Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы
Қазақстан Республикасының 2001 ж. 5 шілдедегі № 222-II Заңы

(2018.16.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

 

2010.14.06. № 290-IV ҚР Заңымен тақырыбы мен мәтініндегі «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» деген сөздерден кейін тиісінше « - Елбасының», « - Елбасы» деген сөздермен толықтырылды (бұр.ред.қара)

 

Осы Заң демократия мен әлеуметтік прогресті дамытуға, бейбітшілік пен халықтар арасындағы достықты нығайтуға ерекше үлес қосқан адамдарды Қазақстан Республикасы Президентінің көтермелеуіне байланысты қатынастарды реттейді.

1-бап

2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1. Осы Заңмен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 2-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Отан алдында сіңірген ерекше еңбегін атап өту құрметіне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы (бұдан әрі - Мемлекеттік сыйлық) тағайындалады.

2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті жыл сайын Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге:

демократия мен әлеуметтік прогресті дамытқаны үшін;

бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді, мемлекетаралық қатынастарда теңдік пен бірдей қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді қызметі үшін;

қоғамдық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді орнықтыруға, Республиканың көпұлтты халқының бірлігін нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін;

Қазақстанның ұлттары мен ұлыстарының мәдениеті мен тарихи дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыратын терең ойлы публицистикалық шығармалары үшін береді.

3. Мемлекеттік сыйлық отандық, халықаралық және шетелдік ұйымдарға берілуі мүмкін.

2-бап

1. Мемлекеттік сыйлыққа ие болған адамдарға «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, диплом, омырауға тағатын белгі, куәлік және ақшалай сыйақы тапсырылады.

2. Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті салтанатты жағдайда тапсырады.

3-бап

Мемлекеттік сыйлық бір мезгілде бірнеше үміткерге берілуі мүмкін, мұндай жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Мемлекеттік сыйлықты қайталап беруге рұқсат етілмейді.

4-бап

Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер ұсыну құқығына:

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің комитеттері;

Қазақстан Республикасының Үкіметі;

Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар;

мәслихаттармен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) әкімдері;

отандық, шетелдік және халықаралық ұйымдар ие болады.

5-бап

2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.16.05. № 155-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Мемлекеттік сыйлық туралы ережені, сыйлықтың саны мен мөлшерін, сондай-ақ оны беру жөніндегі комиссияның құрамын Республика Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты дипломының, омырауға тағатын белгісінің және куәлігінің сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президентімен келісе отырып Республика Үкіметі бекітеді.

Қазақстан Республикасының

Президенті

Н. Назарбаев