Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен
қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 15-16, 211-құжат; 1998 ж., № 16, 219-құжат; № 17-18, 225-құжат; 1999 ж., № 20, 721-құжат; № 21, 774-құжат: 2000 ж., № 6, 141-құжат; 2001 ж, № 8, 53, 54-құжаттар; 2002 ж., № 4, 32, 33-құжаттар; № 10, 106-құжат; № 17, 155-құжат; № 23-24, 192-құжат; 2003 ж., № 15, 137-құжат; № 18, 142-құжат; 2004 ж., № 5, 22-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 139-құжат; 2005 ж., № 13, 53-құжат; № 14, 58-құжат; 2005 жылғы 1 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және 2005 жылғы 26 қарашада "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2005 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 340-бап "Судьяға," деген сөзден кейін "алқабиге," деген сөзбен толықтырылсын;
2) 341-баптың бірінші бөлігіндегі "сол сияқты оның" деген сөздер "алқабиге, сол сияқты олардың" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 342-баптың екінші бөлігі "Судьяны" деген сөзден кейін "және (немесе) алқабиді" деген сөздермен толықтырылсын;
4) 343-баптың тақырыбы және бірінші бөлігі "Судьяға,", "судьяға" деген сөздерден кейін тиісінше "алқабиге", "немесе алқабиге" деген сөздермен толықтырылсын.
2. 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 23, 335-құжат; 1998 ж, № 23, 416-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 6, 141-құжат; 2001 ж., № 8, 53-құжат; № 15-16, 239-құжат; № 17-18, 245-құжат; № 21-22, 281-құжат; 2002 ж., № 4, 32, 33-құжаттар; № 17, 155-құжат; № 23-24, 192-құжат; 2003 ж., № 18, 142-құжат; 2004 ж., № 5, 22-құжат; № 23, 139-құжат; № 24, 153, 154, 156-құжаттар; 2005 ж., № 13, 53-құжат; 2005 жылғы 1 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және 2005 жылғы 26 қарашада "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2005 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 7-бап мынадай мазмұндағы 7-1) тармақпен толықтырылсын:
"7-1) алқаби - соттың қылмыстық істі осы Кодексте белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы;";
2) 25-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
"Алқаби дәлелдемелерді қаралған дәлелдемелердің жиынтығына негізделген өзінің ішкі нанымы бойынша бағалайды, бұл ретте ар-ожданды басшылыққа алады.";
3) 53-бап мынадай мазмұндағы 3-1-бөлікпен толықтырылсын:
"3-1. Егер сот алқабилердің қатысуымен қарайтын қылмыстық істің материалдарында мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтер болса, облыстық және оған теңестірілген соттың қызметін материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган төрағалық етушінің жазбаша өкімі бойынша алқабилердің мемлекеттік құпияларға қол жеткізуіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсат етуді ресімдейді.";
4) 58-баптың екінші бөлігі "үш судья құрамында" деген сөздер "- үш судья құрамында, ал айыпталушының өтініші болған кезде екі судья және тоғыз алқаби құрамында" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 73-баптың екінші бөлігі "4)," деген цифрдан кейін "5) (жазалау шарасы ретінде өлім жазасы тағайындалуы мүмкін қылмыстарды жасаған адамды айыптау кезінде)," деген сөздермен толықтырылсын;
6) 82-баптың екінші бөлігінің 1) тармағында:
"судья" деген сөзден кейін ", алқаби" деген сөзбен толықтырылсын;
"өзіне" деген сөз "өздеріне" деген сөзбен ауыстырылсын;
7) 90-баптың алтыншы бөлігінің бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
"Қарсылық білдіру - сот тергеуі басталғанға дейін, ал істі алқабилердің қатысуымен қараған жағдайда алқабилер алқасы құрылғанға дейін мәлімделуге тиіс.";
8) 98-баптың тақырыбы және бірінші бөлігі "Судьялардың,", "Судья," деген сөздерден кейін тиісінше "алқабилердің,", "алқаби," деген сөздермен толықтырылсын;
9) 291-баптың екінші бөлігі "156-бабы" деген сөздерден кейін "(екінші бөлігі)" деген сөздермен толықтырылсын;
10) мынадай мазмұндағы 13-бөліммен толықтырылсын:
"13-бөлім. Алқабилердің қатысуымен істер бойынша іс жүргізу
57-тарау. Жалпы ережелер
542-бап. Алқабилердің қатысуымен істер бойынша іс
жүргізу тәртібi
Сот алқабилердің қатысуымен қарайтын қылмыстық істер бойынша іс жүргізу осы бөлімде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
543-бап. Облыстық және оған теңестірілген сотта
алқабилердің қатысуымен соттың қарауына
жататын істер
1. Сот алқабилердің қатысуымен, осы Кодекстің 291-бабының екінші бөлігінде көрсетілген әрекеттерді есі дұрыс емес күйінде жасаған не оларды жасағаннан кейін жан күйзелісі ауруымен ауырған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қоспағанда, осы Кодекстің 291-бабының екінші бөлігінде көрсетілген қылмыстар туралы істерді қарайды.
2. Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабында көзделген қылмыстар жасаған деп айыпталып жатса, егер қылмыстардың осындай жиынтығына осы Кодекстің 291-бабының екінші бөлігінде көрсетілген қылмыстардың ең болмағанда біреуі кірсе, айыпталушының өз ісінің сотта алқабилердің қатысуымен қаралуына құқығы бар.
3. Егер іс бойынша бірнеше адам айыпталып жатса, егер олардың ең болмағанда біреуі қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш білдірсе, алқабилердің қатысуымен сотта оны қарау барлық сотталушыларға қатысты осы бөлімде көзделген ережелер бойынша жүргізіледі.
544-бап. Алқабилер қатысатын сот құрамы
Облыстық және оған теңестірілген сотта алқабилердің қатысуымен сот екі судьяның және тоғыз алқабидің құрамында әрекет етеді.
545-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу
Алқабилердің қатысуымен бүкіл сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушыға, жәбірленушіге, сотталушыға және оның қорғаушысына, сондай-ақ процестің басқа да қатысушыларына осы істі қарауға қатысушы алқабилермен белгілеген тәртіптен тыс араласуға тыйым салынады.
546-бап. Соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы
туралы өтініш
1. Осы бөлімде көзделген ережелерге сәйкес, қылмыстық сот ісін жүргізуді жүзеге асыру айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші бойынша жүргізіледі.
2. Тергеуші алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін айыпталушыға істің барлық материалдарын таныстыру кезінде оған соттың оның ісін алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш беру құқығын, сондай-ақ соттың алқабилердің қатысуымен шығарған үкіміне шағым жасау және шағымды қарау ерекшеліктерін қоса, осындай өтінішті қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсіндіруге міндетті.
3. Айыпталушы өзіне алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарланған және істің барлық материалдары танысу үшін ұсынылған кезде ғана аталған өтінішті беруге құқылы.
4. Тергеуші айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы не өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауына құқығын пайдаланудан бас тартуы туралы өтінішін айыпталушыға тергеу әрекеттері мен оның құқығын түсіндірудің аяқталғандығын хабарлау жөніндегі хаттамада көрсетуге міндетті.
5. Бұдан әрі айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші қабылданбайды.
6. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргізілгенге дейін және алдын ала тыңдау барысында өз ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы мәлімдеген өтінішінен бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтінішінен бас тартуы алдын ала тыңдау барысында өтініш расталғаннан кейін қабылданбайды.
58-тарау. Сот отырысын тағайындаудың ерекшеліктерi
547-бап. Сот отырысын соттың істі алқабилердің
қатысуымен қарауы туралы өтініш болған кезде
тағайындау
Айыпталушының істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші болған кезде судья алдын ала тыңдау жүргізеді.
548-бап. Алдын ала тыңдау жүргізудің ерекшеліктерi
1. Судья алдын ала тыңдауды міндетті түрде прокурордың, соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш білдірген сотталушының және оның қорғаушысының қатысуымен жабық сот отырысында жеке дара жүргізеді.
2. Егер іс бойынша сотталушылардың ең болмағанда біреуінің істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші болса, алдын ала тыңдау іс бойынша барлық сотталушылардың және олардың қорғаушыларының қатысуымен жүргізіледі.
3. Судья сот отырысы басталарда қай істің қарауға жататынын жариялайды, отырысқа қатысушы адамдарға өзін таныстырады, кімнің мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенін хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлімделген қарсылықтарды шешеді. Мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлігін жария етеді. Судья сотталушыға айыптаудың түсінікті болғанын-болмағанын анықтайды, қажет жағдайларда оған айыптаудың мәнін түсіндіреді және ол ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы берген өз өтінішін растайтынын-растамайтынын сұрайды.
4. Егер сотталушы ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өз өтінішін растаса, онда судья осы өтініштің қанағаттандырылғаны туралы шешім қабылдайды және мемлекеттік айыптаушы, жәбірленуші, сотталушы және оның қорғаушысы мәлімдеген басқа өтініштерді қарауға көшеді.
5. Қажет жағдайда дәлелдемелер ретінде пайдалануға болатындығын тексеру үшін іс материалдары алдын ала тыңдауда жария етілуі мүмкін.
6. Егер сотталушы ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өз өтінішін растамаса, осы Кодекстің 301-бабының бірінші бөлігінде көзделген басқа да негіздер болмаған кезде, судья алдын ала тыңдау аяқталды деп жариялайды. Істі бұдан әрі жүргізу осы Кодекстің 40-тарауында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
7. Судьяның істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы қаулысы түпкілікті болып табылады. Қаулы бұдан әрі істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауынан сотталушының бас тарту себептері бойынша қайта қаралмауға тиіс.
549-бап. Алқабилердің қатысуымен сот отырысын
тағайындау кезінде алдын ала тыңдау тәртібімен
шығарылатын шешімдердің ерекшеліктерi
1. Алдын ала тыңдау қорытындылары бойынша судья осы Кодекстің 302-307-баптарында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.
2. Судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда сот істі алқабилердің қатысуымен қарайтындығын көрсетеді және осы сот отырысына шақырылуға тиіс алқабиге кандидаттардың санын анықтайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиіс.
3. Судья алдын ала тыңдау нәтижелері бойынша, осы Кодекстің 116-бабына сәйкес, іс материалдарынан дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайды деп танылған нақты деректерді алып тастайды.
550-бап. Сот талқылауына қатысу үшін алқабиге
кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдаудың
тәртібi
1. Істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауын тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейін судья сот отырысының хатшысына, алқабилерге іріктеу үшін, осы сот отырысына саны қаулыда көрсетілген алқабиге кандидаттардың келуін қамтамасыз ету туралы өкім береді.
2. Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейін төрағалық етушінің өкімі бойынша сот отырысының хатшысы соттағы бірыңғай және қосалқы (жылдық) тізімдерден алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргізеді.
3. Бір адам алқаби ретінде сот отырыстарына жылына бір реттен артық қатыса алмайды.
4. Қылмыстық істі қарауға қатысу үшін алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау аяқталғаннан кейін, олардың тегі, аты, әкесінің аты және мекенжайы көрсетіле отырып, алдын ала тізім жасалады, оған сот отырысының хатшысы қол қояды.
5. Алдын ала тізімге енгізілген алқабиге кандидаттарға, сот талқылауы басталғанға дейін жеті тәуліктен кешіктірілмей сотқа келетін күні мен уақыты көрсетілген хабарлама тапсырылады.
6. Хабарлама алған азаматтар алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысу үшін сотқа келуге міндетті.
59-тарау. Сот талқылауына қатысу үшін алқабиге
кандидаттарды іріктеу
551-бап. Жалпы ережелер
1. Кандидаттар арасынан алқабилерді іріктеу осы Кодекстің 331-344-баптарының талаптары орындалғаннан кейін:
1) төрағалық етушінің алқабиге кандидаттарды істі қарауға қатысудан босатуы;
2) өздігінен бас тарту туралы мәселелерді шешу;
3) қарсылық білдіру туралы мәселелерді шешу;
4) алқабиге кандидаттарға дәлелсіз қарсылық білдіру арқылы жүзеге асырылады.
2. Сот отырысының хатшысы төрағалық етушіге алқабиге кандидаттардың сот отырысына келуі туралы баяндайды және алқабиге кандидаттың әрқайсысына оның тегін көрсете отырып билет жазып береді.
3. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардың алдында:
1) өзін таныстырып;
2) тараптарды таныстырып;
3) қандай іс қаралуға жататынын хабарлап;
4) алқабилердің міндеттері мен олардың осы қылмыстық істі қарауға заңға сәйкес қатысу тәртібі туралы хабарлап, қысқаша сөз сөйлейді.
4. Алқабиге кандидатты істі қарауға қатысудан босату туралы мәселені объективті шешу мақсатында төрағалық етуші алқабилерді іріктеу кезінде кандидаттарға жазбаша нысанда прокурор, жәбірленуші, айыпталушы және оның қорғаушысы ұсынған сұрақтарды, сондай-ақ өзінің қалауы бойынша, алқабилер алқасын құру үшін маңызы бар басқа да сұрақтар қоюы мүмкін.
5. Алқабиге кандидат істі қарауға қатысу үшін іріктеу кезінде төрағалық етуші қойған сұрақтарға шын жауап беруі, сондай-ақ оның талабы бойынша өзі туралы және іске қатысушы басқа адамдармен қатынастары туралы қажетті өзге де ақпараттар беруге тиіс.
6. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітетін сұрақтар қоймайды.
7. Алқабиге кандидатты істі қарауға қатысудан босатуға байланысты барлық мәселелерді, сондай-ақ өздігінен бас тартуларды және алқабиге кандидаттарға мәлімделген қарсылық білдірулерді төрағалық етуші кеңесу бөлмесіне кетпей жеке-дара шешеді.
8. Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың жиырма бесінен азы келсе не сот талқылауына қатысудан олардың кейбіреулерін босатқаннан кейін немесе төрағалық етуші судья өздігінен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейін олар он алтыдан азайып қалса, төрағалық етуші сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетіспейтін санын қосалқы тізімнен толықтыру туралы өкім етеді. Бұл жағдайда алқабиге қосалқы кандидаттарды шақыру үшін сот отырысында үзіліс жарияланады.
552-бап. Төрағалық етушінің алқабиге кандидаттарды істi
қарауға қатысудан босатуы
1. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттарға олардың осы Кодексте белгіленген міндеттерін түсіндіреді, содан кейін алқабиге кандидаттардан алқаби ретінде істі қарауға қатысуда оларға кедергі келтіретін мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
2. Төрағалық етуші:
1) қылмыс жасады деген күдіктілерді немесе айыпталушыларды;
2) сотта ілеспе аударма қамтамасыз етілмеген кезде, сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамды;
3) сот отырысына толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге ұйымдастырушылық не техникалық мүмкіндіктер болмаған кезде мылқау, саңырау, зағип және мүгедек болып табылатын басқа да адамдарды алқаби міндеттерін атқарудан босатады.
3. Төрағалық етуші судья алқабилердің ауызша немесе жазбаша өтініші бойынша:
1) алпыс бес жастан асқан адамдарды;
2) үш жасқа толмаған балалары бар әйелдерді;
3) өзінің діни нанымына байланысты сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу өзі үшін мүмкін емес деп есептеген адамдарды;
4) қызметтік міндеттерін атқарудан алаңдатылуы қоғамдық және мемлекеттік мүдделерге едәуір зиян келтіруі мүмкін адамдарды (дәрігерлер, мұғалімдер, әуежолдарының пилоттары және басқалар);
5) сот отырысына қатыспау үшін дәлелді себептері бар өзге де адамдарды алқаби міндеттерін атқарудан босата алады.
4. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардан сотта қаралатын істің мән-жайлары туралы олардың хабардарлығын анықтайды.
5. Төрағалық етуші кез келген алқабиге кандидатты осы адамға заңсыз көрсетілген ықпал ету, онда ағат пікір болуы, ол істің мән-жайын іс жүргізу көздерінен емес, басқа көздерден білуі салдарынан оның объективтілігіне негізді күмән келтірілсе, сондай-ақ алқабиге кандидаттың алқаби ретінде істі қарауға қатысуы кезінде объективті болмау мүмкіндігін көрсететін басқа да себептермен іс бойынша алқабидің міндеттерін атқарудан босатады.
553-бап. Алқабиге кандидаттардың өздігінен бас тартуы
туралы мәселелерді шешу
Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардың қайсы бірін істі қарауға қатысудан босату үшін заңда көзделген себептердің бар-жоғы туралы сұрайды. Келген алқабиге кандидаттардың әрқайсысы оның алқаби міндеттерін орындауына кедергі келтіретін дәлелді себептерді көрсетуге, сондай-ақ өздігінен бас тартуын мәлімдеуге құқылы.
554-бап. Алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру туралы
мәселелерді шешу
Алқабиге кандидаттардың әрқайсысына, егер:
1) алқабиге кандидат осы іс бойынша жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретінде шақырылса не шақырылуы мүмкін болса;
2) алқабиге кандидат осы қылмыстық іс бойынша сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеуші, прокурор, қорғаушы, айыпталушының заңды өкілі, жәбірленушінің өкілі, азаматтық талапкер немесе азаматтық жауапкер ретінде іс жүргізуге қатысса;
3) алқабиге кандидат жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің немесе олардың өкілдерінің, айыпталушының немесе оның заңды өкілінің, прокурордың, қорғаушының, тергеушінің немесе анықтаушының туысы немесе жекжаты (аға-інісі, апа-қарындасы, ата-анасы және ерлі-зайыптылардың баласы) болып табылса;
4) алқабиге кандидат осы іске жеке, тікелей немесе жанама мүдделі деп санауға негіз беретін өзге де мән-жайлар болса, прокурордың, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің, сотталушының және оның қорғаушысының қарсылығы мәлімделуге тиіс.
555-бап. Алқабиге кандидаттарға дәлелсіз қарсылық
білдіру
1. Егер осы Кодекстің 554-бабының талаптарын орындау нәтижесінде сот отырысына қатысу үшін алқабиге кандидаттардың он алтыдан астамы қалса, төрағалық етуші қалған алқабиге кандидаттардың санын жариялайды, бұдан кейін олардың тегі көрсетілген билеттерді жәшікке салады, билеттерді араластырады және жәшікте он алты билет қалу үшін одан қанша қажет болса сонша билетті алады.
2. Осы баптың бірінші бөлігіндегі талаптарды орындағаннан кейін төрағалық етуші мемлекеттік айыптаушы, сондай-ақ сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы дәлелсіз қарсылықты жүргізу үшін қалған, алқабиге кандидаттардың тегі көрсетілген он алты билетті береді, нәтижесінде алқабиге он бір кандидат қалуға тиіс.
3. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы төрағалық етуші арқылы алқабиге кандидаттардың кейбіреуінің өзін таныстыруын сұрауға құқылы.
4. Егер іске бір сотталушы қатысса, дәлелсіз қарсылық білдіруді алқабиге екі кандидатқа - мемлекеттік айыптаушы, содан кейін алқабиге үш кандидатқа сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы көрсетілген кезектілікпен жүргізеді.
5. Егер іске бірнеше сотталушы қатысса, мемлекеттік айыптаушы әрі кеткенде алқабиге екі кандидатқа қарсылық білдіруге құқылы. Бұл ретте, алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру - сотталушылардың өзара келісімі бойынша, ал, осындай келісім болмаған жағдайда, егер мүмкін болса, қарсылық білдірілетін алқабиге кандидаттардың санын олардың арасында тең бөлу арқылы жүргізіледі.
6. Осы баптың бесінші бөлігіндегі талаптарды орындау мүмкін болмаған жағдайда бірнеше сотталушының алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруі барлық сотталушының тегі көрсетілген билеттерді жәшікке салып, жеребе тастау арқылы жүргізілуге тиіс. Жеребе тастау қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың санына тең санда жүргізіледі. Төрағалық етуші сотталушының тегі көрсетілген билетті жәшіктен неше рет алса, сотталушы алқабиге кандидаттарға сонша рет қарсылық білдіруге құқылы.
7. Сотталушылардың кейбірінің алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартуы басқа сотталушылардың алқабиге кандидаттардың кемінде он бірі қалғанға дейін оларға қарсылық білдіру құқықтарына қандай да бір шек қоюға әкеп соқпайды.
8. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы немесе оның қорғаушысы алқабиге кандидаттардың тегі көрсетілген билеттерге дәлелдерін көрсетпей-ақ, қолдары қойылған "қарсылық білдіру" деген жазу арқылы алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруі мүмкін.
9. Сотталушы өзінің қорғаушысына алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығын жүзеге асыруды тапсыруға құқылы. Егер сотталушы өзінің алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартса, онда қорғаушы оның келісімінсіз алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруге өз бетінше қатысуға құқылы емес.
10. Сотталушы немесе, егер іске бірнеше сотталушы қатысса, барлық сотталушы өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан жағдайда алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру жеребе тастау арқылы жүргізіледі, оның барысында төрағалық етуші не сот отырысының хатшысы қанша алқабиге кандидатқа қарсылық білдірілуі мүмкін болса, сонша қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың тегі көрсетілген билеттерді жәшіктен алып тастайды.
11. Тараптар дәлелсіз қарсылық білдірген алқабиге кандидаттардың тегі көрсетіле отырып, билеттер істің материалдарына тігіледі.
556-бап. Жеребе тастау арқылы алқабилер алқасын құру
1. Сотта істі қарайтын алқабилер алқасы негізгі құрамның (алқабилер алқасының құрамын құрайтын) тоғыз және екі қосалқы алқаби құрамында жеребе тастау арқылы құрылады.
2. Алқабилер алқасын құру үшін төрағалық етуші қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың тегін көрсете отырып, билеттерді жәшікке салады, оларды араластырады және бір-бірлеп он бір билетті алады, әр алған сайын билетте көрсетілген алқабиге кандидаттың тегін жариялайды. Егер жәшіктен алынған және қалған билеттер қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың жалпы санын құраса, сондай-ақ, егер алқабилер алқасын құрудың дұрыстығына әсер ететін қандай да бір бұзушылыққа жол берілмесе, онда алқабилер алқасы құрылды деп танылады. Бұл ретте, жеребе тастау арқылы іріктелген алғашқы тоғыз алқаби - негізгі құрамның алқабиі, ал соңғы екеуі қосалқы алқаби деп есептеледі.
3. Қарсылық білдіру туралы мәселені шешу кезінде немесе алқабилер алқасын құру кезінде оның құрылуының дұрыстығына әсер еткен қандай да бір бұзушылыққа жол берілсе, сондай-ақ бір немесе одан да көп алқабиге мемлекеттік құпияға рұқсат етуден бас тартылған жағдайда, төрағалық етуші алқабилер алқасының құрылуын жарамсыз немесе ол құрылған жоқ деп жариялайды және алқабиге кандидаттарға толық көлемінде қайта іріктеy жүргізеді.
4. Сот отырысының хатшысы жеребе тастау арқылы іріктелген он бір алқабидің тегін жәшіктен билеттер қалай алынса, сол тәртіппен сот отырысының хаттамасына енгізеді. Жеребе тастау арқылы іріктелген алқабилердің тегі көрсетіле отырып, билеттер іс материалдарына тігіледі.
557-бап. Алқабилердің сот талқылауына қатысуының жалпы
шарттары
1. Алқабилер алқасын құру аяқталғаннан кейін төрағалық етуші алқабилердің негізгі құрамына, жеребе тастау арқылы анықталған тәртіпке сәйкес, оларға бөлінген алқабилер орындығынан орын алуды ұсынады. Алқабилердің орындығы сот отырысы залында қатысып отырғандардан бөлек болуы және әдетте сотталушылар орындығына қарама-қарсы орналасуға тиіс. Қосалқы екі алқаби олар үшін арнайы бөлінген алқаби орындығына орналасады.
2. Алқабилер және қосалқы алқабилер, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сот отырысының залында сот талқылауы кезінде тұрақты қатысады.
3. Егер сот талқылауы барысында, бірақ алқабилер мен судьялар шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін, алқабилердің біреуінің сот отырысына одан әрі қатыса алмайтындығы немесе төрағалық етуші оны сот отырысына қатысудан шеттеткені анықталса, онда ол қосалқы алқабилердің тегі көрсетілген билет жәшіктен қандай тәртіппен алынса, сол тәртіппен қосалқы алқабимен ауыстырылады. Егер шығып қалған алқабилерді қосалқы алқабилермен ауыстыру мүмкіндігі таусылған болса, төрағалық етуші өткен сот талқылауын жарамсыз деп жариялайды және сот талқылауын, осы Кодекстің 550-бабына сәйкес, алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңіне қайтарады.
4. Егер алқабилердің біреуінің сот отырысына қатысу мүмкіндігінің жоқтығы кеңесу бөлмесіне кеткеннен кейін анықталса, онда судьялар мен алқабилер сот отырысы залына кіріп, алқабиді ауыстыруға және қайтадан кеңесу бөлмесіне кетуге тиіс.
5. Кез келген алқаби, осы Кодекстің 559-бабының төртінші бөлігімен белгіленген шектеулерді сақтамаған жағдайда, істі қараудың кез келген кезеңінде іске одан әрі қатысудан шеттетілуі мүмкін.
6. Алқабиді шеттетуді тараптардың қатысуымен төрағалық етуші жүзеге асырады, бұл туралы сот отырысының хаттамасында жазба жасалады.
558-бап. Алқабилердің ант қабылдауы
1. Алқабилер алқасы құрылып болғаннан кейін төрағалық етуші немесе сот отырысының хатшысы сот отырысының залында қатысып отырғандардың барлығына орындарынан тұруды ұсынады. Төрағалық етуші алқабилерге ант қабылдау ұсынысымен өтініш жасайды.
2. Алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен іріктеліп алынған адам мынадай мазмұнда ант қабылдайды: "Алқабидің міндеттерін атқаруға кірісе отырып, өз міндеттерімді адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелерді, дәлелдерді, істің мән-жайын назарыма алуға, ерікті азамат және әділ адам ретінде істі өзімнің ішкі нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемін".
3. Алқаби "Ант етемін" деген сөздерді айтумен антты қабылдауын растайды.
4. Алқабилердің ант қабылдағаны туралы сот отырысының хаттамасына жазба жасалады.
60-тарау. Алқабилердің қатысуымен соттың істі талқылау
ерекшеліктерi
559-бап. Алқабилердің құқықтары, міндеттері және істi
қарауға байланысты іс-әрекеттеріндегi
шектеулер
1. Төрағалық етуші алқабилерге олардың құқықтарын, міндеттерін және істі қарауға байланысты іс-әрекеттеріне шектеулерді түсіндіреді, сондай-ақ міндеттерді бұзу және шектеулерді сақтамаудың салдарлары туралы ескертеді.
2. Алқаби:
1) өзінің ішкі нанымы бойынша істің мән-жайын өз бетінше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік алу үшін сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатысуға;
2) процеске қатысушыларға төрағалық етуші арқылы сұрақтар қоюға;
3) заттай дәлелдемелерді, құжаттарды тексеріп қарауға, жерді және үй-жайларды тексеріп қарау ісіне, сот тергеуіндегі барлық басқа да іс-әрекеттерге қатысуға;
4) төрағалық етушіге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етілген құжаттардың мазмұнын және іске қатысты, өзіне түсініксіз басқа да мәселелерді түсіндіруді сұрап өтініш жасауға;
5) сот отырысы кезінде жазбалар жасауға құқылы.
3. Алқаби:
1) сот отырысында тәртіп сақтауға және төрағалық етушінің заңды өкімдеріне бағынуға;
2) алқабидің міндеттерін атқару үшін, сондай-ақ, егер сот отырысында үзіліс жарияланған немесе істі тыңдау кейінге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келуге;
3) сотқа келуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, төрағалық етушіге келмеудің себептері туралы алдын ала хабарлауға міндетті.
4. Алқаби:
1) істі тыңдау кезінде сот отырысының залынан кетуге;
2) істі тыңдау кезінде сот құрамына кірмейтін адамдармен төрағалық етушінің рұқсатынсыз іс бойынша сөйлесуге;
3) істі қарау барысында мәліметтерді сот отырысынан тыс жинауға;
4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесінің құпиясын бұзуға құқылы емес.
5. Алқабидің өз міндеттерін атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулерді сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттету мүмкіндігіне әкеп соғады.
560-бап. Алқабилер қатысатын соттың құзыретi
1. Алқабилердің қатысуымен соттың істі талқылауы кезінде осы Кодекстің 371-бабы бірінші бөлігінің 1)-8), 14) тармақтарында көзделген мәселелер шешіледі.
2. Егер сот талқылауы барысында осы Кодекстің 116-бабына сәйкес дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол берілмейтін іс жүзіндегі деректер анықталатын болса, төрағалық етуші оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы мәселені шешуге, ал мұндай дәлелдемелер зерттелген жағдайда олардың заңды күші жоқ деп тануға, ал оларға жасалған зерттеулерді жарамсыз деп тануға міндетті.
3. Тараптар төрағалық етушінің рұқсатынсыз алқабилер қатысатын сотта істің талқылануынан алып тасталған дәлелдемелердің бар екені туралы еске салуға, өздерінің ұстанымдарына негіздеме үшін оларға сілтеме жасауға құқылы емес. Судьялар алқабилерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол берілмейтін іс жүзіндегі деректермен таныстыруға тиіс емес.
561-бап. Алқабилер қатысатын сотта істің қысқартылуы
Төрағалық етуші істі соттың алқабилердің қатысуымен талқылауының кез келген кезеңінде, егер сот талқылауы кезінде осы Кодекстің 37-бабының бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар анықталса, сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы осы Кодекстің 317-бабының жетінші бөлігіне сәйкес айыптаудан бас тартқан кезде қысқартады.
562-бап. Алқабилер қатысатын сотта сот тергеуінің
ерекшеліктерi
1. Алқабилер қатысатын соттың сот тергеуі осы Кодекстің 345-359, 362-баптарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлігін жариялаған кезде сотталушының сотталғандығы туралы фактілерді еске салуға құқылы емес.
3. Тараптар сотталушыдан, жәбірленушіден, куәлардан және сарапшылардан жауап алғаннан кейін алқабилер төрағалық етуші арқылы осы адамдарға сұрақтар қоя алады. Алқабилер сұрақтарды жазбаша түрде жасап, төрағалық етушіге береді.
4. Төрағалық етуші іске қатысы жоқ, сондай-ақ мегзеу немесе тіл тигізу сипатында деп есептеген сұрақтарды қабылдамай тастауға құқылы.
5. Тараптар алқабилер алқасының қатысуынсыз, судьялар бұрын іс талқылауынан алып тастаған дәлелдемелерді, бұл ретте олардың мәнін баяндамай-ақ, зерттеу туралы өтініш беруі мүмкін. Осындай өтінішке байланысты іс бойынша сот талқылауына қатысушылардың пікірін тыңдауды судьялар жүргізеді.
6. Сотталушының бұрынғы сотталғандығына байланысты, оны құнықпа маскүнем немесе нашақор деп тану туралы мән-жайлар, сондай-ақ алқабилердің сотталушыға қатысты теріс түсінігін туғызатын мән-жайлар зерттелуге жатпайды.
563-бап. Алқабилер қатысатын соттағы тараптардың
жарыссөздерi
1. Сот тергеуі аяқталғаннан кейін алқабилердің қатысуымен сот тараптардың жарыссөздерін тыңдауға көшеді. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөздері екі бөліктен тұрады.
2. Жарыссөздердің бірінші бөлігі мемлекеттік айыптаушының, жәбірленушінің, қорғаушының және сотталушының сөздерінен тұрады, олар сотталушының бұрынғы сотталғандығын еске салмай оның кінәсінің дәлелденуі немесе дәлелденбеуі жөніндегі өз ұстанымдарын баяндайды.
3. Тараптар алқабилер қатысқан соттың қарауына жатпайтын мән-жайларды еске салмауға және сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасамауға тиіс. Төрағалық етуші мұндай сөздерді үзіп тастайды және алқабилердің үкім шығару кезінде осы мән-жайларды есепке алмауға тиіс екендігін оларға түсіндіреді.
4. Жарыссөздердің екінші бөлігі мемлекеттік айыптаушының, сондай-ақ жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және жауапкердің немесе олардың өкілдерінің, қорғаушының және сотталушының сөздерінен тұрады, оларда сотталушының іс-әрекетін дәрежелеу, жаза тағайындау, азаматтық талап мәселелері бойынша ұстанымдары баяндалады. Жарыссөздердің екінші бөлігі алқабилердің қатысуынсыз өткізіледі.
564-бап. Алқабилер қатысатын соттағы репликалар және
сотталушының соңғы сөзi
1. Алқабилер қатысатын сотта сөз сөйленіп болған соң тараптар жарыссөзіне қатысушылардың бәрінің реплика айтуға құқығы бар. Соңғы реплика айту құқығы қорғаушыға тиесілі.
2. Сотталушыға осы Кодекстің 365-бабына сәйкес соңғы сөз беріледі.
565-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын
сұрақтардың қойылуы
1. Екінші судьяның қатысуымен төрағалық етуші сот тергеуінің нәтижелерін, тараптардың жарыссөздерін ескере отырып, алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын сұрақтарды жазбаша түрде тұжырымдайды, оларды оқиды және тараптарға береді.
2. Тараптар сұрақтардың мазмұны мен тұжырымдалуы бойынша өздерінің ескертпелерін айтуға және жаңа сұрақтар қою туралы ұсыныстар енгізуге құқылы.
3. Сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетеді.
4. Тараптардың ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, төрағалық етуші кеңесу бөлмесінде алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын сұрақтарды түпкілікті тұжырымдайды, оларды сұрақ парағына енгізеді және оған қол қояды.
5. Сұрақ парағы алқабилер мен тараптар қатысып отырған кезде дауыстап оқылады.
566-бап. Алқабилер қатысатын соттың шешуіне жататын
сұрақтардың мазмұны
1. Сотталушы жасаған деп айыпталатын әрекеттердің әрқайсысы бойынша:
1) әрекеттің орын алғаны дәлелденді ме;
2) бұл әрекетті сотталушының жасағаны дәлелденді ме;
3) бұл әрекеттің жасалуына сотталушы кінәлі ме деген үш негізгі сұрақ қойылады.
2. Сотталушының кінәлілігі туралы негізгі сұрақтан кейін кінәлілік дәрежесін арттыратын немесе төмендететін не оның сипатын өзгертетін, сотталушыны жауаптылықтан босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлар туралы жеке сұрақтар қойылуы мүмкін. Қажет болған жағдайларда қылмыстық ниеттің жүзеге асырылу дәрежесі, әрекеттің соңына дейін жеткізілмеуіне әсер еткен себептер, сотталушылардың әрқайсысының қылмыстың жасалуына қатысу дәрежесі мен сипаты туралы сұрақтар да жеке қойылады. Егер қойылатын сұрақтар сотталушының қорғану құқығын бұзбаса, сотталушының онша ауыр емес қылмыс жасаудағы кінәсін анықтауға мүмкіндік беретін сұрақтар қоюға жол беріледі.
3. Шешуге жататын сұрақтар әрбір сотталушыға қатысты жеке қойылады.
567-бап. Төрағалық етушінің алқабилерге жүгінуі
1. Судьялар мен алқабилер кеңесу бөлмесіне кетер алдында төрағалық етуші алқабилерге жүгінеді.
2. Алқабилерге жүгінген кезде төрағалық етушіге алқабилер алқасы мен судьялар алдына қойылған сұрақтар бойынша қандай да бір нысанда өз пікірін айтуға тыйым салынады.
3. Төрағалық етуші жүгінуінде:
1) айыптаудың мазмұнын баяндайды;
2) сотталушы айыпталып отырған әрекетті жасағаны үшін жауаптылық көзделген қылмыстық заңның мазмұнын хабарлайды;
3) сотталушының айыбын ашатын да, сол сияқты оны ақтайтын да, сотта зерттелген дәлелдемелер туралы еске салады, бұл ретте осы дәлелдемелерге өзінің көзқарасын білдірмейді және одан қорытындылар жасамайды;
4) мемлекеттік айыптаушының және қорғаушының ұстанымдарын баяндайды;
5) алқабилерге дәлелдемелерді олардың жиынтығында бағалаудың негізгі ережелерін; кінәсіздік презумпциясы принципінің мәнін; сотталушының пайдасына жойылмаған күмәнді түсіндіру туралы ережені; олардың қорытындылары тікелей сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негізделуі мүмкін екендігі, олар үшін ешқандай дәлелдеменің алдын ала белгіленген күші жоқ, олардың қорытындылары болжамдарға, сондай-ақ сот пайдалануға жол берілмейді деп таныған дәлелдемелерге негізделмеуге тиіс екендігі туралы ережені түсіндіреді;
6) алқабилер назарын сотталушының айғақ беруден бас тартуы немесе оның сотта жауап бермеуі заң тұрғысынан маңызға ие болмайтынына және сотталушының кінәлілігінің дәлелі ретінде түсіндірілмейтініне аударады;
7) кеңесу, бюллетеньдерді негізгі мәселелер бойынша толтыру тәртібін, үкім шығару мәселелері бойынша жалпы дауыс беру тәртібін түсіндіреді.
4. Тараптар сот отырысында төрағалық етушінің объективтілік принципін бұзу себептері бойынша жүгінуінің мазмұнына байланысты қарсылық білдіруге құқылы, ол сот отырысының хаттамасына енгізілуге жатады.
568-бап. Алқабилер кеңесінің құпиясы
1. Жарыссөздер аяқталғаннан кейін судьялар және негізгі алқабилер үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.
2. Судьялар мен алқабилерден басқа, кеңесу бөлмесінде өзге адамдардың болуына жол берілмейді. Жұмыс уақыты аяқталған соң, сондай-ақ жұмыс күні ішінде төрағалық етуші кеңесу бөлмесінен шығып, демалу үшін үзіліс жасауға құқылы.
569-бап. Кеңесу бөлмесінде кеңесу мен дауыс берудi
жүргізу тәртібi
1. Төрағалық етуші судьялар мен алқабилер кеңесіне басшылық етеді, шешілуге жататын мәселелерді рет-ретімен талқылауға қояды, жауаптар бойынша дауыс беруді және дауыстардың есебін жүргізеді.
2. Кеңесу бөлмесінде алқабилер қойылған мәселелерге байланысты өздерінде туындаған түсінбеушіліктер бойынша төрағалық етушіден түсініктер алуға құқылы.
3. Негізгі мәселелер бойынша дауыс беру жазбаша жүргізіледі. Судьялар мен алқабилердің дауыс беру кезінде қалыс қалуға құқықтары жоқ. Судьялар мен алқабилердің дауыстары тең.
4. Судьялар мен алқабилер сотталушылардың саны бойынша соттың мөртабаны басылып, дауыс беруге арналған: "Өзімнің ар-намысым, ар-ожданым бойынша және ішкі нанымым бойынша менің қорытындым..." деген сөздер жазылған, таза бюллетеньді алады. Олардың әрқайсысы құпияны қамтамасыз ете отырып, бюллетеньге сұрақ парағында қойылған және шешілуге жататын сұрақтардың әрқайсысына жауап жазады. Сұрақ парағында қойылған сұрақтардың реті бойынша жауап мақұлдаған "иә" немесе құптамаған "жоқ" деген немесе жауаптың мәнін ашатын ("иә, дәлелденді", "жоқ, дәлелденген жоқ", "иә, кінәлі", "жоқ, кінәсіз") міндетті түсіндірме сөзден немесе сөз тіркестерінен тұруға тиіс. Судьялар мен алқабилер өздерінің бюллетеньдерін дауыс беруге арналған жәшікке салады.
5. Дауыс беру аяқталғаннан кейін төрағалық етуші алқабилердің қатысуымен жәшікті ашады және әрбір бюллетеньдегі дауыстарды санайды, дауыстарды санау нәтижесін сұрақ парағында көрсетілген негізгі үш сұрақтың әрқайсысының тұсына дереу жазады.
6. Алқабилер мен судьялардың жауаптары бар бюллетеньдер қылмыстық істе сақталатын конвертке салынып, желімделеді.
7. Егер алдыңғы сұраққа берілген жауап кейінгі сұраққа жауап берудің қажеттілігін жойса, төрағалық етуші судья алқабилердің көпшілігінің келісімімен сол кейінгі сұрақтың тұсына "жауап берілмейді" деген сөздерді жазады.
8. Егер осы Кодекстің 566-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген үш сұрақтың әрқайсысына мақұлдаған жауаптарға дауыс берушілердің көпшілігі дауыс берсе, айыптау шешімі қабылданған болып есептеледі.
9. Егер қойылған негізгі сұрақтардың кез келгеніне берілген құпталмаған жауапқа дауыс берушілердің алтауы және одан да көбі дауыс берсе, ақтау шешімі қабылданған болып есептеледі.
10. Егер сотталушының кінәлілігі туралы мәселе оң шешілсе, онда судьялар бұл әрекет қылмыс болып табыла ма деген және оның нақ қандай қылмыстық заңда көзделгені (бабы, бөлігі, тармағы) туралы мәселені шешеді, сондай-ақ осы әрекеттер үшін қандай жазалау шарасы көзделгенін алқабилерге түсіндіреді.
11. Судьялар алқабилердің қатысуымен соттың әрекетті дәрежелеу мәселесін шешкеннен кейін осы Кодекстің 371-бабы бірінші бөлігінің 5)-8) және 14) тармақтарында көзделген, шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданатын мәселелер үзіліс жасалмай шешіледі. Егер оған дауыс берушілердің көпшілігі жақтап дауыс берсе, шешім қабылданған деп есептеледі.
12. Он бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, егер осындай шешімге дауыс берушілердің сегізі және одан да көбі дауыс берсе, тағайындалуы мүмкін.
13. Айрықша жазалау шарасы - өлім жазасы судьялар мен алқабилер бірауыздан шешім шығарған кезде ғана тағайындалуы мүмкін.
14. Судьялар мен алқабилердің жауаптары бар сұрақ парағына судьялар мен алқабилер қол қояды.
570-бап. Алқабилер қатысатын сот қабылдайтын
шешімдердің түрлерi
Алқабилердің қатысуымен сотта қылмыстық істі талқылау мына шешімдердің бірін:
1) осы Кодекстің 324-бабында көзделген жағдайларда, істі қысқарту туралы қаулыны;
2) алқабилердің қатысуымен сот осы Кодекстің 566-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негізгі үш сұрақтың кем дегенде біреуіне теріс жауап берген жағдайларда, ақтау үкімін;
3) осы Кодекстің 375-бабының екінші бөлігіне сәйкес айыптау үкімін қабылдаумен аяқталады.
571-бап. Үкімнің қаулысы
1. Үкімге осы Кодекстің 44-тарауында белгіленген тәртіппен төрағалық етушінің мынадай ерекшеліктермен қаулысы шығарылады:
1) үкімнің кіріспе бөлімінде екінші судьяның және алқабилердің тегі көрсетілмейді;
2) ақтау үкімінің сипаттамалы-дәлелді бөлігінде алқабилердің қатысуымен сот ақтау шешімін шығарған айыптаудың мәні баяндалады және шешімге не мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тартуына сілтеме қамтылады;
3) айыптау үкімінің сипаттамалы-дәлелді бөлігінде сотталушы жасағаны үшін кінәлі деп танылған қылмыстық әрекеттің сипаттамасы, жасалған әрекеттің дәрежеленуі, жаза тағайындау себептері және азаматтық талапқа қатысты сот шешімінің негіздемесі қамтылуға тиіс;
4) үкімнің қарар бөлігінде апелляциялық сатыға үкімге шағым жасау және наразылық білдіру тәртібі туралы түсінік қамтылуға тиіс.
2. Yкімге іс бойынша төрағалық етуші қол қояды.
572-бап. Сотталушының есі дұрыс емес екендігінің
анықталуына байланысты қылмыстық істі қарауды
тоқтату
1. Егер алқабилердің қатысуымен соттың істі талқылау барысында сотталушы өзінің психикалық жағдайы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін емес не оны өз іс-әрекеттеріне есеп беру немесе оларды басшылыққа алып жүру мүмкіндігінен айыратын, сот-психиатриялық сараптаманың тиісті қорытындысымен расталған, жан күйзелісі ауруына шалдықты деп есептеуге негіз болатын мән-жайлар анықталса, төрағалық етуші алқабилер қатысқан соттың қылмыстық істі қарауды тоқтатуы туралы қаулы шығарады және оны осы Кодекстің 12-бөлімінде көзделген тәртіппен соттың қарауына жібереді.
2. Төрағалық етушінің алқабилер қатысқан соттың істі қарауды тоқтатуы және оны осы Кодексте көзделген жалпы тәртіппен соттың қарауына жіберуі туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және апелляциялық тәртіппен шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
573-бап. Сот отырысының хаттамасын жүргізу ерекшеліктерi
1. Сот отырысының хаттамасы, осы Кодекстің 328-бабының талаптарына сәйкес, осы бапта көзделген ерекшеліктермен жүргізіледі.
2. Хаттамада сот отырысына шақырылған алқабиге кандидаттар құрамы және алқабилер алқасын құру барысы міндетті түрде көрсетіледі.
3. Төрағалық етушінің жүгінуі сот отырысының хаттамасына жазылады немесе оның мәтіні қылмыстық іс материалдарына тіркеліп, бұл туралы хаттамада көрсетіледі.
4. Сот отырысының хаттамасында соттың іс қарауының бүкіл барысы оның өтуінің дұрыстығын куәландыратындай етіп көрсетуге тиіс.
61-тарау. Апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізудің
ерекшеліктерi
574-бап. Алқабилердің қатысуымен сот шығарған, заңды
күшіне енбеген үкімдер мен қаулыларға шағым
жасау және наразылық білдіру
1. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына шағым жасау, наразылық білдіру тәртібі, осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен, осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген ережелермен айқындалады.
2. Алқабилер қатысқан соттың үкімдеріне, төрағалық етушінің істі тоқтату туралы қаулыларына, сондай-ақ төрағалық етушінің осы Кодекстің 299-бабы екінші бөлігінің 2) және 5) тармақтарында көрсетілген, алдын ала тыңдау нәтижелері бойынша шығарылған қаулыларына апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін. Төрағалық етуші шығарған басқа қаулылар шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.
575-бап. Алқабилердің қатысуымен сот қараған істердi
апелляциялық сатыда жүргізу ерекшеліктерi
1. Апелляциялық сатыда сот шешімдерінің күшін жоюға немесе оларды өзгертуге:
1) істі аяқтау үшін айтарлықтай маңызы болуы мүмкін жол берілетін дәлелдемелерді талқылаудан негізсіз алып тастау;
2) істі аяқтау үшін айтарлықтай маңызы болуы мүмкін дәлелдемелерді тараптың зерттеуінен негізсіз бас тарту;
3) істің аяқталуына әсер еткен дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайтын іс жүзіндегі деректерді сот отырысында зерттеу;
4) осы Кодекстің 415-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі түрде бұзу негіз болып табылады.
2. Апелляциялық саты сотталған адамға онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған әрекеттің дәрежеленуінің өзгеруіне сәйкес жазаны жеңілдетуге құқылы. Бұл ретте, апелляциялық саты неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны ауырлатуға құқылы емес.
3. Қылмыстық іс жүргізу заңының прокурордың, жәбірленушінің немесе оның өкілінің дәлелдемелерді ұсыну құқығын шектеген бұзушылық жағдайларын қоспағанда, алқабилер қатысқан соттың ақтау үкімі апелляциялық сатыда күшін жоймауға тиіс.
62-тарау. Қадағалау сатысындағы сотта іс жүргізу
ерекшеліктерi
576-бап. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енген
үкімдері мен қаулыларын қадағалау тәртібімен
қайта қарау
Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулылары туралы істер бойынша қадағалау сатысында осы Кодекстің 459-бабының бірінші бөлігінің 1), 3), 4), 6) тармақтарында және екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша іс жүргізілуі мүмкін.
577-бап. Алқабилер қатысқан соттың шешімін қадағалау
тәртібімен қайта қараған кезде сотталған
адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу
Неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану қажеттігіне байланысты айыптау үкімін, сондай-ақ сот қаулысын жазаның жеңілдігіне орай немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соқтыратын өзге де негіздер бойынша қадағалау тәртібімен қайта қарауға, сондай-ақ соттың ақтау үкімін не қылмыстық істі қысқарту туралы қаулысын қайта қарауға жол берілмейді.".
3. 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 18, 644-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 15-16, 239-құжат; № 21-22, 281-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 14, 109-құжат; № 15, 138-құжат; 2004 ж., № 5, 25-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 140-құжат; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат):
мынадай мазмұндағы 25-1-тараумен толықтырылсын:
"25-1-тарау. Жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың
алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқықтарын
бұзатын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту
жөніндегі арыздар бойынша іс жүргізу
274-1-бап. Арыз беру
1. Жергілікті атқарушы органның шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысуда азаматтың құқығы бұзылып отыр деп есептеген азамат осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық бойынша сотқа арыз беріп жүгінуге құқылы.
2. Арызды Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасына сәйкес, алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімімен азаматтарды таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастап жеті күн мерзім ішінде сотқа беруге болады.
274-2-бап. Арызды қарау
1. Осы Кодекстің 274-1-бабында белгіленген мерзімдерде келіп түскен арыз - екі күн мерзімде, ал осы мерзім аяқталатын күні келіп түскен арыз дереу қаралуға тиіс.
2. Сот арыз иесінің, тиісті жергілікті атқарушы орган өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген, аталған адамдардың сотқа келмей қалуы істі қарау және шешу үшін кедергі болып табылмайды.
274-3-бап. Арыз бойынша сот шешімі және оның орындалуы
1. Қылмыстық сот ісін жүргізуге алқаби ретінде қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысуға азаматтың құқығы бұзылуын анықтаған сот шешімі алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімдеріне түзетулер енгізу үшін негіз болып табылады.
2. Сот шешімі тиісті жергілікті атқарушы органға жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.".
4. 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж, № 5-6, 24-құжат; № 17-18, 241-құжат; № 21-22, 281-құжат; 2002 ж., № 4, 33-құжат; № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 25-құжат; № 5, 30-құжат: № 11, 56, 64, 68-құжаттар; № 14, 109-құжат; № 15, 122, 139-құжаттар; № 18, 142-құжат; № 21-22, 160-құжат; № 23, 171-құжат; 2004 ж; № 6, 42-құжат; № 10, 55-құжат; № 15, 86-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 139, 140-құжаттар; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 7-8, 19-құжат; № 9, 26-құжат; № 13, 53-құжат; № 14, 58-құжат; № 17-18, 72-құжат; 2005 жылғы 3 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және 2005 жылғы 29 қарашада "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2005 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2005 жылғы 1 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" және 2005 жылғы 26 қарашада "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2005 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) мынадай мазмұндағы 514-1, 514-2, 514-3, 514-4-баптармен толықтырылсын:
"514-1-бап. Алқабидің міндеттерін атқару үшін сотқа
келмеу
Алқабидің міндеттерін атқару үшін азаматтың сотқа шақыру бойынша дәлелсіз себептермен келмеуі, -
азаматтарға ескерту жасауға немесе айлық есептік көрсеткіштің онға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
514-2-бап. Алқабилердің тізімдерін жасау үшін ақпаратты
табыс етпеу
Алқабилердің тізімдерін жасау үшін жергілікті атқарушы органдарға қажетті ақпаратты табыс етпеу, сол сияқты дұрыс емес ақпарат табыс ету, -
жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе айлық есептік көрсеткіштің онға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің оннан он беске дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
514-3-бап. Азаматқа алқаби міндеттерін атқаруға кедергі
келтіру
Лауазымды адамның азаматқа алқаби міндеттерін атқаруға кедергі келтіруі, -
лауазымды адамдарға ескерту жасауға немесе айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан отызға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
514-4-бап. Алқабилердің сот талқылауында істі қарауға
байланысты іс-әрекеттеріндегі шектеулердi
сақтамау
1. Сот талқылауында істі қарауға байланысты алқабилердің іс-әрекеттеріндегі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді сақтамау, -
азаматтарға айлық есептік көрсеткіштің жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттетуге әкеп соқтырған нақ сол іс-әрекеттер, -
азаматтарға айлық есептік көрсеткіштің екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.";
2) 636-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 4) тармақпен толықтырылсын:
"4) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдері уәкілдік берген лауазымды адамдар (514-2-бап).".
2-бап. Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2006 жылғы қаңтардың 16-сы.
№ 122-III ҚРЗ