«Өнеркәсiптiк байланыс» республикалық мемлекеттік кәсiпорнын қайта ұйымдастыру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2000 жылғы 19 қазандағы № 1568  Қаулысы

(2013.05.08. берілген өзгерістерімен)

 

«2000-2001 жылдары жекешелендiруге жататын республикалық мемлекеттік кәсiпорындар мен мекемелердiң тiзбесi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 17 маусымдағы № 912 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:

ҚР Үкіметінің 2001.09.12. № 1184  қаулысымен   1-тармақ өзгерді

1. Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлігінiң «Өнеркәсiптiк байланыс» республикалық мемлекеттік кәсiпорны жарғы капиталында мемлекеттiң жүз пайыздық қатысуымен «Өнеркәсiптiк байланыс» жабық акционерлік қоғамы (бұдан әрi - «Қоғам») етiп қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

ҚР Үкіметінің 2001.09.12. № 1184 Қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда

2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен:

1) Қоғамның жарғысын бекіту кезінде оның қызметінің негізгі мәні:

инженерлік микросхемалар өндірісі;

байланыс құралдарының тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерін жүргізу;

байланыс құралдарын іске қосу-реттеу жұмыстары деп белгілесін;

2) Қоғамды мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін белгіленген тәртіппен шығарылған жарғылық капиталдың жалпы мөлшерінің 25 пайызынан аспайтын сомаға акциялардың келесі эмиссиясын шығару жолымен оның жарғылық капиталын ұлғайту шараларын қабылдасын. Акциялардың келесі эмиссиясын орналастыруды Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 18 тамыздағы № 1191 қаулысымен бекітілген Республикалық меншіктегі жоғары оқу орындарын және ғылыми-техникалық саланың ұйымдарын акционерлік қоғамдар етіп қайта ұйымдастырудың тәртібіне сәйкес жүргізсін;

3) осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көрсетілген іс-шаралар орындалғаннан кейін акциялардың мемлекеттік пакетін сатуды жүзеге асырсын;

4) осы қаулыны іске асыру жөніндегі өзге де шараларды қабылдасын.

3. ҚР Үкіметінің 2013.05.08. № 796 Қаулысымен күші жойылды (бұр.ред.қара)

4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі