Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы
Сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу туралы
келісім
(Астана қ. 2007 жылғы 10 мамырда)
ҚР 2012 жылғы 27 қыркүйектегі № 38-V Заңымен ратификацияланды
2012 жылғы 24 қазанда күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
екі жақты сауда-экономикалық қатынастардың үдемелі дамуы қажеттілігін ескере отырып,
1992 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімнің 5-бабын басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
Қазан қаласында Қазақстан Республикасы Сауда өкілдігінің бөлімшесі және Алматы қаласында Ресей Федерациясы Сауда өкілдігінің бөлімшесі (бұдан әрі - сауда өкілдіктерінің бөлімшелері) ашылсын.
Сауда өкілдіктерінің бөлімшелері Тараптар мемлекеттерінің сауда өкілдіктерінің өздері үшін белгіленген өкілеттіктері шегінде Тараптар арасындағы сауда және экономикалық ынтымақтастықтың басқа да түрлеріне қатысты мәселелер бойынша Тараптар мемлекеттерінің мүдделерін білдіреді.
Сауда өкілдігі бөлімшесінің басшысы, оған Тарап мемлекетінің Сауда өкілі берген өкілеттіктер шегінде әрекет етеді және оның тікелей бағынысында болады.
Сауда өкілдігі бөлімшесінің басшысы, қызметкерлері, сондай-ақ әкімшілік-техникалық персоналы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналының тиісті санаттарына халықаралық құқыққа сәйкес танылатын барлық артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
Сауда өкілдігі бөлімшесінің қызметтік және тұрғын үй-жайлары, оның мүлкі және мұрағаты дипломатиялық өкілдіктердің қызметтік және тұрғын үй-жайларына, мүлкіне және мұрағатына халықаралық құқыққа сәйкес танылған иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланады.
Сауда өкілдігі бөлімшесінің штат саны Сауда өкілдігін құрған Тарап мемлекетінің барлық санаттағы қызметкерлері мен азаматтары болып табылатын 5 адамнан аспайды.
Өзаралық қағидаты негізінде және Тараптардың келісімі бойынша Сауда өкілдігі бөлімшесінің штат саны ұлғайтылуы мүмкін.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
2007 жылғы 10 мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің де күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланатын болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |