Доступ

Для того чтобы поставить документ на контроль, вам нужно авторизоваться.Если у вас нет логина и пароля, зарегистрируйтесь

«Қазақ мұнай және газ институты» жабық акционерлік қоғамын құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 23 желтоқсандағы № 1346 қаулысы

"Қазақ мұнай және газ институты" жабық акционерлік
қоғамын құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2002 ж. 23 желтоқсандағы № 1346 қаулысы

Мұнай-газ операцияларының тиімділігін арттыру, мұнай мен газды барлау, өндiру, тасымалдау және қайта өңдеу техникасы мен технологиясын озыңқы дамыту, мұнай және газ кен орындарын кешендi игерудi ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету, жағалаулық инфрақұрылымы мен мұнай-химия өнеркәсiбiн теңдестiре дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Қазақ мұнай және газ институты" жабық акционерлік қоғамы (бұдан әрi - Қоғам) құрылсын.

2. Қоғам қызметінің негiзгi бағыттары:

1) мұнай мен газдың ресурстарын пайдалану, ұдайы өндiрiс қарқындарын және оларды одан әрi кеңейту стратегиясын ғылыми негiздеу, мұнай және газ өнеркәсiбiн кешендi дамыту;

2) технологиялар мен техникалық құралдар саласындағы ғылыми зерттеулер:

геологиялық, геофизикалық, геохимиялық түсірулер бойынша;

бұрғылау;

мұнай мен газ кен орындарын әзiрлеу;

мұнай мен газ жинау, тасымалдау, дайындау және қайта өңдеу;

3) мұнайдың қайтарымын арттыруға, мұнай мен газдың технологиялық шығындарын, қоршаған ортаға зиянды шығарымдар көлемдерiн қысқартуға жәрдемдесетiн ғылыми зерттеулер мен әзiрленімдер;

4) теңiздiк ғылыми зерттеулер мен әзiрленiмдердi жүргiзу;

5) мемлекеттік органдарға жүктелген өкiлеттiктер мен функцияларды қоспағанда, геологиялық-геофизикалық ақпараттың, бұрғылау тасбағандарының, жыныстардың, мұнайлар мен газдардың үлгiлерiн сақтау қоймаларының, мұнай және газ өнеркәсiбi үшiн ең жаңа технологиялар мен жабдықтардың ақпараттық базаларының деректер банктерiн құру және сүйемелдеу;

6) көмiрсутек ресурстары қалыптасуының және орналасуының геологиялық процестерiн зерделеу коллекторлар мен флюидтардың қасиеттерiн кешендi талдау;

7) мұнай және газ кен орындарын бұрғылау, өндiру мен жайластыру, мұнай-газ өңдеушi зауыттарын, мұнайдың, газдың және мұнай газын қайта өңдеу өнiмдерiнiң магистральдық көлiгi объектiлерiн салу жөніндегі жобалау-iздестiру жұмыстары;

8) мұнай-газ саласындағы технологиялық процестер мен басқару жүйелерiн кешендi автоматтандыру және ақпараттандыру;

9) мұнай мен газды барлау, өндiру, қайта өңдеу және тасымалдау жөніндегі жұмыстарды орындау үшiн нормативтiк техникалық нұсқаулықтар мен ережелердi, сондай-ақ басшылық құжаттарды (технологиялық регламенттердi) кейiннен мемлекеттік органдарда қарай және бекіте отырып, әзiрлеу болып белгіленсiн.

3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен:

1) Қоғамның жарғысын бекiтудi, сондай-ақ оның әдiлет органдарында мемлекеттік тiркелуiн;

2) "Каспиймұнайгаз" ғылыми-зерттеу және жобалау институты" және "Қазақ мұнай мен газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты" ашық акционерлік қоғамдары акцияларының мемлекеттік пакеттерiн беру жолымен Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруды;

3) Қоғам акцияларының мемлекеттік пакетiн "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" жабық акционерлік қоғамының жарғылық капиталына берілуiн;

4) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсiн.

4. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының кейбір шешiмдерiне енгiзілетін өзгерістер бекiтілсiн.

5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары К.Қ. Мәсiмовке жүктелсiн.

6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

И. Тасмағамбетов


Қазақстан Республикасы

Үкіметінiң

2002 ж. 23 желтоқсандағы

№ 1346 қаулысымен

бекiтілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне

енгiзiлетiн өзгерістер

1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттерiне мемлекеттік меншiктiң түрлерi және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттерi мен үлестіруі республикалық меншiкке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серiктестiктердiң тізбесiнде:

"Атырау облысы" деген бөлiмде:

реттiк нөмiрi 145-1-жол алынып тасталсын.

2. "Республикалық меншiктегi ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттерi мен мемлекеттік үлестерiне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысына:

иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрлiктерге және өзге де мемлекеттік органдарға берiлетiн республикалық меншiк ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерiнiң және қатысудың мемлекеттік үлестерiнiң тiзбесiнде:

"Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне" деген бөлiмде:

реттiк нөмiрi 44-жол алынып тасталсын.

3. "Жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттік меншiк объектiлерiнiң тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 24 қазандағы № 1587 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., № 43, 513-құжат):

көрсетiлген қаулымен бекітілген 2006 жылға дейiн акциялардың мемлекеттік пакеттерi жекешелендiруге, оның iшiнде жекешелендiрудiң алдын ала сатыларына жатпайтын акционерлік қоғамдардың тiзбесiнде:

реттік нөмiрi 28-жол алынып тасталсын.

Укажите название закладки

Создать новую папку