Астана қаласындағы әуежайды қайта жаңарту мен салу жөніндегі қосымша шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1998 жылғы 29 маусымдағы № 610 Қаулысы
(2013.05.08. берілген өзгерістермен)

 

Астана қаласы әуежайының жолаушылар мен жүктердi халықаралық тасымалдауды қамтамасыз етудегi айрықша маңызын ескере отырып, әуежайды қайта жаңарту мен салуды толық көлемiнде орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:

1. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы «Астана халықаралық әуежайы» республикалық мемлекеттік кәсiпорны құрылсын.

2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі «Астана халықаралық әуежайы» республикалық мемлекеттік кәсiпорнының мемлекеттік басқару органы, сондай-ақ оған қатысты мемлекеттік меншiк құқығы субъектiсiнiң функцияларын жүзеге асыратын орган болып белгiленсiн.

3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру департаментi заңдарда белгiленген тәртiппен «Әуежай Ақмола» ашық үлгiдегi акционерлік қоғамын таратуды жүргiзсiн.

Құрылып отырған «Астана халықаралық әуежайы» республикалық мемлекеттік кәсiпорны, таратылып отырған «Әуежай Ақмола» акционерлік қоғамының барлық мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiнiң құқықтық мұрагерi болып табылады деп белгiленсiн.

4. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі белгiленген тәртiппен бiр ай мерзiм iшiнде:

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру департаментiмен бiрлесе отырып, «Әуежай Ақмола» акционерлік қоғамы таратылғаннан кейiн қалған мүлiктi, сондай-ақ ұшу-қону алаңы мен VIР үй-жайын қоса отырып, «Астана халықаралық әуежайы» республикалық мемлекеттік кәсiпорнының жарғылық қорын қалыптастырсын.

«Астана халықаралық әуежайы» республикалық мемлекеттік кәсiпорнының жарғысын бекiтсiн және оның басшысымен келісім-шарт жасассын.

5. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

1) ҚР Үкіметінің 2013.05.08. № 796 Қаулысымен күші жойылды (бұр.ред.қара)

2) «Астананың тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз етумен айналысатын акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакеттерiн Ақмола қаласының коммуналдық меншiгiне беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1998 жылғы 27 қаңтардағы № 37 қаулысына:

аталған қаулының қосымшасында:

мынадай мазмұндағы жол алынып тасталсын:

«Әуежай Ақмола» АҚ»;

3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 14 қаңтардағы № 65 және 1998 жылғы 27 қаңтардағы № 37 қаулыларына өзгерiс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1998 жылғы 30 қаңтардағы № 58 қаулысында:

бесiншi, алтыншы, жетiншi, сегiзiншi абзацтар алынып тасталсын.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрi