленген нормалардан, табельдерден және штаттардан тыс мүлікті мерзімінен бұрын беру және жұмсау жүргізілмейді;
айырым белгілері (фурнитура) тәрбиеленушілерге осы белгілерді тағып жүру көзделген киім-кешектің түрлерін берумен бір уақытта беріледі;
одан басқа, сержант әскери атағын алған тәрбиеленушілерге әскери атағына сәйкес оқа (жапсырмалар) беріледі;
заттай мүлікті талап етуді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ұсынылатын есеп-өтінім бойынша Қорғаныс министрлігінде үлесте тұрған білім беру ұйымдары жүргізеді;
заттай мүлікке талап ету білім беру ұйымдары өздері бағынысында болып табылатын жоғары тұрған министрліктерге ұсынылған есеп-өтінім бойынша жүргізіледі;
заттай мүлікті босатуға кезектен тыс өтінімдерді ұсынуға тек алдын ала жоспармен көзделген ұйымдық іс-шараларды қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ дүлей зілзалалар нәтижесінде жоғалған мүлікті өтеу үшін ғана жол беріледі.
6-тарау. Жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарында запастағы
офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлық
36. Азаматтарды запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау мемлекеттік тапсырысқа сәйкес әскери кафедраларда алған жоғары кәсіптік білімі негізінде жүргізіледі.
37. Қазақстан Республикасының азаматтарын - жоғары оқу орындарының (бұдан әрі - ЖОО) күндізгі оқу бөлімі студенттерін запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау (бұдан әрі - студенттердің әскери даярлығы) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін запастағы офицерлерді даярлау мақсатында ұйымдастырылады.
Жекелеген жоғары оқу орындарының жанынан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен бұйрығымен жоғары оқу орны аралық әскери кафедралар құрылуы мүмкін.
Әскери даярлыққа тартылатын студенттер саны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жұмылдыру қажеттілігіне сүйене отырып Қорғаныс министрлігінің тәртіптемесімен айқындалады.
Әскери кафедраларда оқу үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің келісімі бойынша студенттердің әскери даярлығы белгіленетін ЖОО ректоры меншік және бағыныстылық нысанына қарамастан, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім беру қызметін жүргізуге лицензиясы бар, әскери кафедрасы жоқ басқа да ЖОО-ның студенттерін тартуы мүмкін.
38. Студенттердің әскери даярлығы әскери кафедрада теориялық және практикалық оқыту курстарынан және оқу жиынынан, әскери тағылымдамадан тұрады және бірінші, екінші, ал медициналық ЖОО-ның әскери кафедраларында үшінші курстан басталады, бірақ барлық жағдайда ЖОО-ны аяқталуына дейін бір жыл қалғанда оқу жиындарымен аяқталады.
ЖОО жанындағы әскери кафедраларда студенттерді әскери даярлау оқытушылардың басшылығымен міндетті дәрісханалық және жеке сабақтарды және студенттердің дербес (өзін-өзі даярлау) жұмысын қамтиды. Әскери кафедрада сабақтар «әскери күн» әдісімен жүргізіледі.
Студенттерді әскери даярлау оқытудың қосымша түрлерінің бірі болып табылады және ЖОО оқу жоспарларына сабақтары оқу жылының екінші семестрінен басталатын дербес оқу пәні ретінде енгізіледі.
ЖОО жанындағы әскери кафедрада әскери даярлықтың басталуы мен аяқталуының нақты мерзімі оқу жоспармен айқындалады.
39. Әскери даярлыққа 27 жасқа дейінгі, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды студенттер - Қазақстан Республикасының азаматтары, ал Қорғаныс министрлігі айқындаған бірқатар әскери-есептік мамандықтар бойынша студент қыздар да тартылады.
Әскери даярлықтан өту үшін студенттерді іріктеуді ЖОО ректорының атына берілетін олардың жеке өтініштері бойынша іріктеу комиссиясы жүргізеді.
Студенттерді іріктеу кезінде:
жергілікті әскери басқару органдары шақыру комиссиясының медициналық куәландыруының нәтижелері;
емтихандар тапсыру нәтижелері бойынша айқындалатын оқу орнындағы студент үлгерімінің орташа баллы;
ЖОО студенттері үшін белгіленген дене даярлығы бойынша нормативтерді орындау нәтижелері ескеріледі.
Осы көрсеткіштерді бірінші семестрдің соңында өткізілетін отырыста іріктеу комиссиясы қарайды, оның құрамына мыналардың өкілдері кіреді:
Қорғаныс министрлігінен - төраға;
қарамағында жоғары оқу орындары бар министрліктерден - тең төраға, мүшелер.
Іріктеу комиссиясының дербес құрамы Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен айқындалады.
Әскери даярлықтан өту үшін студенттерді қабылдауды әскери кафедра бастығының ұсынысы бойынша комиссияның іріктеу хаттамасы негізінде ЖОО ректоры жүргізеді.
Студенттердің әскери қызметке жарамдылығы азаматтарды әскери қызметке шақыруды жүргізумен бірге әскери даярлық басталар алдында, сондай-ақ оқу жиындары алдында қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың әскери-дәрігерлік комиссияларының оларды медициналық куәландыру нәтижелері бойынша айқындалады.
40. ЖОО жанында әскери даярлық өткізу үшін әскери кафедралар мен циклдар (бұдан әрі - әскери кафедралар) құрылады.
41. Әскери даярлыққа басшылық жасауды қарамағында ЖОО бар министрліктермен бірлесіп Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне мыналар жүктеледі:
ЖОО әскери кафедраларында оқитындардың (мемлекеттік тапсырыс бойынша) санын айқындау қарамағында ЖОО бар министрліктер және ведомстволардың келісімі бойынша ЖОО студенттері запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлауға жататын әскери мамандықтарды және оқу жиындарын өткізуге арналған уақытты белгілеу;
қарамағында ЖОО бар министрліктермен және ведомстволармен бірлесіп, ЖОО-да алатын азаматтық мамандықтарды, әскери даярлықты қамтамасыз ету үшін қажетті оқу-жаттығу қару-жарағының, техникасының, әскери-оқу және басқа да мүліктің табельдерін ескере отырып, әскери даярлық бағдарламаларын әзірлеу және бекіту;
студенттердің оқу жиындарын ұйымдастыру жөнінде жоспарлар жасау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің полигондарын, атыс орындарын пайдалану, ЖОО жанынан, әскери даярлық үшін қажетті оқу материалдық-техникалық база құру;
әскери даярлық бойынша бітіру емтихандарын қабылдау үшін емтихан комиссияларын құру, оларды өткізуді ұйымдастыру;
әскери кафедрада оқуды аяқтағаннан және ЖОО-ны бітіргеннен кейін студенттердің әскери тағылымдамасын ұйымдастыру және өткізу, ал тағылымдама аяқталғаннан кейін оларға алғашқы офицерлік атақ беру;
әскери даярлықты, әскери кафедраларда құпиялылық режимінің және мемлекеттік және әскери құпиялардың сақталуын бақылау;
әскери кафедралардың оқу, әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстары мәселелері жөніндегі қызметіне басшылық жасау және профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру;
ЖОО жанындағы әскери кафедралардың штаттық лауазымдарына әскери қызметшілерді, сондай-ақ запастағы (отставкадағы) офицерлер қатарынан әскери кафедралардың бастықтарын, бастықтардың орынбасарларын және оқу бөлімінің бастықтарын іріктеу және тағайындау;
әскери кафедраларды оқу қару-жарағымен, оқ-дәрілермен, әскери техникамен, автомобиль көлігімен, оқу-жаттығу құралдарымен, аспаптармен, аппаратурамен, құрал-саймандарымен, әскери техникаға қосалқы бөлшектермен, сондай-ақ әскери жарғылармен, қажетті тәлімдемелермен, басшылықтармен, нұсқаулықтармен, топографиялық және теңіз карталарымен, әскери даярлық бойынша оқулықтармен және шетел әдебиеттерімен қамтамасыз ету, жанар-жағар майға және басқа да материалдарға лимиттер бөлу;
әскери кафедраларды құпия және өте құпия қару-жарақ, әскери техника үлгілерімен, аппаратурамен, аспаптармен және оларға әдебиеттермен, сондай-ақ тиісті жарғылармен, тәлімдемелермен, басшылықтармен, нұсқаулықтармен, оқулықтармен және шетел әдебиеттерімен қамтамасыз ету белгіленген құпиялылық режимін сақтай отырып әскери даярлық бағдарламасы көлемінде жүргізіледі;
әскери кафедралардың қару-жарағына, әскери техникасы мен автомобиль көлігіне орташа және күрделі жөндеуді, құрастыруды (бөлшектеуді) және баптауды жүргізу.
Әскери кафедраларды материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы тармақта көзделген жұмыстарды жүзеге асыруды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі өтеусіз жүргізеді және әскери кафедраларды жабдықтау бекітілген Қорғаныс министрлігінің мекемелері арқылы жүзеге асырады.
42. Білім және ғылым министрлігіне, қарамағында ЖОО бар министрліктер мен ведомстволарға мыналар жүктеледі:
бекітілген бағдарламаларға және белгіленген әскери мамандықтарға сәйкес ЖОО-лардың жанынан әскери даярлықты ұйымдастыру;
оқу жоспарларында осы Ереженің 50-51-тармақтарына сәйкес, ол үшін қажетті оқу уақытын бөле отырып, әскери даярлықтан өту тәртібін белгілеу;
әскери кафедралардың штаттық кестесін қарау және бекіту Қорғаныс министрлігінің келісімі бойынша жүргізіледі.
43. Қарамағында ЖОО-лар бар министрліктер мен ведомстволарда әскери даярлыққа басшылық жасау үшін әскери даярлықты ұйымдастыруға жауапты лауазымды адамдар тағайындалады.
44. ЖОО жанынан әскери даярлықты ұйымдастыруға, ол үшін қажетті оқу материалдық-техникалық базаны құруға, қару-жарақ пен әскери техниканың сақталуын қамтамасыз етуге, құпиялылық режимнің қатаң сақталуына ЖОО ректорлары тікелей жауапты болады.
ЖОО ректорына мыналар жүктеледі:
әскери даярлыққа оқу сағатының қажетті санын және студенттердің оқу жиындарына (каникул уақытында), сондай-ақ оқу жиындарын өткізуге уақыт бөлу;
әскери кафедраның штаттық кестесінің жобасын әзірлеу және оған әскери даярлықты өткізу және әскери техникаға қызмет көрсету үшін профессорлық-оқытушылық құрамның, инженерлік-техникалық және оқу-қосалқы персоналының қажетті санын бөлу;
Әскери кафедралар туралы ережеге сәйкес әскери даярлықты ұйымдастырудың және өткізудің үлгілері мен әдістерін айқындау;
әскери кафедраның оқшауланып орналасуын қамтамасыз ету, оған оқу бағдарламаларына сәйкес сабақтар өткізу үшін қажетті оқу және қызметтік үй-жайлар мен объектілер бөлу, оларды ұстау және жөндеу;
студенттердің әскери пәндерді ЖОО кафедраларында зерделенетін пәндермен әскери пәндердің тығыз байланыста зерделеуін ұйымдастыруда әскери кафедраға оқу-әдістемелік көмек көрсету;
әскери кафедраларда әзірленетін әдістемелік құралдардың басылып шығарылуын қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қаржыландыратын қызмет түрлерін қоспағанда, оқу бағдарламаларында көзделген әскери кафедра қызметінің барлық түрлеріне, соның ішінде әскери кафедрада қажетті оқу материалдық-техникалық базаны құруға және ұстауға ақшалай қаражат бөлу;
белгіленген талаптарға сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануды, сақтауды және күтіп ұсталуын қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
әскери кафедраның жылдық жұмыс жоспарын бекіту;
ЖОО ректоратының немесе оқу кеңесінің отырысында әскери даярлықтың жай-күйін талқылау;
Жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралар туралы ережеге сәйкес әскери кафедраның офицерлік құрамының адамдарын тікелей мақсаты бойынша пайдалану.
ЖОО ректоры әскери кафедра бастығының ұсынысы бойынша оқу, әдістемелік, ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген әскери қызметшілерді көтермелей алады.
Оқу жұмысындағы кемшіліктері үшін әскери кафедраның әскери қызметшілеріне ЖОО ректоры тиісті мемлекеттік органдарға тәртіптік жаза қолдану туралы өтініш жасауы мүмкін.
45. ЖОО-да әскери даярлыққа оқытушылардың басшылығымен кемінде 450 сағат міндетті сабақтар бөлінеді. Әскери даярлыққа нақты сағат саны және сабақ түрлері бойынша оларды бөлу әскери мамандықтарға, ЖОО түріне және студенттер контингентіне байланысты Әскери даярлық бағдарламасымен белгіленеді.
Оқытушының басшылығымен міндетті сабақтар көлемі күніне 6 сағаттан аспауы тиіс. Студенттердің өздік жұмысы үшін қажетті уақыт сегіз сағаттық оқу күні шегіндегі әскери даярлық күндеріне жоспарланады.
46. Студенттердің оқу-жаттығуы әскери даярлықтың соңғы кезеңінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ЖОО ректоры ұйымдастырады және каникул уақытында оқу орнында соңғы оқу курсының алдында өткізіледі.
Барлық әскери мамандықтар бойынша студенттердің оқу жиындарының ұзақтығы Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасымен айқындалады, бірақ 30 күннен аспайды.
Оқу жиындарынан өту уақытында студенттер «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген міндеттерді орындайды және жауапкершілікте болады. Оқу жиындарынан өту кезеңінде студенттер курсанттар деп аталады.
Оқу жиындары уақытында студенттерге стипендия төлеуді белгіленген тәртіппен ЖОО жүргізеді.
Оқу жиындарынан өтуден қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың медициналық шақыру комиссиялары оқу жиындарынан өту үшін денсаулық жағдайы бойынша жарамсыз деп таныған студенттер босатылады. Осыған байланысты олар ЖОО-да әскери даярлық бойынша емтихан тапсырудан босатылады, әскери кафедрадан оқудан шығарылады және запастағы офицерлер құрамына аттестатталмайды.
47. Әскери даярлық кезеңінде студенттер сынақтар мен емтихандар тапсырады. Әскери даярлықтың және оқу жиындарының барлық бағдарламасынан өткеннен кейін студенттер бітіру емтихандарын тапсырады, олар ЖОО-лар жанындағы әскери кафедраларда өткізіледі және оларды бітіру емтихан комиссиялары қабылдайды.
Студенттердің әскери даярлық бойынша емтихандарда алған бағалары басқа пәндер бойынша алған бағаларымен қатар есептеледі.
Дәлелсіз себептермен әскери даярлық бойынша сабақтарға жүйелі қатыспаған, оқу жиындарынан өтуден жалтарған немесе әскери кафедралардағы оқыту процесінде және жиындар уақытында тәртіп бұзған студенттер әскери кафедра бастығының ұсынысы бойынша ЖОО ректорының бұйрығымен әскери даярлық бойынша сабақтардан шеттетіледі.
48. Әскери кафедрада оқитын, әскери даярлық бойынша емтихандар тапсырған, оқу жиындарынан өткен студенттер, ЖОО-ны бітіргендігі туралы диплом алғаннан кейін әскери тағылымдамаға жіберіледі (студент әйелдерді қоспағанда) және одан өткеннен кейін ғана оларға белгіленген тәртіппен лейтенант әскери атағы беріледі.
Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған және ЖОО-ны бітіргеннен кейін әскери тағылымдамадан өтпеген студенттерге сержант әскери атағы беріледі.
49. Әскери кафедралар бастықтарының, әскери кафедра бастықтары орынбасарларының, әскери кафедра бастықтарының орынбасарлары - оқу бөлімдері бастықтарының, циклдар бастықтары - аға оқытушылардың лауазымдарына, сондай-ақ аға оқытушылардың лауазымдарына әскери қызметте тұратын, жоғары әскери немесе жоғары әскери-арнаулы білімі бар офицерлер тағайындалады.
Әскери кафедралардың профессорлық-оқытушылық құрамының штаттық лауазымдары, оларды кадрлық офицерлермен жасақтауға мүмкін болмаған кезде әскери киім нысанын киіп жүру құқығымен әскери қызметтен босатылған, әскери есептік мамандығы әскери кафедралардың бейініне сәйкес келетін, жоғары әскери немесе жоғары әскери-арнаулы білімі бар запастағы (отставкадағы) офицерлермен толықтырылуы мүмкін.
Запастағы (отставкадағы) офицерлер профессорлық-оқытушылық құрамының лауазымына Қорғаныс министрлігінің келісімі бойынша және әскери кафедра бастығының ұсынымы бойынша ЖОО ректоры тағайындайды.
Әскери кафедраның бастығы мен орынбасарларын (запастағы, отставкадағы офицерлер қатарынан) ЖОО ректорының келісімі бойынша Қорғаныс министрлігі және қарамағында ЖОО бар министрлік тағайындайды. Кадрлық офицер тағайындау басымдығын пайдаланады.
Запастағы (отставкадағы) офицерлер қатарынан әскери кафедра бастығының лауазымына үміткер мынадай біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс:
жоғары әскери білімінің болуы;
әскерлерде басшылық лауазымдарда (полк командирінен төмен емес және оларға теңестірілгендер) қызмет өтілінің болуы;
әскери кафедраның бейініне сәйкес әскери-есептік мамандығының болуы;
запас бойынша полковник және одан жоғары әскери атағының болуы;
әскери киім нысанын киіп жүру құқығымен әскери қызметтен босатылған.
Әскери кафедра бастығы орынбасарының лауазымы әр түрлі әскер тектерінің екі және одан да көп әскери-есептік мамандығы бойынша әскери даярлауды жүзеге асыратын, профессорлық-оқытушылық құрамының жалпы саны 15 және одан да көп адам болатын кафедраларда белгіленеді.
50. Әскери кафедралардың штаттық лауазымдарына әскери қызметшілерді тағайындауды және оларды ауыстыруды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі жүргізеді. Әскери кафедралар бастықтарының, әскери кафедралар бастықтары орынбасарларының, әскери кафедралар бастықтарының орынбасарлары - оқу бөлімдері бастықтарының лауазымдарына үміткерлер ЖОО ректорларымен, қарамағында ЖОО-лар бар министрліктермен және ведомстволармен, барлық басқа лауазымдарға - тиісті ЖОО ректорларымен келісіледі.
Әскери кафедралардың офицерлік құрамы үшін штаттық-лауазымдық санаттарды ЖОО мәртебесіне және әскери кафедрада оқитын студенттердің санына сәйкес Білім және ғылым министрлігінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі белгілейді.
Әскери кафедралар офицерлік құрамның адамдарын әскери қызметтен босату заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
51. Әскери кафедралардың штаттық лауазымдарына тағайындалатын офицерлер әскери қызметте тұрады және оларда әскери қызметшілер үшін белгіленген барлық құқықтар мен басымдықтар сақталады.
Олар Қорғаныс министрлігінің сметасы және қорлары есебінен офицерлермен қатар жалпы негіздерде заттай мүлікпен, киім-кешекпен, медициналық қызмет көрсетумен және санаторий-курорттық емдеумен, сондай-ақ табиғи үлестің басқа да түрлерімен қамтамасыз етіледі.
52. Әскери даярлық үшін ЖОО-ларға бөлінген қару-жарақты, әскери техника мен мүлікті, сондай-ақ құпия бөлімдер мен кітапханаларды күзету үшін ЖОО қаражаты есебінен ведомстводан тыс күзет ұйымдастырылады.
7-тарау. Дене даярлығы, медициналық көмек,
әскери-патриоттық тәрбие
53. Азаматтардың дене даярлығын, оларға медициналық көмекті, әскери-патриоттық тәрбиені жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес спорттық-дене шынықтыру ұйымдарында, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Үкіметінің
2006 жылғы 24 мамырдағы
№ 449 қаулысына
Қосымша
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті мен
Yкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесi
1. «Жоғары оқу орындарының студенттерін (курсанттарын) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау туралы, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралар туралы ережелерді және запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша студенттердің (курсанттардың) әскери даярлығы белгіленген жоғары оқу орындарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 3 қазандағы № 1094 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1994 ж., № 40, 439-құжат);
2. «Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 3 қазандағы № 1094 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 15 сәуірдегі № 443 қаулысы;
3. «Бастапқы әскери даярлау туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 1996 жылғы 1 қарашадағы 1340 қаулысы;
4. «Қазақ мемлекеттік заң университетінде әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 1997 жылғы 25 наурыздағы № 412 қаулысының 4-тармағы;
5. «Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 3 қазандағы № 1094 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 23 сәуірдегі № 638 қаулысы;
6. «Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 6 қарашадағы № 1500 қаулысының 5-тармағы;
7. «Солтүстік Қазақстан университетінде әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 1998 жылғы 2 наурыздағы № 160 қаулысының 4-тармағы;
8. «Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі жүйесінің ұйымдарын басқаруды жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы № 256 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Yкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1998 ж., № 9, 64-құжат);
9. «Х.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 26 тамыздағы № 802 қаулысы;
10. «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 1999 жылғы 1 қыркүйектегі № 1282 қаулысы 3-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж. № 44, 398-құжат);
11. «Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 1999 жылғы 7 қыркүйектегі № 1319 қаулысының 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 45, 410-411-құжат);
12. «Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны студенттерінің әскери даярлығын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 26 маусымдағы № 943 қаулысының 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2000 ж., № 27, 318-құжат);
13. «Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2000 жылғы 12 тамыздағы № 1249 қаулысының 3-тармағы;
14. «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 6 ақпандағы № 195 қаулысының 3-тармағы;
15. «Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 27 тамыздағы № 1109 қаулысының 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., № 30, 395-құжат);
16. «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 6 қарашадағы № 1403 қаулысының 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2001 ж., № 39, 495-құжат);
17. «Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 3 қазандағы № 1094 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2003 жылғы 12 тамыздағы № 803 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., № 33, 325-құжат);
18. «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университетінде әскери кафедра құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 17 мамырдағы № 551 қаулысының 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2004 ж., № 22, 280-құжат).