Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы
Конституциялық заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің
1995 жылғы 20 желтоқсандағы № 2694 Жарлығы
(2000.03.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР 2000 ж. 25 желтоқсандағы № 132-II Конституциялық Заңымен күші жойылды
"Қазақстан Республикасының Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттік беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына, Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 4-тармағы мен 82-бабының 5-тармағына сәйкес және сот-құқық реформасын кезең-кезеңмен жүзеге асыру мақсатында осы Жарлықты шығарамын.
І Бөлім. Жалпы ережелер
1-бап. Сот билігі
1. Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады. Сот билігі азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыруды, Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Республиканың халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.
2. Соттар өздеріне тиесілі билікті ешкімнің еркіне қарамастан Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
3. Республикадағы сот билігі Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, Республиканың халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады.
4. Сот билігі сот ісін жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады.
5. Соттардың шешімдері, үкімдері, өзге қаулылары, сондай-ақ олардың заңды өкімдері, талаптары, тапсырмалары мен басқа өтініштері Республиканың бүкіл аумағында барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауы үшін міндетті болып табылады. Оларды орындамау, сол сияқты сотты құрметтемеу заң бойынша жауаптылыққа әкеліп соғады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 2-бап толықтырылды және өзгертілді
2-бап. Сот жүйесі
1. Қазақстан Республикасындағы сот жүйесін заңмен құрылатын Республиканың Жоғарғы Соты мен Республиканың жергілікті соттары (облыстық және оларға теңестірілген соттар (Алматы қалалық соты, Қазақстан Республикасы әскерлерінің Әскери соты), аудандық (қалалық), әскери соттар) құрайды. Ешбір өзге органның, лауазымды адамның немесе өзге тұлғаның сот функцияларын өзіне алуға хақы жоқ.
2. Қандай да бір атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді.
3. Қазақстан Республикасында соттардың мамандандырылуы және осы мақсатта мамандандырылған: шаруашылық, салық, отбасылық, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі, әкімшілік және басқа соттарды құру жүзеге асырылуы мүмкін. Мамандандырылған соттардың, оларға осы Жарлықтың ережелері қолданыла отырып, аудандық (қалалық) сот мәртебесі болады.
4.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 3-бап толықтырылды және өзгертілді
3-бап. Сот жүйесінің бірлігі
Қазақстан Республикасы сот жүйесінің бірлігі:
1) сот төрелігінің конституциялық принциптерімен;
2) сот ісін жүргізудің заңмен белгіленген нысандарында сот билігін жүзеге асырумен;
3) соттардың бірыңғай заңдарды қолдануымен;
4) соттарды құру тәртібімен;
5) Республиканың бүкіл аумағында заңды күшіне енген сот шешімдерінің орындалу жүйесімен;
6) барлық соттарды республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырумен қамтамасыз етіледі.
4-бап. Қазақстан Республикасындағы соттар
қызметінің негізгі принциптері
Республикадағы соттар қызметі заңдылық, судьялардың тәуелсіздігі, баршаның заң және сот алдындағы теңдігі, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы, істерді қараудың жариялылығы принциптерінің негізінде құрылады.
5-бап. Сот арқылы қорғалу құқығы
1. Әркімге мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге тұлғалардың Республиканың Конституциясы мен заңдарында көзделген құқықтарына, бостандықтарына және заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін кез келген жолсыз шешімдері мен іс-әрекетінен сот арқылы қорғалуына кепілдік беріледі.
2. Ешкімді заңның барлық талаптары мен әділеттілік сақтала отырып құзыретті, тәуелсіз және әділ сотта ісінің қаралуы құқығынан айыруға болмайды.
3. Барлық соттарда және сот ісін жүргізудің кез келген деңгейінде білікті заң көмегімен қорғауға кепілдік беріледі.
4. Сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға тиісті өтініштерді, арыздар мен шағымдарды ешбір басқа органдар, лауазымды немесе өзге тұлғалар қарай алмайды немесе бақылауға ала алмайды.
6-бап. Сот ісін жүргізу тілі
Республикада сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей ресми қолданылады. Сот ісін жүргізу, сол сияқты осы жер тұрғындарының көпшілігінің тілінде жүргізілуі мүмкін.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 7-бап өзгертілді
7-бап. Сотта істі қараудың жариялылығы
1. Барлық соттарда істер ашық қаралады.
2. Егер істі ашық қарау мемлекеттік құпияларды, әскери, қызметтік және коммерциялық құпияның жария болуына әкеп соғуы мүмкін не азаматтардың және өмірі мен өз басының, отбасының құпиясы жария болудан, қорғау не сот ісін жүргізуге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі болса істерді жабық отырыста тыңдауға рұқсат етіледі.
3. Соттардың шешімдері, үкімдері мен қаулылары көпшілік алдында жария етіледі.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 84-бап өзгертілді
8-бап. Істерді қарау кезіндегі соттардың құрамы
1. Бастапқы сатылы сотта істерді қарауды судья жеке дара жүзеге асырады. Заңда өлім жазасы көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істер үш судья құрамында қаралады.
2. Жоғары тұрған соттардың іс қарауы іс жүргізу заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Істер алқалы түрде қаралған кезде судьялардың дауыс беруден қалыс қалуға хақы жоқ.
9-бап. Прокурор мен адвокаттың істерді қарауға қатысуы
Прокурорлар мен адвокаттар соттардың істерді қарауына тараптардың теңдігі және процестің жарыспалылығы принциптерінің негізінде қатысады.
II Бөлім. Соттар жүйесі
І Тарау. Аудандық (қалалық соттар)
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 10-бап толықтырылды және өзгертілді
10-бап. Аудандық (қалалық) соттарды құру
1. Аудандық (қалалық) сотты Әділет министрінің ұсынуымен ауданда, қалада (аудандық бағыныстағы қалалардан басқа), қаладағы ауданда Республика Президенті құрады және таратады.
2. Республика Президенті Республика Әділет министрінің ұсынуымен аудан мен қалаға, бірнеше аудандарға (қаладағы аудандарға) және қалаларға бір сотты құруы мүмкін.
3. Аудандық (қалалық) соттардың сот учаскелерін әділет басқармасының бастығы мен облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының бірлескен ұсынысы бойынша Әділет министрі құрады және таратады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 11-бап толықтырылды және өзгертілді
11-бап. Аудандық (қалалық) соттың құрамы
1. Аудандық (қалалық) сот төраға мен тұрақты судьялардан тұрады. Егер штат бойынша аудандық (қалалық) сотта бір судья болса, ол сот төрағасының өкілеттігін жүзеге асырады (бір құрамды сот).
Оның құрамында сот учаскесі құрылған жағдайда аудандық (қалалық) сот соттың төрағасынан, сот учаскесінің аға судьясынан және тұрақты судьялардан тұрады.
2. Аудандық (қалалық) соттар үшін судьялардың жалпы санын Әділет министрінің ұсынуымен Республика Президенті белгілейді.
3. Әрбір аудандық (қалалық) сот үшін судьялар санын Әділет министрі белгілейді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Аудандық (қалалық) соттың өкілеттіктері
және оның жұмысын ұйымдастыру
1. Аудандық (қалалық) сот:
1) заңмен басқа соттардың қарауына жатқызылған істерді қоспағанда, бастапқы саты бойынша барлық істерді қарайды;
2) сот статистикасын жүргізеді және талдайды;
3) өзіне заңмен берілген басқа өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 13-бап өзгертілді
13-бап. Аудандық (қалалық) соттың төрағасы, сот учаскесінің аға судьясы
1. Аудандық (қалалық) соттың төрағасы судья болып табылады және соттың жұмысын ұйымдастырады.
2. Аудандық (қалалық) соттың төрағасы:
1) судьялардың арасында істерді бөледі және судьяларға басқа да міндеттерді жүктейді;
2) бастапқы саты бойынша істерді қарайды;
3) жеке қабылдау жүргізеді, азаматтарды қабылдау және ұсыныстарды, арыздар мен шағымдарды қарау жөніндегі сот жұмысын ұйымдастырады;
4) сот статистикасын жүргізу мен талдауды ұйымдастырады;
5) сот практикасын зерделеуді ұйымдастырады;
6) сот аппаратының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, олардың жұмысын ұйымдастырады және бақылайды;
7) судьялар мен сот аппараты қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
8) бұйрықтар мен өкімдер шығарады;
9) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Сот учаскесінің аға судьясы судья болып табылады және осы баптың 2-тармағының 4),5),7) және 8) тармақшаларында, сондай-ақ 6) тармақшасында (сот аппаратының қызметкерлерін қызметке тағайындау және қызметтен босату бөлігінде) аталған өкілеттікті қоспағанда, аудандық (қалалық) соттардың құқықтарына ие болады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 14-бап толықтырылды және өзгертілді
14-бап. Уақытша орнында болмаған аудандық (қалалық) сот төрағасының, сот учаскесінің аға судьясының
немесе судьясының міндетін атқару
1. Аудандық (қалалық) соттың төрағасы сот учаскесінің аға судьясы уақытша орнында болмаған жағдайда олардың міндеттерін атқару төрағаның бұйрығымен осы соттың судьяларының біріне жүктеледі.
2. Аудандық (қалалық) соттың судьясы уақытша орнында болмаған жағдайда әділет басқармасы оның міндеттерін атқаруды басқа аудандық (қалалық) сот судьяларының біріне жүктеуі мүмкін.
II Тарау. Облыстық және оларға теңестірілген соттар
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 15-бап толықтырылды және өзгертілді
15-бап. Облыстық және оларға теңестірілген соттарды құру
1. Облыстық және оларға теңестірілген соттарды Әділет министрінің ұсынуымен әрбір облыста және тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністе Республика Президенті құрады және таратады.
2. Облыстық және оларға теңестірілген соттар судьяларының жалпы санын Әділет министрінің ұсынуымен Республика Президенті белгілейді.
3. Әрбір облыстық және оларға теңестірілген соттар үшін судьялардың санын тиісті сот төрағасының ұсынуымен Әділет министрі
белгілейді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 16-бап толықтырылды және өзгертілді
16-бап. Облыстық және оған теңестірілген соттың құрамы
1. Облыстық және оған теңестірілген сот төрағадан, сот алқаларының төрағаларынан және тұрақты судьялардан тұрады.
2. Облыстық және оған теңестірілген сот органдары:
1) сот төралқасы;
2) азаматтық істер жөнінде сот алқасы;
3) шаруашылық істері жөніндегі сот алқасы;
4) қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы болып табылады.
17-бап. Облыстық және оған теңестірілген соттың
өкілеттіктері
Облыстық және оған теңестірілген сот:
1) бастапқы сатылы сот ретінде өз өкілеттіктері шегінде шағым (кассация), қадағалау ретімен және жаңадан анықталған жағдаяттар бойынша істерді қарайды;
2) аудандық (қалалық) соттарға сот қадағалауын жүзеге асырады;
3) сот статистикасын жүргізеді және талдайды, сот практикасын зерделеп, қорытады;
4) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 18-бап толықтырылды және өзгертілді
18-бап. Облыстық және оған теңестірілген соттың төралқасы
Облыстық және оған теңестірілген соттың төралқасы соттың төрағасынан және жыл сайын облыстық соттың құрамы сот мүшелерінің жалпы санынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайлайтын төрт тұрақты судьядан тұрады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 19-бап толықтырылды және өзгертілді
19-бап. Облыстық және оған теңестірілген сот
төралқасының өкілеттіктері
Облыстық және оған теңестірілген сот төралқасы:
1) істі өз құзыретінің шегінде қадағалау тәртібімен және іс жүргізу заңдарында белгіленген тәртіппен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарайды;
2) алқалардың қызметі туралы сот алқалары төрағаларының есептерін тыңдайды, сот аппаратының мәселелерін қарайды;
3) сот практикасын зерделеу мен сот статистикасын талдау материалдарын, аудандық (қалалық) соттардың олардың сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды;
4) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
20-бап. Облыстық және оған теңестірілген сот
төралқасының жұмыс тәртібі
1. Облыстық және оған теңестірілген сот төралқасының отырыстары оның мүшелерінің жартысынан астамы бар болса құқылы.
2. Төралқа қаулыларына төрағалық етуші қол қояды.
3. Облыстық және оған теңестірілген сот төралқасының жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі оның өзі қабылдаған регламентпен белгіленеді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 21-бап толықтырылды және өзгертілді
21-бап. Облыстық және оған теңестірілген сот алқалары
1. Облыстық және оған теңестірілген сот сот алқалары өз өкілеттіктері шегінде бастапқы сатылы соттар ретінде шағым (кассация) тәртібімен және жаңадан анықталған жағдаяттар бойынша істерді қарайды, сондай-ақ оларға заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Облыстық және оған теңестірілген соттың азаматтық, шаруашылық және қылмыстық істер жөніндегі сот алқаларының құрамын тиісті соттың судьялары арасынан сот төрағасы бекітеді.
3. Облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы қажетті жағдайларда бір сот алқасының судьяларын басқа сот алқасының құрамында істерді қарау үшін тартуға хақылы.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 22-бап толықтырылды және өзгертілді
22-бап. Облыстық және оған теңестірілген
соттың төрағасы
1. Облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы судья болып табылады және соттың жұмысын ұйымдастырады.
2. Облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы:
1) сот төралқасын шақырады және оның отырыстарында төрағалық етеді;
2) алқалардың сот отырыстарында төрағалық етеді және бастапқы саты бойынша істерді қарайды;
3) заңда белгіленген шектерде және тәртіппен сот қаулыларына наразылықтар енгізеді;
4) заңда белгіленген реттерде және тәртіппен азаматтық, шаруашылық және әкімшілік істері жөніндегі шешімдер мен ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұруға хақылы;
5) облыстық және оған теңестірілген сот алқалары сот төрағаларының лауазымдарына және судьялыққа кандидаттарды іріктеп алуға және оларды Әділет министрлігіне ұсынуға қатысады;
6) алқалардың құрамын бекітеді және оның сот қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, алқалар төрағаларының арасында міндеттерді бөледі;
7) сот алқасы төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның міндеттерін атқаруды сот мүшелерінің біріне жүктейді;
8) сот статистикасын жүргізу мен талдауды, сот практикасын зерделеуді ұйымдастырады;
9) сот кадрларының біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
10) Әділет министріне сот аппаратының құрылымы мен штатын ұсынады, аппараттың қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, олардың жұмысын ұйымдастырып, бақылайды;
11) ұсыныстарды, арыздар мен шағымдарды қарау жөніндегі сот жұмысын ұйымдастырады, азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;
12) бұйрықтар мен өкімдер шығарады;
13) белгіленген тәртіппен өздігінен сот алқаларының төрағалары және облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьялары жөнінде немесе әділет басқармасының бастығымен бірлесе отырып, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, сот учаскелерінің аға судьялары жөніндегі оларға біліктілік сыныптарын беру және олардан айыру туралы ұсыныс енгізеді;
14) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Облыстық және оған теңестірілген сот төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның міндеттерін төрағаның бұйрығымен сот алқасының төрағаларының бірі атқарады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 23-бап өзгертілді
23-бап. Облыстық және оған теңестірілген соттардың
сот алқасының төрағасы
1. Облыстық және оған теңестірілген соттардың сот алқасының төрағасы судья болып табылады және алқаның жұмысын ұйымдастырады.
2. Облыстық және оған теңестірілген соттардың сот алқасының төрағасы:
1) алқаның отырыстарында төрағалық етеді әрі істер жайында баяндайды немесе бұл үшін судьяларды тағайындайды;
2) сот отырыстарында істерді қарау үшін құрамдарды жасақтайды;
3) бастапқы саты бойынша істерді қарайды;
4) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;
5) төралқаға алқаның сот алқасының қызметі туралы есепті табыс етеді;
6) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Сот алқасының төрағасы орнында болмаған жағдайда сот төрағасы оның міндеттерін атқаруды осы алқаның судьяларының біріне жүктейді.
III Тарау. Әскери соттар
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 24-бап толықтырылды
24-бап. Әскери соттарды құру
1. Республика аумағында Қазақстан Республикасының Әскери соты, бірлестіктердің (армиялардың, құрамалардың, гарнизондардың) әскери соттары болады.
Әскери соттарды Әділет министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті құрады және таратады.
2. Әскери соттардың жалпы санын Әділет министрінің ұсынуымен Республика Президенті белгілейді.
3. Әрбір әскери сот үшін судьялар санын Әділет министрі белгілейді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 25-бап толықтырылды
25-бап. Бірлестіктің (армияның, құраманың, гарнизонның)
әскери соты және оның өкілеттіктері
1. Бірлестіктің (армияның, құраманың, гарнизонның) әскери соты әскери соттың төрағасы мен тұрақты судьялары құрамында құрылады.
2. Бірлестіктің (армияның, құраманың, гарнизонның) әскери соты:
1) заңмен оның қарауына жатқызылған істерді қарайды;
2) сот статистикасын талдайды;
3) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Бірлестіктің (армияның, құраманың, гарнизонның) әскери сотының аудандық (қалалық) сот мәртебесі болады және оған осы Жарлықтың тиісті ережелері қолданылады.
26-бап. Бірлестіктің (армияның), құраманың гарнизонның әскери сотының төрағасы
1. Бірлестіктің (армияның, құраманың, гарнизонның) төрағасы судья болып табылады және әскери соттың жұмысын ұйымдастырады.
2. Бірлестіктің (армияның, құраманың, гарнизонның) төрағасы:
1) судьялардың арасында істерді бөледі және судьяларға басқа да міндеттерді жүктейді;
2) бастапқы саты бойынша істерді қарайды;
3) жеке қабылдау жүргізеді, азаматтарды қабылдау және ұсыныстарды, арыздар мен шағымдарды қарау жөніндегі соттың жұмысын ұйымдастырады;
4) сот статистикасын жүргізу мен талдауды ұйымдастырады;
5) сот практикасын зерделеуді ұйымдастырады;
6) сот аппаратының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, олардың жұмысын ұйымдастырып, бақылайды;
7) судьялардың және сот аппараты қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
8) бұйрықтар мен өкімдер шығарады;
9) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 27-бап өзгертілді
27-бап. Республика әскерлерінің Әскери соты
және оның өкілеттіктері
1. Республика әскерлерінің Әскери соты төрағадан, сот алқаларының төрағаларынан және тұрақты судьялардан тұрады.
2. Қазақстан Республикасы әскерлерінің Әскери сотында:
1) сот төралқасы;
2) азаматтық істер жөніндегі сот алқасы;
3) қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жұмыс істейді.
3. Республика әскерлерінің Әскери соты:
1) өз өкілеттіктерінің шегінде бастапқы сатылы сот ретінде шағым (кассация), қадағалау тәртібімен және жаңадан анықталған жағдаяттар бойынша істерді қарайды;
2) бірлестіктердің (армиялардың, құрамалардың, гарнизондардың) әскери соттарына сот қадағалауын жүзеге асырады;
3) сот статистикасын жүргізеді және талдайды, сот практикасын зерделеп, қорытады;
4) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Республика әскерлері Әскери сотының облыстық сот мәртебесі болады әрі оған осы Жарлықтың тиісті ережелері қолданылады.
IV Тарау. Республиканың Жоғарғы Соты
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 28-бап өзгертілді
28-бап. Жоғарғы Соттың өкілеттіктері
1. Жоғарғы Сот төменгі соттардың қарауына жататын азаматтық, шаруашылық, қылмыстық және басқа істер жөніндегі жоғарғы сот органы болып табылады заңда көзделген іс жүргізу нысандарында олардың қызметін қадағалауды жүзеге асырады.
2. Жоғарғы Сот:
1) заңда көзделген жағдайларда бастапқы саты бойынша істерді қарайды; шағым (кассация) ретімен бастапқы саты бойынша облыстық соттарда қаралған істерді қарайды;
2) қадағалау ретімен және жаңадан анықталған жағдаяттар бойынша төменгі соттар мен Жоғарғы Сотта қаралған істерді қарайды;
3) Республика заңдарының және басқа нормативтік құқықтық актілерінің қолданылу практикасын зерделейді және қорытады, сот практикасының мәселелері жөнінде түсініктер беретін нормативтік қаулылар шығарады;
4) заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді, сот статистикасын жүргізеді және талдайды;
5) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 29-бап өзгертілді
1. Жоғарғы сот судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуымен Республика Президенті белгілейді.
2. Жоғарғы Сот Төрағадан, сот алқаларының төрағалары мен тұрақты судьялардан тұрады.
3. Жоғарғы соттың органдары:
1) пленум;
2) төралқа;
3) азаматтық істер жөніндегі сот алқасы;
4) шаруашылық істер жөніндегі сот алқасы;
5) қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы;
6) әскери сот алқа болып табылады.
4. Жоғарғы Соттың жанынан ғылыми-консультативтік кеңес құрылады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Жоғарғы Соттың Пленумы
Жоғарғы Соттың Пленумы Төрағаның, сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот судьяларының құрамында жұмыс істейді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 31 бап толықтырылды және өзгертілді
31-бап. Жоғарғы Сот пленумының өкілеттіктері
Жоғарғы Соттың пленумы:
1) соттардың заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдану практикасын зерделеу және талдау материалдарын қарайды және сот практикасының мәселелері жөнінде түсініктер беретін нормативтік қаулылар шығарады;
2) Республика Конституциясына сәйкес Президентке мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың негізділігі жөнінде қорытынды береді;
3) сот статистикасын талдау материалдарын қарайды;
4) Жоғарғы Сот Төрағасының, Жоғарғы Сот пленумы хатшысының ұсыныстарымен ғылыми-консультативтік кеңестің құрамын сайлайды;
5) Жоғарғы Соттың тәртіптік алқасының мүшелерін сайлайды;
6) Жоғары Сот төралқасының мүшелерін сайлайды;
7) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
32-бап. Жоғарғы Сот пленумының жұмыс тәртібі
1. Жоғарғы Соттың пленумы жылына кемінде екі рет шақырылады. Жоғарғы Сот пленумының жұмыс тәртібі оның өзі бекіткен регламентпен белгіленеді.
2. Жоғарғы Сот Пленумының отырыстары оның құрамының кемінде үштен екісі бар болса құқылы болып саналады. Пленумның қаулысы дауыс беруге қатысқан Пленум мүшелерінің көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
3. Пленумның жұмысына Республика Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Бас Прокуроры мен Әділет министрі қатысады.
4. Бас Прокурор мен Әділет министрі сот практикасының мәселелері жөнінде түсініктер беру туралы ұсыныстар енгізуге хақылы.
5. Пленумның қаулысына Жоғарғы Соттың Төрағасы мен пленумның хатшысы қол қояды.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 33 бап толықтырылды және өзгертілді
33-бап. Жоғарғы Соттың Төралқасы
1. Жоғарғы Соттың Төралқасы Жоғарғы Соттың Төрағасынан, жыл сайын пленум мүшелерінің жалпы санынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын сегіз тұрақты судьядан тұрады.
2. Төралқаның отырыстары айына кемінде бір рет өткізіледі.
3. Төралқаның отырыстары оның құрамының жартысынан астамы бар болса құқылы болып саналады. Төралқаның қаулысы ашық дауыс беру арқылы дауыс беруге қатысқан Төралқа мүшелері дауысының көпшілігімен қабылданады және төрағалық етушінің қолы қойылады.
4. Төралқаның жұмыс тәртібі оның өзі қабылдаған регламентпен белгіленеді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 34бап толықтырылды және өзгертілді
34-бап. Жоғарғы Сот төралқасының өкілеттіктері
Жоғарғы Соттың төралқасы:
1) істерді қадағалау тәртібімен және іс жүргізу заңдарында белгіленген тәртіппен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарайды;
2) сот практикасын зерделеу мен қорыту және сот статистикасын талдау материалдарын, төменгі соттар мен Жоғарғы Сот алқалары сот төрелігін жүзеге асырған кезде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды;
3) сот алқалары төрағаларының хабарламалары мен есептерін тыңдайды, Жоғарғы Сот алқалары мен аппаратын ұйымдастыру мәселелерін қарайды;
4) Төралқа жұмысының регламентін қабылдайды;
5) Жоғарғы Сот аппараты жұмысының регламентін бекітеді;
6) заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 35-бап толықтырылды және өзгертілді
35-бап. Жоғарғы Сот сот алқалары
1. Жоғарғы Соттың сот алқалары бастапқы саты бойынша, шағым (кассация), сондай-ақ қадағалау ретімен және жаңадан анықталған жағдаяттар бойынша сот істерін қарайды.
2. Сот алқалары сот практикасының мәселелері бойынша Жоғарғы Сот пленумының түсініктер беруі үшін Жоғарғы Соттың Төрағасына ұсыныстар мен материалдар енгізеді.
3. Азаматтық, шаруашылық және қылмыстық істер жөніндегі сот алқаларының құрамдарын Жоғарғы Сот судьяларының арасынан Жоғарғы Соттың Төрағасы бекітеді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 36-бап толықтырылды және өзгертілді
36-бап. Жоғарғы Соттың төрағасы
1. Жоғарғы Соттың Төрағасы судья болып табылады және Жоғарғы Соттың жұмысын ұйымдастырады.
2. Жоғарғы Соттың Төрағасы:
1) істерді талап етіп алады және сот қаулыларына наразылықтар енгізеді;
2) заңда белгіленген жағдайларда сот қаулыларының орындалуын тоқтата тұрады;
3) осы Жарлықтың 52-бабының 1-тармағының 2)-тармақшаларына сәйкес Әділет министріне ұсыныстар енгізеді;
4) сот алқаларының сот практикасын зерделеу, сот статистикасын талдау жөніндегі жұмысын үйлестіреді және сот практикасының мәселелері жөнінде түсініктер беру және нормативтік қаулылар қабылдау үшін Жоғарғы Соттың төралқасы мен пленумының қарауына материалдар енгізеді;
5) Жоғарғы Соттың пленумын және төралқасын шақырады және олардың отырыстарында төрағалық етеді;
6) Республиканың Жоғарғы Сот Кеңесіне Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен судьялары лауазымдарына кандидаттар ұсынуды жүзеге асырады;
7) алқалар төрағаларының арасында міндеттерді бөледі, қажет болған жағдайларда бір сот алқасының судьяларын басқа алқаның құрамында іс қарау үшін тартуға құқылы;
8) Жоғарғы Соттың сот алқалары мен аппаратының жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады;
9) төралқа мен пленумға олардың жұмыс регламентін, пленум хатшысының, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелерінің кандидатураларын бекітуге ұсынады;
10) аппарат қызметкерлерін жұмысқа қабылдауды және шығаруды жүзеге асырады;
11) жеке қабылдау жүргізеді және азаматтарды қабылдау және ұсыныстарды, арыздар мен шағымдарды қарау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
12) бұйрықтар мен өкімдер шығарады;
13) белгіленген тәртіппен Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына жоғары біліктілік сыныбын беру, одан айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс енгізеді, сондай-ақ заңдарға сәйкес дербес немесе Әділет министрімен бірлесе отырып, судьяларға біліктілік сыныптарын беру және олардан айыру мәселелерін шешеді;
14) Жоғарғы Сот аппаратының құрылымы мен штаттарын оны ұстауға бөлінген қаражат шегінде бекітеді;
15) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Жоғарғы соттың Төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда Төрағаның бұйрығымен оның міндетін сот алқасы төрағаларының бірі атқарады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 37-бап толықтырылды және өзгертілді
37-бап. Жоғарғы Сот сот алқасының төрағасы
1. Жоғарғы Сот сот алқасының Төрағасы судья болып табылады және сот алқасының жұмысын ұйымдастырады.
2. Жоғарғы Соттың сот алқасының Төрағасы:
1)
2) қадағалау ретімен тексеру үшін, сондай-ақ сот практикасын зерделеу және қорыту үшін істерді талап етіп алады;
3) сот алқасының қарауына жататын істер бойынша облыстық және оларға теңестірілген соттардың төралқаларына сот қаулыларына наразылықтар енгізеді және заңда белгіленген жағдайларда олардың орындалуын тоқтата тұрады;
4) сот алқасының қарауына жататын істер бойынша Жоғарғы Соттың сот алқасына, төралқасына наразылық беру туралы Жоғарғы Соттың Төрағасына ұсыныстар енгізеді;
5) алқалардың сот отырыстарында төрағалық етеді;
6) сот статистикасын жүргізу, сот практикасын зерделеу, Жоғарғы Соттың пленумында не төралқасында қарау үшін материалдар даярлау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
7) сот алқасының қызметі туралы төралқаға есеп табыс етеді;
8) судьялардың және сот алқасының басқа да қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
9) міндеттердің бөлінуіне сәйкес Жоғарғы Сот аппараты құрылымдық бөлімшелерінің жұмысына басшылықты жүзеге асырады;
10) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;
11) өзіне заңмен берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Сот алқасының төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттерін атқаруды Жоғарғы Соттың Төрағасы басқа сот алқалары төрағаларының біреуіне немесе Жоғарғы Соттың судьяларына жүктейді.
II Бөлім. Судьялардың мәртебесі
І Тарау. Судьялардың құқықтық жағдайы
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 38-бап толықтырылды және өзгертілді
38-бап. Судья - сот билігін атқарушы
1. Судья Республикадағы сот билігін атқарушы болып табылады. Оған конституциялық тәртіппен сот төрелігін жүзеге асыру және өзінің міндеттерін кәсіби негізде атқару құқықтары берілген.
2.
2. Судьялардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі талаптары мен өкімдері барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар,лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті.
3. Судьялардың талаптары мен өкімдерін орындамау, оларды құрметтемеу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеліп соғады.
39-бап. Судьялардың тәуелсіздігі және
ауыстырылмайтындығы
1. Сот төрелігін жүзеге асырған кезде судья тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады.
2. Ешкімнің сот төрелігін жүзеге асыруға араласуға және судьяға қандай болсын ықпал етуге хақы жоқ. Мұндай әрекеттер заң арқылы қудаланады.
3. Судья тәртіптік жауапкершілікке тартылған жағдайлардан өзге, қаралған немесе өндірістегі істердің мән-жайы жөнінде қандай да бір түсініктемелер беруге міндетті емес.
4. Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен міндеттер жүктелуге тиіс емес. Ол заңдылық пен құқық тәртібін сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгізілуге тиіс емес.
5. Соттар тұрақты судьялардан тұрады. Судьялардың өкілеттіктері тек қана заңда белгіленген негіздер бойынша доғарылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.
6. Бұқаралық ақпарат құралдарының өз хабарларында шешімдер немесе үкімдер заңды күшіне енгенге дейін сотта іс қараудың нәтижесін күнілгері ұйғаруға немесе өзге жолмен сотқа ықпал етуге хақы жоқ.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 40-бап толықтырылды және өзгертілді
40-бап. Судьяның тәуелсіздігінің кепілдігі
1. Судьяның тәуелсіздігі Конституциямен және заңдармен қорғалады әрі:
1) заңда көзделген сот төрелігін жүзеге асыру рәсімімен;
2) сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметке қандай да болмасын араласуға жауапкершілікке тартылу қаупін ескерте отырып тыйым салу арқылы;
3) сотты құрметтемегендігі үшін жауапкершілікпен;
4) судьяны тағайындаудың, өкілеттігін доғару мен тоқтата тұрудың белгіленген сайлау тәртібімен, судьяның орнынан түсу құқығымен;
5) судьяларға мемлекет есебінен олардың мәртебесіне сәйкес келетін материалдық жәрдем көрсету және оларды әлеуметтік қамсыздандыру арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Судьялар, олардың отбасыларының мүшелері мен мүлкі мемлекеттің ерекше қорғауында болады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 41-бап толықтырылды және өзгертілді
41-бап. Судьяларға ешкімнің тиіспеу құқығы
1. Судьяға ешкімнің тиісуіне жол берілмейді. Судьяны, қылмыс үстінде немесе ауыр қылмыс жасағаны үшін ұсталған жағдайларды қоспағанда, Республика Жоғарғы Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республика Президентінің келісімінсіз не Конституцияның 55-бабының 3-тармақшасында белгіленген жағдайда - Сенаттың келісімінсіз, тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгіленген әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды.
2. Судьяға қатысты тек Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қылмысты іс қозғай алады.
3. Судьяның қызметтік атыс қаруын сақтауға және өзімен алып жүруге құқығы бар.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Судьяға қойылатын талаптар
1. Судья:
1) Конституцияны және заңдарды мүлтіксіз сақтауға, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге;
2) өз міндеттерін атқару үстінде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынастарда сот төрелігінің беделіне, судьяның қадір-қасиетіне дақ түсіретін немесе оның әділеттілігі мен бейтараптығына күмән туғызуы ықтимал барлық нәрседен аулақ болуға;
3) өз қызметіне кез келген заңсыз араласу әрекеттеріне қарсы тұруға;
4) соттар кеңестерінің және жабық сот мәжілістері өткізілген кезінде алынған мәліметтердің құпиясын сақтауға міндетті.
2. Судьяның лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе басқа да шығармашылық қызметтерді қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымдардың басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды. Судьялар партияларға, кәсіби одақтарға кіруге, қандай да бір саяси партияларды қолдап немесе қарсы сөз сөйлеуге тиіс емес.
3. Судьяның лауазым атқаруының шекті мөлшері - Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес белгіленеді, оны ерекше жағдайларда Жоғарғы Соттың сот алқаларының төралқалары мен судьяларына қатысты - тиісінше Жоғарғы Соттың Төрағасы, басқа барлық судьяларға қатысты - Әділет министрі әрі кеткенде бес жылға ұзартуы мүмкін.
43-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар
1. Мінсіз абыройлы, жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс стажы бар, біліктілік емтиханын тапсырған және Әділет біліктілік алқасының кепілдемесін алған Қазақстан Республикасының азаматы аудандық (қалалық) соттың судьясы бола алады.
2. Осы баптың 1-тармағындағы талаптарға жауап беретін, заң мамандығы бойынша кемінде бес жыл стажы бар, соның ішінде, әдетте, әділет, прокуратура, анықтау және тергеу органдарында екі жыл судья болып жұмыс істеген, біліктілік емтиханын тапсырған және Жоғарғы Сот Кеңесінен кепілдеме алған азамат жоғары тұрған соттың судьясы бола алады.
3. Әскери соттың судьясы, осыған қоса, әскери қызметші де болуға тиіс.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 45-бап өзгертілді және толықтырылды
44-бап. Судьяға өкілеттіктер беру тәртібі
1. Жоғарғы Соттың Төрағасын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқаларының төрағалары мен судьяларын Республика Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынымына негізделген Республика Президентінің ұсынысымен Сенат сайлайды.
2. Облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларын, облыстық және оларға теңестірілген соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларын Республика Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынымы бойынша Республика Президенті қызметке тағайындайды.
3. Республиканың өзге соттарының төрағалары, сот учаскелерінің аға судьялары мен судьяларын Әділет біліктілік алқасының ұсынымына негізделген Әділет министрінің ұсынысымен Республика Президенті қызметке тағайындайды.
4. Жоғарғы Соттың Төрағасы, осы соттың сот алқаларының төрағалары сол соттың мүшелері арасынан қызметке бес жыл мерзімге сайланады.
Облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары, осы соттардың сот алқаларының төрағалары, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары қызметке бес жыл мерзімге тағайындалады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 45-бап өзгертілді
45-бап. Судьяның ант беруі
1. Судья лауазымына алғаш рет сайланған немесе тағайындалған адам мынадай мазмұнда ант береді:
"Өз міндеттерімді адал және абыройлы атқаруға, сот төрелігін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретіндегі борышым міндеттегендей бейтарап және әділ болуға салтанатты түрде ант етемін".
2. Жоғарғы Соттың Төрағасы, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының мәжілісінде ант береді.
Облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары Жоғарғы Соттың пленумында ант қабылдайды. Қалған судьялар судьялардың тиісті конференцияларында ант береді.
3. Судья Қазақстан Республикасының Конституциясымен ант береді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 46-бап өзгертілді
46-бап. Судьяның өкілеттігін тоқтату
1. Судьяның өкілеттігі, егер:
1) судьяны қамауға алуға немесе оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға келісім берілсе не қылмыс жасаған жерінде ұсталуына байланысты оны қамауға алу немесе ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту жағдайында;
2) судья медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларына тартылған болса немесе соттың заңды күшіне енген ұйғарымына немесе шешіміне сәйкес іс-әрекетке қабілеті шектелген болса;
3) судья заңды күшіне енген сот шешіміне сәйкес хабарсыз жоқ болып кеткен деп саналған жағдайда;
4) судья Парламенттің, жергілікті өкілетті органның депутаттығына кандидат болып тіркелген болса тоқтатыла тұрады.
2. Жоғарғы Соттың Төрағасына қатысты - Республика Президенті, судьялардың өкілеттіктерін Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты - тиісінше Жоғарғы Соттың Төрағасы, республиканың басқа барлық судьяларына қатысты - Әділет министрі тоқтата тұрады.
ҚР 1997.07.01.№ 143 Заңымен 47-бап өзгертілді және толықтырылды
47-бап. Судьяны қызметтен босату
1. Судья қызметтен тек қана:
1) өз қалауы бойынша;
2) сот ісін жүргізуге қатысуға кедергі жасайтын денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыға сәйкес;
3) атқаратын қызметіне сәйкес келмеген жағдайда немесе лауазымымен сыйыспайтын қызметпен айналысса Жоғарғы Сот Кеңесінің немесе Әділет біліктілік алқасының қорытындысы бойынша;
4) судья осы Жарлықтың 42-бабының 1-тармағында көзделген талаптарды орындамаған кезде;
5) егер оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген болса;
6) судья Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған ретте;
7) соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша іс-әрекетке қабілетсіз не қайтыс болған деп танылған ретте босатылады.
8) судьяларды басқа қызметке тағайындаған, сайлаған және мемлекеттік органдардағы басқа қызметке ауыстырған жағдайда;
9) судья қызметінде болудың шекті жасына жетуіне байланысты;
10) қайтыс болған жағдайда.
2. Судья қызметтен:
1) Жоғарғы Соттың Төрағасына, Жоғарғы Сот сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты Республика Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынымына негізделген, Республика Президентінің ұсынысы бойынша Сенаттың қаулысымен;
2) облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларына, осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты Республика Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынымына негізделген Әділет министрінің ұсынысы бойынша Республика Президентінің шешімімен;
3) басқа соттардың судьяларына қатысты Әділет біліктілік алқасының ұсынымына негізделген Әділет министрінің ұсынысы бойынша Республика Президентінің шешімімен босатылады.
ҚР 1997.07.01.№ 143 Заңымен 48-бап өзгертілді
48-бап. Судьяларды ауыстыру
Облыстық және оларға теңестірілген соттардың судьялары, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, сот учаскелерінің аға судьялары олардың келісімімен тиісінше облыстық және оларға теңестірілген соттар төрағаларының, әділет басқармалары бастықтарының ұсынуы бойынша Әділет министрінің шешімімен сол деңгейде ауыстырылуы мүмкін.
ҚР 1997.07.01.№ 143 Заңымен 49-бап өзгертілді
49-бап. Судьялыққа кандидаттар
1. Судьялыққа кандидаттарға олардың шығу тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, нәсілі мен ұлтына, жынысына, саяси көзқарастарына, діни нанымына және басқа жағдаяттарға қарамастан құқықтарының теңдігі қамтамасыз етіледі.
2. Судья болуға тілек білдірген азаматтар Әділет біліктілік алқасына тиісті өтініші мен Әділет министрлігі белгілеген басқа да материалдарды жібереді.
3. Осы Жарлықтың 43-бабының талаптарына жауап беретін, біліктілік емтиханын тапсырған және Әділет біліктілік алқасы судьялыққа ұсынған Республика азаматы Әділет министрлігінің резервіне есепке алынады.
4. Аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары, сондай-ақ сот учаскелерінің аға судьялары қызметіне ұсынылатын адамдарға материалдарды ресімдеуді және бұл материалдарды Әділет біліктілік алқасына ұсынуды Әділет министрі жүзеге асырады.
5. Облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары, осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьялары лауазымына кандидаттарға материалдарды ресімдеуді және осы материалдарды Республиканың Жоғарғы Сот Кеңесіне ұсынуды Әділет министрі жүзеге асырады.
Облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы, осы соттардың сот алқаларының төрағасы қызметіне кемінде екі балама кандидат ұсынады.
6. Республика Жоғарғы Соты сот алқаларының төрағалары мен судьялары лауазымдарына кандидаттарға арналған материалдарды Республиканың Жоғарғы Сот Кеңесіне Жоғарғы Сот Төрағасы жібереді. Жоғарғы Сот Төрағалығына кандидатқа арналған материалдарды Республика Президентінің ұсынуы бойынша Жоғарғы Сот Кеңесі қарайды.
ҚР 997.07.01. № 143 Заңымен 50-бап өзгертілді және толықтырылды
50-бап. Республиканың Жоғарғы Сот Кеңесі
1. Республиканың Жоғарғы Сот Кеңесі:
1) Жоғарғы Соттың Төрағасы, Жоғарғы Сот сот алқаларының төрағалары мен судьялары, облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары, осы соттар алқаларының төрағалары мен судьялары лауазымдарына кандидаттар іріктейді және ұсынады;
2) Жоғарғы Сот Төрағасын, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларын, облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларын, осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларын қызметтен босату туралы мәселелерді қарайды;
3) Жоғарғы Соттың тәртіптік алқасының шешіміне жасалған шағымдарды қарайды;
4) Жоғарғы Сот Төрағасының, осы соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларының, облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларының, осы соттардың сот алқалары төрағалары мен судьяларының орнынан түсуі және орнынан түсуін тоқтату туралы мәселелерді қарайды;
5) Әділет біліктілік алқасының шешімдері мен ұсынымдарына жасалған шағымдарды қарайды;
6) сот-құқықтық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі мәселелерді қарайды.
2. Республиканың Жоғарғы Сот Кеңесін Республика Президенті басқарады.
3. Жоғарғы Сот Кеңесінің құрамына мыналар кіреді:
1) Конституциялық Кеңестің Төрағасы;
2) Жоғарғы Соттың Төрағасы;
3) Бас Прокурор;
4) Әділет министрі;
5) Парламент Сенаты жіберген екі депутат;
6) алты судья (Жоғарғы Соттың екі судьясы, облыстық соттың екі судьясы, аудандық (қалалық) соттың екі судьясы);
7) Республика Президенті тағайындаған екі мүше.
4. Жоғарғы Сот Кеңесі өз мүшелерінің қатарынан Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Жоғары Сот Кеңесінің хатшысын сайлайды.
Қазақстан Республикасының Президенті болмаған жағдайда оның тапсыруымен Жоғары Сот Кеңесінің отырысында Жоғары Сот Кеңесі мүшелерінің бірі төрағалық етеді.
5. Жоғарғы Сот Кеңесінің отырыстары жылына кемінде екі рет өткізіледі және оның мүшелерінің кем дегенде үштен екісі қатысқан ретте құқылы болады.
6. Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері мен шақырылған адамдар отырыстың өткізілетін уақыты, орны мен күн тәртібі отырыс басталардан кемінде үш күн бұрын хабардар етіледі.
7.
7. Жоғарғы Сот Кеңесі қаралатын мәселелер бойынша дауыс беру жолымен оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қорытындылар және (немесе) ұсыныстар қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда отырыста төрағалық етушінің дауысы шешуші дауыс болады. Қорытындыға және (немесе) ұсынысқа Жоғары Сот Кеңесінің дауыс беруге қатысқан барлық мүшелері қол қояды.
8. Жоғарғы Сот Кеңесі өз отырысында қаралған мәселелер бойынша қорытындыларды және (немесе) ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді, Мемлекет басшысы солардың негізінде тиісті шешім қабылдайды.
9. Жоғарғы Сот Кеңесінің жұмысын материалдық-техникалық және ұйымдастыруды Республика Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
ҚР 1997.07.01.№ 143 Заңымен 51-бап өзгертілді
51-бап. Әділет біліктілік алқасы
1. Әділет біліктілік алқасы дербес, тәуелсіз мекеме болып табылады.
2. Біліктілік алқасы:
1) біліктілік емтихандарын қабылдайды, сынақтан өткізеді және балама кандидаттар болған ретте конкурстық негізде судьялыққа, кандидаттар ұсынады;
2) аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларының, сот учаскелері аға судьяларының қызметіне ұсыныстар жасайды;
3) аудандық (қалалық) соттардың төрағалары мен судьяларын қызметтен босату туралы мәселелерді қарайды;
4) аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларын, сот учаскелерінің аға судьяларының орнынан түсуі және орнынан түсуін тоқтату туралы мәселелерді қарап, ұсынымдар жасайды, Әділет министрі солардың негізінде тиісті шешім қабылдайды;
5) нотариаттық және адвокаттық қызметпен айналысуға тілек білдірген адамдардың өтініштері бойынша біліктілік емтихандарын қабылдап, ұсынымдар жасайды, Әділет министрлігі солардың негізінде тиісінше лицензиялар береді.
3. Әділет біліктілік алқасы бес жыл мерзімге құрылады.
4. Әділет біліктілік алқасының құрамына мыналар кіреді:
1) Әділет министрінің орынбасары - алқа төрағасы;
2) Парламент Мәжілісі жіберген екі депутат;
3) Бас Прокурордың орынбасары;
4) Жоғарғы Соттың Пленумы сайлаған алты судья (аудандық, (қалалық) соттың екі судьясы, облыстық соттың екі судьясы, Жоғарғы Соттың екі судьясы);
5) адвокаттар қоғамдастығы жіберген адвокат;
6) нотариустер қоғамдастығы жіберген нотариус;
7) заңгерлер қоғамдастығы жіберген екі ғалым-құқық танушы.
5. Әділет біліктілік алқасы қызметін қамтамасыз ету үшін өз құрамынан алқа төрағасының орынбасары мен хатшысын сайлайды.
6. Әділет біліктілік алқасы жылына кемінде екі рет бас қоса отырып, сессиялық жұмыс істейді және оның мүшелерінің кемінде үштен екісі бар болса құқылы.
7. Шақырылған адамдар отырыстың уақыты мен орны туралы он күн бұрын хабардар етіледі.
8. Әділет біліктілік алқасының отырысында материалдарды қарау арыз берген адамның қатысуымен жүргізіледі. Екінші рет келмей қалған жағдайда арыз қаралмайды.
9. Әділет біліктілік алқасы қаралатын мәселелер бойынша жай көпшілік дауыспен отырысқа қатысқан барлық мүшелер қол қойған хаттамалық шешімдер және (немесе) ұсынымдар қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда алқа отырысында төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.
10. Әділет біліктілік алқасының осы баптың 2-тармағының
5) тармақшасында аталғандарын қоспағанда шешімі мен ұсынымына олар жария етілгеннен кейін он күннің ішінде Республиканың Жоғарғы Сот Кеңесіне шағым жасалуы мүмкін.
11. Әділет біліктілік алқасы мен оның аппаратының жұмысын материалдық-техникалық және ұйымдық қамтамасыз етуді Әділет министрлігі жүзеге асырады.
II Тарау. Судьялардың тәртіптік жауапкершілігі
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 52-бап өзгертілді
52-бап. Тәртіптік жауапкершілік негіздері және жазаның түрлері
1. Судья:
1) сот істерін қараған кезде заңдылықты бұзғаны үшін.
Сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту, егер судья бұл ретте заңның өрескел бұзылуына жол бермеген болса, бұл шешімді шығарған немесе шығаруға қатысқан судьяның жауапты болуына әкеп соқпайды;
2) теріс қылық жасағаны үшін;
3) істі қараудың заңда белгіленген іс жүргізу мерзімдері өрескел бұзғаны үшін;
4) еңбек тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік жауапқа тартылады.
2. Соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары және сот учаскелерінің аға судьялары осы Жарлықта көзделген өздерінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
3. Судьяларға мынадай тәртіптік жазалар қолданылады:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметтен босату.
4. Әрбір тәртіп бұзушылық үшін бір ғана тәртіптік жаза беріледі.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 53-бап жаңа редакцияда
53-бап. Тәртіптік іс қозғау құқығы
Тәртіптік іс қозғауға:
1) Әділет министрінің - облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларына, осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларына, сондай-ақ сот учаскелерінің аға судьяларына қатысты осы Жарғының 52-бабының 1-тармағының 2),3) және 4) тармақшаларында және 2-тармағында көзделген негіздер бойынша; әділет басқармасы бастығының - аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларына, сот учаскелерінің аға судьяларына қатысты дәл сол негіздер бойынша;
2) Жоғарғы Соттың Төрағасының - Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты осы Жарлықтың 1-тармағында, ал сот алқалары төрағаларына қатысты - сол сияқты 52-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша; облыстық және оларға теңестірілген соттар төрағаларына, осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағаларымен судьяларына, сот учаскелерінің аға судьяларына қатысты осы Жарлықтың 52-бабының 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша;
3) облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының - осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты осы Жарлықтың 52-бабының 1-тармағында, ал сот алқаларының төрағаларына қатысты сол сияқты 2-тармағында көзделген негіздер бойынша; аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларына, сот учаскелерінің аға судьяларына қатысты осы Жарлықтың 52-бабы 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша құқығы бар.
54-бап. Тәртіптік іс қозғау және қарау мерзімі
1. Судья жөнінде тәртіптік іс қызметтік тексеру және судьяның дәлелді себептермен жұмыста болмау уақытын есептемегенде, теріс қылық жасалған күннен бастап кемінде бір айдан кешіктірілмей, бірақ теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей қозғалады.
2. Тәртіптік іс ол келіп түскен күннен бастап бір ай мерзім ішінде қаралуға тиіс.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 55-бап толықтырылды және өзгертілді
55-бап. Тәртіптік істерді қарау жөніндегі органдар
1. Жоғарғы Сот Кеңесі Жоғарғы Соттың тәртіптік алқасының шешімдеріне жасалған арыздарды қарайды.
2. Жоғарғы Сот Кеңесінің тәртіптік алқасы Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына, облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларына, осы соттардың сот алқаларының төрағаларына қатысты тәртіптік істерді, сондай-ақ облыстық және оларға теңестірілген тәртіптік алқалардың шешімдеріне шағымдарды қарайды.
Жоғарғы Соттың тәртіптік алқасы Жоғарғы Соттың пленумында екі жыл мерзімге сайланады.
3. Облыстық және оларға теңестірілген тәртіптік алқалар облыстық және оларға теңестірілген соттардың судьяларына, сондай-ақ аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларына, сот учаскелерінің аға судьяларына қатысты тәртіптік істерді қарайды.
4. Облыстық және оларға теңестірілген тәртіптік алқалар облыстар мен оларға теңестірілген әкімшілік-аумақтық бөліністер судьяларының және әскери судьялардың конференцияларында үш жыл мерзімге сайланады.
5. Тәртіптік алқалардың сандық құрамы, тәртіптік істерді қараудың, олар бойынша шешім шығарудың және оларды орындаудың тәртібі, есеп беру, ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Ережемен белгіленеді.
56-бап. Тәртіптік істер бойынша қабылданатын шешімдер
Тәртіптік іс бойынша мына шешімдердің бірі шығарылады:
1) тәртіптік жаза қолдану туралы;
2) тәртіптік іс жүргізуді тоқтату туралы;
3) судьяны қызметтен босату туралы мәселе қойып, тәртіптік іс жүргізу материалдарын істі қозғаған лауазымды адамдарға немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Бас Прокурорға жіберу туралы.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 57-бап толықтырылды және өзгертілді
57-бап. Тәртіптік жазаның қолданылу мерзімі
1. Егер судья жаза қолданылған күннен бастап бір жыл бойы жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, ол тәртіптік жазаға тартылмаған деп танылады.
2. Судьяның мінез-құлқы мінсіз болған және ол міндеттерін атқаруға адал қараған жағдайда тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткен соң ол мерзімнен бұрын алынып тасталуы мүмкін.
Тәртіптік жазаны оны белгілеген тәртіптік алқа мерзімінен бұрын алып тастауы мүмкін.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 58-бап жаңа редакцияда
58-бап. Тәртіптік алқаның шешімдеріне шағымдану
1. Облыстық және оған теңестірілген тәртіптік алқаның шешіміне өзі жөнінде шешім шығарылған судья, сондай-ақ іс қозғаған адам он күн мерзімде Жоғарғы Соттың тәртіптік алқасына шағымдануы мүмкін.
2. Жоғарғы Сот тәртіптік алқасының шешіміне өзі жөнінде шешім шығарылған судья, сондай-ақ іс қозғаған адам он күн мерзімде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесіне шағымдана алады.
III Тарау. Судьяларды материалдық және әлеуметтік
қамтамасыз ету
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 59-бап өзгертілді
59-бап. Судьяны материалдық қамтамасыз ету
1. Судьяның еңбекақысы: лауазымдық жалақыдан, біліктілік сыныбы үшін үстемеақыдан, кемітуге болмайтын, қызмет өткерген жылдары үшін үстемеақыдан, ал әскери судья үшін - әскери атағы бойынша жалақыдан да, сондай-ақ сыйақылардан тұрады. Судьяға, сондай-ақ заңдарда және басқа нормативтік құқықтық актілерде көзделген өзге де төлемдер жасалады.
2. Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларының, төменгі соттар судьяларының лауазымдық жалақыларын Республика Конституциясының 44-бабының 9-тармақшасына сәйкес Республика Президенті белгілейді.
3. Барлық соттардың судьялары арнаулы киім нысаны - мантиямен тегін қамтамасыз етіледі, оның үлгілері мен тиесілік нормаларын Республика Президенті бекітеді.
4. Қазақстан Республикасы соттардың судьяларына біліктілік сыныптары беріледі.
Судьяларға біліктілік сыныптарын беру және олардан айыру мәселелері Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Ережемен белгіленеді.
5. Қазақстан Республикасының әскери соттары мен әскери сот алқасының судьяларына Әскери қызмет өткеру туралы ереже қолданылады және олар заңдармен белгіленген үлестің барлық түрімен қамтамасыз етіледі.
6. Әскери судьяларға әскери атақтар беруді Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызметті өткеру тәртібін реттейтін заңдарға сәйкес Әділет министрі, ал жоғары әскери атақтар беруді - Әділет министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті жүргізеді.
60-бап. Қызмет өткерген жылдары үшін берілетін үстемеақылар
Судьяларға біліктілік сыныбы үшін үстемеақыларды қоса лауазымдық жалақысының жалпы мөлшеріне процент есебімен және қызмет өткерген жылдарына қарай ай сайын қызмет өткерген жылдары үшін мынадай мөлшерде: үш жылдан астам қызмет өткергені үшін - он бес, бес жылдан асса - жиырма, он жылдан асса - отыз, он бес жылдан асса - қырық, жиырма жылдан асса - елу процент үстемеақы төленеді.
61-бап. Бұрынғы жұмысты қызмет өткерген жылдарға
есептеу
Үстемеақы алуға құқық беретін қызмет өткерген жылдарына мыналар есептеледі:
1) жоғары заң білімі бар мамандар атқаруға тиіс лауазымдарда соттарда жұмыс істеген уақыт;
2) жоғары заң білімі бар мамандар атқаруға тиіс лауазымдарда әділет органдарында, мекемелерінде және адвокаттар алқалары мен нотариалдық кеңселерде жұмыс істеген уақыт;
3) төрелік сот төрешілері мен судьялары ретінде мемлекеттік төрелік органдарында жұмыс істеген уақыт;
4) Конституциялық соттың судьясы (Конституциялық Кеңес мүшесі) ретінде жұмыс істеген уақыт;
5) сыныптық шен беруді көздейтін қызметке тағайындалған күннен бастап прокуратура органдарында қызмет еткен уақыт;
6) ішкі істер, ұлттық (мемлекеттік) қауіпсіздік және Мемлекеттік тергеу комитетінің органдарында офицерлік оперативтік тергеу лауазымдарында қызмет еткен уақыт;
7) жоғары заң білімі бар мамандар атқаратын лауазымдарда заң мамандығы бойынша мемлекеттік органдарда, ұйымдарда жұмыс істеген уақыт;
8) заң мамандығы бойынша ғылыми және педагогтік жұмыс уақыты.
62-бап. Жұмыс стажын анықтау жөніндегі комиссия
1. Республиканың Жоғарғы Соты судьяларының жұмыс стажын құрамын Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы бекітетін комиссия анықтайды. Комиссияның шешімі түпкілікті болып табылады.
2. Облыстық және оларға теңестірілген соттар судьяларының жұмыс стажын құрамын тиісті соттардың төрағалары бекітетін комиссиялар анықтайды.
3. Аудандық (қалалық) соттар судьяларының жұмыс стажын құрамын әділет басқармалары бастықтарының шешімімен бекітілетін комиссиялар анықтайды.
4. Әскери соттар судьяларының жұмыс стажын құрамын Әділет министрлігінің әскери соттар басқармасының бастығы бекітетін комиссия анықтайды.
5. Осы баптың 2, 3, 4-тармақтарында көрсетілген комиссиялардың шешімдеріне шағымдарды құрамын Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітетін Орталық комиссия қарайды.
63-бап. Судьяны тағайындау, сайлау және ауыстыру кезінде
орташа еңбекақы мен жеңілдіктерді сақтау
Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда қызмет атқаратын адамдарды судья қызметіне тағайындау, сайлау кезінде, сондай-ақ судьяны ауыстыру кезінде оларға, егер қазіргі қызметі бойынша белгіленген деңгейден артатын болса, бұрынғы қызметтегі еңбекақысы мен жеңілдіктері екі жыл бойы сақталады.
64-бап. Судьялардың жыл сайынғы демалыстары
1. Республика соттарының судьяларына ұзақтығы отыз күнтізбелік күн болатын жыл сайынғы демалыс беріледі.
2. Судьяларға кезекті еңбек демалысына шыққан кезінде сауықтыру үшін айлық еңбекақысының екі мәрте мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
65-бап. Ауыстыру кезіндегі өтемақылар
Қызметі бойынша республиканың бір аймағынан екінші аймағына ауыстырылатын судьялар мен олардың отбасы мүшелеріне көшіп-қону жөніндегі шығыстары толық көлемде төленеді.
66-бап. Жол жүру жөніндегі жеңілдіктер
Қызметтік куәліктерін көрсеткен ретте судьялардың мыналарға:
1) ҚР 1999.03.12. № 348 Заңымен алынып тасталды
2) қызметтік іссапарларға жіберілген кезде - жүріп-тұру құжаттарын және қонақүйлерде орынды кезектен тыс алуға құқығы бар.
ҚР1997.04.11. № 91 Заңымен; ҚР 1999.03.12. № 348 Заңымен 67-бап өзгертілді және толықтырылды
67-бап. Тұрғын үй жеңілдіктері
1. Судьялар қызметтік тұрғын үй қорынан тұрғын алаңмен бірінші кезекте қамтамасыз етілу құқығымен пайдаланады.
2. Судьялық қызметте он күнтізбелік жылдан астам істейтін судья тұрақты тұру үшін алған қызметтік тұрғын үй-жайды өзінің қалауымен оның қалдық құны бойынша сатып ала алады.
3. Басқа тұрғын үй-жай берілмейінше судьяларды қызметтік тұрғын үй-жайлардан шығаруға болмайды.
4. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж судьяларға жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесі тегін беріледі.
5.
6.
7. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде судья қаза тапқан жағдайда қаза болған судьяның отбасының судья қаза болған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей мемлекеттік тұрғын үй қорынан заңдарда белгіленген шарттарда және тәртіппен тұрғын алаң алуға құқығы бар.
8. Судья тұратын тұрғын үй-жайда кезектен тыс тәртіппен телефон орнатылады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 68-бап өзгертілді
68-бап. Судьяларды медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз ету
1. Судьялар және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері тиісті мемлекеттік денсаулық мекемелерінде медициналық және санаторий-курорт қызметімен белгіленген тәртіп бойынша қамтамасыз етіледі.
2. Судьяларға медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеудің тәртібі мен ережелері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
ҚР 1997.04.11. № 91 Заңымен; ҚР 1997.06.17. № 128 Заңымен; ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен; ҚР 1999.03.12. № 348 Заңымен 69-бап өзгертілді және толықтырылды
69-бап. Судьяларды сақтандыру
1. Судьялар республикалық бюджет қаражаты есебінен міндетті жеке мүліктік және медициналық сақтандырылуға тиіс.
2. Судьяларды және олардың мүлкін міндетті сақтандырудың тәртібі мен ережелері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
3. Судья қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның асырауындағылар мен мұрагерлеріне соңғы атқарған қызметі бойынша он жылдық еңбекақысы мөлшерінде бір жолғы сақтандыру сомасы төленеді.
4. Судьяға қызметтік міндеттерін атқару кезінде зақымдану, жарақаттану (контузия), мертігу, ауруға шалдығу салдарынан мүгедектік белгіленген жағдайда:
1) І топтағы мүгедекке - бесжылдық еңбекақы;
2) II топтағы мүгедекке - үшжылдық еңбекақы;
3) III топтағы мүгедекке - жылдық еңбекақы мөлшерінде бір жолғы сақтандыру сомасы төленеді.
5. Егер судьяның қаза табуы (қайтыс болуы), зақымдануы, жарақаттануы (мертігуі), науқасқа шалдығуы қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес жағдаяттарға орай болғаны белгіленген тәртіппен дәлелденсе, сақтандыру сомасы төленбейді.
6. Қаза тапқан адамның отбасына немесе оның асырауындағы адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
70-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығындардың өтемақысы
Қайтыс болған немесе қаза тапқан судьяларды және судья қызметінде зейнетке шыққан зейнеткерлерді жерлеу үшін үш айлық үлес мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 71-бап өзгертілді
71-бап. Судьяның орнынан түсуі
1. Судьяның орнынан түсу нысанында қызметінен босату осы Жарлықтың 47-бабының 1-тармағының 1), 2)-тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2. Бұл ретте судьяға:
1) сот қоғамдастығының мүшесі болуы және жеке басына ешкімнің тиіспеушілігі жөніндегі кепілдіктер сақталады;
2) осы Жарлықтың 67, 69, 70-баптарында көзделген жеңілдіктер судья ретінде кемінде он бес жыл жұмыс стажы болған жағдайда сақталады;
3) судья болып жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін соңғы қызметі бойынша айлық жалақысы есебінен біржолғы шығу жәрдемақысы төленеді;
4) зейнет жасына толуы бойынша және тиісті стажы мен қызмет өткерген жылдары бар болған жағдайда судьяның қалауымен осы Жарлықтың 72-бабында көзделген шарттар негізінде зейнетақы тағайындалады.
3. Судьяның орнынан түсуі мынадай жағдайларда:
судья қызметіне тағайындалғанда;
ол қылмыс немесе сот билігінің беделін түсіретін келеңсіз әрекет жасағанда;
өз еркімен өтініш бергенде;
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылғанда;
ол қайтыс болғанда тоқтатылады.
ҚР 1997.06.17. № 128 Заңымен 72-бап жаңа редакцияда
72-бап. Судьяларды зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру
Судьяларды зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
IV Бөлім. Сот аппараты және оның қызметін
ұйымдастыру
73-бап. Сот аппараты
1. Сот аппараты төрелігін қамтамасыз ету, сот практикасын қорыту және сот статистикасын талдау, судьяларды және басқа да процеске қатысушыларды қорғау, сондай-ақ соттың басқа да функцияларын орындау жөніндегі жұмысты қамтамасыз етеді.
2. Аппарат қызметкерлерінің құқықтық жағдайы және олардың еңбегіне ақы төлеу, техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және сот органдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, тізбесін Республика Үкіметі белгілейтін адамдарды қоспағанда, "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңға сәйкес белгіленеді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 74-бап өзгертілді
74-бап. Сот аппаратының құрылымы мен штаттары
1. Аудандық (қалалық) және оған теңестірілген сот аппаратының құрылымы мен штаттарын облыстық және оған теңестірілген әділет басқармасының бастығы Республиканың Әділет министрлігі бекіткен штат саны мен еңбекақы қоры шегінде белгілейді.
2. Облыстық және оған теңестірілген сот аппаратының құрылымы мен штаттарын тиісті сот төрағасының ұсынуы бойынша Республиканың Әділет министрі белгілейді.
3. Жоғарғы Сот аппаратының құрылымы мен штаттарын оны ұстауға бөлінген қаражат шегінде Жоғарғы Соттың Төрағасы бекітеді.
V Бөлім. Қорытынды ережелер
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 75-бап толықтырылды және өзгертілді
75-бап. Соттардың қызметін ұйымдық және
материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Облыстық және оған теңестірілген соттардың, аудандық (қалалық) және оған теңестірілген соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді судьялардың тәуелсіздігі және олардың тек қана Конституция мен заңдарға бағыну принципін қатаң сақтай отырып, Республиканың Әділет министрлігі мен оның басқармалары жүзеге асырады.
2.
2. Әділет министрлігі және жергілікті жерлердегі әділет басқармалары:
1) облыстық және оларға теңестірілген соттарды, аудандық (қалалық) және оған теңестірілген соттарды ұйымдастыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді;
2) Жоғарғы Сотпен не тиісінше облыстық және басқа төменгі соттармен бірлесіп сот жұмысын жалпы және мақсатты тексеруді жүзеге асырады;
3) судьяларға жұмыс жүктеу нормативтерін анықтау және олардың нақты жұмыс көлеміне талдау жасау арқылы соттардың кадрлар жөніндегі қажеттігін анықтайды;
4) судьялыққа кандидаттарды іріктеуге байланысты осы Жарлықпен белгіленген іс-қимылдарды жүзеге асырады, сот кадрларының біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
5) осы Жарлықпен белгіленген тәртіп бойынша облыстық және оған теңестірілген соттардың, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың судьяларын ауыстыруды жүзеге асырады;
6) соттарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
7) соттарды нормативтік материалдармен қамтамасыз етеді;
8) Республиканың барлық соттарында құқықтық статистиканы жүргізу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
9) сот шешімдерін орындау жөніндегі жұмысқа басшылық жасайды;
10) судьялар мен олардың отбасы мүшелерінің тәуелсіздігін, құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүзеге асырады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 76-бап жаңа редакцияда
76-бап. Сот отырысының хатшысы
1. Азаматтық, шаруашылық және қылмыстық істерді бірінші инстанция бойынша қараған кезде сот отырысының хатшысы сот отырысының хаттамасын жүргізеді және төрағалық етушінің ұйғаруы бойынша басқа да тапсырмаларды орындайды.
2. Жоғарғы Соттың сот отырысының хатшыларын Жоғарғы Соттың Төрағасы, ал жергілікті соттарда - әділет басқармалары қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
3. Аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың сот отырыстары хатшыларының сан құрамы осы соттар судьяларының сан құрамына сәйкес болуға тиіс.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен ; 1999.11.16. № 478 Заңымен ; 2000.07.03. № 63 Заңымен 77-бап толықтырылды және өзгертілді
77-бап. Сот орындаушылары
1. Сот орындаушылары азаматтық, шаруашылық даулар жөніндегі шешімдердің, ұйғарымдардың; қаулылардың, қылмыстық істер бойынша мүлік өндіріп алуға қатысты бөлігінде үкімдердің, ұйғарымдар мен қаулылардың орындалуын, сондай-ақ заңдарда көзделген жағдайларда басқа да шешімдер мен қаулылардың атқарылуын қамтамасыз етеді.
2. Сот орындаушылары Жоғарғы Соттан басқа барлық соттар жанында болады.
Сот орындаушыларын қызметке тағайындау мен қызметтен босатуды әділет басқармасы жүзеге асырады.
Сот орындаушыларының сан құрамы судьялардың сан құрамына сәйкес болуға тиіс.
3. Соттардың шешімдерін, үкімдерін, ұйғарымдары мен қаулыларын, сондай-ақ орындауға жататын басқа да шешімдер мен қаулыларды атқаруға қатысты сот орындаушыларының ұсынатын талаптары Республика аумағында орналасқан мемлекеттік органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті.
4. Қажет болған жағдайларда Әділет министрі соттардың шешімдері мен қаулыларының бұлжытпай атқарылуын қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының қызметкерлерін немесе бөлімшелерін қатыстыру туралы Ішкі істер министріне мағлұмхат жөнелтуге хақылы.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 78-бап толықтырылды және өзгертілді
78-бап. Сот приставтары
1. Сот жасауылдары барлық соттар жанында болады.
Жоғарғы Соттың сот жасауылдарын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Әділет министрлігі, жергілікті соттарда - әділет басқармалары қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
2. Сот приставтарының құзыретіне:
1) бостандығынан айыруға байланысты емес жазалардың орындалуын бақылау;
2) орындалатын құжаттарды еріксіз атқаруда сот орындаушыларына көмек көрсету;
3) сотта іс қарау уақытында залда қоғамдық тәртіпті сақтау;
4) соттардың үйлерін, судьялар мен процеске басқа да қатысушыларды қорғау;
5) соттардың қауіпсіз қызметін қамтамасыз ететін басқа да функцияларды орындау кіреді.
3. Сот приставтарының қызметі заңмен реттеледі.
79-бап. Соттарды қаржыландыру
1. Республиканың барлық соттарын қаржыландыру жеке жазылған жолмен республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2. Соттардың бюджеті соттардың конституциялық өкілеттіктерін орындауын толық қамтамасыз етуге тиіс және оны кемітуге болмайды.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 80-бап өзгертілді
80-бап. Сот билігінің нышандары
1. Сот үйінің үстінде Республиканың Мемлекеттік туы көтеріледі, ал сот отырыстары залында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленеді және Мемлекеттік туы орнатылады.
2. Судьялар сот төрелігін мантияларда жүзеге асырады.
3. Жоғарғы Соттың Төрағасына, осы соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына Қазақстан Республикасының Президенті белгіленген үлгідегі куәліктер береді.
Облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларына, осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларына, сот учаскелерінің аға судьяларына Әділет министрі белгіленген үлгідегі куәліктер береді.
81-бап. Қазақстан Республикасы соттарының мөрі
Республиканың Жоғарғы Соты, облыстық және оларға теңестірілген соттар, аудандық (қалалық) соттар заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген, қазақ және орыс тілдерінде өз атауы жазылған мөрі болады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 82-бап жаңа редакцияда
82-бап. Баспасөз органдары
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Әділет министрлігінің өз баспасөз органдары болады.
VI Бөлім. Өтпелі ережелер
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 83-бап толықтырылды және өзгертілді
83-бап. Осы Жарлықтың күшіне енуі және қолданылуы
1. Осы Жарлық 1996 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
2. Осы Жарлықтың 71-бабының 4) тармақшасының күші "Қазақстан Республикасы Соттарының судьяларын материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 18 сәуірдегі Жарлығына сәйкес судья қызметін атқара жүріп орнынан түскен адамдарға қолданылады.
3. Осы Жарлықтың 71, 72-баптарының күші 1995 жылғы 1 қазанға дейін судья қызметінде жұмыс істеген адамдарға қолданылады.
4. Осы Жарлықтың 80-бабының 2-тармағы сот жүйесінің буындары бойынша 1996-1997 жылдар бойы кезең-кезеңімен күшіне енгізіледі.
5. 44-баптың 4-тармағының күші тиісті қызметтерге 1996 жылғы 1 қаңтардан кейін сайланған және тағайындалған адамдарға қолданылады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 84-бап толықтырылды және өзгертілді
84-бап. Осы Жарлықтың орындалуын қамтамасыз ету
1. Соттардың тұрақты судьяларын құрылуына байланысты осы Жарлық күшіне енгізілгенге дейін сайланған және тағайындалған Республиканың барлық соттарының судьялары Әділет министрі белгіленген мерзімде Әділет министрі мен Жоғарғы Сот Төрағасының бірлескен шешімімен құрылатын комиссияларымен аттестациялануға тиіс. Комиссиялардың шешімдеріне Әділет біліктілігі алқасына шағым жасалуы мүмкін.
Судьяларды аттестаттау туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
2. Комиссиялар аттестацияламаған судьялар осы Жарлықтың 47-бабының 1-тармағының 3-тармақшасында көзделген тәртіппен қызметтен босатылады.
3. Қолданылып жүрген іс жүргізу заңдары жаңа іс жүргізу кодекстері қабылданғанға дейін заң күшін сақтайды.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) "Сот приставтары туралы" заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізсін;
2) Судьялар мен олардың мүлкін міндетті сақтандыру, оларға медициналық қызмет көрсету және санаторий-курорттық емдеу тәртібі мен шарттары туралы ережені әзірлеп, қабылдасын;
3) осы жарлықтың орындалуын қамтамасыз ету үшін 1997 жылдан бастап Республиканың Жоғарғы Соты мен Әділет министрлігіне республикалық бюджет қаражаты есебінен қосымша қаржы бөлуді көздейтін болсын;
4) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы судьяларының біліктілік сыныптары туралы ережені Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тәртіптік алқасы, облыстық және оларға теңестірілген тәртіптік алқалар туралы ережені әзірлесін және оны Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне ұсынсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті